СҰҚБАТ

Жүрсін ЕРМАНОВ:

“Соңғы 7 жылда айтыс ақындары 50-ден астам машина мініпті”

Бұл кісінің айтыстың айналасында жүргеніне биыл 20 жылдан асып барады. Осы өнерді ежелден туыс, ежелден көрші Ресей секілді елдің астанасына апарып, аламан жырдың додасын өткізген, бүгін осы өнердің ыстығына күйіп, суығына әбден тоңған Жүрсін ЕРМАНОВТЫ сәті әбден келіп тұрғанда жолай сұхбатқа шақырып, сауалдар қойған едік:

– Жүрсін аға, тұңғыш өткізген айтысыңыз есіңізде ме?

– Алғашқы айтысты мен Жезқазғанда облыстық телевизиясында жүргенде теледидардан ұйымдастыра бастадым. Облыстағы айтыс – облыстағы айтыс. Кейін Алматыға ауысып келгеннен кейін, 1984 жылдың қаңтарынан бастап айтыспен тұрақты қолға алып, наурызда Шымкент пен Алматы облысы арасындағы айтысты өткіздік. Сосын ақындарды іздеп Торғай, Көкшетау, Жезқазған, сонау Батыс Қазақстан облысына дейін бардым. Ол кез ақындардың көп кезі емес, жоқ кезі. Қолдан ақындар жасауға тура келді, тексін жазып беріп деген сияқты. Бірақ, біз бірден қағазға қарап айтысу болмасын деген талап қойдық. Жақында ғана бір газеттен оқыдым 1979 жылдың қаңтарында “Қазақ әдебиетінде” Әбдуәли Қарағұлов жазба айтысты дамытуымыз керек деп жазыпты, сахнада ақындардың қағаз ұстап отырғаны күлкілі. Ал біз қағазға қарап айтысудың көзін жойын, бірыңғай жұрттың көз алдында суырып салмалық айтысқа қол жеткіздік. Осыдан кейін Шымкентте, Қарағандыда, Қызылордада, Жамбылда, Қостанайда осы айтыспен айналысатын адамдар пайда бола бастады. Сөйтіп біздер М.Әуезов талдап кеткен айтыстың түрлерін жаңғыртуға тырыстық. Қайым айтысты, Жұмбақ айтысты, Өтірік өлең айтыстарын көп қолдандық. Келе-келе айтыстың бұл түрлерін бас тарттық. Неге? Әу бастан біздің алға қойған мақсатымыз суырып салмалық өнерді жаңғырту болатын. Ол кез қазақтың ежелден суырып салып айтысатын ақындарының ізі сұйыла бастаған тұсы еді.

– Бұрын-соңды ұйымдастырылған айтыстардың ішінде ақындардың аса жарқырап көрінген тұсы қайсы?

–Айтыстың әбден қалыптасуына көп уақыт кетті. Бірақ одан тапқан пайдамыз – осы теледидардың алдында ойнап жүріп өскен балалар кейін айтыстың ғажайып биігіне көтерілді. Мен өзім ең жақсы көретін айтысым – 1998 жылы өткен “Абылай – айбарымыз, Елбасы – ертеңіміз” деген айтыс. Осы айтыста ақындардың жаңа буыны барлық қырынан танылды. Суырып салмалықтың алуан үлгілерін көрсетті. Одан басқа “супер -дода” деген айтыс өткізілді. “Сегіз серінің айтысы” деп “Жас алаш” қайта-қайта жазды да. Осыдан кейін жастар қаулап шықты. Өздерінің замандастарының аяқ алысын, қазақ тілінің мәйегін көрді.

– Өзіңіз айтыстың басы-қасында жүрген жылдар ішінде суырып салмалық өнерде ерекше дарынымен есте қалған, қайталанбайтын ақындар қайсы?

– Дәурендер деген сөзді мен көп қолданамын. Айтысқа алғаш көтеріліп жүрген Әселхан мен Әсияның дәурені болды. Соны көріп қыздар шықты. Одан кейін Әзімбектің дәурені деген бір дәурен болды. Ауғаныстандағы соғысқа қатысып келген, әдемі әуені бар. Әзімбекке де еліктеп көп ақындар шықты. Одан кейін Мұхамеджанның дәурені басталды. Бұл айтысқа көркем ойдың, образдың жазба поэзияның элементтерін алып келді. Содан кейін Аманжолдың кезеңі басталды. Ол да бірыңғай суырып салмалықты көрсетті. Қазір де дәурені жүріп тұрғандар бар.

– Ал қазіргі жастардың ішінде қайсысын бөле-жарып айтар едіңіз?

– Тайы жоқ, теңдесі жоқ ақын – Дәулеткерей Кәпұлы. Ол Монғолиядан келген оралман, қалың қазақтың ішінде өскен. Қазақ тілінің неше түрлі иірім-қайырымдарын жақсы біледі. Тіпті осы Қазақстандағы қазақтар білмейтін көне сөздерді қолданады. Және біз күнделікті қолданатын сөздерді ойната біледі. Ринатты қай жағынан алып қарасаңыз да төрт құбыласы тең ақын. Кезінде жыраулардың, ақындардың көп шыққан жері Батыс Қазақстан еді. Бірақ, соңғы жылдары сиреп кетті. Қазір бірақ осы аймақтардан да жас ақындар шыға бастады. Мысалы – Нұрлан Мұсаев. Өзінен бұрынғы ақындардың дәстүрін терең меңгерген, үлкен бір аймақтың сөзін сөйлеп жүрген өте бір дарынды ақын. Рүстем де Мұхамеджанның ізін басып келе жатыр, көркем айта біледі.

– Мәскеуде бір сөзіңізде “Айтыс секілді қымбат өнер қайда бар?!” деп айттыңыз да, соңғы жылдары айтыс ақындары 50-дің үстінде машина мінді дегенде Мәскеу қазақтары таң қалып, бас шайқағанын байқадыңыз ба?

– Әуелі айтысты бастағанда ақындар біздің телестудияның суретшісі Ерсайын Хасанов қолдан салып, көбейткен мақтау қағазы үшін де айтысты. 1987 жылы бірінші рет ақындарға халықаралық айтыста ақбоз ат мінгізе бастадық. 1992 жылы мен телевидениеден кеттім де, 1997 жылға дейін айтыс үзіліп қалды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап міне осы күнге дейін нақты саны есімде жоқ, шамамен ақындар 50-дің үстінде автокөлік мініпті.

– Мәскеуге айтысты апару енді оның тарихында қайталана ма, жоқ па кім білсін?! Осындай айтулы оқиғаға қол жеткізу қаншалықты қиын болды, түпкі мақсат не еді?

– Айтайын. Бұл маған маза бермеген көптен бергі арманым еді. Айтысты қырғызда бар, ана елде, мына елде бар дейміз. Олардікі балаң күйінде қалып қойған. Ешқайсысы қазақтай айтыса алмайды. Менің түпкі мақсатым – қазақтың айтыс дейін ғажайып өнерін кешегі Кеңестің қызыл империясы қалай тұншықтырып келгенін көрсету үшін Мәскеудің төрінде өткізгім келді. Тәуелсіздікті пайдаланып, айтысты олардың ортасына апаруды ойлап жүр едім. Оның үстіне Мәскеуде тұратын біздің қандастарымыз да жеткілікті. Ресми түрде Мәскеуде 10 мың қазақ тұрады дейді, бейресми одан да көп. Менің ойым әуелде не Кремльдің Съездер Сарайында, болмаса Колонна залында, тым болмағанда Ресейдің Орталық Концерт залында өткізу еді. Оған біздің шамамыз жететін еді. Бірақ, онда тұрған қазақтар көптен Ресейде тұрған, ана тілінен тамырын үзген адамдар ғой. Мен осы айтысқа орай Мәскеуге алдын-ала екі рет келіп, осындағы жігіттермен ойласып, Елшінің қабылдауында болдым. Олар ондай үлкен залдарға кісі жинауға тәуекел ете алмады. Сонымен, шағын да болса салтанатты Павел Слободкиннің Орталық концерт залын таңдадық. Концерт залды, барлық техникалар мен түсіру камераларын да жалға алдық. Барып-қайтқандардың қонақ үйі, жол пұлы бәрі өз мойнымызда. Ақындарға жүлде беру керек дегендей. Міне, осы арада қомақты қаржымен қол ұшын берген Амангелді Ермегияев, Нұртай Сабильянов, Өмірзақ Сәрсенов деген үш азаматты айта кету керек. Айтысты ұйымдастырудың қиындығы –меценаттарға айтысты өткізудің қажеттігіне көздерін жеткізу. Әйтпесе, қалтасында қаржысы бар азаматтардың айтысқа жоламай жүргендері жетеді.

– Мәскеудегі айтысқа көңіліңіз толды ма?

– Кейбір осы айтады-ау деген ақындар айтатынын айта алған жоқ. Бірақ, Балғымбектің, Аманжол мен Кариманың, Нұрланның айтысы біз күткен деңгейден де асып кетті. Айтыс дегеннің өзі қауіпті нәрсе. Сөз сахнада суырып салынып айтылатыннан кейін, кейде ақынның аузынан не шығып кететінін білмейсің. Біздің айтыс ақындары елде қоғамдық пікір туғызуға қабілетті. Екі елдің арасын ашатын емес, қосатын, Ресей мен Қазақстанның арасына көпір болатын көркем сөздерді естідік құлағымызбен.

– Осы жолы екі үлкен оқиға болды ғой. Бірі айтыстың Ресейде өткені болса, екіншісі біздің заманымыздың жаңа Біржаны мен Сарасының табылып, айтысқа шыққаны…

– Біржан Сөктай мен Сара Тоқтамысованың айтысы дәл мен күткен жерден шықты десем көңілдеріне қарағандық болар еді. Бірақ, бұлар жат сахнада бірінші рет кездесіп отыр. Көрмеген ел, Мәскеуге тұңғыш табан тіреген деген сияқты. Біржан сәл осалдау шыққанын өзі де мойындады ғой. Ашығын айтсам осы!

– Қазақ қыздарының ішінде айтыс өнерінің ілкі басы, ХІХ ғасырда өмір сүрген, өнер үшін құрбан болған Ұлбике апамыздың азапты тағдыры белгілі. Қыздардың жолы өнерде әлі солай бұралаң ба?

– Құдай талантты аямай берген ақын қыздардың тағдырға өкпелеуге қақысы жоқ. Ұлбике ұлы тұлға еді ғой, “ноқтаға басы қайдан сыйсын”!..

Айнұр мен Алтынкүл Парламент Мәжілісі сайлауының додасына қатысып, өнердегі азды-көпті жинаған танымалдылығын басқаша түсініп, саясат ауылына адасып барып жүрген жоқ па?

Айтыстың өзі – ресми билікке оппозицияда болуы табиғатынан туындайтын өнер, ендеше, айтыскер –көмейіне құм құйылғанша ел сөзін сөйлейтін тұрақты өкіл. Қолына өлеңнің өлшеусіз билігі берілген мандат иесі. Сондықтан ақын қыздардың Мәжіліске өтпей қалуында тұрған пәлендей өкініш жоқ. Әрине, біздің өкілдеріміздің сайланбалы органдарға өткені теріс емес еді. Кезінде Әсия Беркенова Жоғарғы Кеңестің мүшесі болған. Қазір Әбілқайыр – аудандық мәслихат хатшысы болып жүр. Бірақ халықтық басқару тармағында болу үшін кәсіби дайындық, білік-пайым керек. Ел ішіндегі азды-көпті танымалдылық аздық етеді. Саясат ауылына адасып барып жүргендер айтыскерлерден басқа салаларда да аз емес

– Елдестірмек – елшіден ғой Жүрсін аға, осы айтысты Ресейге алып баруда Қырымбек Көшербаевтың қыруар еңбегін айтпай кету қиянат шығар?

– Егер біздің бастамаға ол кісі қырын қарағанда біздің басқа әрекеттерімізден түк шықпаған, айтыс Мәскеуде өтпеген болар еді. Қырымбек Елеуұлы осы айтысты Мәскеуде өткізу үшін мэрдің де, мэрияның да рұқсатын алып берді. Айтысқа Елшіден бастап, елшіліктің қатардағы қызметкерлеріне дейін еңбек сіңіргенін көрдіңіздер. Ол кісі реті келсе бұл айтысты Мәскеуде жыл сайын ұйымдастырып тұруға, осы айтысты кітап етіп шығаруға да үлкен ықылас білдіріп отыр.

– Қазақтар көп шоғырланған өзге шет елдерде осындай айтыс өткізсем деген басқа жобаларыңыз бар ма? Тағы қай жердегі қазақтарды артында іздейтін елі бар екенін көрсетіп, серпілткіңіз келеді?

– Мұндай жобалар бар. Түркияда, Стамбұлда қазақтар мекендейтін екі аудан бар. Сол қазақтарға біз айтыстың жұрнағын апарғанда да мәз болып қалған. Өз атамекендеріне қарап олар кісінеп отырғанда бұл игі іс болар еді. Болмаса Қытайдағы, Монғолиядағы қазақ диаспорасы бізді шақырып отырғандарына көп заман болды. Міне, Мәскеудегі мақсат сәтті аяқталды. Енді, Алла бұйыртып, амандық болса ат аяғы жететін жерлерге біздің айтыс та жетер…

– Елде тағы да жаңа айтыс ақындарын табуға бағытталған жоспарларыңыз бар ма?

– Бүгінде айтыс ақындарының шығуы оңайлады. Халық айтыстың аяқ алысын күнде теледидардан тамашалап отырғаннан кейін, әр аймақ өз елдерінде шығып келе жатқан дарындарды әкеліп, таныстырып, табыстырып жүр. Енді алдағы қараша айының соңынан бастап былтырғы жекпе-жекті қайта жалғастыра бастаймыз. Оның бер жағында республикалық деңгейдегі, жүлде тағайындалған айтыстарымыз бар. Әсіресе, бұрын айтыс ақындары аз шыққан аймақтардан ақындар тапсақ деп отырмыз.

– Айтыс деп жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жүрсе де кейде баспасөз беттерінде, болмаса теледидарда өзіңіз туралы әділетсіз пікірлер естіліп қалады. Сондай жағдайларда еңбегіңіз еш кетіп жүргендей көрінбей ме? Қалай ақталасыз, “ит үреді, керуен көшеді” деп қоя саласыз ба?

– Маған қаратып айтылған пікірлерге байланысты менің газеттерде, болмаса басқа жерде біреумен айтысып, ақтығымды дәлелдеп жатқанымды әлі ешкім көрген жоқ. Үйге келіп өзім қасірет шегемін. Олардың айтып жатқанында да дән бар ма деп сарапқа саламын, ойланамын, ізденемін. Бірақ, қанша қиянат жасалып жатса да жауап бермеуге тырысамын. Өйткені, менің істеген жұмысым халықтың көз алдында, айнадағыдай көрініп жатыр. Маған осыдан он жыл бұрын Мұзафар Әлімбаев: “Қарағым, енді сен жұмыс істемесең де айтыстың тарихына ендің” деп айтып еді. Өздері түк бітірмей, шөп басын сындырмай отырып, ұлттың рухын көтеріп, басын біріктіретін уақытта, елдің мүддесіін жоқтайтын заманда, жұмыс істеп жүрген жандардың ісінен кемшілік іздеп, бәрін кері кетіргісі келіп жүрген міншілдерді аяймын. Бірақ, олардың бәрімен айтыса беретін менің уақытым да жоқ, қолым да тимейді.

– Талай айтыс ақындарының тағдырына үлкен ықпалыңызды тигізгеніңізді неге жоққа шығарайық. Таланттар бар да, олардың танылуы қиын. Кейде кішкентай даңқты көтере алмай, өзіңіз өсірген ақындар көңіліңізді қалдырып, жүрегіңізге қаяу салмай ма?

– Не айтайын дегеніңді түсініп отырмын. Олар – ақындар. Оған бола түңілудің қажеті жоқ. Өсіп келе жатқан балаларды кейде сөзбен, кейде көзбен, қабақпен де, ұрсып та тәрбиелейсің. Бірақ оған мән берудің қажеті жоқ. Әркім өз тағдырына өзі ие…

– Сіз журналистсіз ғой. Айтыс деп жүргенде өзіңіздің жеке шығармашылығыңыз айдалада қалған жоқ па?

– Шынымды айтайын. Кітабым шықпағалы 15 жыл болды. Қазір енді екі томдық кітабымды дайындап отырмын. Бір томы жарық көрмеген өлеңдерім, бір томы әдеби сын мақалалар. Барынша, шығармашылығымды ақсатпауға тырысып келемін. Бірақ, қазір мен осы жұмысты тастап кетсем тағы аяқсыз қалады. Егер айтысқа қолымды сілтеп кетіп қалсам мені сынаушылар, мінеушілер, мін тағушылар, менің аяғынан тұрғызған айтысымның пайдасын көруге ұмтылушылар ешкім де ештеңе істемейді. Сондықтан мен осы өнерге басымды тіккен, ғұмырымның жартысын қиған адаммын. Осы айтыстың басы-қасында жалғыз өзім ғана емес бүкіл отбасым шабылып жүреді. Әйелім, ұлым, келінім, қыздарым, күйеу балам, немереме дейін жүреді. Ең болмағанда сахнада шәй тасып жүрген де менің бауырларым. Қызым Қызғалдақ та айтысты теледидарға түсіріп жүрген режиссер. Менің архивімдегі материалдар бойынша қазіргі айтыстың екі томдығы шықты. Ең таңдаулы айтыстар бойынша он алты бейне таспа шықты. Қысқасы, отбасымызбен осы өнерге бейімделіп алдық. Ендігі міндет – Мәскеудегі айтысты республикаға тарайтын арнаның бірі арқылы жұртқа көрсету.

– “Хабардан” неге көңіліңіз қалды?

– Неге? Мен айтысты “Хабардан” бергім келмей отырған жоқ. “Хабардың” басында отырған Дариға Назарбаева “Асар” партиясының адамы да басты демеушіміз Амангелді Ермегияев “Отан” партиясын басқарып отыр. Екеуінің арасындағы саяси оқиғалар айтысқа салқынын тигізбесін деймін. Әйтпесе, айтысқа біздің министрлік де үлкен қамқорлық жасап отыр. Министр Есетжан Қосубаев та айтысты Мәскеуге апаруға, Мәскеуден теледидар алуға кәдімгідей қол ұшын берген. Қалайда, бұл айтысты халыққа кең тарайтын арна арқылы беруді көксеп отырмыз. Әйтпесе, айтыс даяр өнім, бәрібір далада қалмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Айнаш ЕСАЛИ,

“Егемен Қазақстан”

МӘСКЕУ-АЛМАТЫ жүрдек пойызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *