“АЗАТТЫҚ МҮСІНІ” (Statue of Liberty) — Солтүстік Америкадағы ағылшын иелігіндегі жерлердің азаттық күресіндегі Франциямен одағының ескерткіші ретінде Францияның АҚШ-қа тартқан сыйлығы. Алып мүсінді жасау туралы ойды француз мүсіншісі Ф.А. Бартольди ұсынған. 1871 ж. Нью-Йоркке сапарында Бартольди кеме қалаға жақындаған кезде Бедлоу аралындағы жұлдыз сипатты бекіністі көріп, болашақ мүсін ескі бекініс үстінде алау көтерген әйел бейнесі болады және ол “Әлемді сәулелендірген Азат- тық” деп аталуға тиіс деген ойға келген. Француздар мүсінді, ал америкалықтар оның тұғырын жасауға келісті. Мүсінді Бартольди жасады, металл қаңқасын Г. Эйфель құрастырды, бет-бейнесіне мүсіншінің анасы Шарлотта Бартольди үлгі болды. 1884- 86 ж. мүсін дайын болды. Ескерткіш 1886 ж. 28 қазанда Нью-Йорктегі Бедлоу аралында ашылды. Мүсіннің биіктігі 46,5 м, тұғыры 46,94 м, жалпы салмағы 225 т. Әйел мүсінінің басына 7 шабағы бар тәж кигізілген, оң қолына алау көтерген, сол қолында зандар кітабы бар, ол кітапта АҚШ- тың тәуелсіздік күні жазылған. 1903 ж. мыс табақша жапсырылды, онда Э. Лазарустың дастанынан үзінді берілген. Тәждегі шабақтар 7 теңіз бен 7 құрлыққа жарқырап төгілген сәулені білдіреді. Мүсін әуелде боялмаған еді, кейін мыстың қышқылдануы нәтижесінде ол жасыл түске енді. Мүсін тұғырының ішінде АҚШ-қа иммигранттардың келу тарихы және осы ескерткіштің құрылысы туралы мәліметтер беретін мұражай бар. Мүсін азаттықтың белгісі ретінде ұлттық ескерткішке айналған.