АЛМА КҮЙЕСІ

АЛМА КҮЙЕСІ — (Yponomeuta malinellus) — жеміс ағаштарын зақымдайтын ақкіс күйе тұқымдасына жататын зиянды көбелек. Қазақстанның солтүстігінен басқа аймақтарда тегіс таралған. Көбелектің алдыңғы қанаттарының үсті үш қатар қара нүктелі күмістей ақ болады, ал артқы қанаттары күл түстес, жиек шашақтары ақшыл келеді. Қанаттарының жайғандағы ұз. 8 — 20 мм. Жұлдызқұрттарының ұз. 18 мм, түсі сарғылттау, басы қара, арқасында қылшықты қара сүйелдер екі қатар орналасады. Пілләсінің түсі ақ, ал қуыршағы күңгірт сары. А. к. жылына бір рет көбейеді. Жұлдызқұрттары алма ағашы бұтағы қабығының астында қыстайды. Көктемде олар тобымен жапырақ тақтасының арасына кеулеп еніп, жас тіндерін кеміріп жеп, тек жапырақ жүйкесін ғана қалдырады. Олар жіпшелерімен жапырақтарды, бұтақтарды шырмап, өрмек ұя жасайды. А. к-нен қатты зақымданған ағаштардың жеміс түйіндері төгіліп, өрт шалғандай болып көрінеді. Жетілген жұлдызқұрттар ақ пілләға оранып қуыршаққа айналады, ол кезең 15 — 20 күнге созылады. Көбелектер жұмыртқаларын 30 — 50 данадан салады. А. к- нің жұлдызқұрттарын жою үшін жеміс ағашы бүршік жармай тұрып немесе гүлдегеннен кейін инсектицидтер шашады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *