Өмір ұрланып өте беріпті, біз алаңсыз өсе беріппіз… Шеген тоғыз жылдық мектепті бітіріп, әскерге алынған күні мен де он беске келіп қалғанымды есіме алдым. Шеген мұнда келгенде, үзіп-жұлқып жүріп біраз оқып қалған ересек бала еді.Қазір ол әскерге алынып, ұшқыштар мектебінде, Орынбор маңында оқып жатыр. Байқаймын,балалар арасынлдағы ендігі Шеген сияқтымын.Мен қарғымаған биік,мен ойнамаған ағаш та қалған жоқ.Темір білекке асыла кетіп айналғанда,дөңгелектей зырылдаймын. Денем темірдей. Бұлшық еттерім жыландай жиырылып, шиыршық атады. Кеудем көріктей көтеріледі. Іші-бауырым қанжырдай,бәйге атындай жарау, сып-сидиған.Былтырдан бері «бокс» сияқты жұдырықтасуға да түсіп жүрмін.Апам бір келгенде жұдырықтасып жатқан үстімнен шығып:
-Құлағым-ау,мұрныңнан не қалады? — деп еді, мен бөсіңкіреп кетіп:
-Мұрын ұлтандай боп алды ғой. Енді ол мұрынды оқ та тесіп өте алмайтын болды,-дедім. Басымда қоңыр бұйра шашым бар, олай қайырсам да әдемі, былай қайырсамда әдемі… Байқаймын, бақша жаққа да көзім жиі түсе бастапты.»Баланың ісі шала» дегендей,бала өлшейтін метр қысқарақ, баланың килограмы жеңілірек келеді. Бес жылда алған аз ғана білім кеудемді кернеп бара жатқандай, мен енді іс, мен енді қимыл іздей бастадым. Бір кезде Шеген балалық дәуірінен шыққаның білдіріп, маған түйеқоңызың берсе, енді мен де балалар тобына шығып, үлкендер тобын іздей бастадым. Оқу басталуғаи әлі төрт ай бар.Жаз бойы доп қуалап,турникке асылып жүрем бе? Жоқ, балалық, сенімен қоштасар кезім жетіпті…