АҚ ДЕГЕЛЕК (Ciconia ciconia) — дегелектер тұқымдасына жататын ірі ақ құс. Ол Қазақстанда Оңт. Қазақстан мен Жамбыл обл-тарында ғана кездеседі. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда 15 — 30 жұптай ғана А. д. бар. Кейбір Еуропа елдерінің зоол. бақтарында өсіріледі. Тұмсығы түзу, ұшына қарай үшкірлеу келеді. Канатының ұз. 58 — 61 см, салм. 3,5 — 4 кг. Қанаты қара, тұмсығы мен сирағы қызыл, мекиенінің дене тұрқы қоразынан гөрі кішілеу әрі тұмсығы жіңішкелеу болып келеді. А. д. тұмсықтарын бір- біріне тиістіріп қана дыбыс шығарады. Ұшқан кезде мойнын алға қарай созып ұшады. А. д. жұбын жазбай, бір орынға бірнеше жыл қатарынан келіп, елді мекендерге жақын су айдындарының маңындағы шалғынды, батпақты жазық аңғарларға ұя салады. Жыныстық жағынан 2 — 3 жылда жетіледі. Жылына 1 рет 2 — 5 жұмыртқа салып, оны 32 — 34 күндей мекиені мен қоразы кезектесіп басады. Балапандарын ұядан 70 — 72 күнде ұшырады. А. ұсақ жәндіктермен, сондай-ақжыланмен, көлбақамен, құрбақамен және кемірушілермен қоректенеді. А. д. — жыл құсы. Тамыз — қыркүйекте жылы жаққа қоныс аударады. Африка, Азияның оңтүстігінде қыстап шығады да, наурызда қайта ұшып келеді. Кейбір зерттеушілер А. д-ті “ләйлек” деп жазады, қазақ халқы оны “дегелек” деп атайды. Себебі: А. д. құсына байланысты халқымызда мақал-мәтел, аңыз әңгімелер көптеп кездеседі (мыс., “Жылқының жауы — бөгелек, жыланның жауы — дегелек”, “Дегелек келді жаз болды, бала-шаға мәз болды”). Қазақ халқы А д-ті киелі құс деп есептейді де, оның ұясын бұзуға, жұмыртқасын алуға, атуға мүлде рұқсат етпейді. А. д. санының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).