АКЦИЯ (голл. аktіе, нем. аktіе, лат. аktіо — қарамағына беру, рұқсат беру) — акционерлік қоғамды немесе кәсіпорынды дамытуға қаржы салғанын куәландыратын және оның иесіне акционерлік қоғам пайдасының бір бөлігін дивиденд түріңде алуына құқық беретін құнды қағаз. А. айналым мерзімі белгіленбей-ақ шығарылады. Онда көрсетілген сома А-ның нақты бағасы болып табылады. Ал А. сатылатын және сатып алынатын құнды қағаз болғандықтан оның сатылу бағасы сатылу курсымен анықталады. Мыс., А-да 100 теңге деп көрсетілсе, бұл оның нақты бағасы, ал төленетін дивиденд пен несие капиталы процентінің деңгейіне байланысты ол 110—115 теңгеден сатылуы мүмкін. А-ның бір акционерден екінші акционерге берілу тәсіліне қарай олар атаулы және ұсынбалы дейтін екі түрге бөлінеді. Атаулы А-лардың иелері міңдетті түрде корпорация реестрінде тіркелуге тиісті. Ұсынбалы А-ларды корпорация тіркемейді. Корпорацияны басқаруға қатысу құқығына сәйкес А-лар жай және пайдалы болып бөлінеді. Жай А-лар акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға құқық береді. Пайдалы А-лар басқаруға қатысу құқығын бермейді, әйтсе де олар тұрақты түрде белгіленген дивиденд түсіреді және пайданы бөлу немесе қоғамның жойылуы кезінде жай акциялармен салыстырғанда артықшылыққа ие болады.