АҚСАЙ СЫНТАСТАРЫ — қола дәуірінен сақталған ескерткіштер тобы. Қарағанды обл. Жаңаарқа ауд. Ақтау а-нан солт.-шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Алғаш Ә.Х. Марғұлан басқарған Орт. Қазақстан археол. экспедидиясы зерттеген. 10-нан аса сынтастар тізбегі 0,6 км аумаққа созылып жатыр. Бірқатары құлаған. Негізінен, қашалған, төрт қырлы, ұз. 1,5-3 м тастардан құралады. Оңт. шетінде үш сынтас мосы сияқты көмілген. Біреуінің жоғарғы жағында адамның екі көзі, мұрны, аузы бейнеленген. Басқаларының жоғарғы жағы үшкірленген, қой мен жылқының тұмсығына ұқсас. Бұлар қола дәуірі бақташыларының киелі жануарлары — қой мен жылқының құрметіне қойылған сияқты. Оларды “қойтас” деп те атаған. Зерттеулер А. с-ның б.з.б. 11-9ғ-да қашалғанын көр- сетеді.