АҚМОЛА

АҚМОЛА — қола дәуірінен сақталған зират. Павлодар обл. Ақсу қ-нан оңт.-шығысқа қарай 7,5 км жерде Ақсу өз- нің солт. жағасында орналасқан. Барлығы топырақ үйілген 46 оба. Зерттелген 24 обадан 43 қыш ыдыс, оюлы қола алкалар, жарты шарлы, шеңбері тесік дөңгелек қола және төртбұрышты сүйек қапсырмалар, қола пышақтар мен инелер, алтын әшекейлер табылды. Олардың Андрон мәдениетінің Нұра кезеңіне қатысты екені анықталды. А. қышы — Нұра кезеңінің ерекшеліктеріне сәйкес түбі тегіс, бүйірі біркелкі шығарылған ыдыстар, ішінара “банка” үлгісімен жасалған көзелер. Ленталық техникамен жасалып, ашық отқа күйдірілген қыштың құрамында дресва, шамот секілді арнайы құрғатқыш қоспалар бар. А. зиратының жерлеу ғұрпы, құрылымдық сипаты Андрон мәдениетіне қатысты басқа ескерткіштермен салыстырғанда өзгешелеу. Олар қоршаусыз, топырақтан үйілген, мәйіттер орта деңгейінде арнаулы кертпіштерге қойылған ағаш жабуы бар қарапайым топырақ қабірлер. А. зираттары заттай дерегі жағынан Орт., Солт. Қазақстан жәдігерлеріне жақын, ал жерлеу ғұрпы (құрылымдық) Шығыс Қазақстан өлкесіне ұқсас. Бұл ескерткіштер Қазақстанды мекендеген ежелгі тайпалардың қоныстану ерекшеліктерін, олардың әр түрлі деңгейдегі байланыстарын және өзара мәдени ықпалдарын көрсетеді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *