АҚБҰЛАҚ (1, 2) — қола және темір дәуірлерінен сақталған зираттар тобы. Қарағанды обл. Шідерті өз-нің сол жағалауындағы Ақбұлақ деген жерде орналасқан. 1959 ж. археолог М. Қадырбаев ашқан (Орт. Қазақстан археол. экспедициясы). А.-1, А-2 зираттарында Андрон, Тасмола мәдениеттерінің жерлеу және ғұрыптық ескерткіштері бар. Бірінші зираттан б.з.б. 7—3 ғ-ға жататын жауынгер мүрдесі ашылды. Оба жанына қола жебелер қойылған. Екінші зираттан да Тасмола мәдениетіне қарасты тағы бір оба қазылды. Ол топологиялық және семантикалық белгілері бойынша тас тармақты немесе “мұртты” обалар қатарына жатады.