- КҮМӘН ТАУСЫЛҒАН КЕЗДЕ ҒАНА ІСКЕ КӨШУ. Әрекет үстіндегінің сәттілігіне шүбәлану бақылаушының (қарсыластың) өзінің жолы болмайтынына сенімділікке айналады. Егер қызбалық кезде ақыл күдіктенсе, қызбалық тараған соң ол сенің қылығыңды ақымақтық ретінде жазғырады. Істің ақылға қонымды екеніне күмәндана отырып қимылдау -қауіпті, одан да әрекеттен тартын. Парасат сенімсіздікке жол бермейді, әрқашан ақылдың айтуымен жүреді. Әрекет ойға келген сәтте қауіптенуге ұшыраса, мұндай істен табыс күтуге бола қояр ма екен? Егер ішкі даусың құптаған іс сәтсіздікке ұшырап жатса, онда жалтақтап кіріскен шаруадан не күтуге болады?
- ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТРАНСЦЕНДЕНТТІ — сирель бәрінен жоғары. Бұл істер мен сөздердегі бірінші маңызды ереже, әсіресе қызмет неғұрлым жоғары әрі құрметті болған сайын маңыздырақ. Дұрыс ойлаушылықтың грамы қулықтың арробынан* салмақты, ақылды атану — жоғары атақ. Ақылдылардың мақұлдауын қанағат ет, олардың даусы сенің әділдігіңе сын.
/*Арроба — испанның салмақ өлшемі, 11,5 кг-ға жуық/.
- ӘМБЕБАП адам. Ол бар қасиетті бойына сіңірген, бір өзі көп адамға татиды. Ол өмірге зор қуаныш алып келеді. Көп қырлылық кемелдік сияқты — өмірге қуаныш сыйлайды. Бар жақсыны бойға жинау -ұлы өнер. Егер Табиғат адамды көтеру үшін оны дүниедегі бар жақсының жиынтығы етсе, өнер талғам мен ақылмен тәрбиелеу жолымен оны шағын әлем етсін.
- РУХТЫҢ ҚҰПИЯЛЫҒЫ. Абайлағыш кісі өзін құрметтесін десе, ішкі сырын құпияда ұстайды; онымен тек танысуға болады, бірақ аяғына дейін түсіне алмайсың. Ешкім сенің мүмкіндіктеріңнің шегін білмесін, әйтпесе сұқтану түңілуге ауысады. Ешқашан сырыңды білуге мүмкіндік берме. Өзіңді білмей, тек шамаласа етене таныстықтан гөрі құрметтірек боласың.
- ҮМІТТЕН АЙЫРМА, оны талмай қолдап отыр; сенен көп нәрсе күтсін — ірі ойнаған пайдалырақ. Алғашқы жүрістен бар мүмкіндігіңді көрсетпе. Ойынның маңызды әдісі — өз білімің мен күшіңді байқатар сәтті таңдау, сөйтіп күткен үміттен асып түсу.
- ҰЛЫ СИНДЕРЕСИС ТУРАЛЫ. Бұл ақыл тәжі, даналық негізі; оның иесі көп нәрсеге үлгереді. Ол аспан сыйы, ең қалаулы нәрсе, өйткені оған баға жетпейді. Біз жеткен жетістіктің ең бастысы, бәрінен керектісі: синдересистен айрылған адамды ғана жынды деп атайды; кім одан құр қалса, сол шын мәнінде мақұрым болғаны. Біздің бар әрекетіміз синдересистің ықпалымен жасалады, әрбір ісіміз оның мақұлдауын керек етеді — өйткені ақыл бәріне қажет қой. Синдересистің мәні — ақылға қонымды нәрсемен әуестену.
- ЖАҚСЫ АТТЫ БОЛУ ЖӘНЕ ОНЫ САҚТАУ. Ол даңқыңның шығуына мүмкіндік береді. Жақсы ат қымбат тұрады, оған үлкен қасиеттер керек, ал қарабайырлық қаншалықты жиі болса, олар соншалықты сирек кездеседі. Жақсы атқа қол жеткізсең, оны сақтау жеңіл. Ол көп нәрсеге міндеттейді, құрмет тудыра отырып, ұлылыққа бөлейді. Шынайы жақсы ат жағдайға тәуелді болмайды.
- ӨЗ НИЕТІҢДІ ЖАСЫРУ. Құштарлықтар — көңіл терезесі. Өмір даналығы жасырындықты талап етеді: ашық ойнағанның ұтылу тәуекелі жоғары болады. Құпия ұстамдылық көрегеннің қырағылығымен күреске түседі: сілеусін көзге қарақаттың көзқарасы қарсы тұрады. Ниетіңді ешкім білмей-ақ қойсын, әйтпесе біреу қарсыласып, біреу жағымпазданып кедергі жасайды.
- МӘН МЕН КЕЛБЕТ. Нәрсе туралы оның ішкі мәніне емес, сыртқы түріне қарап ой түйеді; ішке үңілетіндер аз, әдетте сырт пішінді қанағат тұтады. Бет әлпетің қулықтан хабар беріп тұрса, сенің адалдығыңнан не пайда.
- ЕЛІКПЕЙТІН КІСІ — ақылды діндар, зиялы философ. Осындай болып көрінбеу керек, осындай болу қажет. Философиямен шұғылдану ой адамдарының басты ісі болғанмен, қазір ол құрметте емес. Парасаттылық ғылымы елемеуде. Римде оның негізін қалаған Сенеканы ұзақ уақыт құрметтесе, енді жөнсіздікке балауда. Бірақ, парасатты ақыл әрдайым даналық негізі, әділдік төрешісі болады.
- ЖҰРТТЫҢ ЖАРТЫСЫ ҚАЛҒАН ЖАРТЫСЫНА КҮЛЕДІ -ЕКЕУІНІҢ ДЕ АҚЫМАҚТЫҒЫ БІРДЕЙ. Кез келген нәрсе біреулердің пікірінше жақсы болғанмен, басқаларға ұнамайды; біреу ұмтылатын нәрседен екінші қашады. Бәрін өз бетінше қайта жасауға тырысатын адам -ақымақ. Біреуге ұнамай қалғаннан кемелдікке зиян келмейді, талғамдар да бет әлпет сияқты алуан түрлі. Жабайы құсқа аңшы табылады, сол сияқты бірнәрсе біреуге ұнамай қалды деп қапаланба, оны бағалайтындар да кездеседі. Бірақ мақтағанға да масайрама, сынаушылар табылады. Шынайы рахаттанудың өлшемі — істің жайын білетіндердің мақтауы. Бір пікір, бір ағым, бір ғасыр — әлі бәріне өлшем емес.
- СӘТТІЛІКТІҢ ІРІ КЕСЕКТЕРІ ҮШІН — ҮЛКЕН ҚАРЫН. Парасаттылық денесінде үлкен асқазан соңғы рольді атқармайды, өйткені тұтастың сыйымдылығы бөліктерінің кеңдігіне байланысты. Ізгі сәттілікті одан да жоғарыға лайықтылар жеңіл қорытады; біреу тойып кететін тамақ біреудің жұмырына жұқ та болмайды. Көпшілікке патша тағамы да сіңбейді — ішек жұқа, оларға үйренбеген, жоғары қызметтер үшін туылмаған. Олардың дөрекілігі осыдан, жағымпаз қошемет бастарын айналдырады; биіктік олар үшін қауіпті: сәттілікті шамадан тыс аңсай бергендіктен, олар дандайсудан жарылып кетеді. Ал ұлы қайраткер одан да үлкенді сыйдыра алатынын дәлелдейді — ол әуелі жүрегінің шектеулі екенін көрсетуден сақтанады.
- ӘРКІМ ӨЗ ӘЛІНШЕ ТАҚСЫР. Король болмасаң да, істерің өз ішіңдегі корольге лайық болсын; істерің өр, ойларың асқақ болсын. Әрқашан және бәрінде корольге шен жағынан болмаса да, қасиеттеріңмен ұқса, өйткені нағыз патшалық ұжданның биіктігінде; өзгенің ұлылығына өзі соның үлгісіндегі адам қызықтайды. Әсіресе, таққа жақын адамдарда шын ұлылықтан бірдеңе болуы тиіс. Олар күйбең тірліктің салтанатына емес, патшалықтың абыройына қатысты болғаны жөн; бос менменсуге жол бермей, ұлылықтың мәнін танығаны абзал.
- ТҮРЛІ ІСТЕРДІ БАЙҚАП КӨР. Олар алуан түрлі және оларды білген маңызды, ал бұл үшін түсіну керек. Бір істе батылдық талап етіледі, бір іс нәзіктікті керек етеді. Туралық жеткілікті болатын істерде табысқа жету жеңіл; екі жүзділікті қажет ететін істер қиынға түседі. Алғашқыларды жүзеге асыруды жақсы табиғи қасиеттерің қамтамасыз етеді; соңғылар үшін асқан ыждағат пен тырысу да аздық қылады. Адамдарды басқару оңай шаруа емес, ал есуастарды, не, ақымақтарды басқару одан да қиын; басы істемейтіндерді жеңіп шығу үшін басың екеу болуы шарт. Белгілі бір уақытта және белгілі бір істе адамның тұтас берілуін талап ететін істер ауыр тиеді; тақырыптың маңыздылығы әр түрлілікпен ұштасып келетін істер ұнамды, өйткені өзгерістер ынталану туғызады. Іс басқаларға неғұрлым аз тәуелді болса, соғұрлым лайықты және керісінше, іс өзгелердің ауанына қаншалықты байланысты болса, соншалықты қадірінен айрылады.
- БЕЙМАЗА БОЛМАУ. Кім үнемі бір іспен шапқылап жүрсе және тек бір жайды ғана талқыласа, сол адам бірінші болып шаршайды. Қысқалық жүрекке де жылы тиеді, іске де пайдалы: ол көп сөзділік жеткізбейтін нәрсеге жеткізеді. Қысқа да нұсқа болу бұдан да жақсы; қысқа қайырылған ақымақтық онша жаман емес. Бос мылжыңдықтан әңгіменің тоқ етері әлдеқайда артық. Көк мылжыңды ешкім де тыңдамайтыны белгілі, оның әңгімесінің желісі емес, жеткізетін формасы діңкелетеді. Кейбіреу бар адам айналып өтетін, лақтырып тасталған ескі-құсқы сияқты. Ақылды ығыр қылмайды, әсіресе маңызды кісілердің мазасын алмайды, өйткені олардың бұған уақыты жоқ. Қысқа да нұсқа айту олардың күнделікті дағдысы.
- ЖАҒДАЙҒА МАСТАНБАУ. Талантқа мақтанғаннан гөрі, жағдайға менменсу көбірек түршіктіреді. Маңызды адам болып көріну қызғаныш қана емес, жек көру де туғызады. Құрмет көруге неғұрлым дәмеленгендер оны соғұрлым аз көреді; ол пікірге байланысты: құрметті күшпен ала алмайсың, оған еңбек сіңіріп, шыдамдылықпен күту керек. Жоғары лауазым үлкен беделді талап етеді. Өз міндеттемелеріңді орындау үшін, жинаған абыройыңды сақтай біл; оны пайдаланба, қайта нығайт. Міндетін атқару кезінде көп еңбектеніп қойдым деп күңкілдейтін адам, осынысымен өзінің оған лайықты емес екенін, лауазым оның мүмкіндігінен жоғары тұрғанын көрсетеді. Көзге түскің келсе жолы болғыштықпен емес, бойыңдағы қасиеттермен мақтан; тіпті корольдің өзін оның сыртқы салтанатына қарап емес, жеке басының абыройына қарай қадірлеу керек.
- ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ РИЗА БОЛУШЫЛЫҚТЫ БАЙҚАТПАУ. Өзіңді наразы болумен қинама — бұл жасықтық, бірақ өзіңе масаттану да ақымақтық. Көп адамда паңдық надандықтан туып, ақымақ ләззатқа бөлейді, бірақ ізгі атқа ол мүлде пайдасыз. Басқаның сирек қасиеті бойынан табылмағандықтан, надан өзінің қатардағы қасиетін алданыш етеді. Табысқа жетуде ынталану үшін және сәтсіздікте көп қапаланбас үшін абайлап өмір сүру әрқашан пайдалы: тағдыр қаталдығы оған күні бұрын дайындалған адамды көп мойыта алмайды. Гомердің өзі кейде қалғып кетеді, Александр өзін алдарқату сәтінде өз шенінен төмен түседі. Кез келген іс жағдайға байланысты — орын мен уақыт ол үшін үнемі қолайлы бола бермейді. Бірақ ақымақты түзей алмайсың, оның жараспайтын паңдығы үнемі гүлдеп, үздіксіз өркен жаюда болады.
- КІСІ БОЛУДЫҢ ЕҢ ҚЫСҚА ЖОЛЫ — достарыңды таңдай біл. Қатынасудың ықпалы зор — талғам мен әдеттер беріледі, мінез, тіпті ақыл біртіндеп өзгереді. Жылдам баяумен достассын және әркім осылай істесін; сонда ол ешқандай мәжбүр етусіз ұстамдылыққа үйренеді, ал өзін басу -үлкен нәрсе. Қарама — қарсылықтың үйлесуі дүниеге көрік береді және оның құрылымын сақтайды; ол болмыста, әсіресе адамгершілік саласында үйлесім береді. Серіктерің мен бағыныштыларыңды таңдау кезінде осы өнегелі мысалдан үйрен — кереғарлықтар өзара әрекеттескенде ақылға қонарлық ортақ шешімге келуге болады.
- ЖАМАНДАУШЫ БОЛМАУ. Табиғи бейімділігінен айналасынан тек қылмыс көретін мінезі зәрлі адамдар бар. Олар бәрін кінәлайды -біреуді істеген ісі үшін, басқаны өзге қылығы үшін жазғырады. Бұл мінездің ең бір оңбаған белгісі. Сөге отырып, олар түймедейді түйедей етеді. Осы бір кәрлі қадағалаушылар Элизиумді* де галераға айналдырар еді. Ал бұған қызбалық қосылса, оларды ауыздықтау жоқ. Аңғалдық, керісінше, бәрін кешіреді, бұл арам ниеттен емес, жете ойламаушылықтан болады.
/*Элизиум — ежелгі грек мифологиясында ержүрек, ізгі рухтардың өлімнен соң болатын жері/.
- УАҚЫТЫНДА КЕТЕ БІЛУ. Парасатты адам істен уақытында кетуді ереже етіп ұстанады. Өз ақырыңды да салтанатқа айналдыра біл, күн де өзінің ұяға батқанын көрсетпес үшін бұлтқа тығылады; біз оның батқан-батпағанын тек жорамалдай аламыз. Өрескелдіктен азап көргің келмесе, қайғыдан күні бұрын кет. Өзіңнен басқалардың сырт айналуын күтпе, әйтпесе қара үшін тірі болғанмен, құрмет үшін өлі боласың. Көреген атбегі далада ат құлап, жұрт шабандозды мазақ етпес үшін бәйге атын қартайғанға дейін пайдаланбайды. Сол сияқты жас сұлу да қолындағы айнасын уақытында тастағаны дұрыс, күндердің күнінде әжімді көрсетеді.
- ДОСТАР ЖИНАУ. Достық — екінші болмыс. Әр дос өзінің досына сүйкімді; достар арасында бәрі реттеледі. Адамда басқалар оны қаншалықты бағаласа, соншалықты құн болады, ал олардың аузына апарар жол жүрек арқылы өтеді. Досыңа көрсеткен ізгі қызметің ұмытылмайды. Достыққа лайық болудың ең жақсы тәсілі — достық ниет көрсету. Бойымыздағы бар жақсылық басым бөлігінде басқаларға байланысты. Достар мен жауларыңның арасында өмір сүруге тура келеді, сондықтан күн сайын жақын болмаса да тілектес таныс тап. Сынақтан өткен олардың кейбірі уақыт өте келе сенің сырласыңа айналады.
- КІРШІКСІЗ МАХАББАТТЫ ІЗДЕУ. Тіпті Жоғарғы Басты себеп те өзінің ұлы істерінде оған орын қалдырған. Сезім арқылы махаббат сенімге кіреді. Кейбіреу өзінің қасиеттеріне сеніп, оны жеңіп алуға ұмтылмайды, бірақ тілектестік көмектеспеген жерде қанша еңбек сіңіру керек екенін парасат қана біледі. Кіршіксіз махаббат бәрін жеңілдетеді, бәрін сыйлайды; бар қасиеттерді ғана марапаттап қоймайды, көбіне оларды өз қиялында жасап алады — айбынды, ізгілікті, ғалымдықты, тіпті ақылды ойша елестетеді; кемшіліктерді көрмейді. Әдетте ол материалдық өмірдің -мінездің, сословиенің, туыстықтың, отанның, істің ортақтығынан туады. Рух ортақтығы үшін жоғарырақ түсініктер — дарын, міндеттілік, атақ, сіңірген еңбек керек. Мұндай берілушілікті жеңіп алу қиын, оны сақтау жеңіл. Оған қол жеткізуге болады — оны пайдалануды үйрену қажет.
- БЕРЕКЕ КҮНДЕРІ АУЫР КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДАЛ. Қысқы шанасын жазда сайлайтын адам ақылды: асықпауға болады, қайырым жеңіл жасалады, достар да көп. Ауыр күнге сақтағаның болсын: өмір қымбаттап, заттар тапшыға айналатын уақыт та келеді. Резервте достарың мен қарыздар адамдарың болсын: қысылтаяң кезде қазір бағаланбайтын нәрсе әжетке жарайды. Оңбағандықта достар болмайды — береке күндері ол оларды танымайды, ал ауыртпалықта оны мойындамайды.
- БАҚТАЛАСТЫҚҚА ҰРЫНБАУ. Жарыс бар жерде кез келген талаптану өз зиянын тигізбей қоймайды: біреу өзін күшейту үшін басқаны даттайды. Әділ күресті таңдап алатындар сирек. Қарсыласың сыпайылықтан ұмыт болған жылан жылғы кемшіліктеріңді тауып алады; бақталасы пайда болғанға дейін көп адам құрметтеп өмір сүреді. Араздық жанжалы күні өткен масқаралықты қайта тірілтеді, ертедегі сасық былғаныштарды қазбалайды. Бірін-бірі масқаралау басталады, бұл мақсатта ештеңені аянып қалмайды. Қорлау ең жақсы әдіс болмаса да, бақталастық онымен өзінің кекшілдігін қанағаттандырады және қорлау қаруын қатты шайқайтыны сонша, бұрынғы күнәлерден ұмытылғандық шаңы ұшады. Тілектестік әрқашан бейбітшіл, ал қайырымдылық тілектестік тудырады.
- МАҢАЙДАҒЫЛАРДЫҢ ЖАМАН МІНЕЗІНЕ КӨНУ, ұсқынсыз келбетке шыдаған сияқты, әсіресе тәуелді болсаң амал жоқ. Мінезі кәрлі адамдар бар, олармен өмір сүру де оңай емес, олардан кетіп те қала алмайсың. Осыған бет-әлпеттің көріксіздігіне көнген сияқты, бірте-бірте үйрену қажет, әйтпесе кенеттен кәрлі қаhарға ұшырауың мүмкін. Алғаш олар қорқытады, бірақ алғашқы қорқыныш біртіндеп тарайды, ал абайлау ашудың алдын алуға немесе оған төзуге үйретеді.
- АДАЛ АДАМДАРМЕН АРАЛАСУ. Оларға сенуге болады. Олардың парасаттылығы — істердегі, тіпті айтыстардағы сенімді кепілдік, өйткені олар өздерінің болмысы бұйырған әрекеттерді істейді. Оңбағандарды жеңгеннен гөрі, адалдармен күрескен жақсы. Оңбағандықпен келісе алмайсың, ол ережелерді мойындамайды; сондықтан да оңбағандардың арасында шынайы достық болмайды, ал олардың тілектестігі ар-намысқа негізделмеген. Арсыз адамнан қаш; арын құрметтемейтіннен ешқандай ізгілік күтпе. Ар-намыс — адалдықтың алтын тағы.
- ЕШҚАШАН ӨЗІҢ ТУРАЛЫ АЙТПАУ. Әйтпесе не өзіңді мақтайсың — бұл даңғойлық, не өзіңді даттайсың — ал бұл жасықтық; өзің туралы айту дегеніміз парасатқа қарсы күнә жасау әрі тыңдаушыларды қажыту. Мұны достардың арасында да істеме, әсіресе көпшілік алдында сөйлеуге тура келетін жоғары орында мұндай әлсіздік сені мазаққа ұшыратады. Отырғандар туралы әңгімелеу де жөнсіз; сен су астындағы екі жартастың біріне соғыласың, не жағынасың, не тілің тиеді.
- СЫПАЙЫ АДАМНЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ БОЛУ. Осының өзі жүректерді тартуға жетіп жатыр. Сыпайылық — мәдениеттіліктің басты белгісі, маңайыңдағыларға сүйікті ететін қасиет, ал ерсілік жек көру мен түсінбеушілік туғызады. Ерсілік дандайсумен қосылғанда теріс айналдырады, ал надандықпен араласқанда — жирентеді. Әдептілік көптік етпейді. Ол жаулардың арасында олардың айбынының сенімді өлшемі. Ол көп тұрмаса да жоғары бағаланады: қадірліні құрметтейді. Сыпайылық пен намыстың артықшылығы — олар алғашқыны көрсетіп, соңғыны сақтайтын адамдарда болады.
- ЖАУЛЫҚ ІЗДЕМЕУ. Өзіңе жек көрініш туғызудан сақтан. Көп адам неліктен екенін түсінбесе де жек көре салады. Қаскөй адалдың алдын орап кетеді. Зұлым зұлымдыққа пайдакүнем пайдаға ұмтылғаннан да бетер ұмтылады. Тіпті, кейбіреу ешкіммен жараспайтынын және жеңіл қорлай салатынын мақтаныш етеді. Жек көру жаныңды билеп алса, оны, жаман ат сияқты оңайлықпен кетіре алмайсың. Қабілетті адамдардан сақтанады, у тілділерді сүймейді, даңғойларды айналып өтеді, мазақ етушілерден қорқады, ал лайықтылармен араласады. Сонымен, өзіңді қадірлесін десең, құрмет көрсет: бейбіт өмір сүргің келсе, бейбітшіл бол.
- ЗАМАНЫҢМЕН ТАТУ БОЛУ. Қолданыстағы білім ғана жақсы, ал оған жол жоқ жерде надан болып көрінген дұрыс. Жылдар өтеді, пікірлер мен сән өзгереді, ескішілдікті көксеме және қазіргі талғамды ұстан. Бәрі мойындаған талғам бар салада салтанат құрады. Оны ұстан және мүмкіндігінше жақсарт; өткен кезең саған ұнаса да қазіргі кезбен өмір сүріп үйрен. Тек адамгершілік саласында ғана бұл тұрмыс ережесі жарамайды, мұнда ізгілік бәрінен жоғары. Біздің уақытта шындықты айту, сөзде тұру сәннен қалған сияқты; адал адамдар ескі мейірбан заманнан келген тәрізді; оларды қазір де мақтайды, бірақ не құрметтеушілері, не еліктеушілері жоқ. О, заманымыздың ұлы қырсығы! Ізгілікке үрке қараймыз, есесіне оңбағандық етек жайған. Ақылды біз қалағандай болмаса да, шамасына қарай өмір сүрсін. Тағдыр салғанға риза болып, бермегенге қайғырмасын.