АКИДА (араб. Ақида — сенім, бұлжымайтын қағида; көпше түріндегі тұлғасы — акаид) — ислам дініндегі негізгі қағидалар жиынтығы. Бұлар Әбу Ханифаның (767 ж.ө.) “әл-Фикх әл-акбар” ан-Насафидің (1142 ж.ө.) “әл-Ақаид”, ас-Санусидің (1490 ж.ө.) “Умм әл-бараһин” секілді жинақтарында көрініс тапқан. Бұлардың ең бастысы: Алла бір, пайғамбар хақ деп білу, қасиетті кітаптарға, Құранның ақиқаттылығына, о дүниеде болатын тергеу мен сотқа, тозақ пен пейіштің барлығына сену. Исламдағы бұл жалпы қағидаға шииттер қосқан өзіндік бір ерекшелік бар. Ол — Әли (Әзірет Әлі) ұрпақтарына құдай құдіретімен белгіленген имамдық мұра туралы тұжырым.