Қонақтар

Қонақтарға кетерінде кесе-кесе қымыз ұсынылып,шөл басысты.Көп күттірмей шалқар дария дастарқан жайылып,самауыр келтірілді.Әлгінде ғана тойлы ауылдың сыртқы салтанатынан көз ала алмаған қонақтар енді үйдің ішкі жиһаздарына телмірісіп қалыпты.Дастарқанның салтанатында қапы жоқ.Қырда күнде ұшыраса бермейтін таңсық тағамдардың түрі бар, жал-жал бауырсақ,ірімшік- құрт, шара-шара қуырдаққа көзін сүрінеді.
Алды екі-үш күншілік жол жүріп,сусап келген қонақтар баппен құйылған тәтті шайды қанғанша ішті.Шайдан соң қонақтардың бойларындағы шөл мен шаршау тарап,дендері жайылып,желпінісіп қалды.Үлкендер жағы кеу-кеу әңгімеге беріліп,жастар жағы тер басуды сылтауратып,сыртқа шығып,тойлы ауылдың салтанатын қызықтады.Өзен бойына барып,омырауларын арғы жағадан ескен қоңыр салқынға төсеп, әңгіме -дүкен құрысты.Балпан байдың осыншама шаштырғандай сұлу қыздың кімге бұйыратынын сырттан тон пішті.
Тал түсте қонақасы берілді.
Ошақ басында да құж-құж кісі.Қолдрына қайқы қара пышақ ұстаған қазан басылар құдды қасапшылар сияқты,шара табақтарды жайратып жайып қойып, ең алдымен жіліктерді рет-ретімен таратып шығады,сосын май сіңген қара пышағын жылп-жылп еткізіп құйрық май тіліп,білем-білем ғып табақтарға тастайды, артынан жаңа сойылған қойдың сүбесі мен омыртқа, қабырға сияқты қосалқы сүйектері, тайдың қоңыр жоңқасы мен жал-жаясы салынады.Қазан басы үш-төрт рет ет лақтырғанда ғана жылтырап жатқан алапат шара.табақ толып шыға келеді. Қартаңдау қазан басы бір-екі табақ етті туралмаған күйі ошақ басынан алысырақ әкетіп, дастарқаннан орын тимеген қара сирақ балаларға бөліп беріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *