ЖҮРСІН ЕРМАН ӨЛЕҢДЕРІ

БАҚ ПЕН СОР

I

Келді-кетті дүниеге бір ақын,

Өмірі тек өксулерден тұратын.

Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын,

Ешкім оған жасаған жоқ рақым.

Ойы биік,

Бойы биік ортадан

Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.

Ешкім оны сыйпаған жоқ маңдайдан,

Ешкім оны қаққан емес арқадан.

Басын исе,

адалдыққа иетін

Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.

Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол

Өгейсімей,

Өліп-өшіп сүйетін!.

Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,

Қасіретке құштар еткен қандай күш?!

Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,

Басына тек бақыт болып қонбай құс.

Досы да жоқ.

Дос дегені – ол да жау.

Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.

Оңды-солды шашты жырдан несібе

Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.

Ол жүрегін жүргенімен жырлатып,

Бұйырмады маңдайына бір бақыт.

Арулардың жанарынан сыр оқып,

Аналардың алды жасын құрғатып.

Таусылғанша соңғы демім-тынысым,

Тек өлеңнің тасытам деп ырысын.

Жырдың ғана қабағына қарайлап,

Өмірін де құрбан етті жыр үшін.

Қасіреті қарығанмен қанша ішін,

Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.

Келешекке сәлемім деп,

Өлеңге

Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.

Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,

Жанын жырға жөргек етіп төсеген.

Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,

Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.

Білуші еді ол ажалдың күтпесін,

Білуші еді бәрін жазып бітпесін.

Қолындағы қалам сусып түскенде

Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.

Қолында өлең –

Қансыраған жансыз хат,

Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап.

Тіршілікте қолға түспей,

Өлгенде

Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.

Тасынғанда – теңіз болып толатын,

Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,

Өлең үшін өмір сүрген сол ақын –

Мұқағали Мақатаев болатын!

II

Шаттық жоқ шабандозда Шалкөдесіз,

Шөмиіп, секілді бір шал кәдесіз

Иесі аттанғанда қан майданға

Шалқұйрық Шалкөдеде қалды егесіз.

Ұшқандай дәл сол күні баста бағы,

Жадырап енді шырай ашпағалы

Телмірді күнбатысқа бір жас бала,

Ұқсайтын қыран құсқа қас-қабағы.

Қыран құс түлемесе қомдана ма,

Шілдеде жылына ма тоңған ана.

Иесіз Шалқұйрықтың киесі мен

Шылбыры қалып еді сол балада.

Өмірдің керуені тоқтасын ба,

Жанашыр әкесі де жоқ қасында,

Жамылып атасының жарғақ тонын

Жанығып жыр жазатын от басында.

Тіліне кейде оралып Құран – дана,

Ерте-кеш құмартқаны жыр-ән ғана.

Шаңқылдап шәулі бүркіт болып шықты

Қабағы қатыңқылау қыран-бала.

Қуалап құдірет күш қан тамырды

Елемей жолдағыны жаңқа ғұрлы

Шарықтап кетуші еді шайыр бала

Құшақтап қиялымен Хан–Тәңірді.

Көзіне көрініп бір бақ құсы аппақ,

Жарқылдап шың басында жақты шақпақ.

Үйреніп найзағайдан жарқылдауды,

Тұратын тау басында от құшақтап.

Тұңғиық тереңімен көл шымырлап,

Кететін құлағына жел сыбырлап.

Тілейтін Қарасаздың кемпір-шалы:

Я Құдай, сол балаға берші бір бақ.

Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн

Баланың жанарына толатын мұң.

Халықтың қайғысы мен қасіреті

Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.

Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,

Қойсын ба құдіреті жыр-дауылдың.

Сөзімен сызып заман суретін

Айналды ақынына бір дәуірдің.

Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,

Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,

Жүретін Қарасаздың көшесінде ол

Басынан Хан-Тәңірдің жыр боратып.

Күзетіп босағасын боздақтардың

Ошақта өлең отын маздатты әр күн.

Есіне түсіп кетсе есіл ерлер

Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.

Түнектен тілегендей жанға жалын,

Жүректе тұншықтырып мәңгі азабын,

«Есіктің» кафесінде отыратын

Ішінде жалғызсырап даңғазаның.

Жөңкілген Хан-тәңірі бұлты сынды

Жұмбағын жүрегінің кім түсінді.

Адамзат көктемінің хабаршысы

Жоғалтып алдым бір күн жыл құсымды.

Райымбек! – деп туған ұранды ақын

Түсіріп жырмен елге Құран–хатым,

Шалқұйрық шашасына шаң жұқтырмай

Шалкөде, Қарасаздың шығарды атын.

Еңбегін еткен емес елге міндет,

Естіді ел қыршын күйде өлгенін тек.

Жұрт енді мін тағады сол ақынға

Жамбылдай неге жүзге келмедің деп.

Ақынға мақсат па екен көп жасаған,

Көп күнді көрсетпеді көз жасы оған.

Алыптың бар міндетін атқарыпты

Халықтың ұлы болған жап-жас адам.

Аз жасау болып еді күнә қашан,

Ел неге айтады әнін – ұнамаса ән.

Жоқтауын тұрмын жырмен жеткізе алмай,

Көрісіп Қарасазға жыламасам!

ТАЛҒАР ТАУЛАРЫ

Аспанның алыстығын аңғартар бар,

Армысың, көк тіреген заңғар таулар.

Түсіріп басындағы бөркін жерге,

Қасымды тамсантып ең, Талғар, Талғар!

Сол шыңдар,

Емессіңдер басқа шыңдар,

Келіп тұр етегіңе жас Қасымдар.

Биікке құмар болған жүрегім бар,

Қасыммен достасқандай достасыңдар.

Биікке қарай қалсақ аңырып біз,

Жол беріп жатыр жырға жарылып құз.

Тасыңа тәу етуге рұхсат бер,

Басыңа қонған кезде самұрық – құс.

Таң қылып қыз-жігіттей арша-қайың,

Жаңғырып жатыр менің жан сарайым.

Тіземді бүгіп саған тағзым етіп,

Қыз өңді бір таңыңды қарсы алайын.

Таппадым құпияңды жол аралар,

Сұлуға жасырынған болар амал.

Басыңда аунап жатқан бұлтыңды бер –

Етейін сағынғанда қол орамал.

Төбемнен төге салсаң нөсеріңді,

Түсінем – тірсектен су кешерімді.

Тазарып қайтар едім Алматыға,

Уілдеп өлең қылып әсерімді.

Жұқтырса шыңдарға күн шұғыласын

Сүрініп көк шалғынға жығыласың.

Бетпе-бет келгеніңде шын биікпен

Аласа екеніңді ұғынасың.

Жұпар боп көкірекке кірсін орман,

Жаңғырып жыр ішінде жүрсін арман.

Тілімді кәлимаға келтірейін –

Тартар ма табиғатқа бір шығармам!

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУЕЛДІЛІК

Ей Аллаһ,

Шашу етіп шаттығымды,

Бұйырттың пешенеме сәтті күнді.

Өзіңнің есіміңмен қатар қоям

Тәуелсіздік деген бұл тәтті ұғымды!

Ұшырып азаттықтың құсын қолдан,

Бабамның тұншыққанда ішінде арман.

Қазақтың тарихында соғыс болса,

Барлығы тәуелсіздік үшін болған.

Шулатып шүршіт-қалмақ шапқанда елді,

Болғандай бір әділет хақтан белгі.

Дұғадай жыры ма едің Доспамбеттің,

Ақтаң ба ең аңсап өткен Ақтамберді?!

Шұбырған көші ме едің «Елім-айдың»,

Суырған сесі ме едің Абылайдың?

Сен менің тарихымды танымасаң,

Тәуелсіздік!

Мен сені танымаймын!

Сен менің тарихымды оң бағала,

Сен маған туысасың сонда ғана.

Құлдықтан құлқым азат болған шақта

Қаймықпай қарсы барам бомбаға да!

Болса егер дінім – дербес, тілім – бостан,

Естілсе ғаламшарға үнім қосқан.

Қазақ боп туғаныма қуана алсам,

Көшер-ау көрген түстей мұңым бастан.

Тапжылмас тұғырым боп тасы берік,

Сен менің беремісің басыма ерік?

Мен төрткүл дүниені шарлағанда,

Қорғаштап жүремісің қасыма еріп?!

Қоғамға басу айтып күнде өлермен,

Саңқылдап мен сөйлесем мінбелерден.

Алаштың сесі болып төбемде тұр,

Түнермей темір торлы түрмелерден!

Таптамай туған жердің гүлін ешкім,

Келеді қадірімді біліп өскім.

Көтеріп Қазақстан көк байрағын,

Жүрейін дүрмегінде ұлы көштің!

Көңілде халқым үшін қалмаса алаң,

Болсын деп елім аман,

Елбасы аман.

Тілеуіңді тілеймін, Тәуелсіздік,

Тәуменмін,

Тәуелдімін онда саған!

БАС

(Мұхтарға)

Басқаларды қайдам:

Менің басым – біреу.

Жалғыз басқа ойдан

Таппай жүрмін тіреу.

Тауға да оны ұрдым,

Тасқа да оны соқтым.

Есеңгіреп тұрдым,

Есті болған жоқпын.

Жарғақ басым қанын

Сорғалатты кілең.

Бірақ, менің жаным

Басымда емес білем.

Тиіп басым тасқа

Кейде ашиды миым.

Дұшпаны көп басқа

Ие болу қиын.

Оңғарылмай жолым

Басым талай сынды.

Тек ішінде соның

Бірдеңе бар сынды.

Көрешегін көрмей

Кірмес сірә көрге.

Мен игенмен жерге,

Ұмтылады ол төрге.

Қадірімді кісі

Біле түссін дей ме:

Ойға толып іші

Сықырлайды кейде.

Бітпей мәңгі егес

Ағарғанмен шашым

Тыншу табар емес

Менің қара басым.

Таусылғанша демім

Қуармын бір елес.

… Тыныш жүрер едім;

Басым екеу емес!

ҚАРАҒАНДЫ

Туған жерге талантыңды қишы бар,

Өлең арна,

Ән асқақтат,

Күй шығар.

Қарағанды – Қазыбектің шапаны –

Шалғайында Сарыарқаның исі бар.

Күдірейсе шахталардың жотасы

Ауасынан көмір дәмін татасың.

Қарағанды – көре білген кісіге

Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.

Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,

Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.

Алба-жұлба ала бұлттың ішінде

Елесі жүр буырқанған Бұқардың.

Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,

Нүркен болып атағыңды асырдың.

Теміртаудың будақ-будақ түтіні –

Шамырқанған шумақтары Қасымның!

Қажет кезде – патшаға да тақсыңдар,

Қажет кезде – аққа Құдай жақсыңдар.

Қарағанды – замананың бетіне

Былш еткізіп түкіретін С.Ақсұңқар.

Алты алашқа азық болған ақылы

Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.

Қарағанды – Қарабастың түрмесі,

Тауқыметтің темір құрсау тақымы!

Кенші қазақ маңдай терін сыдырып

Жатқан жерге келу қиын қыдырып.

Қазағымның қатқан кезде қабағы

Қарағанды – түйілетін жұдырық.

Қарағанды – қасиетті ол Отан,

Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.

Қазағымның ашылғанда қабағы

Қарағанды – аялайтын алақан!

Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,

Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.

Қарағанды – қара бақан секілді

Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.

Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,

Қарағанды – маңдайдағы жазуым.

Қарағанды – қадірімді іздесем –

Қайта айналып тауып келер қазығым!


Құлдың сөзін құрдым заман іріктер,

Майданға әлі шығарсыңдар мініп кер.

Әзәзілдің әлдиіне арбалып,

Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!

МҰСТАФА ШОҚАЙ

Қазақ елі – ел ғой деп енді іргелі

Көңілімді күмәнсіз сендіргелі,

Тарихыма тәу етіп,

келіп тұрмын.

Бейітіне Шоқайдың Берлиндегі.

Үйірілді таңдайға жыр тәттісі,

Үлгі болар кісі еді ұрпаққа ісі.

Тәуелсіздік жолында тәуекел деп,

Құрбан болған қазақтың бір тоқтысы.

Бұлтқа кіріп барады ұрланып күн,

Жетімсіреп бейіті тұрды алыптың.

Бір уыс боп бүрісіп жатуын-ай,

Қайта тумас көсемі бір халықтың.

«Біз – бұлақпыз.

Мұстафа Шоқай – теңіз,

Түркістанмен есімін атайды егіз», –

Деп тілмашқа жатырмын түсіндіріп,

Ұқпады ма, ұқты ма ноқай неміс?!

Жанын баққан жалдама – білер кімді,

Таң еді ғой Мұстафа түрер түнді

Маңдайдағы марғасқа маңғазымды

У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?

«Қаһарманым қатарға қосылшы» деп

Отырмады бір қазақ басын сүйеп.

Оралғанмен рухы туған жерге,

Жатыр әлі жат елде асыл сүйек.

Қабыл болмай баяғы ақ батасы,

Күңіреніп жатыр ма датқа атасы.

Кіріп бара жатқандай қара жерге,

«Мұстафа бей» деп жазған тақта тасы.

Жайсыздау боп жатқаны-ай шіркін ердің, –

Деп басыңа күмбездеп үй тігер кім?

Терезеңді тең ұстап, түркімін деп

Жетегіне жүрмеп ең Гитлердің.

Қапияда мерт болған қырғи құсым,

Көсемдердің аузына құм құйды шын.

Шоқайұлы шабына шоқ түсірсе,

Сталин де төрт бөлген түнгі ұйқысын.

Талайлы тағдыры үшін алты Алаштың

Азабын ақыреттің арқаластың

Балапанын алдырған бозторғайдай

Жер мен көк арасында жанталастың!

Асыл еді Мұстафа.

Сол асылдың

Тәу етеді жат жерде моласын кім?

Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,

Тағдырына тәуелсіз талас ұлдың!

Қадіріне жетпесек бар асылдың

Таусылады тасмаңдай шарасы ұлдың.

Елейді деп ел қашан есіл ерді

Сол бейіттің басында аласұрдым.

Шоқай десе қалады тіл күрмеліп,

Ештеңе айтып елге біз үлгірмедік.

Қор еттік пе бұл сөзді жетесізге,

Шығара алмай шылбырдан бүлдіргелік.

Шенеуніктің тілінде шүлдірледік,

Ел шетіне Шоқайды ілдір дедік.

…Осы арманым аманат саған, Ұлым,

Сен екеуміз кетпеспіз бір күнде өліп!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *