АҚ БЕРЕН — 1) мылтықтың ауыз әдебиетінде кездесетін ежелгі атауы. Берен сөзі тілімізде “асыл болат” деген мағынаны білдіреді. Ескі мылтықтың оқпандары жарылмас үшін асыл болаттан соғылған. Береннің болаттан соғылғанын мылтықтың оқпанындағы алмастың түріне тән өзіндік өрнегінен айырады. Сонымен бірге әр асыл болат түрінің өзіндік түсі, реңкі болады: яғни ақ (көк), қызыл түсті болаттар бар. Түсіне сәйкес бұл асыл болаттар ақ алмас, қызыл алмас деп аталған. Оқпандары ақ алмастан, берен болаттан соғылған мылтықтарды болаттың түсіне қатысты “А. б.” деп атайды; 2) қылыш, семсердің бір атауы. Ауыз әдебиетінде ақ алмастан соғылған қылыш, семсер кейде “А. б.” аталады.