ҚАҒАЗДАЙ АППАҚ АҚСЕЛЕУ АҒА

Ақселеу аға менің өмірімде үнемі болған тәрізді. Біз қолымызға ақаламды енді ұстап, алғашқы хат-хабарымызды енді жариялата бастаған тұсымызда ол кісі «Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі ретінде алдымызда ойқастап жүрді. Жазғандарын жібермей оқып, үлгісін көңілге тоқитынбыз. КазГУ-дің журналистика факультетінде Ақаңмен бірге сырттай оқитын немере ағам Көбейсін Еңсебаев сессияға барп-келген сайын ол кісі туралы аңыз әңгімелердің бір парасын ала келетін. Ақаңның жүріс-тұрысы, киім киісі, насыбай атуы, көл-көсір әңгімесі туралы тамсанып айтатын. Ұйып тыңдайтынбыз. Ол кездегі Ақселеу Сейдімбеков біз үшін ұсынсақ қолымыз жетпес биік еді.

Кейін, 1980 жылдан бастап, Алматы жоғары партия мектебінде тыңдаушы болып жүрген кезімже, «Білім және еңбектің» бас редакторы Ақаңмен жақын араласудың сәті түсті. Менің достарым Несіпбек Айтұлы, Жәнібек Кәрменов ол кісімен преферанс ойнайды екен. Бұл менің де ескі дертім еді, төртінші қол болып қосылып жүрдім. Көбіне редактордың кабинетінде кешке жолығамыз. Кейде үйінде жиналамыз. Таңды таңға ұрамызСөздің реті келіп тұрған соң айта кетейін, Ақаң өзін жақсы преферансшы деп ойлайтын, бірақ, шындығында, одан әлдеқайда мықты ойнайтындар көп еді. Ақаң қайтатын жылы қыста біз – Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев үшеуміз Астанаға ұшып келіп, айтыстың шаруаларымен Мәдениет министріне жолықтық та, кешке Қыдырәлі Болмановтың үйіне соғымның етін жеуге тоқтадық. Ағаларыңызбен табақтас болыңыз деп, Ақаңды шақыртып едім, кешікпей ол да осында жетті. Айгүл Елшібаеваның, Клара Төленбаеваның әндерін тыңдап, Қыдырәлі мен Қарақаттың берекелі дастарханынан дәм татқан соң кешкі самолетпен Алматыға ұшпақшы едік, Ақаң қояр да қоймай билеттерімді тапсырып, өз үйіне бір қонып аттануға қолқа салды.

– Қайда асығасыңдар? Мұндай сәті түсе бермес. Сыбағаларыңды жеп, қолды байқап кетіңіздер, – деп қатты қиылды. Ақыры билеттерімізді ертеңге ауыстырып, түнімен преферанс ойнадық. Ақаң едәуір ұтылып қалды. Бұл қаңтардың он үші еді. Арада ай өтер-өтпес маған телефон шалып:

– Бүгін Алматыға келе жатырмын. Бір миллион теңгем бар. Ана екі ағаңды шақыр. Кегімді қайтарамын, – демесі бар ма. Алматының түбіндегі Тұздыбастаудағы біздің үйге соғымнан сыбаға астырып, қайтадан бас қостық. Екі ағамның да, Ақаңның да жайын білетін мен оңашада Ақаңа өтініш айтып, ойынның бәсін төмен айтуға қолқаладым. Ол көнбеді. Ақыры бірер партияда әлгі миллион ғайып болып, жаңа иесін тапты. Қалтасы қағылса да, келісті ойыннан қанағат тапқан Ақаң:

– Әй, жауыз бауырларым-ай! Еселеріңді жібермейсіңдер-ау, Сіздермен осылай бір шайқасқанның ләззатына не жетеді!– деп ірілік көрсетті.

Өткен күзде осы төртеуміз Көктөбенің басында, Қазақ теледидарының ұйымдастыруымен өткен күй кешінде отырғанымыз бар еді. Тар жерде ұзақ отырып қалып, темекіден тарыққан соң, Ақаңның шақшасын сұрап, насыбай аттым. Көрінгеннен көзақы алатын Өмірзақ Сәрсенов те шақшаға қол салды. Сол жерде Ақаң:

– Менің насыбай шақша соғатын өнерім бар ғой, Өмірзақ, Амангелді үшеуіңе күмістен шақша соғайын. Ағаларыңа айт, тапсырыс берсін. Әр шақша отыз мың теңге тұрады, – деді. Амангелді Дінұлы темекіге де, насыбайға да жоқ. Сөйтсе де:

– Соғып берсін. Естелік болады ғой. Ақысын төлейміз деді.

Бірер айдан соң Астанадағы Ақселеу Алматыға телефон шалып:

– Әй, ұл! Мен асығыстау айтып қалыппын. Әр шақша елу мыңға түседі екен. Ағаларыңды көндір, – деді. Ағаларым қайда барушы еді, «жасай берсін» деп келісті. Көп кешікпей Астанадан келген жазушы Серік Әбдірайымов Райымов Ақаңның сәлемдемесін әкеліп берді. Қатты қорапқа салған үш күміс шақшаның қасында Ақаңның маған жазған хаты да бар екен. Осы хатты жеке мұрағатымда сақтап жүрмін. Ұзын ырғасын келтірсем: «Жасым ұлғайған соң, қолым қалтырап, көзімде бұлдырайтын болыпты.оның үстіне, электр пешіме күмісті балқыта қою да, таптау да қиындаған тәрізді. Үш шақшамен үшеуіңнің образынды бенелеуге тырыстым. Түнеу күнгі елу мыңнан дегенімде бекер екен. Бағасы көтерілді» дегендей сыңай танытты. Бауырымыздың кішкентай ғана ішкі есебіне, бала қулығына мәз болып, әрқайсымыз мың доллардан сыйақы тағайындадық Ақаң аса риза болып еді.

Бүгін өткен күндері еске алып отырсам, сыйлас болған, сырлас болғанкүндер көп екен. Әсіресе Ақан елу жасқа толып, өзінің туған Жаңаарқасында атап өткен 1992 жылдың күзі көңілімде жақсы әсерлер қалдырыпты. Ақанның кіңдік кескен жері – Отаутасқа дейін барып, аяғына қара пима киген анасының да қолын алыа едік-ау. Мен осы мерейтойға арнап, әзілі аралас бір өлең жазып едім, сол Ақана қатты ұнап, ауданның өзінде, ауыл-ауылдарда өткен кездесу-жиындардың бәрінде сол өлеңді маған қайта-қайта оқытумен болды. Біраздан соң соны оқудан жалығып, қашқалақтай бастап ем, бір оңашада:

– Әй, ұл! Он жылдан кейін, сен елуге келгенде мен де бір қызметіңе жарармын. Қолқалата бермей оқы деген жерде оқып жүрсеңші! – деді. Сол өлең мынау еді:

ДАЛАДАЙ ДАРХАНЫМ, ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢІМ

Алаштың ардағы Ақселеу тарақты,

Тәңірім өзінді текті етіп жаратты.

Сояудай сорайған бойыңа болайын,

Айналып кетейін көзіңнен қарақты.

Даладай дарханым, теңіздей тереңім,

Дүлділдей жүйрігім, өгіздей кереңім.

Сұңқардай сұңлығым, жібектей жұмсағым,

Қасымда жүрсең де сені іздей беремін.

Қызырын қолдасын, әруақ жебесін,

Уызға жарыған марқасың, кебесің.

Халықтан барлығын үйреніп алдын да,

Халыққа қайтадан үйретіп келесің.

Дәстүрдін білгірі, салтыңның сақшысы,

Заманның заңғары, тарихтың хатшысы.

Кейде біз ойлаймыз Геродот ақсақалы

Болған-ау сірә деп Ақанның атшысы.

Аңызың естісең көңілін толғандай,

Көш құлаш уәжі көкейге қонғандай.

Көсілітіп сөйлейді көненің тарихын

Жорықта Жошының жанында болғандай.

Айтыса кетсеңіз уәжбен жығады,

Бекерге дауласпа – боласыз кінәлі.

Ақаңда шақша көп, бірі сол шақшаның

Құнанбай қажыдан қалған боп шығады.

Көңілдің төріне орнатып Абайды,

Ақаңның жүрегі талайды қалайды.

Ыңылдап айтқанын жұрт әнге балайды.

Дыңылдап тартқанын жұрт күй деп санайды.

Ақаңның білмейтін бәлесі шамалы,

Пайдасы тимейді, жоқ және залалы.

Құнығып кіріссе қияды барлығын,

Суырып береді, сыпырып алады.

Дүние жалған ғой, қызықтыа тоймайсың,

Ойнамас ойынды бекерге ойнайсың.

Баскетбол секілді ойынды ойнайсың,

Алдыңа жан салмас еді-ау деп ойлайсың.

Жүзінен көрінбей архивтің азабы,

Үстіне қонбайды тарихтың тозаңы.

Кәдірбек білмесе біз қайдан білейік,

Қай уақта оқиды? Қай уақта жазады?

Айдынның төсіндегі жарқырап ай маңдай,

Айтуды білмейді бір сөзді ойланбай.

Қолында таяғы маңқиып жүреді,

Пәнидің тірлігін тындырып қойғандай.

Тәңірі көрмесе айтқанды күпірлік,

Ақаңа арнауды осымен бітірдік.

Сәкенді көрмедік,

Алайда Ақаңның.

Соңына ергенге етеміз шүкірлік.

Басқа қасиеттерін қайдам, әйтеуір, өзінің көзінің тірісінде оған деген інілік ізетімді, оның қазақ руханиятындағы орны туралы әділ сөзімді айтып үлгерген екенмін. Соған да тоба!

Ақаң шындығында да менің 50 жылдығыма қызмет жасады.

Қарағандыда өткізілген шығармашылық кешіме Алматыдан Тұманбай Молдағалиевті, Қадір Мырзалиевті, Сәкен Жүнісовті шақырып әкеліп едім, оған Астанадағы Ақселеу Сейдімбеков қосылғанда төрт құбылам түгенделіп, төбем көкке жетті. Ақаң барлық шараларда төгілтіп сөйледі. Облыс әкімі резиденциясындағы шай рәсімі кезінде Ғабдолла Құлқыбаев, Сәкен Жүнісов үшеуі күй тартысып, бір сағаттай жиналған жұртты тамашаға бөледі. Ел сілтідей тынды. Сөз сөйленбейді. Тек күй сұңқылдайды. Көрген түс тәрізді. Домбыраның шанағынан күй сауып отырған даланың дана шалдарының көзіндей үш ағамның нұрлы бейнесі көңілге сурет болып көшті.

Өмір өңкей тойлардан құрала ма? Кейде ит болып балағыңнан қауып, дұшпан болып жағаңды жыртып, опасыздығын да жасайды ғой. Бір жылдары Ақаңа да күйе жағып, аяқтан шалушылар табылды. Ағамыздың «Қазақтың бейпіл сөздері» деген кітабын түсінуге өресі жетпеген бір міскіндер авторға ошағандай жабысып, тіпті оны жоғарғы оқу орнынан аластатуды да талап етіп жатты. Осындай әсіресе белсенділердің бірі – оның өз ауылындағы мектептің болғаны өкінішті. Оның хаты газетке жарияланды. Осы кезде Ақаң мен ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің де арасы нашарлап жүрген кезі еді. Әсіресе екі жақсы ағамның шиеленіскен ара-қатынасы біреулердің қыбын қандырып жатса, біз сияқты тілеулес інілерінің арқасына аяздай батты. Бір күні М.Мағауинге арнайы барып, Ақаңмен арадағы беймағына дүрдараздықты доғаруға қолқа салдым. Обалы нешік, Мұқаң көп уәж айтып, ақталып бақты. Ең соңында Мұқаңның баспасөз бетінде тым ерсі сөздерге барғанын кінәлап тілге тиек етіп едім:

– Жарайды, Ақаңа сәлем айтып бар. Менен кешірім сұрасын. Сосын қоялық, -деді.

– Осы әңгіменің мазмұнын Ақаңа толық жеткізіп:

– Елге абыройсыз болдыңыздар ғой. Жасыңыз кіші. Кешірім сұрай салсаңызшы! – деп жалынғанымда:

– Кешірім сұрайын-ақ. Бірақ неге кешірім сұрайтынымды түсіндірші? – деді

Ақаң. Бұл бір басы бар, аяғы жоқ дау еді. Әңгіме осымен доғарылды. Мен екі

ағамның арасына басу айтқан дәнекер сөзімді «Қазақ әдебиетіне» жарияладым. Екі жақтан да дыбыс болмады. Арада біраз уақыт өткенде Ақаң:

– Жақында бір жиында Мұхтар ағаңды көріп, сәлем бердім. Жасы үлкен ғой. Қолымды қаққан жоқ. Алды. Сірә, кешірімдескен деген сол шығар, — деп еді. Бұл баянсыз дүниеде екі ұлы адамның бір-біріне кешпестей не өкпесі болушы еді?

Осы естелікті жазу үшін өткен күндерді шолсам, жолығысулар мен қоштасулар еске түседі. Қайсысын тізе бересің. Тағы бір эпизодқа тоқтала кетейін.

2002-2003 жылдың қысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры М.Жолдасбеков ағам мені Астанаға шақырып, қызметке алып, төрт бөлмелі үй берді. Астанаға әлі бауыр баса алмай жүрген кезімде Ақселеу ағам телефон шалып:

– Қарындасымнан ұятты болып жүрмін. Осы алдағы сенбі Бақытжамал екеуің біздің үйден ерулік жеңдер. Ерулік же дегенге сопайып екеуің жетіп келмей, жора-жолдастарыңның ішінде ішеді-ау, жейді-ау деген мықтыларын ерте кел! — деді

Іздегенге – сұраған. Жаңылмасам, Сәулебек, Тұрсын, Несіпбек секілді сен тұр, мен атайындарды ертіп, сау ете қалдық. Дәл қазаненың қамырын саларда Астанадан келген досы Асанәлі Әшімов те сол үйдің есігін қақпасы бар ма? Ағаш астауға сыймай келген қысқы сүрдің ең шұрайлы жерлерін Ақаң қылпылдаған кездігімен өзі қиялап турап, жемесімізге қоймады.

Астананың аш-жалаңаштарына да керегі сол. Сілтеп жатырмыз. Асап жатырмыз. Ақаң одан әрі қолқалайды. Қысқасы ертеңіне Ақаң түске таман телефон шалып:

– Әй, жалмауыздар-ай! Ең болмаса жылытып жейтін бірдеңе қалдырмапсындар ғой! – деп қалжың айтты. Қандай жарастық десеңізші!

Ақселеу Сейдімбек «Егемен Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімін меңгеріп тұрғанда бір топ өнер адамы республиканың мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Ақаң маған суретші Мағауия Аманжоловтың шығарашылығы туралы очерк жазуды тапсырды. Мағауияны тауып алып, қазіргі Әйтеке би көшесіндегі шеберханасында екі-үш күн суретшімен сырластым. Бұл ғажайып шеберге өзім де ынтық болып қалдым. Жазып әкелдім. Ақаң:

– Бір сөзін де өзгертпеймін. Тек атын ғана «Көк түс – көктемнің белгісі» деп қояйын. Әй, ұл! Осы сенің теледидарда не ақың бар? Сенің стихияң – жазу ғой. Бірыңғай жазуға көшсеңші. Теледидардағы еңбек желге ұшып кететін еңбек қой, – деп кеңес берді. Очерк лезде жарық көрді. Жұмбағы көп суретші Мағауияның тағдыры да жұмбаққа айналып, өзі де із-түзсіз жоғалып кетті. Содан бері отыз жыл өтсе де, Мағауия Аманжоловты көрдім деген бір адам жоқ. Кейінгі оншақты жылда, теледидардан қол үзген соң, мен ара-тұра очерк жазатын болдым. Оларды Ақаң қадағалап оқып жүреді екен. Бір жолы Астанадан телефон шалды:

– Мен саған баяғыда ескертіп едім ғой, сенің қолың – жазу. Сенің очеркітеріңді Еуразия университетінің журналистика бөлімінде жанрдың бір қыры деп оықытып жатырмын. Жаза түс!

Мен үшін бұл аса жоғары марапатпен пара-пар еді.

Астанадағы Ақаңның қазасы туралы хабарды Алматыда жүріп естідім. Аспаннан жай түскендей болды. Есімізді жиған соң, жайсыз хабарды екі досына – Өмірзақ Сәрсенов пен Амангелді Ермегияевқа жеткіздім. Оларға да қатты батқанына куәмін. Ажалға да етіміз үйреніп барады ғой. Ол кезде үшеуміз түскі асты бірге ішуші едік. Түстік үстінде сыр тартып көрсем, Ақаңның жаназасына баратын сыңайлары жоқ тәрізді. Жайшылықта айтыла бермейтін ірі-ірі теңеулердің аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай да қалыппын:

– Ақселеу Сейдімбек – қазақ руханиятының алып тұлғасы. Ғалым, жазушы, зерттеуші ғана емес, сол еңбектерінің жиынтығымен ұлттың ұстазына айналған адам. Ұлы тұға. Кеше ғана бір дастарханнан дәм татып, айырылмастай болған Ақаң бүгін ойран болып жатқанда, жаназасына қатысуға жарамасақ, адамға септігіміз қайсы?!

Обалы нешік, екі аға да үн-түнсіз ғана ұшақтың билетіне тапсырыс берді. Ертеңіне үшеуміз Астанаға ұшып келіп, ұлы тұлғаның басындағы құрметті қарауылға тұрдық. Ақанның мәйітіне ерген шұбырыңды халық Жаңаарқаға бет алғанда, көліктің ішінде отырып, мына жолдарды қағазға түсірдім:

АҚСЕЛЕУДІ АТТАНДЫРУ

Өтеді хан да қара, сақи, дана,

Аттанып баражатсын бақиға, аға.

Өмірің алты Алаштың олжасы еді,

Өлімің де айналды оқиғаға.

Тәңірі жаратсада мұратты ұл ғып,

Бұл өмір өте шықты бір-ақ күндік.

Кемсеңдеп Кекілбаев сөйлегенде,

Басқамыз «бауырым» деп жылап тұрдық.

Тауысып пәнидегі ғұмырынды,

Табасың тұрақтайтын тұғырынды.

Мәңгілік қоштасуға қимағандар,

Соныңнан келеді еріп шұбырынды.

Білеміз ажал мерей тасытпасын,

Сол ажал жігерді де жасытпасын.

Сен өзіңнің ажалың арқылы да,

Үш жүздің бара жатсын қосып басын.

Жаңаарқа танып сені жөргегіңде,

Әлпештеп шығарғанды ел көгіне.

Қаумалап келдік қоңыр төбеге енді,

Өзіңмен түсетіндей көрге бірге.

Білетін дұғаны айтып құрандағы,

Ауызға алып тұрмын бір Алланы.

Туған ел құшағынан шыққан ұлды,

Туған жер құшағына тұр алғалы.

Жаңарқа жаққа жолым түссе, «Ақселеу биігі» атанған Қарауылтөбеге, Ақаңның зиратына қайырылмай өтпеймін. Қарапайым да мәңгілік сипаты бар қоңыр тастарды сипалап, өзім білетін сүрелерімді оқимын. Тасқа қашап жазған Күлтегін ескерткішінің дана сөздеріне көзім түседі: «Көктегі күнге, оның көне тарихына, дәстүрі мен салтына, әні мен күйіне құмары қанбай ғұмыр кешкен Ақселеу аға Сейдімбек қағаздай аппақ адам еді-ау!

Ақаң менің өмірімде үнемі болған тәрізді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *