БӨКЕЙ ОРДАСЫНАН ШЫҚҚАН ӘСКЕРИ ТҰЛҒАЛАР

Кенесова А.С. — 6М020300 – Тарих М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты e-mail: dan4ik30.06@mail.ru

БӨКЕЙ ОРДАСЫНАН ШЫҚҚАН ӘСКЕРИ ТҰЛҒАЛАР

Аннотация. Мақалада Бөкей Ордасындағы әскери шенін алған, Ресей империясының алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, Қазақстанға қызмет жасаған бірқатар тұлғалар туралы мәліметтер қарастырылған.
Кілт сөздер: Бөкей Ордасы, корнет, Паж корпусы, князь Шыңғыс, әскери майор, Жәңгір немересі, Орынбор кадет корпусы, Бөкейлік зиялылар.

ХІХ — ХХ ғасырлардың басында Ресей білім ордаларынан сусындаған қазақ қайраткерлері, дәлірек айтқанда қазақ ауқаттыларының, сұлтандардың балалары, соның ішінде Бөкей Ордасы аумағындағы Жәңгір ұрпақтары барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, көшпелі қоғамның даму заңдылығы шеңберінде прогрессивтік дамудың саяси-құқықтық идеяларын қалыптастырды.
Олардың біқатарына тоқталып өтесек, князь, полк корнеті Сақыпкерей Бөкеев 1829 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей Орда ауданында дүниеге келген. Бөкей Ордасын билеген Жәңгір ханның баласы. Хан тағының заңды мұрагері. Жәңгір қайтыс болғанда 16 жаста болған [1, 380 б.].
Сақыпкерей Жәңгірұлы кәмелетке толып, оқуын бітіргенше Орданы басқару Уақытша Кеңеске тапсырылады. 1847 жылы 25 маусымда І Николай патшаның басқарушы Сенатқа берген жарлығымен Сақыпкерей Бөкеев Ресей империясының княздық мәртебесін алады. 1847 жылы 14 тамызда Петербург императорлық Паж корпусын бітіріп, лейб гвардиялық казак-орыс полкінің корнеті ретінде Орынбор әскери губернаторының қарамағына беріледі. Орынборда губернатор Обручевтің ерекше тапсырмалары бойынша көмекші болып, Орданы басқару ісі бойынша тәжірибие жинақтайды. Алайда ол жастай көкірек ауруына шалдығып, 1849 жылы қымызбен емделуге Ішкі Ордаға қайта оралады. Бірақ сырқатынан айыға алмайды. Күннен күнге нашарлап, 1849 жылдың 11 мамырында Ордаға бара жатқан жолда Таловка форпостының тұсында қайтыс болады [1, 380 б.]. Кейін оны осы өзі көз жұмған Таловка форпостында жерлейді. Ғұмыры өте қысқа болған Сақыпкерейдің қазақ елі үшін атқарған қызметі де аяқсыз қалды. Әсіресе С.Бөкеев Орданы басару ісіне ерекше көңіл бөлген екен. Ол өзінің оқып мол білім жинақтап, әрі әскери шен алғанына қарамастан оны толықтай кәдеге жарата алмаса керек.
Полковник Ыбрайым Бөкеев (шын есімі Ибраһим Жәңгірұлы) Бөкей Ордасы және Ресей империясы тарихында «Князь Шыңғыс» деген атпен танымал болады. Полковник Ыбрайым Бөкеев 1883 жылы Ордада Жасқұста дүниеге келген. Жастайынан орысша–татарша білім алған ол кейін 1852 жылы Петербургтегі Паж корпусын тәмамдайды [2, 467 б.]. Одан әрі Орынбордағы лейб гвардиялы, гусар полкіне жіберіледі. 1853-1860 жылдары гвардия ротмистрі шенінде Орынбор генерал-губернаторының қарамағында қазақ жұртын басқару ісімен шұғылданды. 1853 жылы қаңтарда Ыбырайым Жәңгірұлына княздік мәртебе беру жөніндегі Ресей императорының жарлығы шығады.
Ағасы, хан тағының мұрагері Сақыпкерей өзінің пышақтың ұшындай ғана ғұмырында негізінен Бөкей Ордасын басқару ісіне көңіл бөлсе, қызметі мен лауазымы онымен бірдей болған Ыбырайым Бөкеев бүкіл Кіші жүздегі ел басқару ісіне араласады. Жұрт оның атына тікелей арызқұжат жолдап, Жәңгір хан ісін жалғастырушы мирасқор ретінде үлкен үміт артқан. 1863 жылы қазандағы құжатта оның лауазымы «гвардия полковнигіне» дейін көтерілгендігі туралы жазылады
[2, 783 б.].
Келесі Бөкей Ордасынан шыққан белді тұлға — әскери майор Әділ Бөкейханов ол Жәңгір ұрпағы емес. Бірақ ол Бөкей ханның баласы, Жәңгір ханның туған інісі болып келеді. Майор Әділ Бөкейханов 1804 жылы Нарында, Бөкей Орда аумағында дүниеге келген. 1825 жылдан бастап, Бөкей Ордасында масқар, есентемір, таз руларын басқарады. Хан Ордадан тысқары жерге шыққанда басқару ісі уақытша Әділ Бөкейхановқа жүктеледі. 1845 жылы Жәңгір қайтыс болғанда тақ мирасқоры Сақыпкерейдің 16 жаста болуына орай Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес құрылып, төрағалығына Әділ Бөкейханов есауыл болып тағайындалады. Інісі М.Бөкейханов екеуі Жәңгірдің жас балаларына заң тұрғысынан қамқоршы болып бекітіледі [3, 206 б.].
Оларға қамқоршы болып Жәңгірдің қос інісі — Әділ мен Меңлігерей белгіленген кезде ел ішінде, яғни Ордада көптеген дау-дамай туындайды. Олардың бұл құқықтарды пайдаланып, ел билігін қолға алып, оның үстіне Жәңгір балаларының мал мүлкін иеленді деген сөзга айыпқа қалады. Қамқоршыларды бар ынта жігеріне, қарсылығына қарамастан көп ұзамай 1853 жылы Орынбор шекара комиссиясы кіші шешелерінің қолындағы балалардың бұл екі қамқоршысы тарапынан орын алған асыра пайдаланулар жөнінде іс қарайды.
Шынында қамқоршылар мекен жайы мен Сейіткерей тұрағының арасындағы жер шалғайлығы себепті иесіз мал мүлікке бақылау жасау қиын болғандықтан кейбір қорлар қолды болып кетуі мүмкін еді. Мұның өзі Әділ және Меңлігерей Бөкейхановтарды Орда билігінен шектетуге ілік болып жамалса керек. Хан қайтыс болған соң елдің екі шылбыр, бір тізгіні алдымен Әділ Бөкейханов басқарған қамқоршылар кеңесіне берілді. Бірақ, кеңес мүшелері көп ұзамай өз тілектерімен бұл қызметтен бас тартты. Қамқоршылар кеңесі тарағаннан кейін уақытша кеңес құрылды. Кеңес төрағасы алғашқы жылдары төре тұқымынан қойылып келді де, 1858 жылдан бастап төраға орыс шенеуніктерінен қойылатын болды.
Сұлтандар оған кеңесші ретінде тағайындалды. Хандық құрылым сөйтіп біржола жойылды [4, 304 б.]. Патша өкіметі тарапынан жасалған қысым мен көптеген заңсыз әрекеттерге қарамастан, әкімшілік қызметі үшін Әділ Бөкейханов Әулие Анна ленталы алтын медальмен марапатталады. Сонымен қатар әскери майор шенін алған. Оның қарамағында Бөкей Ордасындағы көптеген рутайпа мүшелерінен тұратын әскери сарбаздар қызмет жасаған. Әділ Бөкейханов 1876 жылы Ордада қартайған шағында дүниеден озған [3, 206 б.].
Бөкей Ордасының билеушісі, қазақ мемлекеттілігінің тарихында ең соңғы ханның санатындағы Жәңгірдің немересі — Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев. Шәңгерей 1847 жылы Жасқұс деген жерде туған. Әкесінен жастай айрылған ол ата дәулетінің арқасында қиындық көрмей өседі. Оның ер жетіп азамат болуына әкесінің інілері көп көмектеседі. Өнер-білімге, өлеңге жас кезінен әуес болған Шәңгерей Ордадағы мұсылман медресесін бітіріп, Астраханьдағы реальды училещеде оқиды. Кейін Орынбордағы Кадет корпусына түсіп, онда оқыған екі жыл ішінде орыс тілін үйренеді.
Орынборда алған біліміне байланысты Самар губерниясында бітімші сот қызметін атқара жүріп халықпен жұмыс жасап, көптеген қоғамдық-саяси істерге араласып, өз пікірін айтуға үйренеді. Ол жүрген жерінде әділдік айтып, өзіндік ой-пікірлерімен көзге түседі. Біраз уақыттан кейін ол қызметін тастап, туған жеріне оралады. Ол Ресеймен шекаралас өңірде Көлборсы деген жерден иелік алып, ол жерде ағаштан, тастан сәнді де сәулетті үйлер, медресе, мектеп, мешіт салғызып, онда өз туыстарының балаларын оқытады. Ағаш отырғызып, бау-бақша, егін салумен да айналысады. Асыл тұқымыды мал өсіреді. Өз мекенінде оқшау өмір сүріп, саятшылық, аңшылықпен айналысқан Шәңгерейдің ерекше ден қойған бір ісі — әдебиет, өнер, ғылым, білім болды. Орыс классиктері М.Лермонтовтың, Н.В. Гогольдің шығармаларын аударады. Шәңгерей орыс тілін меңгерумен қатар, мұсылман медресесінде парсы, түрік, араб тілдерін қоса меңгерген. Әсересе жетік білгені француз тілі болады [4, 301 б.].
ХХ ғасырдың басында көптеген ғылыми оқулықтар мен баспасөз басылымдарын алдыртып оқиды. 1911-1913 жылдары қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен Оралда «Қазақстан» газетін шығару мәселесі көтерілгенде бұл істі ұсынып, жігерлендіріп, әрі қаржылай көмек берген де осы Шәңгерей болатын. Ол бұдан кейін де көптеген қоғамдық-саяси істерге ат салысады. Алайда сол бір аласапыран заманда оғанда қауіп төніп, 1917 жылдар шамасында ол Көлборсыдағы иелігін тастап, қазіргі Қаратөбе ауданына қарасты Ақбақай деген жерге көшіп кетеді. Сонда елден оқшауланып, елдегі дүрбелеңге араласпай өмір кешкен.
1920 жылы қаңтарда сол Ақбақайда сүзек ауруынан қайтыс болған. Шәңгерей ақынның өлеңдері 1910 жылы «Шайыр», 1912 жылы «Көкселдір» жинақтарында Ғұмар Қарашпен бірлесіп отырып шығарылған. Оның орыс шенеуніктері және патша әкімшілігімен өзара қарымқатынастарына келетін болсақ, Шәңгерейдің сұлтандық шеніне қарай да, адамшылық кейпіне қарайда оның өзге ұлттық достары аз болмаған. Шәңгерейдің Астрахань генералгубернаторлығымен байланыстарын есептемегенд үй ішімен аралас-құралас болып кеткен отбасы достары туралы да деректер сақталған.
Қазіргі Волгоград облысына қарасты, немістер шоғырымен отырған Савинка селосында Зарубиндер дейтін әулет тұрыпты. Савинка ақын мекен жайына тиіп тұр. Әулет қожасы Иван Ефимович осындағы алғашқы дәрігер болған. Барынша білімдар, аңқылдақ та сөзуар ол көрші қақымен Шәңгерейге жиі-жиі барып тұрған. Шәңгерей қымызбен өкпе ауруларын емдейтін орын ашқан кезде оған көп көмек көрсеткен [4, 306 б.].
Қазан төңкерісіне дейінгі орталық орыс қалалары мен кезінде әлемге әйгілі болған шығыстың Кабул, Мысыр шаһарларындағы университеттерінде оқып, жоғары білім алған Бөкейлік зиялылары тобын үш ұрпақ өкілдерінен тұрады деуге болар еді:
Бірінші ұрпақ – аға буынға жататындар: Мұхамбет-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Юсуп Ниязов, Сұлтан Шалабаев, Сұлтан-Мұрат Жантөрин, Мырзағұл Саңғырықов, Сақыпкерей және Ғұбайдолла Жәңгіровтер, Шәңгерей Бөкеев. Бұлардың Ғұбайдоладан басқаларының бәрі де ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін Орынбордың Кадет корпусын бітіріп, алды Жәңгірдің көзі тірісінде хан ставкасында, соңы кейіннен «уақытша кеңестің» тұсында Орданың округтері мен қыйсымдарының басқарушылары болып, ел басқарған азаматтар болды.
Екінші ұрпақ – орта буынға жататындар: Шарафуддин Шигаев, Өтешқали Аманиязов, Бақтыгерей Құлманов, Мұстафа Көкебаев, Шахмұрат Харабаев, Мұханәлі Шынтеміров, Нұрым және Жұмағали Қарабаевтар, Меңдіғали Мұхашев, Жарас Әзербаев, Әжіғали Шынтасов және басқалары. Бұлар сол ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан 90-жылдарға дейін алды СанктПетербургтен, көпшілігі Орынбордың Кадет корпусын бітірген офицерлер. Әр қайсылары әр жылдарда Бөкей Ордасының округтары мен уездерін басқарған.
Үшінші ұрпақ – кейінгі толқынға жататындар: Уалитхан Танашев, Батыр-Хайр мен АбдолКарим Ниязовтар, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қарашев, Иманғали Меңдіханов, Нұрмұхан Ақбаев, Ғұсман мен Ибраш Танашевтар, Фазыл мен Шафкат Бекмұхамбетовтер, Сейтқали Меңдешев, Мажит Шомбалов, Мүбина Ниязова, Нұғыман Залиев тағы да көптеген басқалары [5, 156 б.]. Бұлардың барлығы да халықты ұлтына, қазақты руы мен тегіне бөлмей елдің бостандығы үшін ұлт-азаттық қозғалысқа белсенді араласқан қайраткер, абзал жандар. Бұл ұрпақ түгелімен кешегі совет үкіметі заманында түрлі жұмыстардың басында болып, халқы үшін жан аямай еңбек етсе де қуғын-сүргін құрбаны болған жайсаң жандар.
Аталған Бөкейлік Зиялылардың көбінің өткен өмір жолдары мен атқарған қызметтері жөнінде қолда біраз деректер болса да бұл жолы осымен шектелуге тура келді. З.Нұралыхановтың үлкен ұлы – Сәлімгерей тарихи деректерде әкесінің көзі тірісінде онымен бірге ел істеріне араласып, көп тәжірибе жинақтаған адал, сеніміне берік жан ретінде көрсетіледі. Ол Бөкейлікте Ғ.Қараш, Ш.Бөкеев т.б. мен қатар жүріп үлкен өмір мектебінен өткен. 1918 жылдың жазында Бөкей облысында және ауылдарда кеңестер мекемелері құрылады. Бұл мекемелерде әсіресе сауатты, арнайы білімі бар, патшалық кезінде Алаштықтарға қызмет істеген білікті адамдар іріктеп алынады. Олардан 1918 жылы облыста 13 халық соттары сайланады [6, 147 б]. Олардың құрамына енгендер ішінде жоғары заң білімі бар Б.Ниязов, С.Жанболатов, С.Нұралыханов секілді 11 адам патша, уақытша өкіметтер кезінде тергеу жұмыстарында болғандар еді. Сондықтан бұлардың көпшілік алдында жауапкершілігі артқаны сөзсіз. Бұл соттар мен тергеушілер уездік кеңестің съездерінде 4-5 реттен сайланған. Бұлар халық сотының облыстық кеңесін құрады. Ол айына 2-3 рет өз мәжілістерінде арыздарды, үкімдерді қарап отырған.
Қазақ тарихында әскери жоғары лауазымды иеленген Бөкейлік әскери тұлғалар ішінде бірнешеуін атауға болады. Бірақ жоғары әскери лауазымды иелену патшаға адал қызмет жасау дегенді білдіретін еді. Сондықтан, Кеңестік кезеңде мұндай патша сеніміне кірген монархияшылдар мен ақсүйек, ауқаттылар тобы, әсіресе әскери қызмет атқарған тұлғалар туралы зерттеуге тиым салынып, тарихшылар назарынан тыс қалып келді. Сондықтан қазақ жеріндегі, оның ішінде Бөкейлік зиялылардың әскери лауазым атқарғандары туралы мағлұматтар өте аз кездеседі, тіпті бұл тақырып мардымды зерттелмеген деуге болады. Биыл 2016 жылы қазақ тарихындағы тарихи өлкелердің бірі Бөкей Ордасының құрылғанына 215 жыл толуына орай, біз өз тарапымыздан туған өлке Батыс Қазақстан тарихын зерттеуге үлес қосып, қазақ даласына жаңаша саяси-құқықтық өзгерістер әкелген Бөкей Ордасынан шыққан әскери тұлғалар туралы зерттеуімізді қолға алдық.

Әдебиеттер:
1. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан. Алматы. «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 528 б.
2. О. фон Фрейман. Пажи за 185 лет: биографии и портреты бывших пажей с 1711 по 1894 г. – Фридрихсгам, 1894. — 952 с.
3. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 592 б.
4. Аманжолова Ш. «Бүтін бітім». Жалын, № 7-8. – 1997. – 308 б.
5. Букеевской Орде 200 лет. Издание из 6 книг. Книга 4. Алматы: Издание «Өлке». – 2001 г. – 216 с. 6. Сүйінов С. «Бөкей Ордасы». – Алматы: «Өлке» баспасы, 2000. – 184 б.




Кенесова А.С.
ВОЕННЫЕ ДЕЯТЕЛИ ВЫШЕДШИЕ ИЗ БУКЕЕВСКОЙ ОРДЫ

Резюме
В статье рассматриваются сведения об общественно-политических деятелях из Букеевской Орды.
Ключевые слова: Букеевская Орда, корнет, Пажеский корпус, князь Чингис, военный майор, внук хана Жангира, Оренбургский кадетский корпус, Букеевская интеллигенция.

Kenessova A.S.
MILITARY LEADERS EMERGED FROM BUKEY HORDE

Summary
In this article describes information about the social and political figures of the Bukey Horde.
Key words: Bukey Horde, cornet, Page Corps, Genghis Prince, major military, grandson of Khan Zhangir, Orenburg cadet corps, Bukey intellectuals.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *