XIX ғасырдың екінші жартысына қарай, дəлірек айтсақ, 1863-65 жылдары Черняевтің əскері Əулиеата, Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алумен, қазақ даласын толық қоластына қаратқан патшалық Ресей əкімшілігінің алдында ендігі жерде осынау байтақ өлкені «игеру» міндеті тұрды. Ол тарих жүзінде екі жолмен жүзеге асырыла бастады. Əуелі, ұлтымыздың ұлы ғалымы Ш.Уəлиханов тап басып көрсеткендей, «қазақтарда орыс əкімшілігінің бекітуінсіз хан болу мүмкін еместігі туралы пікір қалыптастыру» мақсатын көздей отырып, біраз «жетістіктерге» қол жеткізді. 1822 жылғы дала қазақтарын басқару туралы жаңа ереже – «Сібір қырғыздары туралы жарғының» қабылдануы соның алғашқы «жемісі-тін». Бұл жарғы бойынша, «патша үкіметі қазақ даласын еркін иемденіп, хандық билікті жойып, аға сұлтандыққа ауа бастады». Ал ол отаршыл саясаттың қазақ жерін жүгендеп ұстауына мүмкіндік туғызды.
Алайда, соған қарамастан, қазақ даласының хандық дəрежедегі саяси тəуелсіздігін біржола жойған бұл реформаның өзі, көп ұзамай, отаршыл Ресей патшалығының тақиясына тар келе бастайды. Əсіресе, Арғынғазы Əбілғазиев пен Кенесары Қасымов сынды аға сұлтандардың бас көтеруі, тіпті Кенесары бастаған көтерілістің ұлт-азаттық күреске ұласуы оны өзгерту талабын алға тартқан-ды.
1868 жылы 21-қазанда патша өкіметі бекіткен «Орал, Торғай, Ақмола жəне Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереженің» дүниеге келуінің басты себебі де сол болатын. Оны «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 8-қаңтарда жарияланған «Тарихи жыл» деген мақаласында Міржақып Дулатов «ақтабан шұбырынды» заманының зардап-залалымен қатар қойып қарастырады.
Оның себебі, «бөлшекте де билей бер» саясатының пайдасынан дəм татып қалған патша өкіметі осы жарлығы арқылы тұтас жатқан қазақ даласын тоз-тозын шығарып бөлшектеп, оларға өздеріне тікелей бағынатын басшылық жасау жүйесін таңған болатын. Бұл деген сөз, бір жағынан, қазақ халқының тұтастығына қазылған ор, екінші жағынан, отаршыл күштің үстем саясатына ашылған даңғыл жол екендігін тарих дəлелдеп берді емес пе?
Ұлы империялық ауруға шалдыққан Ресей патшалығының қазақ даласын отарлауда ұстанған екінші жолы біріншісінен де гөрі анағұрлым қауіпті əрі анағұрлым кеселді болып келді. Бұл жергілікті жұртты орыстандыру арқылы ұшықиырсыз қазақ жерін империяның географиялық құрамды бөлігіне айналдыруды мақсат тұтқан патшалық əкімшілік үшін «ең сенімді» жол болды. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ даласына қоныс аудару арқылы жүргізілді. Мұны қолға алғанда патша үкіметі мынадай үш түрлі пайда ойлады:
Біріншіден, «қара шаруа переселендерін сыртқа көбірек жіберіп, Орталық Ресейдегі жер дағдарысынан құтылмақ болды». Екіншіден, ол отандастарының алдындағы абыройбеделін асырып, жақсыатты көрініп қалу үшін де ұтымды саясат еді. Үшіншіден, өз қандастарының қоластындағы ел территориясына кең жайыла орналасып, жергілікті жұртты тықсыра, қоян-қолтық аралас отыруы отарлау саясатын батыл əрі қалауынша, емін-еркін жүргізуге қолайлы жағдай туғызады деген мысық тілеуі де жоқ емес-тін. Басқаша айтқанда, қоныс аударушы орыс шаруаларын қазақ даласын «игеруде» өзіне саяси-əлеуметтік тірек ете отырып, түпкі мақсатына тезірек қол жеткізуге күш салды. Сол себептен де переселен мəселесіне ерекше мəн беріп, оны шұғыл да ауқымды жүргізіп отыруға тырысып баққан. Оны мынадай статистикалық мəліметте айқын аңғартады. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 млн. гектарға жуық жер көлемі қазақтардың игілігінен казак-орыс əскерінің, қоныс аударушы орыс жəне басқа еуропалық шаруалардың, сондай-ақ патшалық мемлекет мекемелерінің пайдалануына өткен.
Ал ол кесіп алынған жерлер топырағы құнарлы, ең шұрайлы аймақтар екендігі бесенеден белгілі.
Бұл процесс, əсіресе, XX ғасырдың басында өте жоғары қарқын алады. Мəселен, 1896-1905 жылдар аралығында Ақмола, Торғай, Орал жəне Семей облыстарына 294 296 шаруа қоныс аударса, ол 1906-1910 жылдары 770 000 жанға өскен. Оның соңы қазақ облыстары тұрғындарының ұлттық құрамына да кері əсерін тигізбей қоймады. Тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев жоғарыдағы еңбегінде 1905 жылмен салыстырғанда, 1910 жылға дейінгі қоныс аударушылардың қатары екі еседен артық өссе, есесіне, жергілікті жұрттың үлес салмағы 12,9 пайызға кемігендігін тарихи деректермен дəлелдейді. Бұл отарлау саясатының осы үшінші жолын құныға қолға алған Ресей патшалығының шын мəнінде қазақ жерінің тізгінін уысында ұстап отыруға қол жеткізгендігін көрсетеді. Осылайша, көлемі ұшан-теңіз өлкенің табиғи байлықтарын тонап, ал халқын отарлау саясатының құрбандығына айналдыруға мықты негіз қаланған еді.
XX ғасыр қазақ даласы табалдырығын, міне, осындай ауыр жағдайда, түнере аттады. Ғасыр басында қазақ халқының тарихи тағдыры қыл-көпірдің үстінде тұрды. Бір жағынан, Ресей империализмінің пəрменді отарлау саясаты, екінші жағынан, ортағасырлық мешеуліктен арыла қоймаған, ескі, күні өткен феодалдық қатынас қатар қыспағына алған ұлтымыздың болашағына үлкен қауіп төнді.
«Қазақ» газеті басқармасы кейінірек мұны «түнерген-түнерген қара бұлттарға» теңеп жазды. Апталықтың алғашқы санында жарияланған оқырмандарға арнауында:
«Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген қара бұлттар көрінеді. Түбі қандай белгісіз. Не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма, болмаса, дауыл боп соғып, үй-ішімізді шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз киюсіз, етектеріміз жиюсыз, ашылып-шашылып, қамсыз жатқан халықпыз», – деп жазып, ғасыр басындағы еліміздің басына төнген қауіпті жайды бейнелі түрде бүркемелей жеткізді.
Міне, осындай «тар жол, тайғақ кешуге» тап болып, халқымыздың тағдыры тығырыққа тірелген тарихи кезеңде азаттық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-əлеуметтік күш – ұлттық интеллигенцияның араласа бастауы заңдылық та болатын. Олардың бірі «Маса» болып шағып, екіншісі «Оян, қазақ!» деп жар салып, қалың ұйқыда жатқан елін түртіп оятып, көкірек көзін ашуға, етек-жеңін жиғыза, өз қам-қаракетін өзіне жегізуге үн тастап, дабыл қақпасқа амалдары да қалмаған. Сонымен ғана шектелмей, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламды» ойлағанда «сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нəрсенің бірі – газет» (А.Байтұрсынов) деп біліп, жалпыұлттық басылым шығару идеясын жүзеге асыруға ұмтылған.
Бұл идея сонау 1905 жылғы Қоянды жəрмеңкесінде 14 500 адамның қолы қойылып, Петербургке жіберілген əйгілі Қарқаралы петициясынан бастау алатынына тарих куə. Сол арыз-тілекте патша үкіметінің алдына қойылған негізгі талаптардың қатарында қазақтардың «ағымдағы қажеттіліктерін айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керектігі» алға тартылған болатын. Бұл Петербург, Омбы, Том, Орал, Троицк жəне басқа да қалалардағы қазақ зиялыларына ой тастаған соны бастама болды. Соның нəтижесінде XX ғасырдың алғашқы онжылдығында бірқатар бейресми төл басылымдар дүниеге келе бастады.
Оның алғашқысының бірі – «Серке» газеті. Ол 1907 жылы 28-наурызда Петербургте шығып тұрған татардың «Үлфəт» газетінің қосымшасы болып, Мемлекеттік думаның депутаты, мұсылмандар партиясы жетекшілерінің бірі – Шаһмəрдан Қосшығұловтың басшылығымен, Əбдірашид Ибрагимовтың редакторлығымен жарық көрген.
Бұл жөнінде қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге қомақты үлес қосқан, тұлғалы ғалым Б.Кенжебаев мынадай мəліметтер келтіреді: «Үлфəт» газетінің редакторларының бірі «Нажат» (Азаттық) деген журналға былай деп жазды:
1906 жылдың ақырында «Үлфəттің» қазақ оқушыларына арнап қазақ тілінде «Серке» атты екі жетілік газет шығаруға қарары болды. Келесі жылы март айының басында сол газеттің жариялануы шықты. Артынша, 28-мартта бірінші саны шықты. Ол «Үлфəт» газетінің қосымшасы болып шықты. Газет шыққан соң бірер күн өткеннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Үлфəт» газеттерінің ұсталғаны туралы əмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап алып, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда, олар: «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді».
Осындағы «қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар» деп айыпталған «кейбір мақалалар» ардақты Алаш азаматы Міржақып Дулатовтың «Жастарға» деген өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы екендігі бүгінде баршамызға белгілі болып отыр. Олай десек, бұл басылым мен «Қазақ» газеті арасында тығыз байланыс бар екендігіне көз жеткіземіз. Жақаңның, Міржақып Дулатовтың «Серкеден» бастау алатын журналистік қызметі кейіннен «Қазақта» жалғасын табады. Осы басылым арқылы бір кездері жастардың, соның ішінде өзінің алдына қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға білек түре, белсенді түрде атсалысады.
Ендеше, екі басылымның да ұстанған жол, бағыт-бағдары, мұраты бір болды деп қабылдауымызға толық негіз бар. Олай десек, бүгінде ұлттық бағыттағы бейресми, саясидемократиялық баспасөздің алғашқыларының бірі деп бағаланып жүрген «Серке» газетін «Қазақтың» ізашары деп қарастырсақ негізсіз болмайды.
Дегенмен, бұл екі басылымның аралығында аттай жеті жыл уақыт бар екендігін ұмытуға болмайды.
Осы мезгіл ішінде қазақ баспасөзінің тарихы тағы да бірнеше басылымға толықты.
«Серкеден» сəл ертерек Троицк қаласында «Қазақ газеті» дүниеге келді. Бірақ, оның да ғұмыры қысқа болды. Араб жəне кирилл емлесімен екі тілде – орысша-қазақша жарық көріп, бір санынан кейін шығарылуын тоқтатты. Мұның ізін суытпай қазақ оқығандары Том қаласында да газет шығару ісін қолға алған-ды. «Дала» газеті – соның жемісі. Алайда, ол да жөргегінде тұншықтырылып, бір-ақ саны шығып, алдыңғы басылымдардың кебін киген. Осыдан-ақ патшалық əкімшіліктің қоластындағы «бұратана» жұрттардың мəдениетінің «гүлденіп дамуына» қандай «үлес» қосқанын аңғару көп қиындыққа түсе қоймас. Бұдан да отаршыл озбыр саясаттың иісі мүңкіп тұрған жоқ па?
Соған қарамастан, ұлттық бейресми басылым шығару ісі біржола тоқтап қалуы мүмкін емес еді. Патша үкіметінің оны ауыздықтап ұстауға 4-5 жыл ғана шамасы жеткен. Алғашқы орыс революциясынан кейінгі реакция жылдарында біраз саябыр тапқан ұлттық бейресми газет-журнал шығару идеясы, оның есесіне, революциялық өрлеу жылдары (1910-1912) қайта маздап жанады. Соның нəтижесінде қос бірдей төлтума басылым дүниеге келгені баспасөз тарихынан белгілі. Оның бірі – 1911 жылдың 11-қаңтарынан Троицк қаласында шыға бастаған қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» та, екіншісі – оның ізін ала əуелі Бөкей ордасында, 5-санынан бастап Орал шаһарында жарық көрген «Қазақстан» газеті.
Əсіресе, «Айқап» журналының дүниеге келуі ұлттық баспасөзіміздің тарихында айрықша атап өтуге тиісті ерекше оқиға болды. Оны қазақ қоғамы аса қымбат, жүрекжарды қуаныш сезіммен қарсы алды. Журналдың қалың ұйқыда жатқан туған халқын сілкіп оятып, етек-жеңін жиғыза, ілгері басуына жолбасшылық еткен қызметін кейінірек «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан Ə.Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары да жоғары бағалап, жылы қабылдаған. Сөйтіп алғашқы кезде журнал жұмысына бір кісідей атсалысып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қызмет етіскен. Оған «Айқапта» жарияланған Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов жəне М.Дулатовтың мақалалары – айқын дəлел. Алайда, бұл бірлесе қызмет етулерінің ғұмыры ұзақ болмаған. Күн өте келе жоғарыда аты аталған Алаш ардақтылары азаттық жолындағы күресте бір ғана журналмен шектеліп қалуға болмайтындығына көздері жетіп, жаңа басылым шығару идеясының жетегінен ұстайды. Оған, біздіңше, екі түрлі себеп болған.
Біріншіден, ғасыр басында қазақ қоғамында екі саяси ағымның пайда болуы соған итермелеген. «Оның бірі – діниұлттық деп аталуы мүмкін жəне оның мұраты қазақтарды басқа мұсылмандармен діни тұрғыдан біріктіру. Екіншісі – батыстық бағыт, олар қазақ даласының болашағын кең мағынадағы батыстық мəдениетті жүзеге асырумен байланыстырады. Алғашқысы, шамасы, үлгі ретінде мұсылман, татар партияларын алар, ал екіншісі оппозициялық орыс партиясын, соның ішінде халық бостандығы партиясын алар», – деп жазады ол ағымдар турасында, өзі осы соңғы топтың жетекшісі болған, көрнекті қоғам қайраткері Ə.Бөкейханов.
Бір ескерерлік жай, бұл екі ағымның арасында үлкен жік туып, ол идеялық қақтығысқа ұласты деуге ешқандай негіз жоқ. Рас, кейбір мəселелер бойынша пікір алалығы кездесіп отырған. Бірақ, ол мақсат-мұраттарының ұштаспайтындығынан емес, соған жетуде таңдаған жолдарының əртүрлілігінен туындайтынын көреміз. Мəселен, осы екі ағымның ең алғашқы айтысқа түскен мəселесі – қазақ тілінің əліпбиін қалыптастырудағы түрлі көзқарастары. Мұндағы басы ашық нəрсе – екі жағы да қазақ тілінің таза сақталып, өсіп-өркендеуін құптап, қолдайтындығы. Бірақ соны жүзеге асыруда екі түрлі жолды таңдауы талас туғызған. Алдындағы ағымдағылар сол кезде қолданыста жүрген қадым жазуды өзгертпей пайдалануды қолдап, олай етпесек, түрік тілдес халықтардың тұтастығына сызат түсіріп аламыз деген пікірде болса, кейінгі ағымдағылар онымен келіспеген. Қазақтың өз жазу үлгісі болу керектігін айтып, оны тез арада құрастыру міндетін алдарына тартқан. Бұл жөнінде кейіннен тарихшы-ғалым С.Асфендияров өзінің «История Казахстана (с древнейших времен)» деген еңбегінде былай деп жазады:
«Одна часть, группировавшаяся вокруг журнала «Айкап» (М.Сералин, Д.Сейдалин) стояла на пантюркистской позиции блока с татарской буржуазией, за оъединение всех тюрков. Она выдвигала требования оседания казахского населения и стояла за развитие татарских новометодовых школ. Другая группировалась вокруг газеты «Казах» начавшей выходить в 1913 г. (А.Букейханов, А.Байтурсынов, М.Дулатов). Эта часть требовала развития казахского языка, считая что «блок с татарами» приведет к ассимиляции (т.1, стр. 275)».
Жазу үлгісі туралы айтыс «Қазақ» газеті шықпай тұрыпақ бастау алған пікірталас болатын. Ол қазақтың маңдайына біткен жалғыз журналы «Айқап» бетінде өрбиді. Журналдың 1912 жылғы 4 – 5-сандарында жарияланған А.Байтұрсыновтың, 8-нөмірінде жарық көрген М.Дулатовтың мақалалары – соның дəлелі. Олар «араб əріпінен қазақтың тіліне, дыбыс жүйесіне негіздеп əріп алу, соған сүйеніп оқу құралдарын жазып, мектеп тілін қазақшаландыру» мəселелерін көтереді. Бірақ бұл пікірлеріне журнал басшылығы қолдау көрсете қоймаған. «Батысшылдық бағыттағы» Алаш азаматтарының өз алдына жеке басылым шығаруларына түрткі болған себеп те, міне, осы болса керек.
Кейіннен осы пікірталас «Қазақ» пен «Айқаптың» арасын ушықтыра түскен себепті араағайын ретінде (екі басылымға да тең жазып тұрғандықтан) басу айтқан көрнекті қалам қайраткері Б.Майлин «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған «Айқап» ойларында бар ма атты мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің бірінебірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де мақсаттары бір еді. Сондықтан бір жағын кіріптарлық етуге орын жоқ. «Айқаптың» басқармадан болған бір кінəсі – емле қиғаштығы. Емле туралы өнегені татардан алмай-ақ, əзірге бір емлемен бара тұруымыз жөн еді», – деп жазуы жоғарыдағы пікірлеріміздің негізсіз еместігін дəлелдейді.
«Қазақ» газеті дүниеге келуінің екінші себебі – əрине, ақпараттық сұраныстың арта түсуі. Айына бір мəрте, ал екінші жылынан (1912) бастап айынаекі рет жарық көріп тұрғанына қарамастан, қоғамдық өмір өзгерістерімен ілесе, дер кезінде хабар таратып, пікір бөлісіп отыруға бір журнал тарлық ете бастаған. Яғни, «жарты айлық шабандылығы» «Айқаптың» аяғына тұсау болып оралған-ды. Осы «олқылықтың» орнын толтыру мақсатында, сондай-ақ, өздерінің алға тұтқан мұраттары мен ұстанған жол, бағыт-бағдарларын қалың қазақ жұртына кең тарата жеткізіп, үзбей насихаттап отыру үшін «батысшылдар» «Қазақ» газетін шығаруға ден қояды.
Сонымен, шын мəніндегі «халықтың көзі, құлағы һəм тілі» боларлық басылым шығару идеясының жүзеге асуына 8 жылдай уақыт (1905-1913) керек болды. Осы мезгіл ішінде, бір жағынан, бірінші орыс революциясы əсерімен қоғамдықсаяси қызметке қызу араласа бастаған қазақ зиялыларының жетекші тобы айқындала түссе, екінші жағынан, олардың отаршылыққа қарсы азаттық күресте əбден ысылып, мол тəжірибемен қарулануына мүмкіншілік туды. Соның нəтижесінде бұл топ 1913 жылдың басына қарай қазақ қоғамы үшін саяси күрестің мүлдем жаңа құралы – жалпыұлттық саяси басылым шығару идеясын жүзеге асырды. Шын мəнінде ұлттық сананың ұйытқысы бола білген, сөйтіп «өз ісімен өзіне мəңгілік ескерткіш тұрғызған» (М.Əуезов) «Қазақ» газеті осылайша дүниеге келген болатын.
Жалпы, «Қазақ» газеті шыға бастаған 1913 жыл қазақ баспасөзі тарихында өнімді жыл ретінде аталып өтілуге əбден лайық. Уақытша тоқтап тұрған «Қазақстан» газеті қайта тірілсе, сонымен бірге, қыркүйек айынан бастап Петропавл қаласында екі тілде (қазақ, татар) бір жыл бойы шығып тұрған «Ешім даласы» газетінің дүниеге келуі де осы жылдың еншісінде.
Осылайша, 1913 жылы төрт бірдей басылым қазақ даласына үн таратып отырғанын байқаймыз. Олар – «Айқап» журналы мен «Қазақстан», «Ешім даласы» жəне «Қазақ» газеттері. Осылардың ішіндегі ең ұзақ шыққан əрі таралымы молы, сонымен қатар, мазмұны бай, көтерген жүгі жағынан ең құндысы – «Қазақ» газеті. Мұны біз тұрмақ, кезінде осы басылымды жер-жебіріне жеткізе сынап-мінеген қаламгерлер де мойындап, ашығын жазбасқа лаждары қалмағандығын зерттеу еңбегіміздің кіріспе бөлімінде атап өткен болатынбыз.
«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2-ақпанынан 1918 жылдың 16-қыркүйегі аралығында аптасына бір мəрте, ал 1915 жылы жұмасына екі рет жарық көріп, барлығы 265 нөмірі басылып шыққан. Ұлттық мерзімді баспасөзіміздің қалыптасу дəуірінде мұндай ұзақ уақыт үзбей жарық көріп тұрған бейресми басылым жоқ. Оның үстіне, шығып тұрған уақытында қазақ даласында болған тарихи оқиғалардың шынайы шежіресіне айналып, ұлттық азат ойдың ұясы қызметін қоса атқаруы газет құндылығын еселеп арттыра түседі. Бұл қырынан келгенде, «Қазақты» ұлттық сананың ұйытқысы бола білген басылым деп бағаласақ, əсіре айтып, ауаға жайылғандық болмайды.
Ұлтымыздың ұлы ойшыл ақыны Шəкəрім Құдайбердіұлының «Қазақ» газетінің жарық көруіне байланысты апталықтың 5-санында жарияланған халқына жүрекжарды құттықтауында жырмен өрнектелетіндей:
«Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сəуле ала туды.
Мақсаты қараңғыда жүрген жұртын
Ойлайды тура жолға қаратуды», –
деген үмітпен өмірге келген «Қазақ» газетінің Орынбор қаласында жарық көруінің өзінде үлкен мəн бар.
Бұл жөнінде тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» деген еңбегінде біраз жайдан сыр ағытады. Біз ғалымның төмендегі ой-пікірлерін толық қолдай отырып, оның басқа да себебі болғандығын айта кеткенді жөн санаймыз.
Орынбор XX ғасырдың басына қарай күрт дамып, гүлденген қалаға айналды. Ол Орта Еділ сағасы мен Орал өңірінде Қазаннан кейінгі мəні ірі саяси жəне сауда, сонымен қатар, мəдени орталық болып қалыптасты. Оған Қазақстан мен Орта Азияны өз империясының географиялық құрамына енгізуден дəмелі патшалық монархияның бұл шаһарды «ұлы қақпа» ретінде пайдаланғаны қатты əсер етсе керек. Осы себептен де бұл қалаға бірсыпыра еркіндіктер беріліп отырған. Соның бір ғана дəлелі ретінде 1906 жылдан бастап татар тілінде онға тарта газет-журнал шығаруға рұқсат етілгендігін ауызға алсақ та, оған айқын көз жеткіземіз.
Міне, осындай дамыған баспа мəдениеті бар қаланы қазақ зиялылары газет шығару үшін оңтайлы көріп, қалап алғаны, əрине, ұтымды таңдау болған. Ол дəлелдеуді қажет етпейді.
Осыған қоса басылым басқармасы газетті Орынборда шығаруды ойлағанда тағы да бір мақсат көздеген десек, қателеспейміз. Ол осынау «қақпа-қаланы» патшалық отаршылыққа қарсы күресте өз пайдаларына жарату міндеті болатын. Əрине, бұл турасында ашық айтуға ол кезде мүлдем мүмкін еместігі белгілі. Бірақ газеттің тұспалдап жазылған материалдарымен мұқият танысқан кісі оны айқын аңғарады. Мəселен, апталықтың 1918 жылғы 258-санында жарияланған «Орда гербі (таңбасы)» деген мақалада біраз жайдан сыр тарқатылады. Онда газеттің екінші санынан бастап маңдайшасынан тұрақты орын алған Орда суретінің мəнмағынасына түсініктеме беріледі. Сол арқылы апталықтың ұстанған жолы, мақсат-мұраты мен атқарған қызметтері толық ашылып, айқындала түседі. Оған мақаланың өзін сөйлету арқылы көз жеткізіп көрейік: «Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік – түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына əрі мəдениет есігі болсын, əрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нəрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келетін жамандық болса, күзетші орнында газет қызмет қылсын делінген еді».
Осы жолдарды оқи отырып, басылым басқармасының газетті Орынборда шығаруды қалағандағы екінші бір мақсатының тамырын ұстағандай боламыз. Ол жоғарыда айтылғандай, тек көрші отырған екі ел арасын ғана емес, Еуропа мен Азия секілді қос құрлықты қосып тұрған үлкен мəні бар қаланы қазақ игілігіне жарату міндетінен туындаған деуімізге толық негіз бар. Бұл шаһар, бір жағынан, қазақ даласына еніп жатқан мəдениет пен ғылым-өнердің қақпасы болса, екінші жағынан, отаршыл озбыр саясаттың қамалына айналғаны белгілі. Осыны жақсы түсінген Алаш азаматтары сол «қақпаға» «Қазақты» күзетші етіп қойып, халыққа пайдалы нəрсені енгізіп, залалдысы болса, тосқауыл қоюды өз міндеттеріне санап, ел қорғаушысы болған осынау қызметтерін газет арқылы жүзеге асыруға атсалысқандығы көрінеді.
Бұл іс-əрекеттері, əрине, отаршыл əкімшіліктің көңілінен шықпағандығы айтпаса да түсінікті. Олар тұрмақ, бұған халқымызбен аралас-құралас отырған, түбі бір татар туыстардың кейбір қалталы байлары, оқымыстылары да жылы қабақ таныта қоймаған. Өйткені олардың өз есептері де жоқ емес-тін. Бұл сырлары кейіннен 1917 жылғы ақпан төңкерісі жеңіске жеткеннен соң ашылады. Осы жылдың 1-13 мамыр аралығында Петербург қаласында өткен жалпы мұсылман съезінде татар депутаттарының жетекшісі Ахмедбек Салықов өз отандастарының атынан үш рет сөз алып, соңғы мəрте сөйлегенде ішке бүккен сырды ашып салады: «Қазақ, сарт, кавказдықтарға федерация болуға жібермеу керек. Олар бөлінсе, Россия қолында Еділ бойындағы татарлар қалмақшы. Жəне де қазақ пен Түркістан жақтарында бос жер көп. Олар бөлінсе, жерімен бөлінеді. Онда бізге пайда жоқ. Егер де бөлінбей тұрса, онда жері жоқ татарлар қазақ пен Түркістан жеріне көшіп барып, жер алады». Бұдан кейбір татар оқымыстыларының Ресей патшалығының қазақ даласын отарлай түсуіне кетəрі болмағандығын көреміз. Керек десеңіз, өз пайдалары үшін белгілі бір дəрежеде оны қолдап та отырғандығы аңғарылады. Басылым басқармасының газеттің 1917 жылғы 214-нөміріндегі: «Газет һəм кітаптарды өзімізде болмаған соң, Хусайнов баспаханасында бастырып отырғанымыз оқушыларымызға мағлұм. Газет пен кітаптарды бастыру үшін біреудің баспаханасына қарауда қанша қолайсыздық, қанша қиыншылық барлығына басынан өткерген адам болмаса, басқалар түсініп жете алмайды. Газет пен кітаптарды мезгілімен шығару үшін талай жүз салып кішірейесің, талай жалынып-жалпаясың. Газет шығарғаннан бері біреу баспаханасына телміру, дəмі таңдайға татырлық болды», – деп жазуы да татар байларының отаршылыққа қарсы күресіп жатқан Алаш азаматтарына қаншалықты қолдау көрсетіп отырғандығын байқатады.
Апталықтың патшалық əкімшілік тарапынан көрген қоқан-лоққы, құқайы – өз алдына жеке бір əңгіме. Бұл жөнінде «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» деген естелікеңбегінде Міржақып Дулатов бірталай мəлімет келтіреді: «Поэтому то и дело производилось в редакции обыски, то и дело А.Байтурсынова таскали к губернатору или жандармскому начальнику на допросы. В 1914 году за помещенную в №80 «Казаха» передовицу, где А.Б. критиковал только что выработанный М.В.Д. проект положения об управлении Киргизском краем, оренбургский губернатор Сухомлинов оштрафовал А.Б. как редактора на 1500 руб. И в случае его несостоятельности постановил заменить штраф арестом А.Б. на 3 месяца. Утрата 1500 руб. была равносильна закрытию газеты, поэтому А.Б., несмотря на слабость своего здоровья, заявил полиции, что он согласен сидеть, но платить штраф не может. 20 октября А.Б. посадили в тюрьму. Пишущий эти строки подал телеграммы в разные города, известив друзей А.Б. о случившемся. В адрес редакции посыпались переводы по телеграфу, А.Б. не просидел и 4-5 дней, по внесению штрафа был освобожден. «Казах» и после этого подвергался штрафам на разные суммы, доходившие иногда до 3000 руб. (1916), и всегда отзывчивые читатели аккуратно вносили штрафы, не доводя дела до ареста А.Байтурсынова или закрытия газеты».
М.Дулатовтың бұл келтірген мəліметтерін мұрағат материалдары да растайды. Патшалық əкімшіліктің жоғарғы билік орындары жергілікті басқару мекемелеріне «Қазақтың» əр қадамын қатаң бақылап, кішкентай күдік туса болды, өздеріне баяндап, «қылмысына» қарай аяусыз жазалау жөнінде арнайы тапсырмалар беріп отырған. Мəселен, Ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз жөніндегі Бас Басқарманың бастығы граф Татищев 1913 жылғы 26-қыркүйекте Орал облысы Əскери губернаторына мынадай мазмұндағы аса құпия құжат жолдаған: «Имея в виду, что газета «Казах», по-видимому, принимает за последние время нежелательное направление, Главноме Управление считает долгом просить Ваше Превосходительство сделать зависящее расположение о тщательном наблюдений за названным изданием и о привлечении редактора его к судебной ответственности в каждом случае нарушения изданием уголовных законов».
Ал жергілікті əкімшілік болса, осынау бақылаушылық жəне қаралаушылық қызметіне мұндай тапсырма берілмей тұрып-ақ, білек сыбана кірісіп кеткен болатын. Жоғарыдағы архив құжатына қоса тіркелген Орал облыстық əскери губернаторының 1913 жылдың 17-қыркүйегінде баспасөз жөніндегі Бас Басқармаға жолдаған мəліметі – соның дəлелі. Онда «Қазақ» газеті 18-нөмiрінің аудармасын қоса жіберіп отырғанын баяндай келіп, əскери губернатор мынадай пікір біддіреді: «…со своей стороны, данное повременное издание («Қазақ» – С.Қ.) я признаю крайне вредным для многочисленного киргизского населения временно управляемой мною области, равно как и для проживающих в ней татар».
Осындай қара ниеттегі лауазым иесіне жоғарыдағыдай арнайы тапсырманың берілуі, отқа май құйғандай, қуана қарсы алынатындығы айдан анық.
Мұнымен ғана шектелмей, баспасөз жөніндегі Бас Басқарма «Қазақты» тырп еткізбей бақылап отыру үшін Орынбор облысының генерал-губернаторы Сухомлиновты да осынау аса құпия маңызды «жұмысқа» тартады. Аталған архив мəліметі бойынша 1913 жылы 22 қазанда оған жолданған аса құпия құжатта жоғарыдағы Орал облыстық əскери губернаторының пікірі қаз-қалпында баяндала отырып, мынадай нақты өтініш білдіріледі: «В виду сего, Главное Управление просит Ваше Превосходительство сделать зависящее распоряжение о возможно тщательном наблюдении за упомянутым изданием, и о привлечении редактора его к судебной ответственности в случаях обнаружения в содержании какого либо нумера нарушения уголовных законов».
Əрине, мұндай арнайы жолданып тұрған өтініш-тапсырмалар асыра орындалып отырған. Оған төмендегі деректер дəлел.
Бұл жөнінде «Қазақтың» «екінші жазушысы» – Міржақып Дулатов апталықтың 1917 жылғы 239-нөмірінде жарияланған «Қазақ баспаханасы» деген мақаласында былайша еске алады: «Жер аудару» деген мақала басылған 9-нөмірінен бастап, кешегі өзгеріске шейін (мұнда 1917 жылғы ақпан төңкерісі туралы айтылып отыр – С.Қ.) тергеу, тексеру, тінту, абақты, штрафтан «Қазақтың» көзі ашылған жоқ. Дəл Николай түсіп, өзгеріс болардан бес-алты күн ғана жауыз хакімдер «Қазақты» тағы да тексеріп, біржола жабуға айналып тұрғанда өздері су түбіне кетті».
Газет бір емес, екі мəрте – жарық көрмей тұрып жəне баспадан басылып шыққаннан кейін қайта тексеріліп отырған. Оған мына мəліметтер дəлел бола алады. «Қазақтың» 1914 жылғы 31-тамыздағы 76-санында бас мақаланың орны ашық қалдырылып, ол басылым басқармасының кінəсінен болмағандығы ескертіледі. Ендеше əскери цензураның кесірінен екендігі күмəн келтірмесе керек. Бұл алдын ала тексерудің тигізген залалы болса, оның бір емес, бірнеше рет айыпқа тартылып, редакторының тұтқындалып отырылғанын дəлелдейтін деректер – артынан болатын бақылаудың зардабы.
Оған бір ғана мысал, жоғарыда газеттің 1914 жылғы 80-санында жарық көрген бас мақала үшін тартқан жазасын тілге тиек ету арқылы көз жеткізгендей болдық. Көрсетілген айыппұлы төленгеннен кейін абақтыдан босатылған А.Байтұрсынов істі біттіге санап, қарап отырмаған. Өзінің жөнсіз жазаланғандығын, газеттің айып төлеуі заңға қайшы келетіндігін дəлелдеп, күрестің жаңа жолын бастайды. Жоғарғы билік мекемелеріне, соның ішінде Мемлекеттік Сенатқа жолдаған шағым-арыздары сол жайынан сыр шертеді. «Ахмет Байтұрсыновтың Орынбор губернаторына, Ішкі істер министріне, Сенатқа жазған арыздары (Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік – С.Қ.) мұрағат құжаттарында сақтаулы тұр. Бұл арыз-өтініштерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Меруерттей əдемі жазумен, орыс тілінде, бір қатесіз əрі дəлелді жазылған арыздан елім деп еңіреген аяулы азаматтың жан дауысы естілгендей!» – деп жазады бұл жөнінде осынау құны жоғары құжаттарды қолымызға ұстатқан библиографғалым Ү.Сұбханбердина «Қазақ, Алаш, Сарыарқа» атты библиографиялық көрсеткішінің алғы сөзінде.
А.Байтұрсынов бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, ақырында жеңіп шығады. Жоғарыдағы архив құжатында Сенат 1915 жылдың 9-желтоқсанында осы мəселе бойынша істі қарап, мынадай себептермен Орынбор генерал-губернаторының жоғарыдағы үкімін бұзу туралы шешім шығарғаны айтылады: «В жалобе Правительствующему Сенату Байтурсынов объясняет, что путем помещения упомянутой выше статьи он преследовал только цель разъяснения киргизам проекта нового закона об устройстве их быта, указывая кроме того, что инкриминируемая статья была просмотрена военной цензурой и снабжена дозволительной надписью (астын сызған – С.Қ.), проситель ходатайствует о сложении с него взыскания.
Принимая во внимание… Правительствующий Сенат находит распоряжение Оренбургского губернатора лишенным правильных оснований, а потому определяет таковое отменить. О чем, для исполнения и объявления просителю, а равно в разрешение рапорта от 8 декабря 1914 года за № 7514».
«Қазақтың» əрбір материалы жарық көрмей тұрып та əскери цензураның тексеруінен өтіп отыратындығына бұл құжат та айқын дəлел. А.Байтұрсыновтың Сенат алдында Орынбор генерал-губернаторының сағын сындырып, жеңіске жетуінің басты себебі де сондықтан. Яғни, жазықсыз жазаға ұшырауына түрткі болған мақаланың алдын ала цензураның тексеруінен өткендігін тілге тиек ету арқылы «айыпталушыдан» айыптаушы жағына шыққан. Осының өзі газетті шығарушылардың саяси сауаттылығы мен отарлаушыларға қарсы күресте əбден ысылып, мол тəжірибе жинақтағандықтарын танытады.
Газет өзінің алты жылға таяу ғұмырында, қолымыздағы мəліметтер бойынша, бес рет айып тартып, редакторы əртүрлі мерзімге абақтыға жабылған. Атап айтқанда, 1913 жылғы 9-нөмірінде басылған «Жер аудару», 1914 жылдың 78, 79, 80 жəне 90-нөмірлерінде жарық көрген «Алашқа», «Россиядағы ұйымшылдық», «Закон жобасының баяндамасы» жəне «Бұ қалай?» деген мақалалары үшін апталық 50 сомнан 1500 сом аралығында айып тартып, төлей алмаған жағдайда, редакторы 2 айдан 2 жылға дейін айдалып, абақтыға жабылатындығы жөнінде жарлық шығарылғанын жоғарыдағы архив материалдары растайды.
Бұдан басқа 1916 жылы да газеттің айып тартқаны туралы деректер ұшырасады. Бұл жөнінде кейіннен Жақаң: «Казах» и после этого подвергался штрафам на разные суммы, доходившие иногда до 3000 руб. (в 1916 г.)», – деген мəлімет келтірсе, оны газет тігінділерінің материалдары да жоққа шығармайды. «Қазақтың» 1917 жылғы 215-санында «Штраф туралы» деген хабар жарияланған. Онда 1916 жылғы 25-июнь жарлығына байланысты қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің апталық айыпқа тартылыпты деген хабарды естіп, жəрдем ақша жібергендері туралы хаттарынан үзінді келтіріледі: «Қазаққа» 3 мың сом штраф түсіпті, жайшылықта да халқымыздың көз-құлағы еді, оның үстіне, биылғы 25-июнь жарлығы бойынша алынған біздердің қамымызды көп қайғырып, хал-жағдайымызды жазып, елімізге амандығымызды білдіріп, елдің амандығын бізге жеткізіп, біздің көңілімізді ашып отырған жалғыз газетіміз еді, біз жəрдем жібереміз», – деген жолдарды оқып, соған көзіміз жете түседі. Бірақ, ол айып газеттің қай нөміріне жəне не үшін таңылғандығын дəл əзір дəлелді дерек болмауы себепті анықтай алмай отырмыз.
Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзі тарихында ең шоқтығы биік басылым – «Қазақ» газеті. Оған апталықтың ұстанған жол, мақсат-мұратын жəне шын мəніндегі «халықтың көзі, құлағы һəм тілі» бола білген қызметін тілге тиек ете отырып көз жеткізгендей болдық. Ол өзге басылымдарға қарағанда мейлінше ұзақ, мерзімді əрі жиі шығып тұрады. Сонымен бірге, таралымы мол жəне таралым аймағының кең болып келуі де оның құндылығын арттыра түседі. Бұл жөнінде газеттің 1914 жылғы 45-нөмірінде мынандай дерек жарияланған: «Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: Торғай – 694, Семей – 612, Ақмола – 582, Сырдария – 327, Орал – 301, Жетісу – 157, Ішкі ордалық – 136, Ферғана – 30, Самарқан – 8, Закаспий – 5, өзге жерлерден: Орынбор – 37, Уфа – 14, Қазан – 13, Қытай қазағы – 10, Петербург – 9, Түркия – 5, Мəскеу – 3, Томск – 3 һəм басқа шаһарлар – 57».
Бұдан қазақ даласын ғана түгел шарлап қоймай, шет елдерге де кең жайылған «Қазақ» газетінің таралымы 3007 дана болғандығын көреміз.
Бұл – алғашқы жылғы көрсеткіші. Ол кейінгі жылдары, дəлірек айтсақ, 1915 жылы бір жарым мыңға дейін кемігенімен, соңғы екі жылында, яғни 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін, қазақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта, қайтадан күрт өсіп, өзінің шарықтау шегіне жеткен. Жоғарыдағы еңбегінде М.Дулатовтың: «газета перед закрытием имела свою собственную типогафию, большой запас бумаги, небольшую библиотеку, тираж превышал 8000», – деп еске алуы – соның дəлелі.
Жоғарыда «Қазақ» газеті тарихының бірқатар келелі мəселелеріне тереңірек тоқталып, жан-жақты зерттеу жүргізуге көңіл қойдық. Енді оның осы күнге дейін мəн берілмей келе жатқан, назар аударылса да, біржақты талқыға салынып, сыңаржақ пікір туғызылып жүрген көлеңкелі тұстарынан да сыр тарқаталық.
Бұлай дегенде, əуелі əңгімені газеттің жабылу тарихымен одан кейінгі тағдыр талайы туралы тың деректер негізінде ой бөлісуден бастаған артық болмас. М.Дулатовтың жоғарыда келтірген мəліметтеріне қарағанда, газеттің материалдық та, моральдық та жағдайы жабылу қарсаңында өте жақсы болғандығын көреміз. Мұны газет тігінділерінің материалдары да толық растайды.
Апталық ғұмырының ең бір шырайлы да шұрайлы мезгілі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезең. Осы соңғы бір жарым жылдық уақытында (1917 жылғы ақпан төңкерісінен газет жабылған 1918 жылдың 16-қыркүйегіне дейін) газет шын мəнінде, өз сөзімен айтқанда, «қазақ-қырғызға қызмет һəм басшылық ету» міндетінде болған. Ұсақтүйектен бастап, ұлтымыздың ұлт ретінде сақталып қана қоймай, өсіп-өркендеуіне негіз қалайтын мəселелердің баршасы, соның ішінде қазақ халқының өз алдына автономиялы ел болып өркениетті елдер қатарына ұмтылу жолындағы қыруар іс-шаралар, ең алдымен, осы басылым бетінде талқыға салынып, содан кейін шешімін тауып отыруы – соның бұлтартпас дəлелі. Бұл қырынан келгенде «Қазақтың» «төртінші билік» тізгінін берік ұстағаны көрінеді. Оған газет тігінділерінің тарихи да, таным-тағылымдық та мəні орасан зор материалдарын тілге тиек ете отырып көз жеткізу көп қиындық келтірмейді.
Газет қызметінің осынау дəрежеге көтерілуі оған деген сұранысты да, сөз жоқ, арттыра түскен. Жер-жерден оның шығарылуын жиілету туралы өтініш-тілектің ағылып келе бастауы сол жайынан сыр шертеді. Мəселен, Орал уезі, Қарашығанақ қазақтарының жиылысы «болған өзгерістің, болып жатқан һəм болашақ уақиғалардың, комитеттер ашудың (уақытша билік жүргізетін – С.Қ.) жұртқа тиімділігі, учредительное собраниеге даярланудың һəм оған қандай кісілерді жіберу жайын сөз қылып, аяғында халықтың қамсыз қалмай, жете біліп, түсіністікпен іс қылу шарасын сөйлесу һəм бет-бетімізбен жамырама болмас үшін «Қазақ» газетін, тым болмаса, жұмасына үш рет шығаруды лайық» көріп, басылым басқармасына өтініш білдіруі – соның бір ғана дəлелі.
Бұл мəселе 1917 жылдың 1-сəуірінде Орынборда басталған қазақ халқының тұңғыш съезінде де талқыға салынып, апталықтың 1917 жылғы 226-санында жарияланған Мадиярдың «Қазақ съезі» мақаласында жазылғандай: «Қазақ» газеті жиі шықсын» деген шешім шығарылған болатын. Осыған байланысты басылым басқармасы тарапынан газет арқылы мынадай түсініктеме беріледі: «Съезде баспасөз мəселесі қараларда, «Қазақ» газетін екі һəм онан да жиі шығару жағын кеңеспес бұрын, типографиямен сөйлесіп едік, харіп тізушілер жоқ деп, жетісіне екі басып бере алмайтынын айтты. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей-ақ, қалай да болса, газетті жиі шығару жағына қам қылмай, қарап отырмаймыз».
Бұдан газетті жиі шығару ісі тек баспаханаға байланысты қаңтарылып тұрғандығы көрінеді. Осыны оқырмандар құлағына құйып, мəн-жайды түсіндіру мақсатында жазылып, газеттің 1917 жылғы 214-нөмірінде жарық көрген «Баспахана туралы» деген мақаласында М.Дулатов алты Алаштың жігерін жанып, намысын қайрай түседі: «Баспахана жайын сөз қылып отырғанымыз біздің газет басылатын Хусаинов баспаханасы сатылайын деп тұрғанын «Уақыт» газетінен оқып көргендерің де бар шығар. Аламын деп тұрған адамдар бар. Саудалары келіссе, баспахана мұсылман қолынан я яһуди, я орыс қолына көшпек. Яһуди я орыс қолына көшкен соң газет һəм кітап бастыру ісі не күйде болар? Ол жағы қараңғы. Мұсылман қолынан кеткен соң мұсылманша жағы нашарлар деген қауіп бар. Солай болған соң осы баспахананы яһудиге жібермей, қазақ болып қам қылып, алып қалу қолымыздан келмес пе?» – деген қаламгер сөзі аяқсыз қалмай, жер-жердегі оқырмандар тарапынан қызу қолдау табады. Тіпті, сонау қиырдағы Қытай мемлекеті қоластындағы қазақтар да апталықтың 222-нөмірінде үн қатқан: «Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қоластындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат серіктігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «ау!» десіп қолға алған істен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба?!» – деген жолдар оқырмандар намысын қайрай түскен.
«Көп түкірсе – көл» деген. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Көпшіліктен қызу қолдау тапқан іс шешімін таппай қоймайды. Көп ұзамай, алты жылғы арманы болған баспахана сатып алу бақыты «Қазақ» газетін шығарушылардың қолына келіп қонады. Бұл кезде басылымның «бас жазушысы» (бас редакторы) қызметін мойнына алған (А.Байтұрсыновтың бүкілресейлік құрылтай жиылысына депутаттыққа кандидат болып, ел басқару жұмысына араласа бастауына байланысты) М.Дулатов апталықтың 1917 жылғы 239-санында оны былайша сүйіншілете хабарлайды: «Жаңа арада «Азамат» серіктігі атына «Қазақ» газеті үшін 30 мың сомға баспахана алдық. Баспахананың екі машинасы бар, орысша харіптері мол, саймандары түгел құрулы. Мұсылманша харіпті Қазаннан алдырғалы тұрмыз, заказ беріп қойдық. Сөйтіп, барлығы 40 мың сомға түскен қазақша һəм орысша басатын баспаханамыз болды. Көптен «көңіл жетсе, қол жетпей айналып бастан бұлт кетпей» жүретін еді, сəті бүгін түсті, қуаныштымыз!»
Бұл – қазақ халқы тарихындағы тұңғыш баспахана. Бүгінде дəулетті де сəулетті полиграфия өндірісіміздің тарихы осылай бастау алса керек-ті. Өкінішке орай, бұл да – əлі күнге дейін зерттелінбей келе жатқан тақырыптың бірі. Осы уақытқа дейін баспахана ісінің тарихы Қазан төңкерісімен, соның «жеткізген жетістіктерімен» байланыстырыла оқытылып келсе, енді оның тамырын əріден іздеуді уақыт талап етеді.
Осы орайда, мынадай заңды сауалдар туады: Сол «Азамат» серіктігінің пұлымен «Қазақ» үшін сатып алынған баспахананың кейінгі тағдыры қалай болды? Апталық жабылғаннан кейін ол кімнің қанжығасында кетті? Қазақ игілігі үшін жаратылды ма? Бұл сауалдар жауап бере кетуді қажет етеді.
Республикалық «Ана тілі» газетінің 1992 жылғы 7-мамырында жарияланған, «Газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деген мақаласында М.Əнесұлы ол жөніңде мынадай мəліметтер келтіреді. 1919 жылы жазда Қазақ Төңкеріс комитеті құрылады да, Бөкей Ордасына орналасқан ұлтхалкомның қазақ бөлімшесі түгел Орынборға көшеді. Онда оларды Төңкеріс комитетінің баспасөз органын шығару міндеті де күтіп тұрады. Сондықтан, көп ұзамай, бұл мəселе Төңкеріс комитеті ұйымдастырған Орынбордағы қазақ ұйымдары мен қайраткерлерінің біріккен мəжілісінде талқыға салынған. Оған комитет мүшелері Ахмет Байтұрсынұлы, Əмірғали Меңдешұлы, Мұхамедияр Тұңғаншин, Əлихан Бөкейханұлы, Бегімбетұлы, Шапқат Бекмұхамедұлы, ақпарат бөлімінің меңгерушісі Алма Оразбаева, əскери істер жөніндегі өлкелік комиссариаттан Б.Меңдешов пен Өтегенов қатысады. А.Байтұрсынұлы мəжілістің төрағасы, Меңдешов хатшысы болып сайланған. Күн тəртібінде екі: 1. Комитет газетін; 2. Кітап-брошюраларын шығару мəселесі қаралған». Осы мəжілісте «Қазақ» газеті баспаханасына қатысты мəселе де талқыға салынған. Бұл жөніндегі автор келтірген мəліметтерді қаз-қалпында баяндайық: «Қазақша қаріптердің жетіспеуіне байланысты Орынбор губерниялық Халық Шаруашылығы Кеңесінен олар пайдаланып жүрген Торғай облыстық баспаханасын бүкіл құрал-жабдығымен қайтарып беруін сұрау жөнінде шешім қабылданады.
Газеттің бұдан кейінгі тағдыры зерттеушілерге біршама мəлім. «Ұшқын» бір жылдай шығып тұрады да, соңына «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ» болып ауысып, «Социалистік Қазақстанға» дейін ұласты. Көмескі болып келгені – оның бастауында Ахаңның тұрғандығы һəм Торғай баспаханасының, демек, «Қазақ» газетінің хан талауға түскен құрал-жабдығын пайдаланғаны еді».
Ғалым мұндай ой-толғамдарға Орал облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттармен таныса келе байлам жасаған екен. Оған, біз білетін, «Қазақ» газетінің жабылу тарихы да қайшы келмейді. Патшалық Ресей үкіметі тұсында небір «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген, бірақ, соған қарамастан, тоқтамай шығып тұрған басылымның біржола жабылуы мемлекет билігі большевиктер қолына көшумен байланысты іске асты. Омбы атқару комитетінен 1918 жылғы 4-наурызда Орынбор Совдепіне жолданған телеграмма – соның бұлтартпас айғағы. Онда былай деп жазылған: «В виду того, что киргизский орган партии Алаш – «Казах» является контрреволюционным, открыто выступает против Советской власти, организуя Алаш-Орду, просим немедленно закрыть газету».
Бұл үкім жарыққа шыққан кезде «Қазақ» газеті «большевиктер ылаңынан» онсыз да уақытша тоқтап тұрған болатын. «Январьдың 17-сінен бері большевиктің кесірінен «Қазақ» тоқталып тұрды», – деген басылым басқармасының апталықтың 261-нөміріндегі ескертпесі соны дəлелдейді.
Осы мақалада газеттің 1918 жылғы 17-қаңтарда шыққан 260-санынан кейін 6 айдан аса уақыт кідіріс жасап, кезекті 261-нөмірі 23-шілдеде жарық көруінің себебі Орынбор қаласының большевиктер қолына қарап тұрғандығының салдарынан екендігі айтылады.
Осы жылдың 20-маусымында Орынбор атты казактарының күшімен қала большевиктерден тазартылуына байланысты газеттің жұмысы қайта жолға қойыла бастаған. Осыдан кейін оның 4 нөмірі жарық көрген. Соңғы 265-нөмірі 16-қыркүйекте басылып шыққан. Оның материалдарымен танысқан кісі газеттің біржола жабылуы төтеннен болған оқиға екендігінен хабардар болады. Басылым басқармасының: «Енді газет жұмысы реттеліп келеді. Мезгілінде шығып тұрады. Бұрынғы тілшілерімізден өтінеміз, əр елде болып жатқан уақиғадан кешіктірмей хабар жазып тұруларыңызды», – деген оқырмандарға соңғы арнауы сол жайынан сыр шертеді.
Бірақ, бұл үміттері ақталмапты. Қаланы қайта басып алған большевиктер бұл жолы күрес майданын басқаша «қыздырады». Олар баянды жеңіске қол жеткізу үшін жаңаша амал-əдістер ойлап табады. «Халықтың көзі, құлағы һəм тілі» қызметін атқарушы «ондаған контрреволюциялық деп табылған ұйымдарды, қоғамдық баспасөз органдарын жауып», жол бастар серкесінен айырылған қараңғы елді емін-еркін, қалауынша билеп-төстеуге бет қойғанына тарих куə.
Қайрат Сақ