Араға тағы бір күн салып,ойпанда жатқан шаһарға беттеді.Түске таман шаһарға да жетті.Қарсы алдынан мысырлықтар алып келген су жаңа перде жабылған қағба көрінді,жұрт қағбаның дәл қасына кеп тоқтады.Әлдекім бірденені дар-дар айырып,жұртқа үлестіріп жатыр.Ол тәбәрікке жыртылып жатқан қағбаның бұрынғы шымылдығы екен.Анадайда қари уағыз айтатын мінбар ағараңдайды.Зәмзәмнің құдығының үстіне шағын күмбез орнатылыпты.Қари да жапа -тармағай қол жайып жатқан жұртпен бірге дұға қылды.Сосын қағбаның қара тасының қасына барып тұрды.Қара тастың үстіңгі беті жұрттың ерні мен қолының табынан жып-жылмағай болып жылтырап қалыпты,ал астыңғы беті қаралтым,қызғылт дақтары мол,тарғыл-тарғыл.Өзгелер еріндерін апарғанда былқ етпестен жатқан қара тас бұл еңкейе бергенде, бір қапталға қарай жылысып кетті.Қолын ұмсынып көріп еді, ол да жетпеді.Көк желкесінде итермелеп тұрған көп тобыр оны қара тастың қасынан ысырып, ығыстырып әкетті.Ол үрдіс бойынша екі иығынан жоғары-төмен қиқақтап,бүлкілдей жүгіріп,қағбаны үш рет айналып шықты.Әр айналып шыққан сайын қара тасқа иілгенмен, ол бәрібір маңайлатпай қойды.Өзге жұрт аузы жетпесе, қолдарын тигізіп жатыр.Бұл дегенде қара тас ойнақшып орнында тұрмайды.
Ол енді жұртпен бірге ауланың ішіндегі қағбаны салған Ыбырайым пайғамбардың қабіріне барып тағзым етті.Зәмзәмнің құдығынан су тартып ішті.Киелі құдықтың суы біртүрлі алғаулы екен.Ішкен сайын өңешінді шоқ боп қарып жатқандай.