ШҰҒЫЛА

ШҰҒЫЛА

– Мұқа-ау, Мұқа! Аттарды шешсек қайтеді. Күн еңкейіп қалды ғой.
– Др… р… р… р… Жамандатқыр шағырқасқаның болдырып қалғанын көрмеймісің жекпей жатып-ақ. Осымен доғарсақ дейсің бе? Мына қалған жерді шауып тастамадық па…
– Жə, қойшы соны. Ертең де күн бар ғой. Жауын жаумай, жылқылы ауылға барып қайтайық та.
– Бригадир бұрқырап жүрмесе…
– Əй, Мұқа-ай, бұрынғыдай емес, жасқаншақ болып кеткенбісің, қалай. Нормаңды асыра орындадым. Қылатыныңды қылып ал деп шалқаңнан түсетін тентектігің қайда?
– Шешсек шешейікші. Менікі тиын-тебен болсын деген ғой, бауырым. Сен секілді сүр бойдақ емеспін, бала-шағам бар, көк қарын қолға қарап отырған. Др… р… р… Апрым-ай, осы кер дөненнің бас асауы басылмай-ақ қойды. Құр… р… р… деймін. Əй, Нұрлан, ұсташы мына иттің басын. Ана жолы еңіреп жүріп тапқан ерімді шағып едің, енді қамыт-сайманды бүлдіргің келіп тұр да. Құр… р… р… ой, ит. Əкетті.
Мұқтар əбзелді сыпыра берем дегенде, кербесті басын кекең еткізіп оқыс тартынып қалды. Сағалдырығы салынбаған жүген бестінің басынан сыпырылып, Нұрланның қолында қала берді.
– Əп, бəлемді. Нұрлан! Шық алдынан. Қайыр! Қасқыр жегір, бабыңды табармын ұстасам.
Мойнына ілінген қамыттың салпылынан үркіп, есі шыққан жас ат құйындай ұшырып лаға жөнелді.
– Ой, енді ол ұстатпайды.
– Оттама! Бір көрген асауым бұл емес. Əуселесін байқайын мұның. Қалған атты шеше бер. Мен əлгі арам қатқырды тырағайлатып əкелейін. Ерді сындырғаннан бері ашуыма ашутастай тиіп жүр еді, көзіне көк шыбын үймелетіп… – Мұқтар əдетінше тісін шақыр-шақыр қайрап-қайрап жіберді. Оқшау күтімге алып, мініс атым деп жүретін қаракерге қарғып мінді де, қуып берді қашағанның соңынан.
Нұрлан аттарды шешіп те үлгерген жоқ, кербестіні қарагердің бауырына алып, сабалап келе жатқан Мұқтардың қарасы қылаң берді. Кербесті байғұс əбден болдырған. Ақ көбігі шығып, пыр-пыр етеді танауы. Кібіртіктеп, көсіліп шаба алмайды. Қаракер əлі тың. Бастырмалата бүріп қашағанның көбіктенген жаясынан тістеп-тістеп алады. Ондайда бесті əдетіне басып теппек болады. Бөксе жақты бос көтеріп тастағаны болмаса, дəрмен жоқ тұяқ серпуге.
– Мə, саған, қашамысың! Міне, мынау мен үшін, мынау ер үшін!
Қолындағы шашақтап тастаған дырау бишікті ысылдатып, оңды-солды осқылайды бестіні.
– Əке-ау, Мұқа өлтіруші ме едің. Мал баласына обал емес пе.
– Таяқ өтпесе, мал екеш мал да əспенсіп алады. Тіпті басынып… Осыдан көрдім, əкри. Əнеугүні ерді сындырғанда, бауыздап тастар едім, сен киліктің тағы да. Əкри, қайран қазақы ерім-ай десеңші.
Тықпалап əкеп үйірге қосты. Сорпа тері шыққан бесті дымы құрып, үздігіп тұр. Дір-дір қағады.
– Ой, Мұқа, сен де жоқтан өзгені ұмытпайды екенсің. Сол бір кетеуі кеткен ыңыршақты көз құның қалғандай даулап қоймадың ғой. Отыз бес сомға алған жаңа ерімді берейін, ұмытшы, бəтір, соны.
– Плебал, сенің отыз бес сомдығыңды. Енді бір сөз қозғашы, тура шықшытыңды бұзам, білдің бе, – деп Нұрланға ала көзімен сүзе қарады да, қаракердің ішпегін салып, ерттей бастады. Нұрлан əрі қарай ештеме деген жоқ. Секем ала қалды. Кербесті ерді сындырып тастағанда, Мұқтардың екі күндей дəн татпай, бүк түсіп жатып алғаны əлі есінде. Əйтеуір, табиғаты өзгеше, əз жанында əмір жоқ, тылсым жаратылған жан-ау.
– Қамыт-сайманды қалыңдап жап, су өтіп кетеді. Онсыз да аттардың тамағын езіп, мойнын соғып тастапты. Аттанайық, жауын төпелегелі келеді.
Түстіктен желемік есті. Аспан қарақұрықтанып, бұлттар жөңкіле бастады. Əуе аласарып, көкжиек жақындап кеткен секілді. Бұлар Өскелеңнің бауырындағы қалың самырсынға ілінгенде, сансыз тамшылар жамырай тасырлап қоя берді. Бейне бір жерге шеге қағып жатқандай.
– Айттым ғой, күн жауады деп. Жə, көпке ұзай қоймас, айбыны қатты көрінеді. Аялдай тұрайық.
Мұқтар атының басын ұлардай шулаған орманға бұрды.
– Тұз емеспіз ғой еріп кететін, аяңдай берсек нетті, Мұқа…
– Желпілдеме. Несіне асығамыз… «Қайныңа да барарсың, пұшық күйеу атанарсың» демекші. Жылқы ауылына да барармыз, екі тостаған саумал да ішерміз.
Нұрлан досының бойкүйездігіне налығандай бейжай, керенау түсті аттан.
– Шалдуарсың, Мұқа.
– Əке-ау, маған күлер бетің қайсы-ей. Сіріңкең бар ма, от тұтатайық. Бажа, білемісің, түнеугүні салтақ құла арындағанда, сенокосилкеден секіріп түсіп, құлағын бытыр-бытыр шайнағаныңды. Онымен тынбай көзін нұқып қалып, ағартып жəне жібердің. Ит əурең шығып, екі жұма көмір шайнап бүріктің емес пе, мұндар. Жоқтан өзгеге қабағың қар жамылып, кіреукелене қаласың. Бағы заманның бақсысы реуіштес сендей көк періге балдызымды бергім жоқ.
– Алмаймын, тіпті.
– Сенікі бойы жетпеген етті сасық деп кінəлаған мысық болды ғой.
Нұрлан Мұқтардан мүшел жас кіші. Бірақ төсекте де, төскейде де бір жатып, қосақтаған құлындай бір жүргендігі ме құрдастан бетер қатты қалжыңдасатын. Нендей ауыр, зілді сөздер айтылса да, ренжуді, кек тұтуды білген емес-ті. Олардың бұл əзіл-оспағы өздеріне өзгеше жарасып та тұратын-ды.
– Мұқа құрсақта жатқанда-ақ көк жынды болған, деседі ел, рас па?..
– Əлбетте, – деді шімірікпестен. – Шешемнің құрсағы тар соқты білем. Тулап қалып алты айда туа салдым. Сонда тəтем: «Бұл жылбысқы бəрібір адам болмайды» деп, сырғақтап емізбепті. Бейшара əкем: «Əлі осының қолына қарайсың» деп, түлкі тымағына сап байлап қояды екен керегеге. Кер баққанда, бес жасыма дейін мешел болған екем. Əкелердің орны бөлек қой…
– Əнеу үстін мүк басып жатқан қарағайды көрдің бе.
Қарашы өзің. Міне, былай…
– Е, оны жаңа көрді дейсің бе. Одан да ертек айт, не өтірік айт, сөз болсын. Қарап отырғанша қажай отыр деген емес пе… Күннің толастар сыңайы жоқ. Үдеп салды.
– Жоқ, сен түкті де білмейсің. Алтайдың қара тасы иійді маған. Сен бар ғой, ердің ана сұлап жатқан қарағайдың хикаясымен сабақтас екенінен бейхабарсың… Иə, сендер үшін бəрі ертек. «Керқұла атты Кендебайдан» басқа не білесің, тəйірі… Тылсымсың-ау, қанды ағаш… Момақансуын… һа… һа… Əкри.
– Дөй даладағы қу ағашты тілдеген адамға не жорық.
– Жоқ. Оттапсыз! Білмейсің оны…
Мұқтар тісін егеп-егеп жіберді. Ат жақты беті суалып, мұңая қалды. Жиегі қызарып, қанталап тұратын бота көзі бұрынғыдан да аларып, жасаурап шірік қарағайды тесіп барады. Терең күрсінді. Күн ақ жауындатып алды.
Сіркіреп тұр. Сұп-суық өкпек салқын леп бар ауада. Самырсынның ұшар басынан мұнтаздап аршыған балқарағай домалап түсті. Тиіннің олжасы болу керек құлатып алған. Мұқтардың кере қарыс жазық маңдайына кіреуке сызық тартылып, бұлт ілікті. Манағы жайдары мінезі жым-жылас жоқ болған. Құнысып отыр. Қушиыңқы баспақ денесі əдеттегіден бетер семіп, күйкентайдай-ақ болып бүрісіп қалған. Мойын сіңірі адырайып, қорқыныштан елес əкеледі байқап отырған адамға. Нұрлан аң-таң. «Мұқтар мұндай бөтен мінез көрсетпеуші еді ғой. Ренжітіп алған жоқпын ба?» – деп іштей қылпылдап отыр.
– Жоқ, оттаған екенсің, – деді Мұқтар əлден соң томағасын сыпырған бала бүркіттей шаңқ етіп.
– Білмейсіз. Сендер үшін бəрі ертек.
– Нені, Мұқа… Қойшы, бұлай қарамашы кісіге.
– Қарағайдың деймін, тарихын білмейсің деймін. Найың бар ма? Өлтірді ғой əкемді… Да, бəрі ертек, бəрі мақтан.
– Сенің əкеңді немістер өлтірмеп пе еді, – деп Нұрлан əдетінше əзілге шаптырып еді, Мұқтардың түсі бұзылып, бір ағарып, бір сұрланып отырған соң қоя қойды. Ішінен: «О несі екен» деді.
– Жоқ, оттапсыз.
– Жұмбақтамай айтыңызшы. Тек бүлінбеңіз. Қорқамын. Сізге мұндай мінез жараспайды. (Нұрлан «сеннен» «сізге» көшкенін өзі де сезген жоқ).
– Сол кірбіңді уақиға есіме түссе, ет жүрегім қан жылап, өзім де шошынамын. Иə, не көрмедік… Біз соғыстың тауқыметін тартып, бұтымды тері шалбар қажап жүргенде, сендер қызыл шақа бала едіңдер. Ержетіп, бізбен жағаласып шаужайға жармасып жүргендерің мынау. «Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады» деуші еді Сəрсен ақсақал. Тегі, рас-ау. Тыңда, жарқыным, ертек айтайын. Дұрыс, əкемді жау өлтірді. Бодаусыз кетпегенін сеземін. 1942 жылдың жылауық қоңырқай күзінде қарақағаз келді ғой. «Қарақағазды» мейірімсіз деп неге кінəлаймыз осы.
«Сіздің балаңыз ерлікпен қаза тапты» деп қарлығаштай шырылдап келіп туғаныңыздан хабар бергені ме жазығы. Күнəһар – қағаз емес, халықты қасіретке байлаған неміс басқыншылары ғой. Сол қағаз келген күні қарындасым Əлима екеуміз таң атқанша жылаған едік-ау. Тəтем сазарып дым сызбады. Ымырт жабыла бізге тамақ даярлап, төсек салып берді де, шығып кетті үн-түнсіз. Біз шулап, ботадай боздағанда, «жыламаңдар» деп те айтқан жоқ. Қара су ұрттамастан жатып қалдық. Өксіп-өксіп, үркер ауа көзіміз ілініп, ұйықтап кетіппіз. Күн көтеріле тұрсақ, тəтем тағы жоқ. Умаж көжені темір пештің үстіне қойыпты. Тасып төгіліп, үй іші қоңырсып, қолқаны атып тұр. Көзіміз домбығып қалыпты. Тəтем біздің қатарымызға жатып көз шырымын алса керек. Сонда мен жиылмай қалған төсектегі жастықтың үш жері суланып қалғанын көрдім. Бізге білдірмей тəтем де жылаған-ау кірпігі айқаспай.
Соғыс та бітті. Елде бардың ерні қимылдап, қалақ-құлақ тірлік кешіп жаттық біз де. Əлима екеуміз мектепке барған болып жүрміз. Сен білмейсің ғой. Бертін көшіп келдіңдер емес пе. Бізге көрші Фазыл деген ноғай тұратын. Ауыл оны сарт дейтін-ді. Əкем екеуі майданға бір күні аттанып еді-ау. Сол Фазыл соғыстан бір аяқсыз оралды. Тізесінен жоқ. Балдақпен жүреді. Ауылдың дарбаза ауыз балалары «шойнақ» деуші едік. Бəрі де есерлік қой. Бір аяныштысы, ол соғыста жүргенде, үй-іші тегіс шешек ауруынан өліп қалды. Ғалия деген шайқалмаған сары ауыз жұмыртқадай қызы болушы еді. Нəркес көзді, ауылдың гүлі еді. Ол да Бұқтырмаға кетіп өлді ғой. Иə…
Тақтаймен шегелеп тастаған есік-терезені жұлып тұрып: «Майданға бардым, үйге келдім – крест. Құтылмай-ақ қойдым-ау бұл кесапаттан», – деп қабырғасы қайысып, қатты босады.
Неге екенін білмеймін, сол Фазылды суқаным сүймей-ақ қойды. Ертеңді-кеш біздің үйден шықпайды шырғалап. Байқаймын, тəтемнің сол «шойнаққа» деген ілтипаты оң секілді. Қашан келсем де, балдағын жамбастап, төр алдында сұлап жатқаны. Тəтемнің шайы да əп-сəтте бұрқ-сарқ қайнап кететін секілді. Бір ретт Фазыл маған:
– Əкең – жігіттің бозтайлағы еді. Сен шіріген жұмыртқасы болғанбысың, немене. Аманыңды ит жеп кеткен бе? – деді.
– Мүмкін, саған… сізге тартқан шығармын. Шідерлеген аттай біздің үйді айналсоқтап… – Ашуға тұншығып сөзімнің аяғын бітіре алмадым. Есікті бір теуіп шыға жөнелдім.
Əкем: «Екі балама көзімнің тірісінде қалдырған ескерткішім болсын» деп егіп кеткен қос қайыңның түбіне барып ұзақ жыладым. Қызғаныштан жүрегім удай ашып, тісімді қайрай берем. Байқаймысың, Нұрлан, қазір де қайраймын ғой тісімді, иə. Адам бір əдеттеніп алса, қоя алмайды екен.
Күн жұма болатын. Біз түстен кейін оқимыз. Кешқұрым сабақтан қайтсам, шарбақта Фазылдың бар киімі жаюлы тұр. «Жұма күні кір жуа ма екен». Жүрегім сыздап қоя берді. «Мынаны жуған тəтем-ау». Көзім қанталап, басым зеңгіп, дүние дөңгелек айналды. Барыстай атылып бардым да, Фазылдың бар киімін жерге атып ұрдым. Бажылдап жылап жүрмін. Балағаттап жүрмін. Аяғыма салып таптап жүрмін. Ауыз үйден тəтем шықты жүгіріп:
– Мұқтар, не болды, саяшым. Ұят емес пе? – деп иленген киімдерді алмақ болды.
– Оңбағансың, тəте! Оңбағансың! – Бар пəрменіммен кеудеден итеріп жібердім. Маңдайымнан сұп-суық тер бұрқ ете түсті. Тəтем еңіреген күйі үйге кіріп кетті. Балдағын əндетіп Фазыл келді. Лəм деген жоқ. «Не істер екен» дегендей бедірейіп маған қарады да тұрды. Көйлекті жұлып алып бетіне былш еткіздім. Өз-өзімнен есеп алған жоқпын. Бұқтырманы бойлап жүгіріп келемін… Жүрегім апалас-төпелес. Бүйтіп тірі қорлық көргенше өлейін деп те ойладым. Жан тəтті ғой, шіркін. Əмбесінде су да суықтау болды…
Қыс өтіп, жаз шықты. Жер арқасы кеңіген. Өлмеген пенде мамырдың шуақты нұрлы ауасымен тыныстады. Алтай табиғаты дүр сілкініп, тотыдай түрленіп тұр. Сиырмен бірге жонға көштік. Сол бір кіркілжіңнен кейін Фазыл біздің үйге аттап баспайтын болған. Тəтем маған қатты ренжіді.
«Аямайсың. Ол ғаріп емес пе», – дейді. Онда мен қияңқыланып: «Ендеше, қатын алсын» деймін. Ол сиыр жаяды. Мына қаракердің енесін Фазыл мінуші еді бір кезде. Жануар бір-ақ рет құлындады да, қайтып үйірге қосылмай саяқсып кетті. Қаракер секілді жүрісті, жалы майда, сүмбіле болатын. Бедеу болған соң ба, етке мықты, ару, арындау дегенді білмейтін. Сол жылы жасын түсіп өлді ғой.
Бұл тағдыр кепешін теріске бір кисе болмайды екен, қанша тыраштанғаныңмен.
Ферма бастығы шақырып алып:
– Ала жаздай бостан-бос салпаңдағанша, ана шешеңе қолғабыс тигізбеймісің. Фазылдың жанына бір кісі керек. Сиыр бақ сонымен, – дегені. Сөйтіп, Фазылға қандай жуымаймын, қарада бой, қарда ізін көрмейін десем де, бір жіпсіз байлап, матай берді мені оған. Ол соншама жақын тартып бауырына басса да, осқырып, тұздығым жараспады. Күрең қабақ жүрдім. «Фазыл Сəнияға үйленгелі жүр екен» деген елдің пыш-пыш өсегі ме, жоқ болмаса балалар кермалдасқанда: «Фазыл сенің əтиің, Фазыл сенің əкең» деп мазақтағаны жанға бата ма… Қайдам…
Ол сиырдың мына жағында жүрсе, мен одағайлап ана жақ шетіне шығып кетемін. Майданнан əкелген ақ қалайы құтысы бар еді.
– Кел, Мұқтар. Шөлдедің ғой, таңдайыңды жібіт.
– Рақмет. Су бар ғой шөлдесем, – деймін де, шауып өзекке түсіп кетемін.
Дəл осы Өскелеңнің бауырында жайып жүрдік сиырды. Ол кезде бұл жер пəйек емес, шабылмайтын. Күн бүгінгідей төпелей жөнелді. Табынды осы терістің ішіне иірдік те, ана сұлап жатқан қарағайдың қарсысындағы самырсынға қорғаладық. Мойнымды жағама тығып, үн-түнсіз отырмын. Найын будақтатып Фазыл да үнсіз отыр. Ауыр ой үстінде. Нөсер құйып тұр. Найзағай жарқ-жұрқ етіп, аспан əлемін төстен осып жіберсе, боздап қоя береді. Шатыр-шұтыр ете түсті. Дүниенің бəрі жап-жарық болып кетті. Бір пəлі гүрс омырылды. Қапелімді не болғанын сезбей қалдық. Іргемде теріс қарап отырған Фазыл оқыс ұмтылып, менің алқымымнан ала алпамсадай денесімен бүркей жығылды. Дəнеңе түсінбедім. Сезбедім. Бір мезетте есімді жисам, еңгезердей боп Фазыл əлі жатыр үстімде. Суқаным кетті. Бұлқынып едім, қанға бөккен дене былқ етіп аунап түсті. Екі көзі ақшырайып, қан-қан ерні жыбырлайды:
– Əттең-ай! – Ышқынды. Жан тəсілімін берді. Бірақ бет-əлпеті аса ризашылдықтың, нендей бір жұмбақты қуаныштың шапағатын шашып, уылжып жатты. Ажары атқан таңдай сарғайыңқы. Əрі құп-қу.
– Аға… а… а…
Атып тұрып, тұра қаштым. Жар дəрмен ұшыртып келемін. Аяғымды бұтақ шалып, етпеттей құлаймын. Дал-дұлым шықты. Артымнан Фазыл қуып келе жатқан секілді. Ол мені кінəлап жатқан секілді. Бұрылуға жүрегім дауаламайды. Тек қана алға… Кім көрген мұндай аянышты өлімді. Осы Өскелеңнен сонау Сұлушоқының иығында отырған сиыр фермасына жеткенше жүгірдім, өкпемді қолыма алып, ана бұғып жатқан қарағайға жай түсіп, содан ыршыған бұтақ Фазылдың қарақұсына тиген екен. Егер Фазыл мені бауырына баса жығылмаса, ғұмырым осы жерде бітетін. Өйткені мен сол қарағай жақ тұста отырғанмын. Сол күні Фазылдың денесін ойға апарып қоймақ болып, зузамен алып түсті ауылға. Мен де барып топырақ салдым. Неге екенін білмеймін, тəтем егіліп көп жылады… Өлгенде, денеңді үйден алып шыққанда, артыңда дауыс қылып жоқтап қалар туысың жоқ болса, қандай қиын. Фазылдың жамағат-ағайындары жоқ-ты, қара басы. Бірақ оның артынан тəтем, Əлима үшеуміз жылап қалдық. Ауыл-аймақтың адамдары тəтеме келіп: «Фазылдың иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын» деп көңіл айтады. Шын пейілімен күйзеліп, күрсініп айтады. Мен үшін Фазылдың өлімі аса аянышты болды. Түтінін сөндірген мен секілдімін. Ол менің өмірімді ұзартып, пенденің жауынан бір, тілсіз жаудан екі қорғап қалды. Өмірмен қоштасар ақырғы минутында не айтқысы келгенін, «əттең-ай» деген өкінішті аһ ұрған сөздің астарында не қалғанын бажайлай алмадым. Мүмкін, жайсаң жанын түсінбеген маған деген өкпе-назын айтқысы келген шығар. Мүмкін, тəтемді… Мен ол кісінің аруағы алдында, тіпті бүкіл əкелер алдында борышты екенімді білемін («əкенің жақындығы жездедей-ақ» дегендердің өзегін өрт жаласын). Бірақ қайтып, қалайша өтерімді білмеймін сол борышты. Бар қолымнан келгені əр жыл сайын Сұлушоқының шыңына шығып: «Бақыл бол, Фазыл аға!» деп айғай саламын. Сонда менің жарықшақтанған даусымды Алтайдың құз-аңғарлары, мінгесіп-ұштасқан сілемдері бір-бірінен қағып алып: «Бақыл бол, Фазыл ағ… а… а…» деп қайталай береді, қайталай береді…
Фазылдан қалған дүние жоқ. Тек көзімнің қарашығындай сақтаған ері бар еді, оны да кер ит сындырды ғой. Иə…
– Ой, сен жылап отырмысың?..
– Кім, мен бе? – Нұрлан селк ете түсті. Көңілі босап «Бақыл бол, Фазыл аға…» деп күбірлеп отырғанын өзі де аңғармапты. «Мұқтардың кім екенін білмейді екенмін-ау, бір жатып, бір тұрсам да. Сіз осындай кеудеңіз мұң мен сырға толы жұмбақ адам ба едіңіз, Мұқа. Кім білген». Нұрланды осындай тəтті сезім тербеп отыр. Ол дəл осындай «ертек» тыңдап, дəл осындай толқып көрген жоқ-ты.
– Жауын толастапты ғой. Аттанайық.
Екі жолаушы атқа қонды. Жауыннан соңғы орман сорғып, бусанып тұр. Суға малшынған шөп керзі етіктерін жылтыратып тастады. Бағанағыдай емес ақшылтым тартып, шарбылана бастаған бұлттар тұманға айналып, баяу қалқып босып барады шығысқа. Жайлаудың салқынтым тымырсық барқыт кеші ұйыды. Кемпірқосақ туыпты. Өскелеңнің бауырынан басталып, Сұлушоқыға тірелген шұғыла дүниені нұрға бөлеп тұр.
– Ананы қарашы, – деді Нұрлан. – Сенің жүгіріп өткен жолың іспетті, Мұқа. Өскелеңнен басталып, Сұлушоқыға түйісіп тұрғанын.
– Иə, рас-ау, – деді де, ауыр күрсінді. Қағілез адамның мұңға берілгені өзгеше оғаш көрінеді. Бұлар таудың иығына шыққанда, шұғыла əрмен қарай жылыстап кеткен-ді. Жақындаған сайын, əсем сағым бұлдырап алыстай береді.
– Жұмыр басты пенденің өзі де осы шұғыла секілді-ау, – деді Мұқтар қаракердің басын тежеп, – кейбірі жарқ етіп дүниені қызыл арайға бөлеп біраз тұрады. Сосын… сосын өледі. Басқасы келеді өмірге. Бойынан нұр бөліп шығаратын жақсы адамдар маңдайымызға неге сыймайды екен осы. Əлде жанымызда ондай адамдар көп, бірақ елеп-ескермей жүрміз бе оны. Оң беті ішінде абзал адамдар көп те болар. Қайдам… Дізгін ұшымен келіп, дізгін ұшымен кететін ғұмыры қысқалар – бір өңкей жақсылар…
…Əне, киіз үйдің төбесі көрінді.

Оралхан Бөкей

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *