ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ

Жетінші сыныпта оқып жүргенімізде бізді комсомол қатарына қабылдау үшін дайындай бастады, жаттамайтын бәлеміз жоқ: Партияның көсемдері, комсомолдың ордендері, футбол командаларының құрамдары… Тбилисидің «Динамосында» кімдер ойнайды десе, сайрай жөнелеміз:

– Месхи, Метревели, Чохели…

– «Лениншіл жастың» редакторы кім?

– Шерхан Мұртазаев.

– ҚЛЖКО Орталық комитетінің бірінші секретарі кім?

– Өзбекәлі Жәнібеков! – деп тақ етеміз. Бізге Чохели мен Жәнібековтің айырмасы шамалы. Тек атын білсек болды. Аралдың Қарақұмына сұғынып жатқан «Құлжанбай» ауылында 1963 жылы есімін Сапарғали ағай жаттатқан сол Жәнібеков ағамен ширек ғасырдан соң қоян — қолтық араласамын деп қара домалақ қыр баласы қайдан ойласын.

– Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің столының үстінде сенің кітабың жатыр. Маған бір өлеңіңді оқып, қатты мақтады,– деп бастығымыз Сағат Әшімбаев қуанып келді.

– Енді жаман болмайсың!– деп Қайрат Жұмағалиев ағам желпініп қояды.

Ақындар айтысы өтерде бір, өткен соң бір ЦК-ға шақырып алып, әкеме танытып жіберетін қаһарлы хатшы жазған-сызғанымды мақтап жатыр дегенге онша иланыңқырамай жүр едім, наурыз мерекесіне байланысты теледидардан сөйлеген сөзінде менің «Ұлытауға бардың ба» деген өлеңімнен үзінді оқып, шынымен-ақ төбемді көкке тигізді.

Бір сенбі күні Өзекең Сағат Әшімбаев екеуімізді шақырып алып, ұлттық рух, дәстүр мен салт, тіл мен әдебиет жөнінде ұзақ кеңес құрды. Әртүрлі жиындарда, басқосуларда құлақты жауыр еткен қысыр кеңес емес, елдің, ұрпақтың қамын жеп, болашағын болжаған кемел ойлар, көреген пікірлер ортаға түсті. Қасаңдау, қатаңдау көрінетін хатшы осы жолы алысты аңғаратын ақылгөй аға кейпінде ашылып сөйледі. Арқалықтағы мәдениет үйінің қабырғаларын өз қолымен бояп — сырлағанын еске алғанда, бұл кісінің қарапайым болмысы өз топырағымыздан екенін танып, іш тарта түстік. Айтқан ақылы да, жүктеген тапсырмалары да партия қайраткерлерінің әдеттегі нұсқауларынан гөрі қанаттас, пікірлес кісінің қамқор пейілі іспетті еді. Түс әлеті болғанда:

– Осы екеуіңде үй — күй жоқ па? – деді сөз ауанын оқыс өзгертіп.

– Неге, Өзеке? Бар болғанда қандай. Бар болса, осындай қаға берісте төрлеріңді көрсетіп, хатшыға үйлеріңнен шай бермейсіндер ме? Ал, қайсыларыңның үйіңнен түстік ішеміз?

Сағат екеуіміз басымызды ала қаштық. Біздің түсінігімізде хатшыға үй көрсету үшін шабылып дайындалу керек. Аста-төк дастархан жайылу керек қой. Сағат Медеуге барар жолда бой көтерген бір әдемі үйге қызығып жүргенін, ол үйдің көше жақ бетіндегі қабырғасында тұлпар бейнесі ойып қашалғанын сөз етіп, сондай бір оңаша үйде ғұмыр кешуден артық бақыт болмайтынын айтып, қиялдың қанатына ілесіп кетті. Оның қиялының келісті болғаны соншалық, үшеуіміз Орталық Комитеттен жедел шығып, әлгі Сағат айтқан әсем үйді көруге бардық. Әрине, осы күнгі байшыкештердің салтанатты сарайларының көлеңкесі іспетті сол үйге қарап тұрып, талай қияли әңгіме айттық.

– Өзеке, сіздің де үй-күйіңіз жоқ па? – деп қалжыңдадым хатшыға бойым үйрене бастаған мен.

– Неге жоқ?

– Әлгі түстік мәселесін сол жерде неге шешпейміз дегенім ғой…

– Бір де бір! – деді Өзекең…

Өзімнің маңайымдағы адамдарға орынды-орынсыз көп айтылатын қалжыңдарымның бірін хатшыға осылай «өткізіп» алған соң, оны жиілете бастағанымнан шошынған Сағат марқұмның бірде «соңғы шара» қолданғаны есімде қалыпты. Әріптесіміз Төлеубай Қаймолдиновтың бір баласы үйленіп, тойы «Қазақстан» қонақ үйінің астындағы қызыл залда өтті. Мен тойдың орта кезіне дейін қатысып, одан соң Өзбекәлі Жәнібековпен бірге сапарға аттанып кетуім керек еді. Мені шығарып салып тұрған Сағат:

– Бақытжамал, мына күйеуіңе айтшы, хатшымен жездесіндей әзілдескенді қойсын. Осының қалжыңдарынан менің зәрем ұшады,– дегені бар. Дос пейілмен айтылған бұл кеңесті ескертуге ант- су іштім де, сол сәтінде-ақ ол уәдемді ұмытып кеттім. Өз-ағаның өзімсініп, іштартқан бір ауыз сөзі менің ол кісіден қатер тоспауыма себеп болып жүр еді. Сенбі күнгі бір оңаша әңгімеден соң:

– Көлігің жоқ шығар. Жұмысыңа апарып тастайын ба?– деді. Орталық Комитеттің терезесінен көрініп тұрған өз кеңсеме жаяу барып үйренген маған көліктің қажеті не?

– О не дегеніңіз, Өзеке. Өзім жетем ғой.

– Қой, апарып салайын. Жүр.

Мен «Волганың» алдыңғы орындығына отырдым. Хатшының шофері мені Тимирязев кешесінің Желтоқсанмен қиылысында түсіріп кеткісі келгенін аңғарған Өзекең:

– Телестудияның есігінің алдына дейін алып бар!– деп пәрмен берді.

– Әуре болмасын, өзім-ақ басқышпен көтеріле саламын ғой,– дей беріп едім:

– Тыныш отыр! – деді Өзекең.

– Көрсін сені хатшының өзі әкеліп түсіргенін…

Жүйіткіген машина зыр етіп жоғары көтерілді. Есіктің алдында жүрген екі -үш орыстан басқа ешкім көзге шалынбады.

– Мыналардан басқа ешкім бізді көрмейтін болды- у, – деп жымиды Өзағаң.

– Ойбай, Өзеке, осы үшеуінің көргені үш жүзге жайылады. Жетіп жатыр осы.

– Ендеше, бар жұмысыңа.

Мәшинеден түсе беріп, көз қиығымды салсам, не жүзінде, не жанарында күлкінің ізі жоқ.

Осы сәтті кейін сан рет көз алдымнан өткіздім. Бұл не – қалжың ба? Қалжың болса, қамқор пейілден, мейірбан көңілден шыққан қандай әдемі қалжың: қатардағы қаратабан журналисті Орталық Комитеттің хатшысы жұмысына әкеліп тастап жатыр!

Тағы бір жолы кабинетіне шақырып алып, Ұлытау өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер туралы әңгіме айта бастады да, кілт сөзін доғарып:

– Айтқанымды неге жазып отырмайсың? — деп шүйліге сұрады.

– Өзеке, мен өзім Ұлытаулықпын ғой. Сіз айтып отырған кесенелердің бәрін шарлап шыққанмын.

– Хатшы жазып отыр десе, жазып отыру керек! Одан да қаламым жоқ еді деп, шыныңды айтпаймысың! Мә, мына қаламды ал.

Қызыл сиялы қаламмен жазылған сол деректер менде әлі сақтаулы тұр. Арқадағы көне дәуір жәдігерлері туралы соншалық білгірлікпен айтылған әңгіме тарих докторының, архитектура докторының тұтас академиялық дәрісі тәрізді: қай ескерткіш қай дәуірдің мұрасы, қай ескерткіш қай кеңшардың аумағында тұр, оның өлшемдері қандай? Өзекең осындай көп деректі басында сақтай беруші еді.

– Сен адамдарың мен асай-мүсейлеріңді алып, дүйсенбі күні Жезқазғанның самолетіне шық. Бірге барып қайтамыз, – деді сөз соңында.

– Әлгі мен айтқан ескерткіштің бәрін киноға түсіресің.

Айтқан күні айтқан жерінен табылдық. Кешігіп ұшатын ұшақтың ішінде дағдарып көп отырдық. Сөйтсек, Өзекең Саяси Бюроның мәжілісінде кідіріп қалған екен. Әлден уақытта аспанға көтерілдік. Өзекең алдыңғы қатарда, облыс басшыларымен бірге, біз – соңғы салондамыз.

Хатшының көмекшісі Сансызбайға:

– Біздің де осы самолетте келе жатқанымызды Өзекеңе айтып қой, – десем, сыралғы болған көмекші:

– Бюрода біріншімен шайнасып қалып ашулы келе жатыр. Айта алмаймын! – деп басын ала қашады. Ал мен хабарымды білдіруім керек. Түскен соң қайда барамыз? Қай жаққа, қашан жүреміз?

Сансызбайдың септігі тимеген соң, алдыңғы салонға өзім барып, Өзекеңнің желке тұсына еңкейіп:

– Өзеке, мен де келе жатырмын, – деп сыбыр еттім.

– Келе жатсаң не ғыл дейсің. Отыр орныңа! – деп дүңк ете қалды.

Жезқазғанга жеткен соң, ағайын — туысымыздың үйіне қонып, таңертең хатшы

түскен резиденцияға келсем, Өзекең орналасқан бөлменің есігі шалқасынан ашық. Обкомның идеология жөніндегі хатшысы Сырым Сапарғалиев ортада кінәлі баладай түрегеп тұр. Жәнібековтың өзі көрінбесе де, ашулы дауысы естіледі. Кешегі қаһары басылмаған тәрізді, Сырымды жерден алып, жерге салып жатыр. Сыртта облыстың әртүрлі деңгейдегі басшылары жол жүруге әзірленіп тұрғанын көргенбіз. Бір тобы Ұлытау жағына, екінші тобы Жетіқоңыр – Сарысу бойына аттанбақ. Біздің қай топқа қосылатынымызды ешкім білмейді. Қаһарлы хатшының дауылы бір толас тапқан кезде есіктен басымды сұғып едім:

– Кел, әй! Шай іштің бе? – деді Өзекең.

– Елдің іші ғой, жүрек жалғадық…

– Сен Ұлытаудан әрі асып, Арғанатының ішіне кіресің.

Сырғанақтастағы балбал тастарды киноға түсір! – деді әмірлі дауыспен.

– Сіз ше?

– Менде нең бар? Мен Теректі әулие, Алашахан, Жошыхан кесенелерін аралап қайтам. Телестудиядан машина аласың да, қазір жүріп кетесің.

– Мен Арғанатыға бармаймын! — деп кесіп айтқан маған обкомның хатшысы үрке қарады.

– Неге бармайсың? – деп Өзекең де таңданып қалды.

– Ұлытау мен Арғанатыны көрмей жүрмін бе? Бұл жолы Сіздің әміріңізбен келдім. Сізбен бірге жүрсем, шаруам да оңға басып, тапсырмам да ойдағыдай орындалады. Өз бетімше кетсем, мені Ұлытаудың басшылары көзіне де ілмес. Қасымдағы орыстар аштан өлер!

Өзекең мырс ете қалды да, Сапарғалиевқа қарап:

– Мына поэтқа кеспе алдыр! – деп әмір берді. Сапарғалиев асыға басып шығып кеткен соң:

– Мынау бір сауатсыз хатшы екен. Әй бірдеңе ішесің бе? Туыстарыңа келіп түнімен сілтеген шығарсың? – деп жүзін жылытты. Дауысында да зіл азайыпты.

– Қайдағы ішкен, Өзеке? Кешеден бері сіздің қабағыңызға қарап, қалтырап жүрміз.

– Менің қабағымды қайтесің, берсе көжесін ішіп ал.

Мен кеспені тауысқанша ол барлық жоспарды өзгертті. Сөзге тоқтады Алашахан, Жошыханды қойып, Арғанатыға бізді өзі бастап баратын болды Көп кешікпей, шұбатылған көп көлікпен Ұлытауға қарай жолға шықтық. Облыстық телестудияның ескі көлігіне асай — мүсейімізді тиеп, соңдарынан ілескен біз кейін қалып қойдық. Орталық Комитеттің хатшысы мен облыс шенеуніктері мінген жүрдек «Волгалар» лезде көзден таса болды…

Сәтбаев қаласына таяу қырқаның басында бәрі иіріліп тұр екен

– Әй, сен неге ілесіп отырмайсың? – деп маған дұрсе қоя берді

– Қайдан ілесем? Телестудияның жаман «Москвичімен» тайға мінгендей тепеңдеп келе жатырмын.

Өзекең қарқылдап күліп жіберді:

– Тайға мінгендей тепендеп дейсін бе. Әлгі Қожамсейітов қайда?

Мынаған біреуі дұрыс машинасын түсіп берсін!

Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ертеде өзіме ұстаздық еткен журналист ағам Сағындық Қожамсейітов бұл топта жоқ екен. Сөйтсек Өзекең мемлекет қарауына алған тарихи – мәдени ескерткіштер тізімін сұрапты да, ол тізімнің жалғыз данасы Сағындықтың үйінде ғана бар болып, соны тауып алып келуге Сәкең кері оралған көрінеді. Ол келгенше Рудник кенішіндегі тарихи ескерткшітерді қалпына келтіру шеберханасын көрейін десе, ол шеберхананың қайда екенін облыс басшыларының бір де бірі білмейтін болып шықты. Білетін жалғыз Қожамсейітов тізімді іздеп, Жезқазғанға қайтып кеткен. Әлгінде ғана жадырап, менің көлігімді ауыстырып берген Өзекең қайтадан қабағын қарс жауып алып, қаһарланып кетті. Дауыл да тұрды, найзағай ойнап, күн күркіреді. Неше түрлі ызғарлы сөздер аспаннан бұршақтай жауды. Екі иіні түсіп кеткен обком хатшысына қарасаң, өзің де жылағың келеді. Арқаның төсіне тарих өзі орнатып қойған ескерткіштерді қалпына келтіретін жалғыз шеберхананың қайда екенін білмеу деген не сұмдық?! Мәдени жәдігерге деген көзқарасың мынау болса, облыстың идеология жұмысы су түбіне кеткен екен ғой. Әй, сенің өзің…

Өлдік дегенде Қожамсейітов те келіп жетті — ау…

Жолға шықтық. Шұбаған шенеуніктерді Ұлытаудың күре жолына салып жіберіп, өзі ауаткомның «Уазигіне» ауысып мініп, қасына мені алды да Жездінің іргесіндегі «Аяққамыр» кешеніне бұрылды. Тоғыз ғасыр құламай тұрған кесененің тарихын біраз сөз етті. Осындай ескерткіштерді қалпына келтіретін шеберхананың есігінен бас сұкпаған шенеуніктерге неге ренжігенін айтып, аса қатқыл сөздерінің соңын жуып- шайғандай рай танытты.

«Аяққамырдан» өзен жағалап барып, талдың арасымен арғы бетке өтіп күре жолға төтелей қосылатын ескі сүрлеу бар екен. Өзеннен өте бергенде екі аяқты мотоциклге бала мінгестірген біреу көлденеңдей берді.

– Ойбай — ау, менің қайнағам ғой, – деп еріксіз дауыстап жіберіппін.

– Келіннің ағасы ма? – деп сұрады Өзекең.

– Иә, жалғыз ағасы Қабден ғой.

– Ендеше, тоқтайық. Амандас.

Қабекең бір тайыншасын жоғалтып, соны тал мен шидің арасын қағып іздеп жүр екен. Өзекеңмен таныстырып тұрсам, жоғалған тайыншасының ен — таңбасын, түсін айтып, Алматыдан келген кісілерден :

– Анау зираттың көлеңкесінен көздеріңе түспеді ме? – деп шаруасын түгендейді.

Былай шыққан соң Өзекең:

– Әлгі қазақ шынымен сенің туған қайнағаң ба?– деп сұрады.

– Туған болғанда, бары да, нары да осы!

– Онда неге үйге жүр, шай ішіп кет деп шалғайымызға оралмайды?

–Үзеке-ау, ЦК-ның хатшысы түгіл, ауданның хатшысын да түстеп танымайтын Қабекең сізді қалай үйіне шақырсын. Ол түгілі, Әшімбаев екеуіміздің сізді шақыруға шамамыз келмей жүр. Одан да, машинаның алдында отырсыз ғой, әлгі тайыншасы түскірді қарай отырыңыз. Оң құлағында ойық таңбасы бар деген жоқ па. Үрпісінде пішпеден қалған ақ қылшық бар дейді.

– Жоғалшы әрі! – деді Өзекең зілсіз.

Шұбырған шенеуніктерге қайта қосылып, Кенесары қарауылының тұсында сусын ішкен соң, Ұлытаудан әрі асып кеттік. Арғанаты тауларына сұғына бере, жер ауырлады. Сай сала, ойпаңның бәрі – саз. Саздың бәрі – бауырмал. Жібергісі жоқ. Сондай бір иірілген тұста Өзекең шұғыл шешім қабылдап, шенеуніктің бәрі осы жерде тосатын болды. Ауаткомның уазигімен Өзекең, мен, кинооператор және ауданның орынбасар бастығы төртеуіміз «Сырғанақтасқа» жүріп кеттік. Езілген ескі жолмен ұзақ ырғаңдадық. Шөлдедік. Машинаның Өзекең отырған алдыңғы орындығының арқалығында біраз шампанның басы ағараңдап, мені алаңдата береді. Орынбасардың аяғының астындағы қағаз қорапта да бірдеңе бар секілді,

– Өзеке, «Сырғанақтасқа» сау жетеміз десек, аялдап алайық. Таңдай жібітіп алмасақ, шөл қинайтын түрі бар, – деймін екіұштылау ұсынысымды желке тұсынан қылтитып.

– Тыныш отыр. Бәрібір тостаған жоқ.

Сыйпалақтап іздесек, шынында бұл көліктің ішінде адал ыдыс жоқ екен. Соның бәрін бұл кісі қайдан біледі?

Енді өлдік-ау дегенде «Сырғанақтасқа» да жеттік. Қырдың басынан біреу құйрығымен төмен сырғанағандай, соның ізі тасқа айналған. Жалтырап жатыр. Балбал тастың біреуі ғана қалыпты.

– Мен Торғайда жүргенде осы балбалдар көп еді, – дейді Өзекең. Әркім тасып кеткен ғой. Өз тарихымызды өзіміз тонап жатырмыз. Мәдениеттегі дүмшелер – ең қатерлі жау.

Күйінген, ызаланған Өзбекәлі ағаның шарасыз қалпы әлі күнге көз алдымда. Қазақстан мәдениетін басқарған азаматтардың арасында Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтың даңқы мен дақпырты басылмай келе жатыр. Олардан кейін алашқа атағы жайылып, ұлттық деңгейдегі көсемге айналған тұлға осы Өзбекәлі Жәнібеков қана. Әйтпесе, мәдениет министрінің орынтағына отырған қай қазақ қауымның есінде қалып жатыр. Келеді-кетеді. Тындырғаны шамалы. Ұлттық масштабта мазаланып, халық тағдырының қамын жеп, ой кешпесе, осы бір сықырлаған ескі машинамен саз кеше отырып, сай жағалап Арғанатыға келіп, ашық аспан астындағы музей жасау туралы қиялын бізге баяндар ма еді. Қайран асыл ағаның қанша аяулы арманы өзімен бірге өшіп кетті! Хатшының да шарасы шектеулі екенін көзімізбен көрдік.

«Сырғанақтастан» кештетіп кері оралсақ, сайда иіріліп қалған шенеуніктер бір жотаға шығып алыпты. Өздерін әбден маса талап тастапты. Бұлардың қоржынында дәм жағы мен тостаған жағы мол екен де, күллі сұйық біздің көлікте кеткен көрінеді. Көрген күндері күн емес.

Осыны тез аңғарған Өзекең:

– Ей, поэт, манағы сусындарды әкел, – деді маған. – Бұлардың тостағандары қаңсып қалыпты ғой.

Жусан исі бұрқыраған қырдың басында жұлдызды шарапты шалқалап тартатын кезде менің Сағындық ағамнан ши шықты:

– Өзеке, менің денсаулығым нашар. Бұған әуестігім жоқ еді, – деп безек қақты.

– Денсаулығың нашар болса, қызметтен өз еркіңмен сұранып кету керек, –Өзағаң бір-ақ кесті. Әзілі ме, шыны ма – белгісіз. Облатком төрағасының орынбасары қызметіне енді ғана ілінген Сағындық ағай бір тостақ коньякты қиналып әрең ішті. Қожамсейітовке тағы құйыңдар, – деді Өзекең. Денсаулығы жаман емес көрінеді!

Сәкеңнің түрі бұзылып кетті. Өмірі ащы татпаған адамға екінші тостақ азаптың ең ауыры болып көрінсе керек. Орталық комитеттің хатшысы бұйырып тұрған соң, ішпей көр! Денсаулығың жарамаса – қызметті босат деп тұрғаны анау…

– Өзеке, бұл менің ұстазым еді. Осы жолғы сыбағасын мен-ақ тартып жіберейінші,– деп киліге кеттім.

– Әй, сенің шөлің әлі қанған жоқ па! Іш ендеше ағаңның ішірткісін,– деп Өзекең жұмсақ жымиды.

Туған жерімнің төсінде, Өзағаңның рұқсатын алып тұрған соң, танымайтын ас емес, тайынатын не бар…

Ұлытауға таянғанда бір жол оңға айырылады да, Амангелді кеңшарының орталығы Сарлық ауылына алып келеді. Бұл – Баубек Бұлқышевтың, Камал Смайыловтың атамекені. Сол ауылдағы рабкооптың бастығы – менің жалғыз бажам Қази Айтжанов. Жайшылықта менің келген-кеткенімді мерекеге айналдыратын Қазекең, хатшыны ертіп, үйіне түсе қалсам, түйе соятын шығар.

– Сол ауылға қонайық, — деймін Өзекеңе.

– Бажаң бізді күте ала ма?

– Күткенде қандай, Өзеке! Шаруасы бақуат, көңілі дархан адамдар.

Бұл пәтуәні естіп тұрған обком хатшысы Сырым Сапарғалиев өзге шенеуніктерді ертіп облыс орталығына қайта беруге рұқсат сұрады. Ертең облыстық партия конференциясы. Қазақша айтқанда, сайлау! Өзекең Сырымды босатты. Жүйткіген машиналар жолдың айрығына да келіп қалдық. Батар күннің астында екі «Уаз» тұр. Тани кеттім. Амангелді кеңшарының екі бастығы. Директоры – Жақыпбек, парткомы – Жақия. Капоттың үстіне жайылған газеттің ңстінен қойдың басы мен бірер жілігі көзге шалынады. Хатшыға жол үстінде дәм татқызып жібермекші ғой.

– Сендер мына газет дастархандарыңды жинаңдар, – деймін ескі таныстарыма. Өзекең ауылға бұрылатын болды.

– Ойбай, біз осы жерден күтеміз деп келісіп едік. Ауылда дайындық жоқ.

– Біз сендердің үйлеріңе түспейміз. Рабкооптың төрінде шалқиып жатамыз, – дейді әңгіме ауанын тез аңғарған Өзекең маған белгі беріп.

– Ол кісі үйінде жоқ шығар, – деп Жақыпбек бауырым безек қағады.

Сөз соңы сұйылған соң, «Уаздың» капотын қоршауға алдық. Құдайдың өзі үлкен хатшыны айдап алып келіп тұрғанда, ауылға жоламай, айдаладан аттандырғалы тұрған екі бауырымды атып тастайын десем – оқ жоқ!

– Мына қойды ет комбинатынан алып келгенсіндер ме? – деймін ызаланып.

– Ет комбинатың не? Өзіміз қолдан арнайы сойған мал. Өзекең дәм ауыз тиіп кетсін деп. Мынау – жамбасы…

– Қолдан сойсаңдар, мүшесі түгел болмай ма? Өзекең қойдың ішек-қарнын ұнатып жейтін еді. Сирағы қайда?

Өзекеңнің нені ұнатып жейтінін мен қайдан білуші едім. Әйтеуір, ойдан шықпаған ауыл басшыларын мұқатып кеткім келіп, айтқан әңгімем ғой.

– Қымыз да әкелмепсіңдер ғой. Тостағандарың да жоқ…

Ауылдың екі басшысы жердің жарығы болса кіріп кетуге әзір сияқты. Бірақ Өзбекәлі Жәнібековті Сарлыққа қарай қия бастырар емес. Ауылдың шекарасын жанқиярлықпен қорғап бақты. Күн де ұясына қона бергенде біз Ұлытауға қарай жүріп кеттік.

– Жаңағы екеуін өлтірдің ғой, – деді Өзекең мәз болып күліп. Дәл осылай риясыз күлгенін тұңғыш рет көргенім еді.

– Ет комбинатынан мал әкелдіңдер ме деген дауды қайдан таптың?

Ертесіне Өзекең облыстық партия конференциясына қатыспақшы болды да, біз Алматыға аттанып кеттік.

Түп-түзу жолдар, сықиған сапарлар есте қалмайды. Кісінің ұмытпайтыны -оқыс оқиғалар, қиғаш айтылған сөздер.

Өзбекәлі Жәнібеков Жоғарғы Кеңестің депутаттығына Батыс Қазақстан облысынан кандидат болып ұсынылып, сайлаушылармен кездесуге барды. Мені де ерте жүрді. Мәдениет министрі Ахметова, Оқу министрі Шаяхметов, денсаулық министрі Ізмұхамбетов бірге барды.

Жолға шықпас бњрын, әдеттегідей, Жәнібековтің жеке «дәрісін» тыңдап, әжептәуір әзірліктен өткем. Әсіресе, Орда, Сайқын туралы деректерім мол. Барамын да, киноға түсіре беремін…

Оралдан тікұшақпен ұшып шығып, күн бата Ордаға келіп қондық. Қарсы алушылар қонақтарды бөліп әкетіп жатыр.

– Сіз және сіздің адамдар біздің үйге бөлінгенсіздер, – деді біреу жеңімнен жұлқып. Ауылдық кеңестің төрағасы екен. Мені қасымдағы екі орысыммен бірге әй-шайға қаратпай ала жөнелді, Ауласы әжептәуір бір қазақы үйге алып келді. Осыдан кейін әлгі төрағаны көргеніміз жоқ. Ақиқатты айтар болсақ, арада он бес жыл өтсе де, әлі күнге көрген емеспін. Бізді әкеліп үйіне түсірді де, жоғалды. Аман болса, жарар еді…

Үйде шал бар екен, келін бар екен. Кемпір Орынборға ма, Саратовқа ма, әйтеуір Ресейдің бір қаласына сауда мәселесімен сапарлап кетіпті. Жерге жайылған жүдеу дастарханнан шай іштік. Ет алдымызға келгенде, қасымдағы екі әріптесімнен қысылып, қорланып қалдым: қыстан қалған сиырдың қақпыш етінен жайсыз иіс шыгып тұр екен. Келін мойнынан қысып ұстап әкелген қисық арақ та жексұрын болып көрінді… Таңертең аулаға шықсақ, шал мал жайлап жүр екен.

– Биыл қыс жайлы болды, малымыз күйлі шықты, – деп қой қорасына ертіп апарды. Шынында да, құйрығы теңкиген біраз қойдың шаруасы бізден тәуір ме дедім.

Жәнібеков орналасқан қонақүйді тез тауып алдым. Министрлер есік алдында қыдырыстап жүр екен. Ішке кірсем, Өзекең ұзын үстелдің басында кеспе ішіп отыр.

– Хал қалай? — деп аңтарыла қарады.

– Хал нашар.

– Не болды?

– Бұл ауыл хатшысын сыйлағанмен, атшысын сыйламайды екен…

– Әй, өзің далаға түнегеннен саумысың? Кел, отырып кеспе ішші.

Кеспені ішіп болғанша, кешеден көрген жайларды баян еттім. Хабарсыз

кеткен төраға, қақпыш ет, құйрығы төңкерілген семіз қойлар…

Өзекең ауданның бірінші хатшысы Бірманов дегенді шақырып алып, сыбағасын мол ғып беріп жіберді. Тысқа шықсақ, күн дауылдатып тұр екен. Кинооператорды ертіп алып, Ордадағы тарихи ескерткіштерді түсіруге өзі кірісіп кетті. Хатшы емес, режиссер тәрізді.

– Былай түсір! – деп бұйырады. Отырады, қисаяды, жүрелейді. Жақындап, бірдеңе демекші болған мәдениет министрін қаңғытып жіберді. Маңына кісі жуып болар емес, Кешеден бері хатшыға еркін сейлеп, қалжың айтып жүрген Шайсұлтан Шаяхметов те шай ішуге кетті. Бір пәленің менен шыққанын сезді ме, облатком төрағасы Владимир Гартман қасыма келіп:

– Бұл кісі неге ашуланып жүр? – деп қазақша сауал берді.

– Оны ана Бірманов деген хатшыңыз біледі! – деп мен де теріс айналдым.

Тарихқа тұнып тұрған Ордада Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей басшылығымен

түсірілген осы телехабар «Қазақстан» телеарнасының қорында әлі күнге сақтаулы болса керек…

Оралға қайтып келген соң, обкомның бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиев берген үлкен қонағасыда да қабағы ашылмады.

– Әй, поэт, алдың ба? – дейтін бір ауыз сөзіне зар болдық. «Жайсыз үйде қонғанымызды неменесіне айта қойдым екен» деп әлі күнге дейін өкінемін. Болар іс болды…

Өзекеңді соңғы рет Әуезов театрының сахнасында көрдім. Мырзатай аға Жолдасбековтың 60 жылдығында сөз сөйледі. Таяққа сүйеніп, ентігіп, әрең тұр еді. Ер арыса – аруақ. Сырқаттың әбден жеңген шағы екен. Үзеңгілес інісіне пейілін білдіруге барған ағаның жүдеу кейпін көріп, өткен-кеткен ойға түсіп, мен де мүжіліп қалдым.

– Тбилисидің «Динамосы»?

– Месхи, Метревели, Чохели…

– ҚЛКЖО-ның бірінші секретары?

– Өзбекәлі Жәнібеков!..

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр таусыншақ күнге келіп қалған екен-ау.

Биылғы көктемге салым Түркістаннан академик Рахманқұл Бердібаев ағамыз телефон шалды:

– Бұл анық сенсің бе? Сені телефонмен іздегеніме бір жұма болды. Ұстатпайсың. Осы сен Өзбекәлі ағаңды ұмыттың ба?

– Неге ұмытайын? Былтыр Арыстанбабқа арнайы барып, басына тәу етіп, Өзекеңе құран бағыштадым. Өзекеңді ұмытсақ, кім болғанымыз?

– Бәсе, сен ұмытпасаң керек еді. Сені тәуір көруші еді ғой. Жұмыс бабында ұрысса, көңіліңе алып жүрме. Биыл Өзбекәлінің туғанына 75 жыл толады. Басқасын былай қойғанда, айтыстың аяғынан тұрып кетуіне де аз үлес қосқан жоқ қой. Сол ағаңа арнап бір айтыс өткіз, қарағым!

– Демеуші болатын кім бар?

– Демеушіні өзің тап. Бізден қуат кетті. Өз қолың өз аузыңа жетті ғой. Өзбекәліні ұмытпа! Ұмытылатын кісі емес қой…

Телефон дың-дың, дың-дың деп тұр екен. Менің басым да дың-дың.

Өзім демеушілікке тартып, әбден мазасын алып бітірген Амангелді Ермегияев пен Өмірзақ Сәрсеновтың алдына барып тағы бір рет жүгінуге тура келеді.

Өзбекәлі Жәнібеков ұмытылатын кісі емес қой!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *