АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫ — азаматтық істерді сотта қараудың және шешудің тәртібін, сондай-ақ соттардың және басқа да кейбір органдардың қаулыларын орындау тәртібін реттейтін құқық саласы. Оның нормалары соттың, сот атқарушысының және процестің барлық қатысушысының қызметін реттейді; сондай-ақ олардың құқылары мен міндеттерін анықтай отырып, сот мәжілісін жүргізудің тәртібін белгілейді. Азаматтық іс жүргізу заңдарымен бірге, бұл ұғым өзімен аттас ғылымды, әрі оқу пәнін де қамтиды.