(Жүрсін аға – 60 жаста)
Аға, сіз бақытты жансыз,
Атадан асқақ туған.
Анадан адал сүт еміп,
Ұлытау – белін буған.
Пенде боп осал емессіз
Бас еркі азат, азамат.
Ерлерден қалған елессіз,
Кеткенде «кеңес» тазалап.
Биіксіз, биік – ар кеуде
Басыңыз бастың орнында.
Азамат – ерлер бар деуге
Мойынға басты қор қылма.
Алшаңдай басып жүре бер,
Жүрісі жаман күйінсін.
Соққанда шабыт түрегел,
Жыр оқып жұртың сүйінсін.
Мақаммен мықты сөз деген,
Үніңіз бөлек өзгеден.
Еліктейтіндер де аз емес,
Көремін көкірек, көзбенен.
Болмай-ақ қойсын тағыңыз,
Жетеді баста бағыңыз.
Тілекшің болған қазаққа
Тік қарап тұрып жағыңыз.
Сүйген жар, ұл-қыз – мәртебең,
Ақынсың жазған мәрт өлең.
Шаршасаң жанға жайлауың –
Достарың шыққан әр төбең…
Айтыстың болдың әкесі,
Аңыздан маңыз жасаған.
Көрсоқырлардың көкесі,
Тығылып көрер тасадан.
«Жүрсіннің жүйріктері» боп,
Қаншама тұлпар танылды?
Іштері күйген тұз жалап,
Ауадай жұтты шаңыңды.
Мейірін елдің қандырып,
Жанарын шоқтай жандырып.
Жүріңіз көздің алдында,
Ер Жүрсін, аға, мәңгілік!..
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ