Алғашқы нысана

 

Жау шебіне танк те кірді. Әлия да кірді. Ырғын барып, дөңгелек окоптардың біреуіне түсті, винтовка нысанасын дұрыстап,  жан жағына көз жіберді. Біздің артта келе жатқан жауынгерлерді көздеп, оларға ажал оғың жөнелтіп, жаудың мергені отыр. Мергеннің бар назары-шабуылда, біресе лап беріп, біресе жер бауырлап келе жатқан кеңес әскерлерінде. Үнемі ата бермейді, керектісін таңдап, дәлдеп қана көздейтін сияқты. Ол танк қалқасымен жетіп үлгерген Әлияны байқамай да қалды. Өзі снаряд оғымен жанып жатқан шарбақтың іргесіне келіп отырғанда, сол отты шарбақты бетке ұстап, тасадан атады. Жасыл шинелін желбеге киіпті, бір иығындағы погоны жыртылып кетіпті де, қозғала қалса ит құлағындай салпандайды. Картозын шешіп тастаған ба, жоқ әлде жоғалтқан ба, жирен сұйық шашы желмен желпілдеп, жалаң бас отыр.Өзінің атысына сүйсініп, адам өлтіргеніне қуанып, әбден желігіп алғандай болады. Мұрны біздей, көзі тұздай, кем иегі жыбырлап, оқ атқан сайын сүйсініп қалғандай болады. Әлия да не бары таяқ тастам жерде отыр. Окопқа келіп түскеннен кейін Әлияның өте жақыннан бірінші көрген жауы да, нысанаға алған бірінші қарауылы да осы мерген болды. Өші қозып кеткен Әлия басқа жерден емес, жау мергенді жирен шашы желпілдеген тұстан- нақ самайдан атты. Жүреден отырған беті енді шалқалай құлады да,мылтығы қолынан найза бойындай жерге ұшып түсті. Бұл шебер мерген болуға тиіс, оны бақылап жатқан басқа бір серігі бар сияқты. Әлия отырған окоптың жиегін сумаңдаған оқтар келіп жалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *