АҚСУ — Алматы обл. Ақсу, Алакөл аудандарындағы өзен. Жетісу Алатауының 4000 м. биікт. орналасқан мұздықтарынан бастау алып, Балқаш к-не құяды. Ұзынды-қысқалы 132 саласы бар. А-дың ұз. 316 км, су жинау алабы 5040 км2. Көп жылдық орташа су шығыны Жансүгіров кенті тұсында 11,2 м3/с. Өзен жоғарғы ағысында тауаралық Қапал аңғарын кесіп өтіп, жазыққа шыққан соң көптеген саяз тармақтар мен арналарға бөлініп кетеді. Төменгі ағысында тарамдар, өзектер, көлдер мен батпақтар құрай отырып, Балқаш маңы жазығын кесіп өтеді. Өзен алабының мұз құрсану аум. 139 км2, көлемі 0,77 км3 болатын 162 мұздық бар. Негізгі салалары: Сарқан, Қожамберді өз-дері. А. ш-қа пайдалануға байланысты Балқаш к-не жетпей суын құмға жоғалтады. Суы көктем мен жазда тасиды, осы кезеңде жылдық ағындысының 80%-і өтеді. Суы тұщы, минералд. 0,2 — 1,5 г/л аралығында ауытқиды. Минералдары хим. құрамы жағынан гидрокарбонат класының кальций және магний тобына жатады. Суы егін, мал суаруға және техн. қажеттіліктерге пайдаланылады.