“АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА” (1723 — 25) — қазақ халқының тарихындағы қасірет, Отан басына күн туған кезең. 1718 ж. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретгі. Әз Тәуке қазақ-жоңғар қатынасы жыл өткен сайын шиеленісуі жағдайында бытыраңқылықты жойып, өз елінің бірлігін нығайтуға көп талпынғанымен көздеген мақсатына жете алмады. Жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруді діттеген қазақтар 1710 ж. Қарақұм съезіне жиналып, қанжығалы Бөгенбайды қолбасшы сайлап, бүкілхалықтық жасақ құруға шешім қабылдаған еді. Аздап болса да жаудан кек ала бастағанымен, бұл кезеңде күштердің ара салмағы, көбінесе, калмақтар пайдасына шешіліп отырды. Құба қалмақтар 18 ғ-дың басында өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін жарақтады. Орыс елімен қатынасын жақсартып, көрші мемл-терден қару, оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 ж. орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технол-сын меңгерді. Сөйтіп Севан Рабдан (1697 — 1727) тұсында жоңғарлар оз әскерінің саны жағынан да, қару-жарағы жағынан да қазақтардан басым болды. Мұны 1708, 1711 — 12, 1714 — 17 жылдардағы С. Рабданның жорықтары кезінде өткен қазақ-қалмақтың қантөгіс соғыстары айғақтады.
1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Тарихшы А. Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының куәлігіне қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып (қолбасшысы Қалдан Серен), Алтай асып, Көктал өз. бойымен өрледі (қонтайшы Құлан Батур), Нұра өңірін қанға батырып (Әмірсана), Шелек ө. (Доржы), Есік көлі (Лама Доржы), Шу өңірін таптап (Дода Доржы), тоқтаусыз Іледен өтіп (Севан Рабдан) қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңт. аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қ-ларын басып алды. Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Абылай ханның айтуынша сол кезде әрбір он адамның төртеуі қаза тапты. Бұл деректі Ш. Құдайбердіұлы да қостайды. Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өз-дері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс — қазақ халкының үдере қашқан босқыншылығы туды. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қ-н айналып, (“Сауран айналған”) Бұхараға ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы “ Елім-ай» әні дүниеге келді. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ бойы қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың қазақ-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды.
“А. ш., А. с-ның” шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың азаттықты аңсаған күш- жігерін жасыта алмады, олардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел 1726 ж. ақырында, 1727 ж. жоңғарларға қарсы майдан ашты. Бұланты мен Бөленті өздерінің жағасында қалмақтарға қарсы соққы берді. 1727 ж. қазақтар Қаратауды қайтарды, Хан тауына Орда тігіп, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. “А. ш., А. с.” қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.