МЫРЗАГЕЛДІ КЕМЕЛ

  1. ІС ЕМЕСТІ ІС КӨРМЕУ. Біреулер бәрін әзілге бұрады, біреулер -айналдырады: барлығын маңызды түрмен талқылайды, әрбір болмашы нәрсе оларды мазалайды, тұс-тұстан арам ойлар мен қастық елестейді. Ал іс жүзінде кез келген жолы болмаушылықтан мағына іздеу — мәнісі жоқ іс. Бойдан серпіп тастайтын нәрсені көңілге алу өзіңді қинайды. Маңызды көрінетін нәрсе сырт айналсаң болғаны, түкке тұрғысыз болып шыға келеді; керісінше, кейбір елеусіз жай назарға қатты іліксе түймедейден түйедей болады. Қырсықпен алғашында күресу жеңіл; соңынан — қиын. Аурудың өзі кейде шипа болады. Бәрін нәрселердің өз жөніне жіберу -тұрмыстағы тәуір ереженің бірі.
  2. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕРДЕГІ ҰЛЫЛЫҚ. Олар сен қайда барсаң да құрметті орынға отырғызып, басқаларға әсер туғызады. Ол бәрінен көрінеді — әңгімеден, құлшылық қылудан, тіпті жүріс-тұрыстан, көзқарастан және, әрине, тілектен сезіледі. Жүректерді баурап алу — ұлы жеңіс! Оған көзсіз ерлікпен де, қалжыңбастықпен де жете алмайсың — оған тек адамгершіліктен туып, қасиеттерге сүйенетін сыпайы сенімділік жеткізеді.
  3. ЖАСАНДЫ МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫ ҚАБЫЛДАМАЙТЫН АДАМ. Адамда қасиет неғұрлым көп болса, онда жасандылық соғұрлым аз болады. Оның бір өзі бәріне тұрпайылық береді. Ол маңайдағыларға ғана емес, даңғойға да ауыр тиеді, ол өз қылықтарынан, жасанды салтанаттың ұсақ-түйегінен азап көреді. Тіпті жоғары қасиеттер де көпірмеліктен зардап шегеді, бұл жағдайда оларды бояма ретінде қабылдайды. Табиғилық әрқашан жасандылықтан ұнамды. Даңғой адамдарды олар өршелене түсіндірген саласында да ешкім білгір деп есептемейді. Ісің өрге домалаған сайын, өз еңбектерің жөнінде азырақ айт, бұл жетілгендікке табиғилықпен қол жеткенді көрсетеді. Дегенмен, бояма маңыздылықтан қаша отырып, жасанды қарапайымдылық танытпа. Парасатты адам өз қасиеттерін білетін түр көрсетпейді — оның селқостығының өзі маңайдағылардың назарын аударады. Бойына бар қасиеттерді жинай отырып, олар туралы тіс жармайтын адам екі есе ұлы; ол өзін көптің жаппай мойындауына өзгеше жолмен жетеді.
  4. ҚАЛАУЛЫ БОЛУ. Бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленген адамдар сирек, ал тек парасатты кісілердің сүйіктісі болу — бұл да бақыт. Күнің бітуге жақындағанда, сені салқын шығарып салады. Ықыласқа ие болудың түрлі тәсілдері бар: сенімдісі — істерің мен қасиеттеріңмен көзге түсу, жеделі — жағыну. Өз орнына лайық адамға әрқашан сұраныс бар және ол қызметті керек қылғаннан, қызмет оны керек еткенін бәрі көреді: біреуге отырған орны көрік береді, біреу отырған орнын көріктендіреді. Егер сенен кейін орныңа ақымақ келіп, бағаңды көтерсе — ол жұбаныш емес; бұл сені ұнатқандықты емес, басқаны жек көргендікті білдіреді.
  5. ЖАСЫЛ КІТАП БОЛМАУ*. Өзгенің кемшілігін ерекше байқай бастау — өз құлдырауыңның айқын белгісі. Басқаларға дақ түсіре отырып, көп адам өзіндегі күйені кетіре алмаса да жасыруға тырысады. Олар осыны көңілге медеу етеді, бірақ бұл ақымақтардың жұбанышы. Олардың аузы сасық, өйткені олар қоғам былғаныштарын жинайтын ор сияқты. Оны қазбалаған әуелі өзін былғайды. Өтірік-шын болсын әркімнен кір табуға болады: тек бейтаныс адамдардың кемшіліктері ғана белгісіз. Ақылды өзгелердің күнәсін тізуден сақтанады, әйтпесе өз жанын тірідей көметінін біледі.

/*Жасыл кітап деп христиандыққа жақында көшкен маврлар мен еврейлердің генеалогиялық жазбасы айтылған, онда атақты әулеттердің өткені мен жарамсыз жақтары да тізбеленген/.

  1. АҚЫМАҚТЫҚ ІСТЕГЕН АҚЫМАҚ ЕМЕС, ОНЫ ІСТЕП АЛЫП, ЖАСЫРМАҒАН АҚЫМАҚ. Өз құштарлықтарыңды, әсіресе әлсіздіктеріңді құпияда ұста. Бәрі қателеседі, бірақ айырма мынада: қулар істеген ісінен жалтарып кетеді, ал ақымақтар жасамаған ісіне мақтанады. Жақсы атты болу мінез-құлықтан гөрі үнсіздікке байланысты; күнәлі екенсің, тым болмаса сақ бол. Ұлы адамдардың қателіктерін аспан шырақтарының тұтылуы сияқты бәрі байқайды. Өз қателіктеріңді досыңа да ашпа және мүмкін болса оларды өзің де білме. Мұнда көбірек ұмыту сияқты күнделікті тұрмыс ережесі де жарайды.
  2. БАРЛЫҒЫНДА ЕРКІН БОЛУШЫЛЫҚ. Ол абыройды көтереді, сөзге дем береді, істі жандандырады, адамдағы бар жақсыны көріктендіреді. Басқа қасиеттер — бойдың көркі, ал қысылып-қымтырылмаушылық — осы қасиеттердің сәні; тіпті ой жүгіртуде де оны жоғары бағалайды. Негізінен бұл қасиет туа бітеді, ынта-ықыласпен қол жеткізу қиын, өйткені ол бар ережеден биік тұрады. Ол бар нәрседен жеңіл өтеді және ішкі еркіндікті білдіреді. Онсыз сұлулық солғын тартады, сүйкімділікте күш болмайды, ол айбыны, ақылға, даналыққа, тіпті патша ұлылығына тән. Ол қабыл алмауға жағымдылық береді, кез келген қиындықтан жеңіл шығады.
  3. РУХ БИІКТІГІ. Қаhарманның негізгі белгілерінің бірі, өйткені ол ұлылықты бәріне ғашық еткізеді: талғамға нәзіктік, жүрекке кеңдік, ойға шарықтау, мінезге ізгілік береді және кісіні ұлылыққа бейімдейді. Оны қайда болмасын бірден байқайсың; тіпті күншіл тағдыр қудалағанның өзінде ол жоғары өрлейді, мүмкіндігі шектеулі болса да тілектері биік келеді. Ол — кең пейілдіктің, ізгіліктің және бар қаhармандықтың жұрт таныған бастауы.
  4. ЕШҚАШАН ШАҒЫМДАНБАУ. Шағымдану әрқашан зиянын тигізеді; ол аяушылық сезімін оятқаннан бұрын ашу тудырады; ол басқа осындай жәбірге апарар жолды көрсетеді және алғашқы жәбірді білгені екінші жәбірелеуші үшін ақталу болады. Біреулер өздерінің өткенде көрген жәбір-жапасын айтамын деп табалауға ұшырайды, тіпті, жек көру туғызады. Одан да басқалардың қолтығына су бүрку ниетімен біреулердің ісін мақтау немесе өзгелерге түрткі болу үшін біреулердің сыпайылығы туралы айту ақылға қонымды. Абайлағыш адам өзінің көрген жәбірлері мен жіберген кемшіліктерін айтпайды, бірақ достарын сақтап, жауларын тежеп отыру үшін құлаққа жағымды сөздерді айтуды ұмытпайды.
  5. ІСТЕГЕН ІСІҢДІ КӨРСЕТЕ БІЛУ. Әдетте ішіне үңіліп жатпайды, сыртына қарап бағалайды. Қасиеттерің болып, оларды көрсете білу -абырой: көрінбей тұрған нәрсе жоқ нәрсе сияқты. Түрі келіспей тұрса ақылдың өзі құрмет көрмейді. Өйткені көрегендерге қарағанда алданып қалатындар әлдеқайда көп; алдану басым, бар нәрсе туралы сыртқы бейнесі арқылы ой түйеді және көбі іс жүзінде ойлағандай емес. Келісті пішін — ішкі қасиеттеріңнің көрінісі болсын.
  6. МІНЕЗ СҰЛУЛЫҒЫ. Жанның да өз әсемдігі бар, оның кербездігі — істелген қылықтың тартымдылығы жүректі рахатқа бөлейді. Ол жұрттың бәріне берілмеген, бұл рухтың ұлылығына байланысты. Оның алғашқы белгісі — жауы туралы жақсы пікір айту. Ол әсіресе кек алуды күткен жағдайда жарқырай көрінеді: кек қайтармақ былай тұрсын, бәрі жақсылықпен бітеді — енді өш алады дегенде, кенет ақ көңілдікпен қайран қалдырады. Ол саясатта да пайдалы, тіпті мемлекеттік резонға көрік береді. Мақтануды білмейтін ол, еңбек сіңіріп жеткен жеңісін аңқылдақтығымен жасырады.
  7. ТОЛҒАНЫП АЛУ. Істің алдында ойланып алған әрқашан сенімділік береді, әсіресе бұл табысқа жетері белгісіз істе маңызды. Не бас тарту үшін, не бір тоқтамға келу үшін уақытты соз, мүмкін басыңа өз шешіміңнің пайдасына жаңа дәлелдер келер. Егер мәселе беру туралы болса, ұзақ тілегенді көбірек бағалайтынын ұмытпа. Егер қабыл алмау керек болса, онда жоқтың күйінішін жұмсарту жайлы ойла; әрі тілектің қызуы өткен соң, сұраушы басылып, бас тартқанға онша қапаланбайды. Тез беруді сұрағанға асықпай бер: үмітін суытасың.
  8. ЖАЛҒЫЗДЫҚТА АҚЫЛДЫ БОЛҒАНША, КӨППЕН БІРГЕ АҚЫМАҚ БОЛҒАН АРТЫҚ, — дейді кәнігі адамдар. Бәрі ессіз болғандықтан, ешкім жазғырмайды. Ал жалғыз ақылдыны ағысқа қарсы жүзгені үшін есуас дейді. Кейде білмеген не білмеген сияқты болып көріну құтқарады. Адамдармен бірге өмір сүруге тура келеді, ал олардың көпшілігі надандар. Жалғызілік тірлік ету үшін не Құдайға, не малға ұқсау керек. Мен бұл нақылды өзгертіп, былай дер едім: “Жалғыздықта ақымақ болғанша, көппен бірге ақылды болған артық». Кейбіреуге өзінің ерсіліктерінде жалғыз болған ұнайды.
  9. ӨМІРДЕГІ СҮЙЕНІШТЕРДІ КӨБЕЙТУ — өмірді еселейді. Бір ғана қамқоршың болмасын, өзіңді ешқашан жалғыз нәрсемен шектеме: бәрі, әсіресе, пайданың, рахаттың, қайырымдылықтың көздері қос-қостан болсын. Бәріне тұрақсыздықтың символы айдың өзгергіштігі әсер етеді, бұл опасыз адам еркіне байланысты істерге өте-мөте қатысты. Тұрақсыздыққа қарсы қор жинаушылық көмектеседі: игілік пен жайлылықтың қос бастауы болсын деген тұрмыстың маңызды ережесін ұмытпа. Табиғат біздің денеміздің зақымдануы жеңіл және неғұрлым керекті мүшелерін қос-қостан жаратқаны сияқты, ақылды адам да өз жақтаушыларын біреумен шектемейді.
  10. ҚАЙШЫЛЫҚ РУХЫН КӨРСЕТПЕ — ақымақ және жылауық атанасың. Оған ақылды қарсы қой. Әрине, егер тауып айта білсең, қарсы тұруға болады, бірақ қыңырлық әрқашан жөнсіз. Үнемі айтысатындар ұнамды әңгімені жанжалға айналдырады, олар басқаларға қарағанда өз жақындарына жау: балық етіндегі қылтанақтар сияқты. Осы бір қаскүнем ақымақтарда топастық долылықпен ұштасып жатады.
  11. НӘРСЕНІ ҰҒЫН: кез келген істе бірден мәнін аңғару керек. Көп нәрсе жеміссіз данасынудың бұтағымен немесе қажытатын көп сөзділіктің сабағымен ағып кетеді және мағынаға жетпейді, болмаса бір нүктенің маңында шаршатып жүріп алады, бірақ ең маңыздыға жақындай алмайды. Себеп біреу — ақылдағы бұлдырлық дұрыс жолға түсірмейді. Сөйтіп, уақыт пен төзім елеусіз нәрсеге жұмсалып, басты мәселеге келгенде жетпей қалады.
  12. ДАНА ӨЗІН-ӨЗІ ЖЕТЕЛЕЙДІ. Оның бар қасиеті — өзі, ол бәрін өз бойына сіңірген. Егер әмбебап дос Рим мен дүниені алмастыра алса, онда өзіңе өзің осындай дос бол — сонда сен жалғыздықта өмір сүре аласың. Көзқарас пен талғамда ешкімге еліктемейтін саған тағы кім керек? Сен тек өзіңе тәуелдісің, ал бұл жағынан Жоғарғы Иеге ұқсау — зор шаттық. Кім осылай бір өзі өмір сүре алса, сол малға мүлде ұқсамайды, көп жағынан -данаға, және бар тұрғыдан Құдайға ұқсайды.
  13. АРАЛАСПАУ ӨНЕРІ. Әсіресе мұны қоғамдық немесе жанұялық теңіз алай-түлей болғанда ұстану керек. Адамдар арасындағы қатынастарда да қызбалықтың құйындары көтеріліп, дауылдары соғып тұрады; мұндай кезде қойнауда күткен дұрыс. Сырқат кейде дәріден асқынып кетеді; мұнда табиғаттың еркіне, анда — адамгершіліктің билігіне берген жөн; ақылды дәрігер дәріні жазып беруді емес, онсыз қалай амалдауға болатынын ойлайды. Тұрмыстағы ауа-райының қолайсыздығында ақылға қонымдысы дауылдың басылуын күту; қазір шегінсең, кейін жеңесің. Жылға желден де лайланады және су сенің араласуыңсыз тұнады. Шым-шытырықты өз еркіне жібергеннен артық айла жоқ, бәрі ұзамай қалпына келеді.
  14. ӨЗІҢНІҢ АУЫР КҮНІҢДІ БІЛУ, оның болатынын ұмытпау маңызды. Бұл күні ештеңенің сәті түспейді, ойынды қалай өзгертсең де қорытынды бір — сәтсіздік. Мұндай күнді екі жүрісте байқап, шегіне білу керек. Тіпті, ақылдың да өз уақыты бар, ешкім де ұдайы ақылды болған емес. Қолайлы сағатта жақсы ойланасың әрі хатты да сәтті жазасың. Әр қасиеттің өз уақыты бар, сұлулықтың өзі үнемі қадірлі бола бермейді. Парасат та кейде өзіне ұқсамайды — бірде биік, бірде төмен; әр істің өз күні бар. Бір күндері ештеңенің реті келмейді, ал бір күндері бәрінің сәті түседі: ақыл айқын, көңіл-күй жоғары, жұлдызың жарқырап тұр. Онда ұста оны, сәтіңді құр жіберме. Бірақ есті адам бір жағдайға бола күнді сәтсіз не қолайлы деп бөлмейді, сәтсіздіктен соң табыс, сәттіліктен кейін жамандық келуі мүмкін.
  15. БАРЛЫҒЫНДА ЖАҚСЫҒА ДЕЙІН ЖЕТУ — жақсы талғамның бақытты еншісі. Бал іздеген ара тәттіні қалай тез тапса, жылан да өз уы үшін зәhарға солай жылдам кездеседі. Адамдардың да талғамы осындай -бірі жақсыға, бірі нашарға ұмтылады. Бір тәуір нәрсе шықпайтын заттар жоқ, әсіресе ойдың жемісі — кітапта жақсы нәрселер баршылық. Кейбір адамдардың бір жаман қасиеті, мыңдаған абыройдан бір қателік тауып алса, даттап-қаралап ала жөнеледі; пікірлерде тек жамандықтарды жинайтындар ақымақтық туралы ғана түсінік береді — бұл олардың жамандықты іріктеп алғаны, ақылға лайықсыз іспен айналысқаны үшін берілетін жаза. Олардың өмірі қайғылы, зәhар ішіп, көр-жерді қорек етеді. Мұның жанында мыңдаған кемшіліктердің ішінен жалғыз сәттілікті аспаннан түскендей бірден тауып алатын талғам әлдеқайда бақытты.
  16. ТЕК ӨЗІҢДІ ҒАНА ТЫҢДАМАУ. Егер басқаға ұнамасаң, өзіңе ұнағаннан не пайда, менменсу әдетте бәрінің жек көруімен жазаланады. Өзіңе қызығып қарасаң — өзгелерге сүйкімсізсің. Тек өзіңді айту және тыңдау — сүйкімсіздік; егер өзіңмен өзің әңгімелесу ақымақтық болса, онда басқалармен сөйлескенде тек өзіңді тыңдау — есуастық. Маңғаз адамдарда “Мен дұрыс айттым ба?» немесе “Солай ғой?» деп қазбалайтын нашар әдет болады; олар әр сөзінен соң мақұлдауды немесе жағынуды сығып алады, оларға ешбір шыдамдылық жетпейді. Дүрдиген даңғойлар әрбір бос сөзіне қатты жаңғырықты талап етеді, сондықтан да әр сөзі “керемет айтты» деген ақымақ қолдауды қажетсінеді.
  17. ҚАРСЫЛАСЫҢ СЕНЕН ОЗЫП ТӘУІРДІ ТАҢДАП АЛҒАНЫ ҮШІН, қыңырлықпен нашарға ұмтылмау. Бұл жағдайда көп ұзамай жеңілесің және масқара болып шегінуге тура келеді. Ұстаған бағытың бұрыс болғандықтан да саған сәттілікті көру жоқ. Қарсыласың айлалы болып шықты, ол тәуір жағдайға ерте қол жеткізді, ал кешігіп қалған сенің оған қарсы нашар шептен қозғалуың ақымақтық. Сөздегі қыңырлықтан істегі қыңырлық жаман — іс сөзден қауіптірек. Қырсықтардың ақымақтығы: қарсы келуге құмар болып, шындықты көрмейді, дауласуды аңсаймын деп, пайданы байқамайды. Парасатты адам әрқашан қызбалықтың емес, ақылдың жетегінде болады, ол мұнда не бірінші болып ұмтылады, не соңынан қателігін түзейді. Егер қарсылас ақымақ болса, мұны көріп ол да орнын өзгертеді, қарсы жаққа көшеді, сөйтіп өз жағдайын нашарлатады. Ақымақты жақсыдан бездіру үшін, өзің сонда бекінуің керек: қарсыласты ақымақтық бұл жерден айдап шығарып, қырсықтығы оны құртады.
  18. ДӨРЕКІЛІКТЕН ҚАШЫП, СОНЫЛЫҚҚА ТҮСПЕУ. Екеуі де ұятқа қалдырады. Ақылың сынайтын әрбір іс — жөнсіз іс. Ерекше сонылық — бұл белгілі бір дәрежеде өзіңді өзің алдау, рас, әуелі бастаманың сонылығы еліктіретіндіктен ұнамды көрінеді, бірақ соңынан ештеңе шықпай, көзің ашылғанда қатты қынжылтады. Бұл әзәзілдік сияқты, ал саясат істерінде мемлекетке зиян тигізеді. Ізгіліктің ұлы жолына түсе алмай не батылы бармай, ақымақтарды сұқтандырып сонылық соқпағына бұрғандар өздерінің сәтсіздіктерімен парасатты адамдардың әділдігін дәлелдейді. Мұндай шешімдерде өз бетімен кетушілік басым, олар дұрыс ойлаушылықтан алыс. Егер кейде олардың негізі жалған болмаса да, сенімді емес, және іс неғұрлым маңызды болса, оның күйреу қаупі де соғұрлым жоғары.
  19. ӨЗГЕНІҢ ҮЛГІСІНДЕ БАСТАП, ӨЗ МӘНЕРІҢДЕ АЯҚТАУ. Бұл табыс кілті; тіпті христиандықтың оқытушылары құдай ілімдерінде осы қасиетті амалды мақұлдайды. Мұнда жасандылық танытып, өзгенің еркін баурап алған маңызды: олар өзінің ниеттерінің соңынан жүрген сияқты көрінеді, ал іс барысы оны басқа мақсатқа алып келеді. Асығыс бастап, милауытқа батып қалма. Бірінші сөзі әрқашан “жоқтан» басталатын адамдар қиындықтан қорықпас үшін, шын мақсатты жасыр; мұны әсіресе осы мақсат оларға ұнамсыз болғанда ұстану керек. Бұл кеңес арам ниеттер үшін пайдаланылмауы тиіс.
  20. ЖАНДЫ ЖЕРІҢДІ ЖАСЫР, ӘЙТПЕСЕ СОЛ ТҰСТАН СОҚҚЫ АЛАСЫҢ. Оны айтып шағымданба, өйткені қастық жанды жеріңді нысанаға алатын болады. Жанды жеріңді қасығанмен ол кете қоймас, мұнымен тек жауларыңның айызын қандырасың. Қаскөй ниет әлсіз тұсыңды тіміскілеп жүреді. Ақылды өз сырқатын көрсетпейді, өйткені Бақыттың өзі ең жанды жерден соққы береді, ол жер неғұрлым сезімтал болса, соққы да соғұрлым ауыр тиеді. Сонымен, ауру жеріңді де, көңіліңді көтеретін нәрсеңді де жариялама; сонда алғашқысы тез жазылады, соңғысы ұзаққа созылады.
  21. ІШКЕ ҮҢІЛУ. Көп нәрсенің сырты ішіне сай келмейді; сондықтан сырты бүтіннің іші түтін болып шыққанда қуаныш торығуға ауысады. Жалғандық өзінің тұрпайы айқайымен ақымақтарды еліктіре отырып, әрдайым алдымен келеді. Кейіннен Уақыттың соңынан ілбіп Шындық та жетеді; ақылдылар оған біздің табиғат анамыз даналықпен жұп күйінде берген сезім органдарының жартысын сақтайды*. Жалғандық әрқашан беткі жақта болатындықтан, оған аңғалдар алдымен кездеседі. Нағыз Мағына өзін ақылдылар тиісінше бағалау үшін тұйық келеді.

/*Аңыз бойынша Александр Македонский дауласушыларды тыңдау кезінде алғашқының дәлелдерін бір құлағын жауып тыңдап, екінші құлағын оның қарсыластарының дәлелдеріне сақтаған екен/.

  1. ТӘКАППАР БОЛМАУ. Кеңес мүлдем қажет болмайтын мүлтіксіз кемел адам жоқ. Ешкімге құлақ салмайтын кісі — түзелмейтін ақымақ. Маңдайың кере қарыс болса да, достық кеңесті тыңдай біл; тіпті жоғары мәртебелілерге де үйрену ұят емес. Адамдардың көбіне түзелмейтін себебі — менменшіл. Мүлтіксіз адамның өзіне достық көмек келетін есікті ашық ұстаған жарасады; ол әрқашан өзін ақылға шақыратын немесе тіпті ұрсып алатын досына уақыт табады; оның тілектестігі мен досының ақылы және берілгендігі туралы жоғары пікірі кеңес айтушы досына сенімділік береді. Бірақ құрмет пен сенімді ешбір талғамсыз көрсете берме, сырласыңның парасатты пікірі мен берген кеңестері үшін ризашылығыңды көңіл түкпірінде құпия ұста.
  2. ӘҢГІМЕЛЕСУ ӨНЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР, өйткені әңгімелесуде адам өзін тұлға ретінде көрсете алады. Бұл қаншалықты үйреншікті болғанмен, адамның басқа ешбір ісі парасатты осынша көп талап етпейді, мұнда не бәрін жоғалтуға, не бәрін ұтуға болады. Хат жазу үшін ойланып ал, хатта, жазылған әңгімеде ойлану керек болса, ақылдың бір сәттік емтиханы жай әңгімелесу үшін қаншама парасат керек! Тәжірибелі адамдар көңіл толқынын сөзден-ақ байқап қояды, данышпандар: “Сөйле, мен сенің кім екеніңді айтайын» деп бекер айтпаған. Біреулер әңгімелесудің жоғары өнері табиғилықта дейді, сонда әңгіме қысылып, қымтырылусыз жүреді деп ойлайды. Бірақ бұл тек жақын достардың арасында жарасады, ал қадірлі адаммен әңгімелесу мазмұнды, сенің кісілігіңді ашатындай болуы тиіс. Әңгімеде ұнамды болу үшін, сұхбаттасыңның мінезі мен ақылына бейімдел. Өзгелердің сөздерін тексеріп, сынама, тақуа атанасың, әрі айтылған ойлар мен пікірлерді мінеме, сенен қашқақтап, сырт айналатын болады. Әңгімеде шешендіктен гөрі, пайымдылық маңызды.
  3. НАРАЗЫЛЫҚТЫ БАСҚАҒА АУДАРУ, оған қарсы қалқан ұстау -басқарушылардың айлалы әдісі. Әңгіме мұнда у тілділер айтқандай басқарушылардың қабілетсіздігінде емес, ерекше ішкі есепте — сәтсіздік кезінде сынға ұшырайтын, бәрінің күңкілін өзіне қабылдайтын кісі керек. Ойлаған нәрсенің бәрі іске аспайды, барлығын қанағаттандыру мүмкін емес. Сондықтан жазғырып-сөгудің нысанасы болатын қуыршақ адамың болсын, ал бұл оның атаққұмарлығының жазасы болады.
  4. ТАУАРДЫ БҰЛДАЙ БІЛУ. Тауардың тәуір екені аздық етеді, оны ешкім тексеріп жатпайды. Көпшілік ығы-жығы жерге жүгіреді. Бағаны қоя білу біраз дағдыны қажет етеді; кейде мақтау керек, өйткені мақтау тілекті күшейтеді; жағымды ат беру де бағаны көтерудің жақсы тәсілі, бірақ екі жағдайда да бұрмалаушылығыңды сездірме. Тауарым білгіштерге арналған деп қолтықтарына су бүркіп қой, өйткені әркім өзін білгіш санайды, олай болмағанның өзінде әуесқойлық тілекті тудырады. Бірақ ешқашан оны күнделікті, қол жетерлік бұйым деп айтпа — мұнымен тек істі бүлдіресің. Бәрі тек ерекшеге өш келеді, оған талғам да, ақыл да құштар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *