Қош келдің,Наурыз!

 

Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады.
Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз орыс жұртын алсақ,бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп».
Біздің қазақ айранға бай болғанымен,мейрамға жарлы екендігі осыдан көрінеді.Жалпы мұсылман жұртына ортақ, жылына екі рет келетін ораза,құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар,ол- Наурыз.
Наурыз- қазақтың,шын мағынасында,ұлттық мейрамы.Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі Үндістан,Иран,Ауған,Бұхар,Кавказ, түркістандықтар да мейрам етеді,бірақ олардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақ мейрам етуі айрықша сыйымды,артықша дәлді.Неге десеңіз,марттың ескіше тоғызында, жаңаша жиырма екісінде күн мен түн теңеледі,қыс өтіп,жаз жетіп шаруа кеңеледі.Қыс бойы ақ кебінің жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттағы жанды- жансыздың тірілуі кімнің де көңіліне шаттық беруі анық болса,тіршілік жағынан қыстың өтуіне,жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес,қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге болады.
Қазақтың малсыз күні бар ма?Сол малың аман сақтау үшін қысқы аязда,ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп,малмен бірге жатып,бірге тұрып,бірге ығып,қыста қандай қысылса,жазда сондай жазылады.Шаруашыл,еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне,жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын.Жаздың басы жаңа күн Наурызды қалайша мейрам етпесін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *