АЛМАТЫ ЖОҒАРЫ ӘСКЕРИ АКАДЕМИЯСЫ, И.С. Конев атынд, — офицер кадрларын даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орны. Негізі 1918 ж. Түркістан әскери округінің уч-щесі болып құрылған. Кейін Орта Азия әскери округінің уч-щесі (1969), Алматы жоғары әскери уч-щесі (1970) болып аталды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1997 ж. 11 ақпанда Алматы жоғары әскери уч-щесі А. ж. ә. а. болып қайта құрылды. Алматы жаяу әскерлер уч-щесі, Б. Момышұлы атынд. әскери мектеп осы академияның құрамына енеді. Академияда әскери тактика, қоғамдық ғылымдар, шет тілі, автомобиль даярлығы және соғыс машинасы, артиллериялық қарулар мен техникаларды пайдалану, әскери инж. байланыс және жалпытех. пәндер, физ.-мат., дене шынықтыру және спорт кафедралары жұмыс істейді. Академияда жоғары, арнаулы және орта әскери білімді маман кадрлар даярланады. Мұнда 4 ғыл. докт. (1998), сондай- ақ тех., тарих, физ.-мат., филол. ғыл-ның кандидаттары дәріс береді. Оқу орны негізі қаланғаннан бері 7000-нан астам офицер кадрлар даярлап шығарды. Ауған согысының батырлары С.Н. Гущин, Н. Акрамов, Кеңес Одағының Батыры лейт. А.Е. Шахворостов, ген.-полк. А.Х. Қасымов, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары ген.-майор Б.Б. Жанасаев, ген.-майор А.Б. Тасболатов, ген.-майор Ж.К. Рыспаев және ген.-майор Б.Е. Ертаев осы академия түлектері. Академияның сырттай оқытатын бөлімдері бар.