Бір күні түлкі қалың ағашты аралап келіп жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:
– Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халің қалай? – дейді.
Қырғауыл:
– Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді.
Түлкі:
– Жерге түсіп сөйлесеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.
Қырғауыл:
– Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.
Түлкі:
– Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмысқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.
Қырғауыл:
– Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі.
Қырғауыл:
– Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.
Түлкі:
– Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.
Қазақ халық ертегілері
жинағынан