АҚСАНДЫҚ-КӨКСАНДЫҚ — ұлттық ойын. Ойынды далада немесе үлкен бөлмелерде өткізуге болады. Жиналғандар арасынан бір топ жігіт бөлініп шығады. Ойын басқарушы жігіттерді бірін-біріне арқаларын тіреп, шынтақтастырады. Белгі берген кезде екеуі тізелерін бүгіп, күш-тәсіл қолданып, қарсыласын бұрын көтеріп алудың қамын жасайды. Қарсыласын жерден қайсысы бұрын көтеріп кетсе, сол ұтқан болып есептеледі. Енді ұтқан ойыншы орнында қалады да ұтылған ойыншының орнына кезек күтіп тұрған келесі жігіт шығады. Ойын соңғы жеңімпаз анықталғанша жалғаса береді.