ОЙЛАУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

 

«Басымызға түскен болған қиындықтарды, сол қиындықтарды тудырған
өре деңгейімізбен шеше алмайтынымыз анық» деген екен Альберт Эйнштейн.Айналамызға қарасақ немесе жан дүниемізге терең үңілсек, тұлға этикасына сүйеніп өмір сүрген кезде тапқан проблемаларды көреміз. Сосын осы терең, іргелі түйткілдерді олардың пайда болуына себеп болған үстірт деңгейде шешу әсте мүмкін емес екенін түсінеміз. Шешу үшін бізге анағұрлым кең ойлау қажет, ол — адамның түтас болмысының, өзгелермен тиімді қарым-қатынасының территориясын белгілейтін принциптерге негізделген парадигма. «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» кітабы дәл осындай жаңаша ойлау деңгейіне арналған. Бұл кітапта жеке және тұлғааралық тиімділікті арттырудың адам мінезіне сүйенетін принциптерге негізделген тэсілі туралы сөз болады. Ол — «Іштен сыртқа» тәсілі. «Іштен сыртқа» бәрін өзіңнен баста дегенді білдіреді. Оның үстіне өзіңнің жасырын қырыңнан, яки парадигмаңнан, мінезіңнен немесе ішкі мотивіңнен бастаған жөн. Осы тәсілге сәйкес, бақытты некені қалаған жан әуелі өзі жан-жағына позитив энергия дарытып, теріс нәрседен бойын аулақ салуға, оны қалайда ауыздықтауға тиіс. Жасөспірім балаңызбен жақсы, достық қарым-қатынаста болғыңыз келсе, түсіністік танытатын, жанашырлық сезімі зор, бәрін орнымен істейтін, мейірімді ата-ана болуың шарт. Жүмыста еркіндікті, кеңістікті қаласаңыз, жауапкершілікті, пайдалы қызметкер болуға тырыссаңыз, өзгелерге көмектесуге дайын жүріңіз. Егер сізге ел сенсін десеңіз, сенімге лайық болыңыз. Егер сізге екінші кезектегі дүние, айталық, дарыныңыздың мойындалғаны маңызды болса, онда бірінші кезектегі дүние — мінезіңізді түзеуге мән беріңіз. «Іштен сыртқа»* тәсілінің түсінігінде қоғамдық қарым-қатынастардағы жеңіс (ортақ жеңіс) әуелі өзіңді жеңуден, ал басқаларға уәде беріп, оны орындап үйренуден, өзіңе берген уәдеге берік болудан басталады. Бұл тәсіл тұлғаны мінезден жоғары қоюдың, өз мініңді түземей, өзгемен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылудың мәнсіз екенін меңзейді. «Іштен сыртқа» — бұл адамның өсуі мен дамуына бағдар болатын, табиғи заңдылықтарға негізделген жаңарудың ұзақмерзімді үдерісі. Бұл жауапты тәуелсіздік пен тиімді өзара тәуелділіктің жоғарғы формасына апаратын өсімнің үдемелі спиралы іспеттес. Мен көп адаммен жұмыс істедім — ғажап, дарынды, ынты-шынтысымен бақытты, табысты болуға талпынатын, ізденгіш, қарап тұрып сүйсіндіретін жандармен таныстым. Кәсіпкерлермен, студенттермен, шіркеумен, зайырлы ұйымдармен, отбасылармен, ерлі-зайыптылармен жұмыс істедім. Бірақ осынау мол тәжірибеме қарамастан, бірде-бір рет бақыт пен түрақты табыскерлік жолының «іштен сыртқа» келгенін көрген емеспін. Есесіне, «Сырттан ішке» парадигмасының құрбаны болған — өзінің дәрменсіздігін сезінетін, өзгенің әлсіздігін ғана көретін, бар қайғысының себебін сырттан іздейтін бақытсыз жандарды көп көрдім. «Мен емес, ол өзгеруге тиіс» деп, бір-бірімен тәжікелескен, бірінің кемшілігін бірі бетіне басып, соны түзетуге тырысқан бақытсыз ерлі-зайыптыларды жиі кезіктірдім. Еңбек тиімділігін арттыру жөніндегі талай диспуттарға куә болдым. Құдды бір сенімнің іргетасы бұрыннан қаланғандай, адамдарды өздерін соған сай ұстауға мәжбүр қылатын пайдасыз ережелерді ойлап табуға тектен-тек уақыт пен энергия шығындайтын. Оңтүстік Африка, Израиль, Ирландия елдерінде отбасыммен бірге тұрдым. Бұл елдерде бейбіт өмірдің шырқы жиі бұзылатын. Бітпейтін алауыздықтың түпкі себебі — «Сырттан ішке» әлеуметтік парадигмасының үстемдігі. Дауға қатысы бар топтардың бәрі проблеманы ушықтырып отырған қарсы тарап екеніне сенімді. Олар (қарсы тарап) «өзгерсе», мәселенің күрмеуі шешіледі немесе жойылады деп есептейді. Көп адамға «Сырттан Ішке» парадигмасынан ауытқу, яғни оны «Іштен сыртқа» парадигмасымен алмастыру қиын көрінеді. Себебі шарттылық пен тұлға этикасыныңәлеуметтік парадигмаға ықпалы орасан зор.
Алайда өз тәжірибемді (оның ішіне жекелей тәжірибем де, мыңдаған адаммен бірге жүмыс істеу барысында жинақтаған тәжірибем де кіреді), сондайақ көптеген тарихи тұлға мен қоғамдардың жетістігін зерделей келе ұққаным: осындағы жеті дағдыға негіз болған көп принцип әр адамның жүрек түкпірінде, ой-санасында екен. Оларды өзіміздің басты мұқтаждықтарымызға қолдану мақсатында танып, жетілдіру үшін, біз басқаша ойлауымыз керек, парадигмамызды жаңа деңгейге — «іштен сыртқа» жылжытуымыз керек.Осы принцптерді түсінуге тырысып, оны өз өмірімізде қолдансақ қана Т.С.Элиоттың мына сөздеріндегі ақиқатқа көзіміз жете түсер еді. Ол былай дейді:
-«Ізденісімізді тоқтатпауымыз керек. Ақырында, ізденісті бастаған жерге қайта айналып келеміз де, оны бірінші рет көргендей боламыз».

Стивен Кови

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *