МЫРЗАГЕЛДІ КЕМЕЛ

  1. ЕПТІЛІКПЕН ҚАРСЫ БОЛУ. Өзің шатаспай, басқаның тамырын басып көрудің озық тәсілі — ниетті айқындау. Бұл өзгенің құштарлықтарын қамаудан босататын тамаша құрал; жасанды сенімсіздік іштегі құпияларды шығарып, жүрек құлпын ашады. Сезімдер мен ойларды ерекше нәзіктікпен сынайсың. Айтқан сөзді жорта елемеу арқылы көңіл түкпірінен ең құпия сырларды шығарасың, оларды тізгінінен жеңіл тарта отырып, тілге бағыттайсың, олар онда сенің мекер ниетің жайған торға түседі. Өз ұстамдылығың басқаны ұстамдылықтан шығарады, сөйтіп сырын сездірмей келген жүрек өз тілектерін жайып салады. Жасанды шүбәланудың көмегімен әуесқойлық қалаған нәрсесінің бәрін біледі. Тіпті білімді аңсаған оқушының мұғаліміне қарсы келуі күнә емес, сонда ол шындықты толығырақ баяндап, дәлелдейтін болады; орынды қарсы бола отырып, білімнің толықтығына қол жеткізе аласың.
  2. БІР АҚЫМАҚТЫҚТЫ ЕКЕУ ЕТПЕУ. Бір ақымақтықты түзеймін деп басқаларын жасайтын кез аз емес. Бір қателікті басқа, үлкен қателікпен ақтау ақымақтықты жалғандыққа ұқсатады, өйткені жалғандық аяғына тұра алуы үшін көптеген басқа өтіріктерді қажет етеді. Алдамшы егесте кепілшіге қиын; қырсықты мойындамау қырсықтың өзінен де жаман. Адамның кемшіліктері басқа, жаңа кемшіліктерді тудырады. Ұлы данышпан да қателік жасайды, бірақ екі рет емес, бір рет және тұрақты емес, кездейсоқ жасайды.
  3. ОЙЫНДА ЕКІНШІ АРАМ НИЕТІ БАРДАН САҚТАНУ. Айлакер басқаны жайбарақат ұстағанды ұнатады; қауіптенбеуге сендіре отырып, ол жеңіп шығады. Мұндай адам өзінің басты ниетін жасырып, елеусіз, екінші ниетін көрсетеді, ал іс жүзінде алғашқыны жүзеге асырып, алаңсыз жауына соққы береді. Сондықтан, біреудің ниеті сергек жүрген жерде басқаның қырағылығы қалғымасын, ал құпия ниет торуылға шегінген кезде көрегендік барлауға шықсын. Абайлаушылық зұлымдықтың қылықтарын көре біліп, оның өз мақсатының маңында торуылдап жүргенін байқасын. Мұндайдың сөзі мен ойы бөлек болады; естен жаңылдырып барып, көздеген жерге соғады. Оның өзіңнен неден басым екеніне қара, ал кейде оны жақсы түсінетініңді көрсеткен орынды.
  4. ОЙДЫ АЙҚЫН БАЯНДАУ. Мәселе ойды түсінікті жеткізе білуде болып отыр. Кейбіреу ойындағы нәрсесін айта алмайды, өйткені жанның бала-шағасы — ойлар мен пікірлер -анықтық болмаған кезде сыртқа шыға алмайды. Кейбір адамдар өзіне көп сыйдырып, аздан шығаратын ыдысқа ұқсайды; керісінше, сезінгенінен гөрі көп жеткізетін кісілер бар. Ерік үшін батылдық қанша керек болса, ақылға анықтық сонша қажет, екеуі де үлкен қасиет. Түсінікті ақыл бәріне ұнамды, бұлдыр ой өзінің түсініксіздігі үшін бұрындары құрметтелетін; мүмкін, өрескелдікті болдырмас үшін аздап көмескілік те керек шығар. Бірақ тыңдаушы пікір білдірмесе, айтқан ойды жетті деу қиын.
  5. ДОСТЫҚТЫҢ ДА, ЖАУЛЫҚТЫҢ ДА ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАТЫНЫНА СЕНІП ҚАЛМАУ. Бүгінгі досыңа ертеңгі жауың ретінде қара; өмірде бәрі болады, сондықтан мұны күні-бұрын ескер. Әсіресе, бұрын достықта болғандардың шабуылы қатты болады. Жауларыңа, керісінше, татулық есігін әрқашан ашық ұста, мұндай есік сыпайылық болсын, ол бәрінен сенімдірек. Кейде қайтарылған кектен соң кешігіп жеткен ойлар бізді қинайтыны бар; сонда жауыңа зиян келтіргеннің қуанышы қайғыға айналады.
  6. ҚИҚАРЛЫҚПЕН ЕМЕС, ПАРАСАТПЕН ҚИМЫЛДАУ. Қасару -көргенсіздік, ол ешқашан тәуір жағына жүрмейді. Кейбіреу өмірдің бар мәнін төбелестен көреді; олар араласудың қарақшылары, кез келген істі ұрыспен алады, өйткені бейбіт дағды жоқ. Мұндай адамдар билікке қолы жетсе көп зиян тигізеді, жақтастарын қарақшыларға айналдырады; бауырласуға болатын адамды дұшпан етеді; бәрінде қулық-сұмдықты басшылыққа алады, мақсатына жауыздықпен жетеді; олардың бұзық қылықтары ашылуы мұң екен, бәрі оларға шүйіледі, сонда олардың арам ойларына тосқауыл қойылады, оларға ештеңенің сәті түспейді, әр қадам сайын жәбір-жапа шегеді, бәрі оларға қарсы. Мұндай адамдардың миы кіресілі-шығасылы, жүрегі де орнында тұрмайды. Мұндай мырзалармен қатар өмір сүргеннен, безіп кеткен артық, олардың рақымсыздығынан гөрі, жабайылардың тағылығына төзу жеңілірек.
  7. ҚУ АДАМ РЕТІНДЕ БЕЛГІЛІ БОЛМАУ. Қулықсыз өмір сүре алмасаң да, одан тартын. Одан да абайлағыш атың болсын. Адалдықты бәрі ұнатады, бірақ ол әркімге сырт қарағанға керек. Сырттай ақ көңіл бол, бірақ аңқау болма, қырағы бол, бірақ қу болма. Сенен екіжүзді ретінде қауіптенгеннен, сені парасатты адам ретінде қадірлеген жақсы. Адалдарды жақсы көргенмен, оларды алдайды. Ұлы қулық — қулығыңды байқатпау, өйткені оны өтірікке теңейді. Алтын ғасырда әділдік басым болса, біздің заманымызда жәдігөйлік салтанат құруда. Парасаттылық аты құрметті әрі оған сенім білдіреді, жалпостық ат күмәнді және одан қауіптенеді.
  8. АРЫСТАННЫҢ ТЕРІСІН КИЕ АЛМАСАҢ, ТҮЛКІНІҢ ТЕРІСІН ЖАМЫЛ. Уақытында жол беру жеңіске жеткізеді. Мақсатына жеткен адамды кінәламайды. Күшің жетпесе, ақылмен қимылда. Ептілік күшке қарағанда көп нәрсе бітіреді, көбіне ақылдылар күштілерді жеңеді. Ал мүлде жете алмайтын болсаң, елемеуге тырыс.
  9. ҰРЫСҚАҚ БОЛМА — өзіңді де масқара етпейсің, өзгені де ашуландырмайсың. Сыпайылық күзетінің өзінің кедергі тастары бар, басқаға тигізген зиянды өзің де көресің және бұл ақымақтық ретінде бағаланады. Тасқа сүрініп кету жеңіл, бірақ соңынан ауырсынасың. Сыпайыгершілік күзетшілерінің күні ұрыс-керіссіз өтпейді, олардың мінезі қазымыр келеді, бар нәрсеге кесе көлденең тұрады; тәрізі, есі ауғандықтан да үнемі жақтырмайтын болар. Әсіресе, парасатты, өздері түк бітірмей, бәрін жазғырып отыратындар күштірек қорлайды — есуастықтың кең-байтақ патшалығында арсыздықтың неше түрі кездеседі.
  10. ҰСТАМДЫ СӨЙЛЕУ — ПАРАСАТ БЕЛГІСІ. Тіл жабайы аң сияқты: тордан шығып кетсе, қайта қамау қиын. Ал одан жанның дем алысы байқалады, даналар тіл арқылы оның денсаулығын анықтайды, көреген — жүрек соғысын сезеді, Міне, қырсық — үндемегені абзалдар, керісінше, бәрінен көп сөйлейді. Ақылды жан өзіне ие бола отырып, ұрыс-жанжалдан да, реніш-қападан да бойын аулақ ұстайды: ол Янустай байсалды, Аргустай қырағы. Одан да Манның адамдардың кеудесінде терезе жоқ деп назаланғанынан, алақандарында көз жоқ деп қайғырғаны дұрыс еді.*

/*Ежелгі Римнің кіру-шығу құдайы Янус біреуі алға, біреуі артқа қарап тұрған екі беті бар етіп бейнеленген, сондықтан ол байсалдылықтың үлгісі ретінде алынған/.

/**Мифтік аңыз бойынша, Құдай Вулкан адамды жасап, оны талқыға салған. Сонда күлкі құдайы Ман адамда ең қажетті — оның қандай зымияндық жасайтынын көріп отыруға болатын кеудесінде терезесі жоқ екенін байқайды; ал Грасианның ойынша, қырағылықта алақандағы көз маңыздырақ/.

  1. ТЫМ КӨЗГЕ ТҮСПЕУ. Қылымсудан ба әлде түсінбестіктен бе, кейбіреу дарақылыққа жететін оғаштықтарымен ерекшеленеді, бұл көзге түсу емес, әдепсіздік. Өзінің ұсқынсыз әлпетімен аты шыққан кейбіреу сияқты, бұлар мінезінің делқұлылығымен белгілі болады. Осылай көзге түсу масқаралыққа ұшыратады, ерсі дарақылық біреудің күлкісін келтірсе, біреудің ашуына тиеді.
  2. ӨМІР НӘРСЕНІ ТЕРІС ЖАҒЫМЕН ҰСЫНСА, СЕН ОҢ ЖАҒЫМЕН АЛ: бар нәрсенің оң және теріс жақтары болады. Қылышты жүзінен ұстасаң — жарақаттайды, сабынан алсаң қорғайды. Реніш туғызатын нәрсені анықтап қарасаң, оның қуантатынын да байқайсың. Әр істің өз тиімділігі мен тиімсіздігі бар; өмір сүру өнері пайдалы жақты таба білуден тұрады. Әр тұрғыдан қараған зат әртүрлі көрінеді — бәріне қуанышты тұрғыдан қара. Бірақ қуанышта да, қайғыда да тізгінді қолдан шығарма. Мұндай дағдысы жоқ адам не бәріне мәз болады, не бәріне мұңаяды. Бұл игі өмірдің дана ережесі — әрбір істе, кез келген уақытта тағдыр тұрақсыздығынан сенімді қорғайды.
  3. ӨЗІНІҢ НЕГІЗГІ КЕМШІЛІГІН БІЛУ. Басты қасиетіне кереғар кемшілігі болмайтын адам жоқ және осыған бейімділік себеп болатын болса, бұл кемшілік тирандық билікке ие болады. Өзіңді қырағылыққа шақыра отырып, оған соғыс аш және оны әшкерелеу сенің алғашқы қадамың болсын, өйткені оны танып қана жеңіске жетесің; әсіресе өзің де ол туралы маңайындағылардың пікірін ұстансаң теріс болмайды. Өзіңе билік ету — өзіңмен күресу. Басты кемшілігіңді жеңе алсаң, басқаларынан арылу қиын болмайды.
  4. МІНДЕТТЕУ. Көпшіліктің сөздері мен істерін олардың болмысы емес, олармен қатынасу туғызады. Ақымақтыққа әркім-ақ сендіре алады, өйткені оған оңай сенеді. Өзіміздегі бардың ең жақсысы басқалардың пікіріне байланысты. Біреулер шындықтың өз жағында екенін қанағат тұтады, бірақ бұл аздық етеді, шындыққа мүмкіндігінше көмектесу керек. Біреуді міндеттеу онша қиын емес, есесіне көп пайда әкелуі мүмкін: сөздерге істер сатып алынады. Біздің дүние сияқты үлкен үйде мүлде керексіз, түкке тұрғысыз бұйым болмайды. Әркім өзі әуес нәрсе туралы айтады.
  5. АЛҒАШҚЫ ӘСЕРГЕ БЕРІЛМЕУ. Біреулер алғашқы әсермен заңды некеге тұрады, кейінгілер олар үшін — ашыналар; сол сияқты, жалғандық әрдайым алдымен келеді, сөйтіп, соңынан жететін шындыққа орын қалмайды. Сезімді алғашқы әсермен, ақылды — алғашқы хабармен толтырма; бұл — тайыздықтың белгісі. Өзіне бірінші құйылған сұйықтың иісін сіңіріп алатын ыдысқа ұқсас адамдар бар. Бұл әлсіздікті басқалар біліп қойса, іс насырға шаппақ, зұлымдыққа да осы керек: ол сенің сенгіштігіңді өз түсіне бояуға асығады. Пікірді қайта таразылауға әрқашан орын қалсын, Александр да бір құлағын екінші жаққа ашық ұстаған*. Алғашқы әсерге берілуден соқыр тәуекелге дейін — бір-ақ қадам.

/*146-шы мысалды қараңыз/.

  1. ӨСЕК-АЯҢҒА САЛЫНБАУ. Ғайбаттау жақсы атақ әпермейді. Біреуді біраз жерге жеткізіп тастау қиын емес, бірақ соңы жақсы болмайды. Сенен өш ала бастайды, сен туралы да жаман сөздер тарайды; сен жалғызсың, жауларың көп — олар сені тезірек жеңеді. Адамдардан ақымақтық көрсең қуанба әрі талқылама. Өсекші ешкімге ұнаған емес, рас, кейде маңызды кісілер оны бауырға тартады, бірақ бұл оның ақылын құрметтегеннен емес, оның келемеждеуін тыңдап, рахаттану үшін жасалады. Не айтсаң, соны естисің.
  2. ӨЗ ӨМІРІН АҚЫЛМЕН ҰЙЫМДАСТЫРУ пайда мен рахатты қатар ұштастыру үшін керек. Демалыссыз өмір қонақ үйсіз ұзақ саяхат сияқты ауыр тиеді; танымды алуан түрлі ету оны қызықты етеді. Ізгі өмір жолындағы алғашқы дамылдауды өлілермен тілдесуге арна: біз білім мен өзімізді тану үшін туыламыз, ал кітаптар адал қызмет ете отырып, адамды адам етеді. Екінші дамылдауды тірілермен өткіз: дүниедегі бар жақсыны көр, байқа. Бар жақсы тек бір елде болмайды: біздің ортақ әкеміз жасауды түрлі жерлерге бөліп берген, сөйтіп жарымес бойжеткен бәрінен бай болып шығуы мүмкін. Үшінші тыныс алуды толығымен өзіңе арна; жоғары рахат — ойланып, пайымдауда.
  3. УАҚЫТЫНДА КӨЗІ АШЫЛУ. Көріп тұрғанның бәрінің көзі ашық емес, сол сияқты, қарағанның бәрі көріп тұрмайды. Кеш мән берудің пайдасы шамалы, өкініш қана қалады. Кейбіреулер үйлері тоналып, істері құлдыраған кезде ғана көре бастайды. Ықыласы болмаса ақыл айту да қиын: ақылы болмаса ынта тудыру одан да қиынырақ. Мұндай адамдар маңайындағылардың қиындығы ойыншық сияқты, оларды соқырды алып жүргендей ертіп жүреді; олар кереңдіктен естігісі келмейтіндіктен көздері де ашылмайды. Оның жанынан сол сәтте осы кереңдік пен соқырлықты қолдайтын сұм табыла кетеді, бұл оған пайдалы. Соқыр қожайыны бар аттың күні құрысын.
  4. ЕШҚАШАН БІТПЕГЕН ІСТІ КӨРСЕТПЕ — біткен соң тамашаласын. Істің басталуы үйлесімсіз болады, сөйтіп оның келіссіз түрі ойда қалып қояды; оның үлгісі кейін аяқталған істен ләззат алуға кедергі жасайды. Тұтас бұйымнан рахаттану оның бөліктері туралы пікірді қиындатса да, ол өз бетінше талғамды көтереді. Нәрсе өз көркіне енбес бұрын, сиықсыз күйде болады. Дәмді тағамның қалай дайындалатынын көру тәбетті тарттырмайды, қайта жүректі айнытады. Тамаша шебер өз шығармаларын шикі кезінде көрсетпегені дұрыс: табиғат та өз туындыларын кемеліне жеткізіп барып жарыққа шығарады.
  5. АЗДАП ІСКЕР ДЕ БОЛУ. Тек ойлану ғана жеткіліксіз, әрекет етуге тура келеді. Өте оқымыстыларды алдау жеңіл — олар әдеттен тыс нәрселерді білсе де, өмірдегі ең үйреншікті, қажеттіні білмейді. Мәнді нәрселерді пайымдау оларға күнделіктіге уақыт қалдырмайды да, былайғылар жаңғақша шағатынды онша біле бермейді, бұл үстірт тобырдың таңдануын туғызады не тіпті оларға надандық болып көрінеді. Сондықтан оқымысты адам өзін алдамайтындай, мазақ етпейтіндей шамада іскер болғаны жөн; өмірдегі мәнді нәрсе болмағанмен, құнттылық та өте қажет. Өміршең емес білімнен не пайда? Біздің кезімізде өмірді білу — нағыз білімнің өзі.
  6. ҰНАМДЫ КӨРІНЕМІН ДЕП ЖАҢСАҚ БАСПА -сүйсінушіліктің орнына реніш туғызасың. Біреулер баурап аламын деп, адамның жынына тиеді, өйткені адамгершілікті білмейді. Біреуге жағатын біреуге жақпайды сөйтіп, қызмет еткісі келгендер қынжылу туғызады. Наразылық туғызған соң алғыс та, сияпат та күтпе, өйткені қажет жолдан тайқыдың. Мақтаймын деп, даттап қою арқылы сазайын алатындар да бар. Біреу шешендігімен таңырқатпақ болып, тыңдаған жұртты өзінің мылжыңдығымен титықтатыпты.
  7. ӨЗГЕНІҢ АБЫРОЙЫ СЕНІҢ АТАҒЫҢНЫҢ КЕПІЛІ БОЛСЫН. Пайда айқын жаққа өзің ғана бар, бұлдыр болса — серіктеріңді ерт. Абыройдың ісінде одақтастарың болсын, сонда әркім өзінің жақсы аты үшін өзгенің абыройын сақтайды. Мүмкін болса, тәуекел етпе, ал мәжбүр болсаң, сақтықтың орнына ішкі есеп келсін. Бүгінгі қатысушы ертең тайқып кетпес үшін, іс өзара маңызды және тәуекел ортақ болсын.
  8. ӨТІНЕ БІЛУ: біреулерге бұдан жеңілі, біреулерге одан ауыры жоқ. Бас тартуды білмейтін адамдар кездеседі — мұндайларға амалдап та қажеті жоқ. Сондай-ақ кез келген уақытта бірінші сөзі жоқтан басталатын адамдар болады — мұндайларға машық, ысылғандық керек. Ал бәріне бірдей жарайтын амал — дер кезінде келу — адам көңілі көктем, жаны жаз кезде оңай көнеді. Егер сенің көзіңше біреуге бас шайқаса, өтінішпен келуге асықпа — екінші рет “жоқ» деу жеңіл. Көңілсіз уақыт та сәттілікке кепілдік бермейді. Күнібұрын қарыздар етіп қою жақсы, жақсылыққа жақсылық қайтармау ұждансыздық болар еді.
  9. СОҢЫНАН МАРАПАТ СИЯҚТЫ КӨРІНЕТІНДІ ҚЫЗМЕТ РЕТІНДЕ КҮНІБҰРЫН КӨРСЕТУ. Шебер саясатшылардың әдісі. Сіңірген еңбекке дейін қайырымдылық жасау ризашылықты білдіреді. Мұндай алдын ала жасалатын жақсылықтың екі артықшылығы бар -марапаттаушының шапшаңдығы алушыны міндеттейді. Көрсетілген қызметтен кейін берілген сый — борышты қайтару болса, оған дейінгі -қарыздар етеді. Борыштың ауысуының нәзік тәсілі — жоғарыда тұрғанның марапаттау міндеттемесі ризашылығын білдіруі тиіс төмендегіге көшеді. Мұндай араласу борышты білетін адамдарға ғана жарайды, ал оңбағандар үшін күнібұрын төлеу тебінгіден гөрі тізгін болады.
  10. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛУГЕ ТЫРЫСПАУ. Талай сырлас, сенімді адамдар осыны ескермегендіктен құрыды. Егер әмірші саған өз құпиясын ашса, бұған масаттанба, сақтан. Олардың көбі кейін өз жауыздықтарын білетін адамды жек көреді. Біреудің, әсіресе қасында билігі бардың өзіңе тым тәуелді болуынан қорық. Араларыңды олардың саған көрсеткен игі ниеті емес, сенің оларға жасаған қызметің жалғастырып тұрсын. Әсіресе достық ашық ауыздылық қауіпті: өзгеге құпияңды айтқан соң, оның құлына айналасың. Мырза үшін бұл заңдылықтан тыс нәрсе және ұзаққа созылмайды. Ол жоғалтқан еркіндігін қайтаруды көксейді, ол үшін бәрін, оның ішінде әділдікті де таптауға дайын. Сонымен, құпияларды тыңдама және өзің де айтпа.
  11. ӨЗІНЕ НЕ ЖЕТПЕЙТІНІН БІЛУ. Көп адам қайсыбір қасиеттері болмағанда, қазіргі жағдайынан биік тұрар еді. Біреулер елеусіз кемшілігінен арылып, көп нәрсеге қол жеткізер еді. Біреуге байыптылық жетпегендіктен жақсы қабілеттері солғын тартады; біреу қатынасып-араласуда жұмсақтық танытпайды, бұл бала-шаға бірден байқайтын кемшілік. Анаған батылдық, мынаған ұстамдылық керек. Өзін тани білген адамға осы барлық кемшіліктерден арылу қиынға түспейді — ынта-ықылас әдетті екінші болмысқа айналдырады.
  12. ТЫМ АҚЫЛДЫ БОЛМА — одан да парасатты болған жақсы. Қажеттіден көп білсең, нәзік талғаммен көзге түсесің, ал нәзіктік алдымен үзіледі, көпшілік мақұлдаған сенімдірек. Көп білетін адам болған жақсы, бірақ тақуа болудың қажеті жоқ. Көп ой жүгіртсең дау-шарға тезірек ілінесің. Қажеттіден артық ойлап жатпайтын іскерлік дұрыс ойлаушылықтан пайдалырақ.
  13. ОЙЫНҒА ТҮСІНБЕУШІЛІК ЕНГІЗУ. Білетін адамның өзі кейде осы әдіске басады: бар даналығын көрсету надандық көрінетін жағдайлар болады. Надан болып керегі жоқ, бірақ надан болып көріну кейде жаман емес. Ақымақпен данышпан, есуаспен парасатты болудың мүлде қажеті жоқ; әркіммен оның тілінде сөйлес. Ақымақтық істеп қоятын емес, одан құтылғысы келмейтін ақымақ. Нағыз ақымақтық — табиғи, бірақ жасандысы да бар — қулық не істетпейді! Ықыласқа ие болудың дұрыс тәсілі — ең ақымақ жануардың терісін жамылу.
  14. МАЗАҚ ЕТКЕНГЕ ШЫДА, БІРАҚ ӨЗІҢ КЕЛЕКЕ ЕТПЕ. Алғашқысы — сыпайылық, соңғысы — сотқарлық. Бәрі күліп жатқанда ашулану — есек мінездің белгісі. Орынды әзіл ұнамды, ал кімнің қандай қалжыңға шыдауы оның төзе білу қабілетіне байланысты. Кім тілмен шағып алғаннан ыршып түссе, тағы шағып алуға сылтау береді. Ең дұрысы — мән бермеу. Өте маңызды істер әзілден туындауы жиі кездеседі, әзіл елеулі дағды мен парасатты қажет етеді. Әзілің жарасса атаңмен ойна деген, бірақ әзілмен қағытқың келген адамның шыдам шегін де білген жөн.
  15. МАҚСАТҚА ТАБАНДЫЛЫҚПЕН ЖЫЛЖУ. Кейбіреу бар күшін істің басталуына жібереді де ештеңені аяғына дейін жеткізбейді; бастауын бастайды, бірақ жалғастырмайды; олардың мінезінде тұрақтылық аз. Олар қошемет көрмейді, өйткені жарты жолдан қайтады. Испандықтардың кемшілігі — шыдамсыз, бельгиялықтардың артықшылығы — шыдамды. Бельгиялықтар істі аяғына дейін жеткізеді, испандықтар істі соңына қарай бүлдіреді, олар жеңіп шыққанша тырысып бағады, бірақ қол жеткен жеңісін пайдалана алмайды, істей алатындарын, бірақ қаламайтындарын көрсетеді. Бұл қабілетсіздік не ұшқарылық болсын — бәрібір кемшілік. Іс жақсы болса, неге бітірмеске? Нашар екен бастап несі бар? Ақылды жан бар күшін құсты жерден көтеруге емес, оны атып құлатуға жұмсайды.
  16. ТЕК КӨГЕРШІН БОЛМАУ. Інжілде айтылғандай — көгершіннің момындығы жыланның айлакерлігімен ұштассын! Адал адамды алдау жеңіл: өзі өтірік айтпайтын кісі бәріне иланады, өзі алдамайтын адам басқаларға сенеді. Ақымақтықтан ғана емес, адалдықтан да алданып қалуға болады. Адамдардың екі түрі алдағанды біле алады: бір кезде алданып сабақ алғандар мен табиғатынан айлакер қулар. Қулық қаскүнемдікті тануға қанша епті болса, көрегендігің шүбәлануға сонша қырағы болсын. Өз жақыныңды екіжүзділікке итеретіндей дәрежеде ақ көңіл болудың қажеті жоқ. Өзіңде көгершін мен жыланның қасиеттерін ұштастырып, құбыжық емес, ғажайып бол.
  17. РИЗАШЫЛЫҚҚА МІНДЕТТЕУ ӨНЕРІ. Кейбіреу жақсылықты қабылдай отырып, оны жасағандай болады; ізгілікті сен емес, ол істегендей күйде қаласың. Өзінің өтінішімен өзгеге абырой әперетін, өз пайдасын жарылқаушысының құрметіне айналдыратын асқан шебер адамдар бар. Істі сұңғылалықпен шыр көбелек айналдыратыны сонша, қайырымдылықты олар емес, сен көргендей боласың. Осындай ерекше саясатпен олар міндеттемелердің ретін өзгертеді — кім кімді жарылқап жатқанын білмейсің. Әлдеқайда елеулі нәрсенің құнын сөзбен төлейді; олардың рахатын өзіңе абырой көресің; сыпайылылықты кепілдік ретінде береді және олар саған риза болу керек жерде, сен оларға қарыздар болып шығасың. Міне қандай саясат! Бұл үлкен өнер, біақ сұңғыла адам алдауды танып, айырбасқа жүгінеді: құрметтеуді қадірлеумен қайтарады. Сонда әркім өз қалпында қалады.
  18. КЕЙДЕ БАРЛЫҒЫ СИЯҚТЫ ЕМЕС, ӨЗІҢШЕ ОЙ ТҮЙ: бұл ақылды көрсетеді. Өзіңе ешқашан қарсы болмайтынды бағалама, бұл оның саған деген сүйіспеншілігін емес, оның өзіне ғашықтығын білдіреді; өзіңді алдауға жол берме. Басқалардың сен туралы күңкілдеуін жақсылыққа жоры. Өзің істегеннің бәрі өзгелерге ұнайтын болса, қапалан — істеріңнің нашар екенінің белгісі. Мүлтіксіз кемелдікті таңдаулылар ғана түсінеді.
  19. МЕЗГІЛІНЕН БҰРЫН АҚТАЛМАУ. Уақыты келгеннің өзінде, тым ақталу — қылмысты мойындау. Күнібұрын кешірім сұрау — өзіңді айыптау. Сау кезінде өзіңнен қан шығарсаң дерттен де, жауыңнан да кенде болмайсың. Өзіңнің әділдігіңді алдын ала дәлелдей отырып, қалғыған күдікті оятасың. Есті адам күдік туғызатындай түр көрсетпейді; ол оны өзінің мүлтіксіз қимылдарымен жоюға тырысады.
  20. СӘЛ КӨБІРЕК БІЛУ, СӘЛ АЗЫРАҚ ӨМІР СҮРУ. Кейбіреу керісінше ойлайды, олар үшін құр сандалыс еңбектен артық. Бізге уақыттан басқа ештеңе тиесілі емес: кеңістігі жоқтың өзі уақытта өмір сүреді. Алтын уақытын бекершілік істерге құратын адам бақытсыз; сол сияқты, жоғары істермен шамадан тыс қамтылған да сәтсіздікке ұшырайды. Өзіңді ауыр еңбекпен де, өзгені күндеумен де қинама, өміріңді босқа бүлдіріп, рухыңды құртасың. Біреулер бұл ережені білімге де қолданады, бірақ кім ізденбесе, сол өмір сүрмейді.
  21. СОҢҒЫ ӘСЕРГЕ БЕРІЛМЕУ. Соңғы әсердің адамдары болады. Мұндай адамдардың тілектері мен пікірлері балауыз сияқты: соңғысы алдындағысын ығыстырып отырады. Оларда ешқашан тұрақтылық болмайды: алғашқы кездескен өз түсіне бояйды. Өмір бойы бала болып өтетін олар сырластыққа жарамайды. Пікірлері мен құштарлықтарын өзгерте отырып, олар әрқашан қобалжуда болады, еркі мен ақылы бір анда, бір мында ауытқып отырады.
  22. ӨМІРДІ АЯҚТАУ КЕРЕК НӘРСЕМЕН ӨМІРДІ БАСТАМАУ. Біреу шаруаны соңына қалдырып, жолдың басында демалуға жайғасады. Жоқ, алдымен шаруаңды бітір, ал уақыт қалса жанама іспен айналыс. Кейбіреу шайқасқа дейін жеңіске жеткісі келеді. Құрметті және пайдалы білімді өмірінің соңына қалдырып, оқуды онша маңызды еместен бастайтын да адамдар бар. Ақтық демі жақындағанда дүние жинауға кірісетін кісілер кездеседі. Оқудағы сияқты, өмірде де әдіс маңызды.
  23. ҚАШАН КЕРІСІНШЕ ТҮСІНУ КЕРЕК? Сұхбаттасың қулыққа көшкенде. Кейбіреумен әңгімелескенде бәрін керісінше түсін: олардың “иәсі» — жоқ, “жоғы» — “иә». Жамандағаны, демек, бағалағаны; шынында, сатып алушы алар затын арзандатады. Олардың мақтауына да сенбе -жақсыларды мақтамас үшін, жамандарды мадақтайды. Бірақ, жаман адамды білмейтінге жақсы адам да жоқ.
  24. ҚҰДАЙ ЖОЛЫ ЖОҚТАЙ ЕТІП, АДАМДАР ПАЙДАЛАНАТЫН БАРЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАН, СОНДАЙ-АҚ ҚҰДАЙ ҚОЛДАҒАН БАРЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ, АДАМДАР ПАЙДАЛАНАТЫН ТӘСІЛДЕР ЖОҚ СЕКІЛДІ ҚОЛДАН. Иезуит орденінің негізін қалаушы Игнатий Лайалоның(1491-1556) ережесі, айтпаса да түсінікті.
  25. ТЕК ӨЗІНЕ ЖӘНЕ ТЕК БАСҚАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕУ: екеуі де зорлық. Тек өзі үшін өмір сүргісі келген адам соңынан бәрін тек өзіне жинағысы келеді. Мұндай арзан адам оңайлықпен жол бермейді, болмашы жайлылықтан өз еркімен кетпейді; ол өзгеге қызмет етпейді, тек өз тағдырына үміттенеді, ал бұл тірек сәтсіз болып шығады. Кей уақытта басқалардың ықыласын аудару үшін, өзің де оларға ыждағаттық көрсеткен пайдалы, ал қызметің қоғамдық болса, жұрттың құлы бол немесе ауыртпалықтан қашсаң шеннен де бас тарт. Сонда-ақ өзін басқаларға толығымен арнайтын адамдар бар, бұл да ақымақтықтың бір түрі: мұндайлардың бар уақыты өзгелерге тиесілі; оларды “ортақ дос» деп атайды; сөйтіп, бұлар бәріне іскерлік кеңес бергенмен, өзіне ештеңе арнамайды. Есті адам өзін басқалардың ол үшін емес, өзі үшін, одан не ол арқылы түсетін пайдаға бола іздейтінін біледі.
  26. ӨЗІН ӨЗГЕНІҢ ТҮСІНІГІНЕ ДЕЙІН ТӨМЕНДЕТПЕУ. Түсінікті нәрсені көпшілік бағаламайды, түсініксізді құрметтейді. Қымбат тұратын қадірлі: мұндайды түсінбесе де мақтайды. Сұхбаттасыңның пікірінде ұту үшін қажеттіден гөрі көбірек парасат пен оқымыстылық көрсет, бірақ оның шамасын біл. Ақылдылармен парасатты бол, ал көпшілікке келгенде бағаңды көтер: оларға өзің туралы қорытынды шығартып үлгертпестен, олардың ақылын өзіңді түсіну үшін күш салатындай ет. Сонда жиі мақтау естисің, ал, сұрап көр, неге мақтайтындарын түсіндіре алмайды; түсініксіздікті құпия ретінде көкке көтереді, өйткені айналасының бәрі мақтап жатқанын естиді.
  27. ҚЫРСЫҚҚА ЖАЙБАРАҚАТ ҚАРАМА — ол бір өзі келмейді: қырсық та қуаныш сияқты тізіліп жүреді. Бақыт пен бақытсыздық өздерінің туысы бар жаққа ұмтылады — жолы болмайтыннан бәрі қашады, ал жолы болғышқа бәрі үйірсек; тіпті көгершіндер де шіркеудің ең ақ мұнарасына қонады. Сормаңдайды бәрі сатып кетеді: ақылы да, жұбанышы да, тіпті өзі де. Ұйқыдағы қырсықты оятпа. Сүрініп кету түк емес, ал домалап жөнелгенде қайда барып тоқтайтыныңды бір Құдай білсін; жақсылықтың мүлтіксіз болмайтыны сияқты, жамандық да біржола таусылып қалмайды. Қырсық көктен түссе — шыдамдылық, тұрмыста болса — түсінушілік керек.
  28. ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ДА АҚЫЛМЕН ІСТЕУ КЕРЕК — аз-аздан және жиі. Міндеттеме мүмкіндіктен аспасын; көп беру бергенге емес, сатқанға ұқсайды. Ризашылық бітпесін, шама-шегің көрініп қалса, достыққа да кірбің түседі. Кейде досыңды жоғалту үшін, оған көп жақсылық істеу жетіп жатады: борышын қайтара алмағандықтан ол қашқақтайды — сөйтіп, қарыздар жауыңа айналады. Идол өзін жонған шеберді, қарыздар — қарыз берушіні көргісі келмейді. Берудің де өз өнері бар, сонда өзіңе де қымбатқа түспейді, алушы да риза.
  29. НАДАНДАРҒА, ҚЫҢЫРЛАРҒА, ДАҢҒОЙЛАРҒА ЖАЛПЫ СОЛ СИЯҚТЫЛАРҒА ҚАРСЫ ӘРҚАШАН САҚ ЖҮРУ. Жарық дүниеде олар көп кездеседі, парасаттың мәнісі олармен кездеспеуден тұрады. Құдайдың әр күнінде өз ақылыңның айнасы алдында батылдық сауытын ки, тек сонда ғана ақымақтық шабуылын тойтарасың. Абай бол, өзіңнің ізгі атыңды тобырдың өсек-аяңына айналдырма, парасатпен қаруланған кісі арсыз надандықтың құрбаны болмайды. Адамдық теңізінде жүзу оңай емес, ол ұятсыздықтың су асты тастарына толы; ең сенімдісі — Улисстің айласына салып, жалтару; шебер бұлтару өте көмектеседі. Ал ең бастысы, сыпайылық шығанағына бұру — бұл қиындықтан шығудың төте жолы.
  30. ДОСТЫҚТЫ ҚОЛ ҮЗУГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗБЕ — одан әрқашан ізгі атың зардап шегеді. Кез келген кісі жау бола алады, ал дос бола алатын адам сирек. Тек кейбіреу ғана жақсылық істейді, ал екінің бірі жамандыққа бейім. Юпитердің аясындағы өз ұясында отырған бүркіт те қоңызбен ерегісіп*, пайда таппады. Жағдайды бағып жүрген жасырын жауларың реті келгенде ашық жауласу отын тұтатудан қашпайды. Бұрынғы достар — ең қауіпті жауларың: олар сенің әлсіз тұстарыңды біледі, жанды жеріңнен соғады. Ал көрушілер мұны талқылайды: әркім өзінің сезгеніне қарай ой түйеді — бірақ сайып келгенде бәрі сені жазғырады. Біреулер абайламаушылықтан, біреулер ұстамсыздықтан, бәрі — ессіздіктен көреді. Қол үзу шарасыз болса амал жоқ, бірақ кейін жек көріп жүргеннен, о баста жақын тұтудан тартын. Бұл жерде лайықты ретирада туралы ойлау орынды.

/*Қоңыздың өтінішіне құлақ аспаған бүркіт ұстаған қоянын жеп қояды да, қоңыз одан өшін ала бастайды: бүркіттің ұясында жұмыртқа пайда болған әр кезде қоңыз оны ұядан домалатып, жарып отырады. Бүркіт Зевске жалынады да Зевс оған қойнына жұмыртқа салуға рұқсат береді. Сонда қоңыз жоғарырақ ұшып барып, Зевстың қойнына домалақ қиды тастап жібереді. Қиды қағып жіберуге асыққан Зевс жұмыртқаларды түсіріп алады да, олар жарылып қалады. (Эзоп, Мысалдар, 3).

  1. ҚЫРСЫҚТЫ БӨЛІСЕТІН АДАМ ТАБУ. Бұлдыр істерде жалғыз болма, әйтпесе бар наразылық сенің бір өзіңе жауады. Біреулер бар билікті басып алдым деп ойлайды, жоқ, ол бар сөгісті өзіне жинайды. Сондықтан не сені ақтайтын, не қырсықты бөлісетін адамың болу керек. Екеуді қырсық шалу қиын. Ақылды дәрігер емдеуде қателік жіберген соң, әріптесін шақырып, кеңесші ретінде өзіне табытты әкелуге көмектесуін өтінуді ұмытпайды. Ауыртпалық пен сөгісті бөлісу жаман болмайды, ал жалғыздықта сәтсіздік ауыртпалығы қорғасындай зіл, төзгісіз болады.
  2. ДҰШПАНДЫҚТЫ ТІЛЕКТЕСТІККЕ АЙНАЛДЫРУ АРҚЫЛЫ АУЫЗДЫҚТАУ. Жәбір-жапа үшін өш алғаннан, мүмкіндігінше сырласың ету, өз атыңды нысанаға алғанды оның қалқанына айналдыру асқан шеберлік. Міндеттеу де өте пайдалы: борыштар ете отырып, қаралауға уақыт қалдырмайсың. Болуы мүмкін қайғыны қуанышқа айналдыру өмір сүре білетіндікті көрсетеді. Қаскүнемдікті достыққа айналдыр.
  3. ТОЛЫҚ БЕРІЛГЕНДІКТІ ӨЗІҢ ДЕ КӨРСЕТПЕ, ӨЗГЕДЕН ДЕ КҮТПЕ. Мұнда туыстыққа да, достыққа да, тіпті даусыз борышқа да қарама: басқаға өз сенімімен сезімін сыйлаудың айырмасы үлкен. Ең тығыз жақындық қана бұған жатпайды. Дос та өз құпиясын жасырады, тіпті балаң да бәрін айтпайды, біреуге айтпағанды басқаға айтамыз және керісінше; біреуге жол береміз, өзгеден бас тартамыз.
  4. ЖӨНСІЗДІКТЕ ҚЫҢЫРЛАНБАУ. Кейде қателік жіберген адам одан міндеттеме жасайды; қателіктен бастаса да тұрақтылық көрсеткісі келіп, сол бағыттан таймайды. Өз ақылының алдында қателігін айыптайды, ал жұрттың көзінше — ақтайды және ақылға қонбайтын істерінің басында олар парықсыздар аталса, қыңырлығын жалғастыра отырып, ақымақ атына лайық болады. Ойланбай берген уәде, қате шешім сияқты, міндеттеме алмайды. Кейбіреу түсінбеушіліктен бастап, соңынан надандықпен қырсығады; тәрізі, олар жүйелі түрде ақымақтыққа көшкісі келетін сияқты.
  5. ҰМЫТУ — БҰЛ ӨНЕРДЕН ГӨРІ, РАХАТҚА ЖАҚЫН. Ең алдымен ұмытылуы тиіс нәрсені көбірек еске түсіресің. Біздің жадымыз әрі қауіпті — керек кезде еске түспейді, әрі ақылсыз — қажеті жоқ жерде еске келеді; ренжітетін нәрседе ауыздықтауды білмейді, ал қуантатын сәтте тырыспайды. Қырсықты жазатын ең жақсы дәрі — оны ұмыту, бірақ бұл дәріге көбіне мән бермейміз. Жадыны өзімізге пайдалы болатындай етіп үйрету қажет, өйткені бізді жұмаққа жеткізіп, тозаққа түсіруге оның бір өзі жеткілікті. Әрине, өзіне ризаларды қоспағанда — бұлар ішкі дүниесінің қарабайырлығынан өзінің ақымақ шаттығында масайрауда болады.
  6. ҰНАМДЫ НӘРСЕЛЕРДІ ӨЗ МЕНШІГІ ЕТУГЕ ҰМТЫЛМАУ. Басқалардың игілігінде олар көбірек қуаныш әкеледі. Құнды зат алғашқы күні өз иесі үшін, қалған уақытта — басқаларға жақсы. Өзгенікінен екі есе ләззат аласың — жаңа нәрседен рахаттанасың әрі оны жоғалтудан қауіптенбейсің. Қолда жоқтың қадірі артады: өзгенің суы бал татиды. Бұйымды өзің иеленуден рахат азырақ, реніш көбірек. Оларды тек басқалар үшін сақтайсың және алғыстан гөрі жауларды көбейтесің.
  7. АЛАҢСЫЗ КҮНДЕРІҢ БОЛМАСЫН. Тағдыр бізбен ойнағанды ұнатады — біздің болжамымызды теріске шығарып, аңдаусызда үстімізден түседі. Дарынға, ақылға, қайратқа, тіпті көрікке — бәріне абай болған жақсы: соқыр жайбарақаттықтың күні олардың құлдырау сәті болады. Бірақ керек кезінде сақтық жасамаймыз: асығыстық бәрін бүлдіреді. Кейде бұл өзінше стратегия — қаперсіз кезде бас салып, өзіңді сын тезінен өткізу үшін сенің алаңсыздығыңды күшейтеді. Салтанат күндері қаншалықты қауіпті екені белгілі, бірақ зұлымдық ол уақытта келмейді; есесіне біздің абыройымызды сынау үшін күтпеген кезді таңдап алады.
  8. ӨЗ ҚАРАУЫҢДАҒЫЛАРҒА МІНДЕТ ҚОЮ. Дер кезінде ұсынылған қиын міндет көп адамды кісі етті, жүзуді үйрену үшін батып та көру керек. Осылай көпшілік өзінің қасиеттерін, тіпті ғалымдығын байқайды; жағдайдың реті келмегенде бұл артықшылықтар өз жасықтығында мүлгіп жатар еді. Қиын іс атыңа сын: қайырымды адам өз абыройына қауіп төнгенін байқаса, бір өзі мың кісі үшін қимылдайды. Католик ханшасы Изабелла* міндет қою өнерін жете меңгерді, осы үшін оған Ұлы Капитан** мен басқалар өз даңқы үшін қарыздар: осы тәсілмен ол ұлы адамдарды тудырды.

/*Изабелла Кастильская (1474-1504) және оның күйеуі Фердинанд V Арагонский (1476-1516) католиктік жұп атағын испан жерін маврлардан босату жолындағы сәтті күресі үшін алған/.

/**Ұлы Капитан — Гонсало Фернандес де Кордова, оның қолбасшылық дарыны католиктік жұптың билік құрған жылдары көрінді/.

  1. ТЫМ АҚ КӨҢІЛДІКТЕН ЖАМАН АТАНБАУ. Ешқашан ашуланбайтын адамда жүрек болмайды, сезімсіз адам кісі бола алмайды. Бұл көбіне салмақтылықтан емес, сезе білмеуден болады. Орынымен ашулану — ол да қасиет. Қарақшы екенін таныған құстар оған батыл қонады. Тәттіні қышқылмен араластыру — жақсы талғам: балалар мен ақымақтар ғана кілең тәттіні жақсы көреді. Сезімсіз ақ көңілдікпен өзін жоғалтып алу — ұлы қырсық.
  2. ЖІБЕК СӨЗДЕР, СЫПАЙЫ МІНЕЗ. Жебелер денені, ауыр сөздер — жанды қинайды. Хош иісті пастамен шайсаң, аузың да аңқып тұрады. Тұрмыс нарығындағы ұлы өнердің бірі — ауа сату. Көп жағдайда сөзбен алады, ол мүмкін еместі жасайды; жоғарғы салаларда ауаны саудалайды және дуалы ауыздардың бір лебізі едәуір дем береді. Лебізің бал татып тұрсын, тіпті жауларыңа да сөзіңді тәттірек ет. Әдепті болудың дұрыс тәсілі — әрқашан сабырлы болу.
  3. АҚЫЛСЫЗ АДАМ ІСТІҢ СОҢЫНДА ЖАСАЙТЫНДЫ, ПАРАСАТТЫ АДАМ БАСЫНДА ЖАСАЙДЫ. Екеуі де бір іс, айырма тек оның уақытында: біреу дер кезінде, біреу мезгілсіз қимылдайды. Миы о баста керісінше істейтін әрі қарай да сол жүрісінен танбайды: басын аяғына қояды, оңы — сол, солы — оң, мінезінің бәрі — солақай. Ақыр соңында ақымақ өз еркімен жасауға болатынды лажсыздан істейді, ал ақылды кейін жасалатынды ерте жасау керек екенін бірден көреді және мұны ықыласпен істейді.
  4. ЖАҢА ЕКЕНІҢДІ ПАЙДАЛАН; жаңа кезіңде сені бағалайды. Жаңа ұнамды, ол өмірді түрлендіреді, рахатты жаңартады — жаңа қарабайырлықты үйреншікті атақтыдан артық бағалайды. Мүлтіксіз кемел де ескіріп тозады; жаңа ретіндегі сенің атағың көпке созылмайтыны есте болсын — үшінші күні әдеттегі боласың. Сондықтан өз жағдайыңды пайдаланып қал; әуестік өтеді, қызбалық басылады, ал жаңаның қызығы мезі етушілік сезіммен ауысады. Әр нәрсенің өз уақыты болады, бәрі өткінші.
  5. БӘРІНЕ ҰНАЙТЫНДЫ БІР ӨЗІҢ ЖАМАНДАМАУ. Бәріне жаққан нәрсенің қайсыбір тартымды жері болады, оны ешкім дәл түсіндіре алмаса да, бәрі одан ләззат алады. Әдеттен тыс пікір ұнамсыз, ал қате болып шықса мазаққа ұшырайсың; ол нәрседен гөрі сенің қарабайыр ақылыңды масқара етеді; өзіңнің нашар талғамыңмен жалғыз қаласың. Жақсы нәрсе таппасаң, өз дәрменсіздігіңді жасыр, беталды айыптама, нашар талғам әдетте білмеушіліктен болады. Көпшілік айтқан нәрсе не бар, не болуы тиіс.
  6. МАРДЫМСЫЗ БІЛСЕҢ, БЕЛГІЛІ ПІКІРДІ ҰСТАН. Ақылды атанбасаң да, тиянақты адам саналасың. Білетінге өжеттеніп, ойына келгенін істеп көруге болады, ал аз біліммен тәуекелге бару жардан секіргенмен бірдей. Оң жақты ұстан, көпшілік салған таптаурын жол сені адастырмайды. Жалпы, бар жағдайда әдеттен тысқа қарағанда үйреншіктіні ұстанған абзал.
  7. СЫПАЙЫГЕРШІЛІКПЕН ЖАУАП БЕРЕТІНГЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ оны одан сайын борышты етеді. Сұраушы қанша сұрамасын, кең пейілді жарылқаушы тауып береді. Әдептілік беріп қана қоймай, міндеттейді, ал сыпайылық одан да үлкен міндеттемемен жауап береді. Адал адам үшін оған тегін бергеннен артық қымбат жоқ: екі есе бағасына екі рет берген сияқты болады. Рас, оңбағанға сыпайылық құр сандырақ, әдептілік тілі ол үшін түсініксіз.
  8. ӨЗІҢМЕН ІСТЕСТЕРДІҢ НИЕТІН ТҮСІНУ ҮШІН, ОЛАРДЫҢ МІНЕЗІН БІЛУ. Себепті білсең, салдарын түсінесің. Уайымшылдық әрқашан бақытсыздық, ал ғайбаттаушылдық жауыздық; оларға тек жамандық елестейді; жақсылықты қазір қабылдай алмайтын олар болашақта да жамандықты мадақтайды. Қызба адам нәрселердің шын мәнін бұрмалайтын тілде сөйлейді: онда ақыл емес, қызулық басым. Әркім де осы сияқты: әуестікке не көңіл күйге қарай шындықтың аулынан алыс жүреді. Бет әлпеттің өзгерісін тануды, сыртқы белгілері бойынша ішкі дүниесін оқи білуді үйрен. Үнемі күлегештік — ақымақтықтан, ешқашан күлмеушілік — ашудан болатынын айыра біл. Ұшқарылықтан, арсыздықтан қаш. Ұсқынсыздан жақсылық күтпе, мұндайларды табиғаттың өзі ренжітті, ол оларды құрметтемегені сияқты, олар да оны қадірлемейді. Ал, сұлулар неғұрлым көрікті болса, соғұрлым ақымақ келеді.
  9. ТАРТЫМДЫ БОЛУ — СЫПАЙЫЛЫҚ СИҚЫРЫ. Сенің әдептілігің пайдадан гөрі сезімнің немесе екеуінің де еліктіргіші болсын. Кейде ұнамсыздықты қолданбаса, тек жақсы қасиеттерің жеткіліксіз болады — сол ғана сені сүйікті етеді, ол — әміршілердің ең қуатты қаруы. Бәрінің сүйкімдісі болу — сәттілік, бірақ мұнда өзіңе өнермен де көмектесуге болады; табиғат сыйлаған ұлы қасиеттерге жасанды қасиеттер де жеңіл сіңісіп кетеді. Осылай берілгендік тудырасың, сөйтіп, бәрінің ықыласына бөленесің.
  10. ӘДЕПСІЗДІККЕ ДЕЙІН ЕМЕС, ӘДЕТТЕГІГЕ ДЕЙІН ТӨМЕН ТҮСУ. Өзіңді тәкаппар ұстама, төңірегіңе бәлсіне қарама, бұл сыпайылыққа қайшы. Бәрінің ықыласын аудару үшін, бәлсінуді азайтқан жөн. Кейде қарапайым, бірақ көргенділіктің ауқымында жүріп-тұрған дұрыс, өйткені бәріне естіртіп ақымақ аталғанды жасырын болса да парасатты ретінде құрметтемейді. Өмір бойы тірнектеп жинаған беделіңді ақымақтықпен өткізген бір күнде жоғалтуға болады. Сондай-ақ өзіңді аспаннан түскендей көрме: шамданған мінез көрсету — өзгелерді құрметтемеу; еркелікке ерік берме, оларды ерке жынысқа қалдыр; тіпті, рух еркелігінің өзі күлкіге лайық. Ер адам үшін ең лайықтысы еркек болу; әйелдің еркекке еліктеуіне болады, бірақ керісінше емес.
  11. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕРДІҢ КӨМЕГІНЕН ӨЗ МІНЕЗІН ЖАҢАРТУ. Әр жеті жыл сайын мінез өзгереді дейді, олай болса өзгеріс талғамның жақсарып, нәзіктенуінен көрінсін. Алғашқы жеті жылда бізге ақыл кіреді, әрі қарай да әр мерзімде жаңа кемелдік ене берсін. Бұл өзгерістерге өзің де жәрдем бер, алдағы өзгерістерден жақсылық күт. Көп адам өз мінезін жағдай өзгергенде немесе қызметі ауысқанда өзгертеді, ал мінезде бұл көзге ұрып тұрған кезде ғана белгілі болады. Адам жиырма жасында — тауыс, отызда — арыстан, қырықта — түйе, елуде — жылан, алпыста — ит, жетпісте — маймыл, сексенде — ешкім де емес.
  12. ӨЗІН КӨРСЕТЕ БІЛЕТІН АДАМ. Осыдан қасиеттердің жарқылы көрінеді. Әр қасиеттің өз уақыты бар: істің ретін пайдаланып қал, әр кез салтанат күні болмайды. Елеусіз қасиеті де жарқырай көрінетін, ал басты қасиеті таңдай қақтыратын адамдар болады. Өзін көрсете білу өнері көрнекті қасиеттермен ұштасқан кезде адам керемет болып көрінеді. Жылтырағанды жақсы көретін халықтар бар; испандықтар осы тұрғыда басқалардан асып түседі. Барлық жаратылған нәрсеге жарқырауы үшін жарық сыйлаған. Өзін көрсете білу дағдысы көп нәрсенің орнын толтырады, өтейді, бәріне екінші болмыс береді, бұл әсіресе, қабілеттеріңді көрсетуге мүмкіндік жасағанда көрінеді. Мүлтіксіз жетілгендікті бере отырып, Тәңірі бой көрсету дағдысын да көздеді — бірі бірінсіз көңілсіз болар еді. Ал өзін көрсете білудің өнері бар: тіпті ең тамаша да жағдайға байланысты және ол бірден байқалмайды; оны дер кезінде көрсетпеген қапы қалады. Бірақ жасандылық, бояма мұнда жүрмейді, өйткені ол даңғойлықты білдіреді, ал даңғойлық — жек көру туғызады. Бой көрсете отырып қарабайырлыққа ұрынбас үшін шаманы біл және бұл істе шектен шығушылық айыпталатынын ұмытпа. Кейде бұл өнер үнсіз шешендіктен, қайсыбір ерекшелікті аңдамай көрсету дағдысынан тұрады; парасатты ұстамдылық — мақтаудың неғұрлым ұнамды түрі; өзіңдегі қабілетті жасыра отырып, әуесқойлық тудырасың. Оның бәрін бірден көрсетпеу, аз-аздан біртіндеп ашу өте маңызды. Және бір қабілетің екінші, одан да үлкен қабілетіңнің кепілі болсын, мақтау одан кейінгілерге үміт туғызады.
  13. ТЫМ КӨЗГЕ ТҮСПЕУ. Көзге түссең болғаны, қасиеттерің кемшілікке айналады. Себебі, ерекше нәрсені әдетте айыптайды; жалғыз жалғызсырайды, тіпті ерекше әдемілік те жақсы ат әпермейді: көз тарта отырып, еңсені төмен тартады. Ал оғаштықтар мен ерсіліктердің кінәланатыны болса да белгілі. Бірақ кейбіреу кемшілігімен болса да атын шығарып қалғысы келеді. Тіпті көп білушілік те кейде мылжың ақымақтыққа дейін құлдырап кетеді.
  14. ҚАРСЫ БОЛҒАНҒА ӘРҚАШАН ҚАРСЫ КЕЛУГЕ ӘДЕТТЕНБЕУ. Қайшы келу не надандықтан, не қулықтан болғанын айыра білу керек, кейде бұл қыңырлық, кейде — мекерлік. Сонымен, өзің алғашқыға ұрынбаудан және соңғының құрбаны болудан сақтан. Әсіресе тыңшылардан абай бол: олардың баурап алатын қасиетіне өз ұстамдылығыңды қарсы қой.
  15. АБЫРОЙДЫҢ АДАМЫ. Ізгі мінездің күні өтті, міндеттемелер ескерілмейді, алғысты сирек кездестіресің; қызмет неғұрлым ынтамен жасалса, көтермеленуі соғұрлым төмен — осы жаңа дәстүр қазір кең тарап кетті. Жамандыққа бейім тұтас халықтар бар: біреуден опасыздық, екіншіден — тұрақсыздық, үшіншіден — алдамшылық күтесің. Басқалардың екіжүзділігі бізге еліктеу үшін емес, сақтық үшін қызмет етсін; ұнамсыз қылықтарды көре отырып, әділдіктің өзі азғындауы мүмкін. Бірақ абыройдың адамы басқаларға қарай отырып, өзінің кім екенін ешқашан ұмытпайды.
  16. АҚЫЛДЫЛАРДЫҢ МАҚҰЛДАУЫ. Көрнекті адамның салқын ғана “иә» деуі тобырдың мақтауынан ұнамды — ескінің сарқыны онша қуантпайды. Ақылдылар істі түсіне отырып пікір айтады, тек олардың мақтауы ғана ерекше қуанышқа бөлейді. Македон патшасы ақылды Антигон Зенонды өз даңқының театры деп атаған, Платон үшін оның бүкіл мектебін Аристотельдің бір өзі ауыстыра алған. Ал кейбіреуге қарны тойса болғаны. Тіпті әміршілердің өздері жаза білетін адамдарды қажет етеді және олардың қаламынан кейіпсіздің суретші қылқаламынан қорыққанынан бетер қауіптенеді.
  17. ҚАТЫСПАЙ ҚАЛУ кейде пайдалы — бұл қадіріңді арттырады, бағаңды көтереді. Қатысу даңқыңды азайтады, болмау — арттырады; жоқ кезінде арыстандай ардақталған жан, кездескенде көше мысығындай қадірсіз болады. Қасиеттер жақыннан солғын тартады, маңайдағылар рухтың өзегін емес, сыртқы қабығын ғана көреді. Қиял көруден жылдам және әдетте есту арқылы кіретін таңғажайып көз арқылы сыртқа шығады. Атағы дүркіреп тұрғанда кете білген, онысын сақтап қалады. Тіпті феникс те жарқырай түсу үшін күлге айналады: тілекті қоздыра отырып, қадірлеуді күшейтеді.
  18. ЕСТІ ОЙЛАП ТАПҚЫШ. Аздаған ессіздіктен ақыл қысқа болып қалмайды. Ойлап тапқыштық -дарындылардың, іріктеу -парасаттылардың еншісі. Ойлап тапқыштық та қасиет, тіпті сирек кездеседі, сәтті іріктеп алу көп адамның қолынан келеді, ал сәтті ойлап табу — таңдаулыларға ғана бұйырады; олар дарындылық бойынша да, уақыт жағынан да бірінші. Жаңа бәріне сүйкімді; ал сәтті болса, екі есе ұнамды. Пікірде жаңалық қауіпті, өйткені сонылыққа апарады, ал бұл талант жасампаздығында мақтауға тұрарлық нәрсе. Дегенмен, екі жағдайда да сәтті болып шықса, оны үлкен даңқ күтеді.
  19. БЕЙМАЗА БОЛМА, әйтпесе масқаралықтан арылмайсың. Сені қадірлесін десең, өзіңді құрметте. Өзіңді көрсету үшін ысырапшылдықтан гөрі сараңдық артық: өзіңді қалайтын, сені қуана қарсы алатын жерге бар; шақырмайынша келме және өтінгеннен бұрын кет. Тек өзін ойлайтын сәтсіздік кезде бар сөгісті өзі арқалайды, ал табысқа қол жеткенде алғыс естімейді. Жабысқақ адам — жазғырып-сөгудің тұрақты нысанасы; ол қалай ұятсыздықпен қыстырылса, оны да солай қысылмай айдап шығады.
  20. ӨЗГЕНІҢ БАҚЫТСЫЗДЫҒЫН ӨЗІҢЕ БОЙЛАТПАУ. Батпаққа батып жатқанды көргенде ең әуелі — қырсықта бірге болу үшін сені де сонда тартатынын ұмытпа. Мұндайлар бақытсыздықты бөлісетін адам іздейді — табыстан табысқа жетіп жүрген кезде арқасын көрсеткен олар енді қолдарын созады. Оны да құтқарып, өзің де суға кетпес үшін батып бара жатқан адаммен ерекше сақ бол.
  21. ӨЗІҢДІ МІНДЕТТЕМЕЛЕРМЕН ШЫРМАМА — бәрінің құлы боласың. Біреулер басқаларға қарағанда бақыттырақ болып туылды, бұларға жақсылық жасау, өзгелерге — оны қабылдау жазылған. Еркіндік бәрінен қымбат және оны жоғалтып алу да ең жеңілі. Өзің біреуге тәуелді болғаннан, саған басқалардың ісі түскені жақсы. Биліктің бір ғана артықшылығы бар — ол көп адамға жақсылық жасауға мүмкіндік береді. Бастысы, өзіңді мәжбүр еткенді қайырымдылыққа санама, көп жағдайда бұл сені шырмау үшін зұлымдық құрған міндеттеме болып шығады.
  22. ЕШҚАШАН ҚЫЗБАЛЫҚПЕН ІС ЖАСАМА — әйтпесе бәрін керісінше істейсің. Ашуланған кезде өзіңе ие бола алмайсың, қызбалық ақылға бой бермейді. Сондықтан оны парасатың ауыстырсын: көрермендер ойыншыға қарағанда көбірек көреді, олар қызбаланбайды. Ашуға бой алдыра бастағанда парасатың қол ұшын берсін, әйтпесе қылығың насырға шабады, бір сағаттың ішінде өзің өмір бойы өкініп, жұрт жазғыратын іс жасайсың.
  23. ЖАҒДАЙҒА БЕЙІМДЕЛУ. Басқаруда, пікір айтуда — бәрі орынды болуы тиіс; шамаң келгенді қала; тиісті уақыт пен кезең ешкімді күтпейді. Әрекетте кертартпалыққа салынба, ізгілік жолын ұстан, ал тілекте ешқашан астамшылық танытпа, бүгін қарағың да келмейтін судан ертең шөліңді қандыруың мүмкін. Жөнсіз талап қоятын ақымақтар бар, олар жағдайдың өзінің қолайына бейімделуін қалайды. Ал ақылды адам саналылықтың мәні жағдаймен санасуда екенін біледі.
  24. АДАМНЫҢ АТЫНА ЕҢ НҰҚСАН КЕЛТІРЕТІН НӘРСЕ, бұл оның небәрі адам екенін көрсетуі; жұрт оның адамдық әлсіздігіне көзі жеткен кезде барлық құдайшылық кереметтің күні бітеді. Ұшқарылық -жақсы аттың қас дұшпаны. Парасатты адам жай адамнан озық тұратыны сияқты, ұшқары — қатардағы адамға жетпей тұрады. Бар кемшіліктердің ішіндегі ең сенімнен айыратыны жеңілтектік, өйткені ол байыптылықты болдырмайды. Ұшқалақ адам тиянақты бола алмайды, тіпті бұған есейіп, ақыл тоқтату керек болған кезде де қолы жетпейді. Бұл — алған кемшіліктердің ішіндегі ең жек көруге лайығы.
  25. ҚҰРМЕТ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАПҚАН АДАМ БАҚЫТТЫ. Қадірлеу үшін, тым жақсы көрмеуі тиіс. Сүйіспеншілік жек көруден батылырақ; іші-бауыры елжіреушілік пен құрмет онша сыйыспайды. Сондықтан қатты қорқынышты да, үлкен сүйіспеншілікті де тудырып қажет жоқ. Сүйіспеншілік ағайыншылыққа апарады және ол неғұрлым көп болса, құрмет те соғұрлым аз. Жүректен гөрі, ақылдан келетін махаббатты ізде, ол лайықтырақ.
  26. СЫНАП КӨРУ. Басқаның ақылын түсіну үшін жеткілікті ақыл керек, ақылдының көрегендігі мұнда жасырындықтың ұстамдылығымен сайысқа түседі. Шөптер мен тастарға қарағанда адамдардың түрлері мен қасиеттерін ұғына білген маңыздырақ. Бұл тұрмыстағы ең бір нәзік өнердің бірі; металдың қасиеті шығарған зыңылынан білінеді, адам айтқан сөзінен танылады. Адалдық сөйлеген сөзден, ең алдымен — істеген істен байқалады. Мұнда тиянақты назар аудару, қажымас бақылау, сезімталдық, парасат керек.
  27. АДАМДЫҚ БОЛМЫС ДӘРЕЖЕДЕН БИІК ТҰРСЫН. Қызмет қанша жоғары болғанмен, жеке бастың қасиеті одан биік тұратынын көрсет. Рухани бай адамды әрбір жаңа іс жетілдіріп, оның басқа қасиеттерін ашып отырады. Жасық адамның ғана ісі бастан асып жатады және, ақыр соңында, оның ісі сәтсіздікке ұшырайды. Ұлы Август өзінің монархтан гөрі адам екенін мақтан еткен. Бұл үшін жанның жайсаңдығы мен өзіне сенімділік керек.
  28. ЖЕТІЛУ ТУРАЛЫ. Ол сыртқы көрікте, әсіресе, мінезде жарқырай көрінеді. Материалдық таразы алтынның бағасын, ал адамгершілік безбен — кісінің құнын көрсетеді: ол бойдағы қасиетке көрік бере отырып, құрмет туғызады. Адамның сымбаты — жан қақпасы; байсалдылық — салмақты сенімділік: сөзде ақылшы, істе үлгілі. Жетілу нағыз адамға ғана тән, ол неғұрлым жетілген болса, соғұрлым биік тұлғалы; балалық шақтан шығып, ол маңыздылық пен беделге ие болады.
  29. ПІКІР АЙТУДАҒЫ САЛИҚАЛЫҚ. Әркім өз пайдасына қарай пікір айтады және өз пікірінің дұрыстығына дәлелдер келтіріп бағады. Көпшіліктің пікірі бір жақты болып келеді. Екі адам келіспей қалса, әркім шындық өз жағында деп ойлайды, бірақ ақыл ешқашан екіжүзді болған емес. Ақылың жауапты мәселелерде жақсылап ойланып алсын — мүмкін өзіңе байқап қарау басқаның пікірін бағалауды түзейтін шығар. Өзіңді қарсыласыңның орнына қойып, оның дәлелдерін түсініп көр — сонда, бәлкім, оны да кінәламайтын шығарсың, өзіңді де ақтап алмассың.
  30. ӘБІГЕР ЕМЕС, ІСКЕР БОЛУ. Іскерлік қасиеттен жұрдайлар, керісінше, өте іскер болып көрінеді. Түймедейді түйедей етіп, асқан бір маңыздылықпен жасайды — құтты мақтау жұтқыш хамелеон сияқты, содан да болар, жұртқа мазақ болып жүреді. Даңғой әбігершілік әрқашан ұнамсыз, әсіресе істерде күлкілі. Құрметтеу қиқымдарын теріп алатын бұл құмырсқалар ерлік даңқынан дәметеді. Жоғары қасиеттеріңді мақтан етпе; ісіңді қанағат тұт, мақтауды басқалардың еншісіне қалдыр. Іс-әрекетті тегін жаса, сатпа. Өзінің түкке тұрғысыздығын көкке көтеру үшін алтын қалам жалдағаннан өткен ақымақтық жоқ, бұл лайықтыларды қапаландырады. Батыр болып көріну емес, батыр болу керек.
  31. ҰЛЫ ҚАСИЕТТЕРДІҢ АДАМЫ. Ұлы қасиеттер ұлы адамдарды тудырады: мұндай бір қасиет көптеген орташа қасиетке тең. Біреу өзіндегінің бәрі, тіпті күнделікті заттарының да үлкен болғанын қалапты*; ұлы адамның өз рухы үшін осындайды тілеуі қаншалықты лайықты болатынын түсінікті. Құдайдағының бәрі шексіз, бәрі түпсіз, ал адамның бар ісі мен сөзі орасан зор болуы мүмкін, ол үшін бар жағынан ұлы болуы тиіс.

/*Сөз Испанияның королі Филипп ІІ (1555-1598) туралы болып отыр/.

  1. ӘРҚАШАН ӨЗІҢЕ ҚАРАП ТҰРҒАНДАЙ ҚЫЛЫҚ ЖАСАУ. Абайлағыш адам өзін сырттан бақылап тұрғандай қимылдайды. Ол төрт қабырғаның құлағы бар екенін, жамандық сыртқа ұмтылатынын біледі. Тіпті ол оңаша қалған кезде де өзіне бүкіл әлем көз тігіп тұрғандай қылықтар жасайды, өйткені бәрі соңынан әйгілі болатынын түсінеді: қазірдің өзінде куәлерді кейіннен болуы мүмкіндердің арасынан көреді. Барлығы өзін көруін қалаған адам* өзін басқалардың сырттан бақылай алатынынан қорыққан жоқ.

/*Римнің Халық трибуны Марк Ливий Друз айтқан тілек; оған сәулетші ішінде не болып жатқанын ешкім де білмейтін үй салып берейін деп ұсыныс жасайды. Сонда Друз: «Мен істеген нәрселердің бәрін басқалар көре алатындай үй салып бер» деп қарсылық жасапты (Патеркул, Рим тарихы; Плутарх, Мемлекеттік істермен айналысушыларға өсиет)/.

  1. ҮШ ҚАСИЕТ АДАМДЫ КЕРЕМЕТ ЕТЕДІ — БҰЛАР ҰЛЫ ЖОМАРТТЫҚТЫҢ ЖОҒАРҒЫ СЫЙЛАРЫ: жемісті дарын, сұңғыла ақыл және нәзік талғам. Жақсы ойлап табу ұлы артықшылық, әбден ойластырып алу — одан да артық. Бұған жақсыны бағалай білуді қосу керек. Дарын омыртқада болмайды, әйтпесе ол өткір ойдан гөрі ыждағатқа көбірек ұқсар еді; дұрыс пікір — парасаттың жемісі. Жиырма жаста сезім, отызда — дарын, қырықта — ақыл басым болады. Сілеусіннің көзі сияқты сәуле төгіп тұратын ақылдар бар түн неғұрлым қараңғы болса, олар соғұрлым жарқырайды; әрқашан ең қолайлыны табатын бақыттылар болады мұндайларға көп нәрсені жақсы жасаудың сәті түседі: бұл жемісті еңбек етуді сыйлайтын бақытты қасиет. Ал жақсы талғам адамның бүкіл өміріне көрік береді.
  2. АҢСАУЛЫ КҮЙДЕ ҚАЛДЫРУ. Кеберсіген ерін су тамызуды сұрайды. Тілек — құндылықтың өлшемі. Жақсы талғам дененің шөлін қандыруға емес, қоздыруға кеңес береді; жақсы нәрсенің аз болуы — екі есе жақсы. Екінші рет бәрі нашар сияқты көрінеді. Тойғандық, жалыққандық сүйсініп, ғанибет сезіміне бөленуге зиян келтіреді, тіпті ғасырлар таныған ұлылықты сұрықсыз етеді. Ұнамды болудың дұрыс тәсілі, аштықтан туған тәбетті дер кезінде байқап, оны тойындырмау. Оның шеңбірек атып тойынғанынан, шыдамсыз тілекпен қозғаны жақсы: азап көріп барып жеткен рахат екі есе тәтті болады.
  3. ӘУЛИЕЛІК — КИЕЛІ СӨЗ. Осы арқылы бар нәрсе айтылып тұр. Ізгілік — бүкіл мүлтіксіз кемелдіктің өзегі, бар қуаныштың түйіні. Ол адамды парасатты, ілтипатты, кемеңгер, батыр, абайлағыш, әділ, бақытты, мақтауға лайықты, шынайы және әмбебап етеді. Бақыт үш нәрсе сыйлайды: әулиелік, денсаулық, даналық. Ізгілік — біздің ішкі әлеміміздің күні, оның аспаны — таза ар-ождан құдай мен адамдардың сүйіспеншілігіне бөленді. Ізгіліктен сүйкімді, кемшіліктен жиренішті ештеңе жоқ. Ізгілік қана шынайы, қалғанының бәрі жасанды. Тереңдік пен ұлылық тағдырмен емес, ізгілікпен өлшенеді. Адам тірі кезінде, оны сүйеді, өлсе — есінде сақтайды.

«Ақыл қалтаның» түбіне жеттік, немесе «Парасат сабағы» тәмәмдалды.

Орыс тіліндегі «Карманный оракул» кітабынан тәржімеленді.

XI. 1997 – III. 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *