АЛАКӨЗ СҮҢГУІР

АЛАКӨЗ СҮҢГУІР (Ауthya) — қаз тәрізділер отрядының үйрек тұқымдасына жататын су құсы. Қазақстанда Сырдария, Шу, Іле, Торғай өз-дерінің төм. сағасын және Алакөл, Зайсан, Қорғалжын к-дерін мекендейді. Қанатының ұз. 17 — 19 см, салм. 480 — 600 г-дай. Мекиені біркелкі қоңыр, ал қоразының басы, мойны, кеудесі күрең қоңыр сарғыш, бауыры ақ, арқасы кара қоңыр болады. Басқа сүңгуір құстардан ерекшелігі судан жеңіл көтеріліп, жылдам ұшады. Ұясын судың терең жерінде өскен қамыс пен құраққа салады. Мекиені 7—11 жұмыртқаны 25 — 28 күн басады. Шілдеде балапандары ұядан ұшады. Негізгі қорегі — су өсімдіктері мен сужәндіктері. А. с. — жыл құсы. Қыркүйек — қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Жерорта, Қара, Каспий т-дерінің жағалауларында және Африканың солт.-шығысында, аз бөлігі Алматы қ. маңындағы Сорбұлақ көлінде қыстайды. Наурыз — сәуірде жазғы мекендеріне қайта оралады. 1960 — 80 ж. Республикамыздың оңт. және оңт.-шығыс бөлігінде саны көп болған. Санының күрт азайып кетуіне байланысты А. с. қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *