АДАМ ФИЗИОЛОГИЯСЫ – биологияның тірі организм мен оның жеке жүйелері, органдары, тіндері мен клеткалары қызметтерін (функцияларын) зерттейтін саласы. Ол ғыл. бағытына қарай жалпы А. ф., жеке А. ф. және қолданбалы А. ф. болып үш бөлімге, ал мақсатына, зерттейтін объектісі мен әдістеріне байланысты қалыпты А. ф. және патологиялық А. ф. болып екіге бөлінеді. Физиология туралы түсінік адамдарда өте ертеден тірі организмде болатын өзгерістерді бақылау арқылы қалыптасқан. Алғашқыда бірнеше ғасырлар бойы Гипократтың (б.з.б. 5 ғ.) және Аристотельдің (б.з.б. 4 ғ.) көзқарастары үстем болды. 1628 ж. ағылшын ғалымы У. Гарвей адам және жануарлардағы үлкен және кіші қан айналымдарын ашқаннан кейін физиология өз алдына дами бастады. Орыс ғалымдары И.М. Сеченов және И.П. Павловтың физиол. процестерді жоғарғы жүйке жүйесі басқаратындығын дәлелдеуі физиологиядағы жаңалық болып саналды. Қазақстанда А. ф. мәселелері X. Досмұхамедовтың, Х.Қ. Сәтбаеваның, Ж.Б. Ніл- дібаеваның, Ә.А. Өтепбергеновтің еңбектерінде баяндалған. Казақстанда А. ф-н зерттеу Алматы мемл. мед. ин- тында (қазіргі Қазақ мемл. мед. ун-ті) (1931), ҚазМУ-де (қазіргі ҚазМҰУ) (1934) физиология кафедралары және Қазақстан ҒА-ның Физиология ин-ты (1944 жылға дейін КСРО ҒА Қазақ филиалының физиология секторы) ашылғаннан кейін ғыл. жолға қойылды. Дегенмен, А. ф-ның Қазақстанда іргетасын қалаған А.П .Полосухин болды. Ол Физиология ғыл.-зерт. ин-тын ашып, алғашқы физиолог ғалымдарды дайындады. Қазақстан физиолог-дәрігерлері қан айналысы мен лимфа айналысының реттелу тәртібін зерттеді (І.А. Бірімжанова, Х.Қ. Сәтбаева, Е.Г. Скипина, т.б.). Кейіннен Т.Ш. Шарманов тамақтану физиологиясын дамытты.