Отбасында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту

Отбасында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту

Женисхан Дауиргуль
Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы
№62 «Нұрсәуле» балабақшасы МКҚК
dzheniskhan@gmail.com

Жас ұрпақты тәрбиелеу негізінде мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарды жүзеге асыру жолдарын түсіндіру. Адамгершілік білім беру бағдарламасы негізінде әр отбасының бала бойындағы құндылықтарды жете түсінуге және дамыту жолдарын қалыптастыруға дағдыландыру.

Explain the ways of realizing the eternal universal human values based on the upbringing of the younger generation. To develop in each family the skills to understand the values of the child and to shape developmental paths based on the moral education program.

“Тәрбие дегеніміздің өзі, ең алдымен, баланың сезімін оятып,
әсершілділігін дамыту, сезімді тәрбиелеу – баланы қоғамдық
мәні бар, адамдарға жақсылық әкелетін қылық — қасиеттерден
рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз. Парасаттылық
дегеніміз — адамзатқа қызмет ету”.

С.А.Назарбаева

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары екендігін атап өткім келеді. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Бұдан басқа адамдар отбасылық құндылықтарды басты үш топқа бөледі. Олар дәстүрлі, қазіргі, тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп аталады. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері. Соның нәтижесінде отбасында жалпыадамзаттық құндылықтар өз жалғасын, өз негізін табады. Отбасы — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға келмейді, ал ұрпаққа деген ықпалы әсерлі, іргетасы берік болу үшін отбасында сақталуы тиіс ең басты құндылық ол әрине – жалпыадамзаттық құндылық болып табылады. Соның нәтижесінде отбасында нағыз ел болашағы, ұрпақ жанашыры, халықтың дара шыңы болар ұрпақ тәрбиеленері сөзсіз. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!
Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән берген. Алғашқы сүт – уызды тойып ембеген қозының ет алып, оңалуы қандай қиын болса, отбасынан оңды тәрбие алмаған баланың дұрыс өсіп-жетілуі сондай қиын. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі. Көкірек көзі ашық, парасат – пайымы терең, ақылдың кені аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған, «айналайынымен» санамызға сіңген, биязы да жұмсақ үнімен жүрегімізге орныққан ақыл-кеңестері, үлгі боларлық құндылықтары, қағидалары бізді өмір қиындықтарынан сүріндірмей, тек алға жетеледі. Осындай сіңіре білген қазыналы құндылықтың нәтижесінен, «көретін – қызығым, жейтін – жемісім, атар таңым – сендер», – деген ананың үкілі үмітін арқалаған перзенттің бөтен ойы, жаман пиғылы болуы мүмкін емес… «Ел сендерге қарап, бізге баға береді», – деу арқылы иығымызға үлкен жауапкершілік артып, сенімді ақтауға ұмтылдырды. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі – ару, ертеңгі – ана. Әйел-ана – жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қасіреті. Отбасында жалпыадамзаттық құндылықтар бастау алар бірден-бір тұлға – ана. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана болса болғаны. Ата-бабаларымыздан бастау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болып қала берері хақ.
Баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйсініп қуанбайтын ата-ана жоқ шығар. Отбасы адамзаттың алтын ұясы. Адам баласы дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаға бейімделіп, ықпалына көніп ер жетеді. Бүгінгі ұл ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Ал бүгіні қыз –ертеңгі ана, ол анаға қарап бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы демеуші –ата-ана. Ата-ананың үйдегі қарым-қатынасы, киім киюі, мінез-құлқы – бәрі-бәрі балаға үлгі. Қазақта «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі» деген қанатты сөздер бар. Бала отбасында әкеден ақыл, анадан мейірім алады. әке-тірек, ана-жүрек, бала –тілек. Осы ғажап тұжырым әке, ана, бала отбасы ошағының алтын көпірі іспеттес. Адамзаттың ең асылы –«адам» деп қарайтын болсақ, онда адамның азғындауына не себеп? Әлде заман кінәлі ме?-деген сұрақтар туындайды. Көпшілігі «заманына қарай адамы» деген принциппен өмір суруде. Ал, заманды құрайтын адам емес пе? Міне, сонда барлығы қайтадан адамға келіп тіреледі. Сондықтан күллі әлемді сақтап қалатын бірден- бір жол рухани адамгершілік білім екені даусыз. Ал, адамның жүрегіне нұр құятын, риясыз сүйіспеншілікпен рухани бастауға жетелейтін, ол – ұстаз. Рухани — адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін — өзі тану» жобасының авторы С. А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында: «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дей келе, оған тек жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті. Ал, оған жету үшін атсалысатын орта – отбасы, балабақша, мектеп, оқу орындары және қоғам. Аптасына бір рет болатын сынып сағатында шешімін таппай жүрген түйінді мәселелердің көп екенін ескерсек, тәрбие бағытына уақыттың қалмайтыны да белгілі. Ал, түсінген кісіге жас ұрпақ тәрбиесі үшін, жалпыадамзат үшін «Өзін –өзі тану» пәнінің алатын орны ерекше. Рухани құндылықтар қоғам талабына сай өзгерістерге ұшырап жаңа нарықтық қоғам салты пайда болды. Жас ұрпақ отбасында, ұжымда, қоғамда бірлесе өмір сүру жайында үлкендер әлемінен лайықты өнеге алады. Мұндай өнегеге нелер жатады? Ең алдымен, адамның өз-өзімен және қоршаған ортамен, атап айтсақ, әлеммен, өзге тіршілік иелерімен, өз пейілдерімен, сезімдерімен және іс-әрекеттерімен жарастықта өмір сүруі, өзінің өмірдегі орнын таба білуі болып табылады.
«Отбасы — шағын мемлекет». Кез-келген мемлекеттің өзіндік ұстанымы, бағыт-бағдар құндылықтары болады. Отбасы да осындай құндылықтарға негізделген «мемлекет» болса ғана тамыры тереңге жайылған әулетке айналмақ.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. «Жас бала – жас шыбық. Шыбық кезінде қалай иіп тастасаң, өсе келе саған дәл солай жемісін береді», — дейді Мағжан Жұмабаев өзінің бір сөзінде, яғни балаға отбасында берілген тәрбие мен жастайынан бойына сіңірген адами құндылықтар баланы ізденімпаздыққа, құрметке, сыйластық пен жанашырлыққа баулиды. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған көптеген отбасылық әдет-ғұрып, салт, өзіндік дәстүрлер бар. Тал бесіктен тәрбие дұрыс берілсе, өскелең ұрпақ аталған салт пен сананы, дәстүр мен ғұрыпты өз жолынан жаңылыстырмай, темірқазықтай ұстанары хақ. Ал бүгінгі жаңашыл заманауи кезеңде аталмыш дүниелерді насихаттау кез-келген отбасының алдында тұрған парыз бен қарыз деп білу керек. Отбасы құндылықтарын насихаттаудың қазіргі кезде маңызы өте зор. Адами құндылықтар шет қалып жатқан қазіргі қоғамда аталмыш мәселенің туындауы заңды. Көп тізбей, бір-ақ мысал, қоғамымызда қарттар үйінің болуы — біздің заманымыздың үлкен трагедияларының бірі десек, бұл аталмыш құндылықтардан кем жандардың өмір салтының салдарынан туған кесапат. Отбасы бойына ұлттық құндылықтарды және жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерді қалыптастыру үшін ұлттық мәдениет, сал — дәстүр, халық тағылымдары және т.б. мәселелеріне тоқталып өткенімізжөн. Қазақ мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып, қалыптасты. Жалпы адамзаттық құндылық қасиеттер ұлттық тәрбиемен ұлттық мәдениеттің дамуындағы қозғауышы күші болып табылады. Әрбір халықтың тарихы тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Халықтың тұрмыс – тіршілігіндегі рухани тәжірибелері арқылы қалыптасқан тәрбиелік және дүниетанымдық көзқарастарын біз халық педагогикасы дейміз. Ұлттық тәрбие мен жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерінің мәселесі – адамзат тарихынан өн — бойына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Бұл адамзаттың өркениеттің өзгеше биігіне көтерілген, үшінші мыңжылдыққа қадам басқан кезеңінде де жас мемлекетіміз үшін рухани асыл мұрат болып қала бермек. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қалың елім Қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескерте келе былай деп жазды: «Біз арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен Қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім»-дегенді.
«Отбасында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту» мақаласын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен қорытындылағым келеді. Бүгінгі таңда жас ұрпақты рухани адамгершілік білімнің нәрімен сусындатып, әр баланың, әр адамның жүрегіне ізгілік нұрын құйып, тәрбие саласында қызмет ететініме өзімді бақытты сезінемін. Тұлғаның үйлесімді дамуының нәтижесінде бүгінгі күнді ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады. «Өзін — өзі тану әлемінде» әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, демеу жасасақ, қуаттандырсақ, жүрегі нұрға толы, жан -жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, өз жерін, өз тілін, өз отбасын сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелейтініміз сөзсіз. Текті елді біліп, тамырын танып өскен жас ұрпақ отбасы құндылықтарын жадынан шығармай, ата-анасының берген тәлім-тәрбиесінің тұғырын биік ұстап, ежелден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеп, өзіміздің рухани құндылықтарымызды бойына сіңіре біледі. Үздіксіз беріліп жатқан тәлім-тәрбиенің өзіндік әсері жасалып жатқан жұмыс нәтижесімен өлщенер болса, болашағымыз жарқын, ертеңіміз елеулі болары анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мен – Адаммын , жеке тұлғаның рухани- адамгершілігін дамыту сабақтарын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құрал, Игенбаева. Б. Қ. Алматы — 2000
2. «Өзін – өзі тану» мен басқа пәндердің ықпалдасуының мазмұны мен тәсілдері, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал, Мұқажанова Р. А. , Омарова Г. А. , Алматы – 2013
3. [Тұңғыш елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» Қазақстан халқына Жолдауының «Қазақстан мұраты» бөлімі]
4. «Самопознание. кz» журналының жинағы, 2013 – 2014 жж
5. «Өзін өзі тану» пәнінің мұғаліміне арналған әдістемелік құрал, Алматы қаласы: ҰҒПББСО «Бөбек» 2010 ж
6. Ізгілік педагогикасы туралы ойлар, Амонашвили Ш. А. ,Москва — 1996 6
7.  Тамыры терең тәрбие, С.Ұзақбаева., Алматы: Білім, 1997]

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *