АҚСУ-АЮЛЫ ҚОРЫМЫ — қола дәуірінен (б.з.б. 14 — 13 ғ.) жеткен ескерткіштер тобы. Қарағанды обл. Шет ауд. Ақсу-Аюлы кентінің солт-не қарай 2 км жерде орналасқан. 40-тан астам қоршау мен қоршаулы оба сақталған. Қалған бөлігінің үстінде қазақ бейіті түр. 1952 ж. Орт. Қазақстан археол. экпедициясы (жетекшісі О.Х. Марғұлан) зерттеді. Қола дәуірінің орта кезеңінде каланған 4 тас қоршаудың беті ашылды. Барлығы төртбұрышты. Олардың ішінде мұқият қашалған тастарды қырынан қалап 1— 5-ке дейін қабір жасаған. Үшеуі жас баланікі, біреуінде әйел мен бала жерленген. Қабірлердің барлығы да ертеректе тоналған. Қаңқаларға қарағанда мәйіттер әдеттегідей тізелері бүгіліп, сол жақ немесе оң жақ қырымен, бастары оңт.-батысқа қарата жерленген. Қабірлер ішінен 3-еуі бүтін, 11 сынған саз ыдыс табылды. Балалар қабірлеріне қойылған ыдыстар өрнектелмеген, ал қалғандарының сыртында геом. өрнектер, біреуінің иінінде тепкішек сияқты қыры бар. Екі басы шошақ конус пішімді ширатылып оралған білезіктер, моншақтар, алтынмен апталған салпыншақтар, қабыршақтар, т.б. табылды. Бұл бұйымдар қола дәуірінің орта кезеңінде осы өлкені мекен еткен тайпалардың қалыптасқан құрылыс өнері, өзіндік жерлеу дәстүрі болғандығын, металл өңдеу, саз ыдыстар жасау кәсібінің даму деңгейін көрсетеді.