ҚАҢҚЫЛДАП ҚАЗДАР ҰШҚАН КҮН

Бақанастың ар жағында, Балқаш көлінің бер жағында, Іле өзенінің Балқашқа кұяр сағасын алқымдап отырған «Қараой» деген ауылда Мәлік Әбдіров деген аңшы құрдасым бар. Аң аулау десе атасының құны кеткен адамдай, дүниенің бәрін ұмытып, екі көзін жұмып, кіріседі де кетеді. Ана бір жылы доңыз атамын деп жүріп, оғы қата тиіп, жаралы қабан өзіне карсы шауып, содан сан етін осып жіберіп, өлімнен қалған. Ақыры жарадар аяғы аяқ болмай, бір жыл жанын көзіне көрсетіп, жіліншігін кестіріп тынған еді. Ағаш аяғына протез киіп алып, қырғауылдың соңынан жүгіргенде, бұл Мәліктің ақсақ екенін ешкім аңғармай қалады. Сол Мәлік «Қараойдан» телефон шалып:

– Ойбай, ауылды құс басып кетті. Үйрегінен қазы көп. Тез жет! Бір жәшік оқ ала кел! – деп зар қақсағалы бір жұма болды.

– Ол не қылған көп құс. Тұмау тиіп келе жатқан пәле шығар? — деймін шынымен қауіп ойлап.

– Анау Қытайдың бірін-бірі түтіп жеген аш құрсақ тауығы болмаса, майдан қанатын қаға алмай жүрген каз-үйрекке тұмау тиюші ме еді? Тез жете көр! – деп Мәлік құрдасым телефонның ішіне кіріп кете жаздайды. Бақанаста соттың төрағасы болып істейтін Белгібай досым да:

– Мәлікпен қаз атуға шықсаң, жолай мені де ала кет. Саған бір мылтық, Ұлықбекке бір мылтық майлап отырмын, – деп, ынтықтыра түседі. Баяғы Мүсіреповтердің құс атуын кітаптан оқыған басымыз түрлі қиялға толып, төбеден топылдап құлаған семіз үйрек- қаз көзге елестеп…

Ұлықбектің ертеңі бітуші ме еді, оған қолды бір сілтеп, «Қараой» қайдасың деп, тартып отырдым.

Сол ана жылы көрген «Қараой» – Қазақстанның барлық бұрынғы кеңшар орталығы секілді, сәл есін жиып, сәл арқа жүні көтеріліп қалған, өз күнін өзі көруге отыға бастаған ауыл. Біздің Қыдыр Тәжібаев досымыз ауылыма мешіт салдырып бердім деп шақырғанда жете алмап едік: жан-жағын қоршап, шырша егіп қойған еңселі мешіт осы ауылдың ажарын кіргізіп тастағандай. Ұзатқан қызынан қалыңмалды мол алған ба, әлде, зейнетақысы көбейгеннің әсері ме, Мәліктің де қоңторғай дастарқаны көркейіп қалыпты. Семіз қаз бен қырғауылдың асулы етінің қасына «Самтрестің» бүйірлі бір шөлмек арағын қылқитып қойған екен.

– Ораза кезінде кісіге арақ ұсынып, өле алмай жүрмісің? Өзің әрі емші, әрі молласың. Мына соттың төрағасына айтып, үкіміңді қиямет-қайымнан бұрын шығартып жіберейін бе? – десем, Мәлік құрдасым:

– Сән үшін қойғанымыз ғой, ішпес болсаң, көзіңді салмай-ақ қой! – деп ырқ-ырқ күледі. – Осы ауылдағы бозбалалар арақ көрсетсең, құдық қазып беруге дайын.

Біздің ауылдың балалары да сондай еңбекқор болып бара жатыр деуші еді…

Қаз бен үйрек «Қараойдан» жиырма бес шақырым жердегі жайылма көлдің үстінде екен. Құмды кешіп, сексеуілді жарып отырып, күн шығар-шықпаста әзер жеттік. Мәліктің былтыр ұзатқан қызының күйеуі Қуаныштың әкесі Мүтәлиф осы «Қызылтамдағы» көлдерді жалға алған көрінеді. Сексеуілді өртеп жағып, мосыға қаз етін асып қойып, бізді тосып отырған Мүтәлиф бүкіл Бақанасты жалға алғандай көңілді:

Мына көлдің іші толған сазан мен жайын. Қытайдың жалғыз ауын құрып едім, жыртып шыдатар емес! – деп апыл-ғұпыл сөйлейді. Құрдасыңның құдасы кім болады? Сорпаға жеті рет қайнатқан қабырғаның қатқан басы болмай ма? Мүтәлиф ондай емес. Қамыс көрпені астына төсеп, оттың шоғын саған қарай ысырып, қара шәугімнің түбіндегі қоюды саған құйып, әбден бәйек болады. Көзінің үстіне былтыр шыққан бармақ басындай меңі үлкейе түсіпті. Егер Несіпбек Айтовты орта бойлы кісі деп санасаңыз, бұл ортадан жоғары бойы бар, қағылез сары кісі.

– Осы сен Қапшағайда электр жағында жүруші едің ғой?– десем:

– Одан күдер үзгелі бір жыл болды. Жарымаған айлығына қашанғы телмірейін. Осы көлдерді жалға алып, ондатр аулауға шарт жасастым. Күн көріске қолайлы екен, – дейді.

Бұл «Қараойда» елдің көбі ондатр аулайды. Терісін Алматыға апарып өткізсең, бес жүз теңгеден айналады. Келіп қабылдаушылар екі жүз теңгеден көтеріп алады.

– Осы жердің бар қызығын Алматының орыстары көруші еді, – дейді Мүтәлиф Көшкінбаев, – енді өзіміз иеміз. Бөтен адамды бұл аймаққа қия бастырмау келісімшартта көрсетілген міндетіміз. Ондатрды өзіміз бағып-қағып өсіреміз. Мына екі бала соның қуырдағына құмар.

Мүтәлифтің сырықтай-сырықтай екі ұлы – Қуаныш пен Нұржан еңбектің дәмін татып қалған өрімдей жігіттер. Көлдің жиегіне шағын баспана тұрғызып, ішіне пеш орнатып тастапты. Енді қара сылағын бастағалы отыр екен. Елтең-селтеңнің бәрін қойып, жеке кәсіпке білек сыбанып кіріскен екі жастың талабы тас жаратын түрі бар.

– Үйдегі екі сиыр мен бес-алты тоқты-торымға ондатрдың тиын-тебені қосылып, есімізді жиып келе жатырмыз, – дейді кәсіпкер Мүтәлиф.

Біздің кәсібіміз – қаз-үйрек атып алу екені еске түсіп, рұқсат қағазымызды Мүтәлифке тапсырып, қамыстың ішіне сұғындық. Құс атаулы таң бозынан бастап көлден ұшып шығып, құрғаққа қонып жайылады екен. Төбеңнен өте бергенде атып үлгеру керек. Белгібай, Мәлік үшеуіміз үш жерден гүрсілдетіп атқанмен, бір қаздың қанаты қисайған жоқ. Тым биік үшып жүрді. Мәлік көгермегір:

– Сәл күн суытып, жел тұрса, төмен ұшар еді. Оқ жетпей қалып жатыр, – дейді. Онсыз да күздің қара суығынан жаурап қалған Белгібай екеуіміздің оны атарға оғымыз жоқ…

– Соо-нау Қызылтамның тұсында үйрек деген бықып отыр, – дейді ол суайт. Мына қайыққа мінсеңдер, қамыстың арасымен сырғып барып, үстінен түсесіңдер.

Шұрық-тесік ескі қайыққа мінуге жүрек дауалар емес. Қалтылдап келе жатып, аунап кетсе, құдай сақтасын…

– Осы «Қызылтам» кімдікі болды екен? — деймін мен әңгіменің бетін басқа жаққа аударып.

– Сол қызыл тамның ар жағында Арманд Андерсен деген шведтің шалы тұрушы еді, – дейді сөзге Мүтәлиф араласып.

– Бақанастың құмының арасында неғып жүрген швед?

– Білмеймін. Жетпісінші жылдары сонда келіп, кішкене баспана тұрғызып алып, отыз жыл өмір сүрді байғұс. Ұзын бойлы, алып денелі… Осындай шведті бірінші көруім, – дейді әңгімеші қызып кетіп.

– Мен өмірі швед көрген емеспін, – дейді соттың төрағасы мырс етіп. Мүтәлифтің кекесінде шаруасы жоқ, сөзін жалғай берді:

– Өзі бәлендей аң да ауламады. Мал да ұстамады. Ай сайын Мәскеуден бір қапшық кітап, газет-журнал келеді. Соны оқып жата беруші еді.

– Ол швед қайда?

– Былтыр қайтты.

– Кітаптары қайда?

Сүйегі Туғанбайдың үйінен шықты ғой. Кітаптары әлі күнге сол үйдің бір бөлмесін толтырып тұр. Аяғындағы бәтіңкесі әлі бес жыл кисе, шыдас берер еді. Осы Жалайырдың шалдары мені сүйегіне түсірмей қойғаны. Бәтіңкесін кисем деп едім…

– Оның бәтіңкесі қырық жетінші емес пе? Басыңа киейін деп пе едің? – дейді Мәлік кұда.

– Сол Андерсен қазақшаңызды лезде меңгеріп алды, – дейді Мүтәлиф қосалқы сөзге елең етпей. – Анда-санда күркесіне соға қалсаң, Жалайырдың шежіресін қолмен қойғандай таратып беретін, байғұс…

– Неден қайтты?

– Қартайып өлді. Халі нашарлаған соң, «Қараойдағы» Туғанбайдың үйіне апардық. Мені іздеп келген кісіге берерсің деп қағаз жазып кетіпті.

– Ешкім келмеді ме?

– Екі жұмадан соң, Германиядан қызы іздеп келді. Списалный қызы бар екен. Көп жылады байғұс.

– Списалный қызы деген немене?

– Сөзді бөлме! Өзінің қызы дегенім ғой…

– Ойбай, қаздар енді көлге қарай ұша бастады, – деді екі бала өре түрегеліп.

Мылтығымызды жүре оқтап, қамыстың арасына сүңгіп-сүңгіп кеттік. Жер сыз. Әр жерден бадырайған қабанның іздері денеңді дір еткізеді. Қамысқа сұғына өскен жыңғылдың, қара барақтың шық басқан бұтақтары жағаңа жармасып, етегіңнен тартқылайды. Сымпылдап ұшқан үйректер, қаңқылдап хабар таратқан қараша қаздар анда-санда төбеңе келіп қалғандай-ақ болады. Гүрс еткізіп атып қаламыз. Құлап жатқан құс жоқ.

– Майы қалың. Бытыра батпай жатыр. Әйтпесе, атуларыңда мін жоқ, – дейді Мәлік аңшы.

Екі таң, бір кеш «күзетте» тұрып, оқтың бәрін тауысып, қайтатын болдық. Соқыр үйрек ата алмаған бізді аяды ма, Мәлік пен Мүтәлиф екі-үш үйітілген құсты қапқа салып берді. Ауға да бірер сазан ілінген екен. Әйтеуір әйелдің бетіне тура қарайтындай халге келіп қалдық. Қалғанын өтірікпен жамап-жасқап жіберуге бұрыннан кәнігі шеберміз.

Алматыға келгелі «Қараой» жаққа қарап кісінейтін болық. Кеңседе отырсам да қаңқылдап ұшқан қаздардың дауысы құлағыма келгендей болады. Күн де суытып барады…

БАРАЙЫН

ЖҮРСІН ЕРМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *