АҚБАС ҚАЗ (Eulabeia india) — қаз тәрізділер отрядының үйректер тұқымдасына жататын қаздың бір түрі. Орталық және кіндік Азияның биік таулы аймақтарында (Алтай, Тянь-Шань, Памир, Алай) көлдер мен өзендердің аңғарын мекендейді. Басы мен мойнындағы қауырсыны ақ түсті болғандықтан ақбас қаз деп аталған, оны кейде биік таулы аймақтарда кездесетіндіктен “тау қазы” деп те атайды. А. қ-дың салм. 2 — 3 кг болады, аяғы біршама ұзындау келеді, құрлықта жылдам жүріп, тез жүгіре алады. Тіршілігінің көп уақыты құрлықта өтеді, түлеген кезде ғана суда жүзіп жүреді. Су жағалауындағы өсімдіктердің тамырымен, жапырағымен, тұқымдарымен, балдырлармен, кейде ұсақ омыртқасыз жәндіктермен қоректенеді. Қазақстанның оңт.-шығыс аймағындағы (Алматы, Жаркент, Нарынқол өңірінде), Зайсан қазаншұңқырының сулы батпақты жерінде кей жылдары кездесіп қалады. Соңғы жылдары саны азайған, қорғауды қажет етеді.