ТАЗША БАЛА

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда-кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген ешкісін сойып алып, етінен кемпір мен шалға бір түйір берместен арқалап кетіпті. Келе жатып бір өнерші байдікіне кезігіпті. Бұл байға өнер үйренуге жалданыпты. Өнерші бай өте қатты жауыз адам екен, ол жалданған жігітті бір сандыққа салып қойып, аштан өлтіріпті. Үйінде қалған ортаншы баласы бұл да өнер үйренбекке талап етіп, ол да ағасының кеткен жолымен кетіп, өнерші байға келіп жалданыпты. Өнерші бай оны да аштан өлтіріпті. Үшінші ұлы Тазша бала о да ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, жарты етін әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, жүріп кетіпті. 

Келе жатса, бір қора қойға ұшырапты, бір қора қойдың қойшысына жолығып сұраса, бұл қойлар өнерші байдікі екен. Қойшысы бір шал екен. Ол Тазшадан сұрайды: –  «Балам, қайда барасың?» –  деп. Тазша бала жауап береді: «Өнер үйренуге барамын» , –  деп. Сонда шал тұрып айтады: «Балам, бұл сөзіңді ешкімге айтпа, өзің өтірік айтпа», – депті. Сонан соң бұл бала шалдың айтқаны рас екен деп ойлап, өнерші байға барыпты. Байдың үйіне қонып, ертең жүрейін деп жатқанда өнерші бай Тазшадан сұрайды: «Балам, қайда барасың, жолың болсын», –  депті. Тазша бала жауап беріпті: «Мен өзіңдей ер баласы жоққа еншілес бола аламын», –  деп. Сонда өнерші  айтады: «Балам, сен маған қал, бала бол, біздің бір ақ құнан қойды сойып, той қылып, асық жілігін етімен өзің жеп қоярсың, мен жолаушы боламын», – дейді де, өзі жолына кетеді. Тазша бала: «Хош, әке, жақсы бол», – деп үйде қалады. 

Бұл өнерші байдың үйінде бір қыз бар екен. Қыз Тазша балаға айтады: «Аға, сен асық жілікті өзің жемей, керегенің басына іліп қой. Сонда бір ақ тазы келіп, жілікке ұмтылар, сонда сен балтаны алып, тазыны өлтір», – дейді. Мұнан соң Тазша бала ақ құнан қойды сойып, той қылып, көршілерін шақырып, асық жілігін өзі жемей, қыздың айтқанын қылып, кереге басына іліп қойыпты. Айтқандай-ақ, тазы келіп, жілікке ұмтылыпты. Тазша балтамен жіберіп қалыпты. Бірақ, балтасы тазығатһ тимей, ит құтылып кетіпті.

Өнерші бай үйіне қайтқан соң, Тазша баланың мұндай істерді істгенін біліп, қатты ашу етіп: «Бұл итті аштан өлтірейін», – деп сандыққа салып қойыпты. Байдың бағанағы қызы әкесі жоқта сандықтың түбін тесіп, тамақ беріп, Тазшаны тойындырып тұрыпты. Осы сандықта жатып, байдан  неше түрлі сиқыр өнерін үйреніпті. 

Бірнеше күндер өткен соң, Тазшаның өз әкесі балаларын іздеп шығып, өнерші байдікіне келіп сұрайды: «Бір Тазша деген балам бар еді, соны көрдіңіз бе?» – деп. Өнерші бай: «Көргенім жоқ», –  деп жауап береді. Бұлардың сөйлесіп тұрған сөздерін үйде сандықта жатқан Тазша естіпті. Бай әлгідей дегенде Тазша: «Әке, мен мұндамын», – деп ішінен айқалапты. Дауысынан баласын танып, байдың сандығынан шығарып алып, Тазша мен әкесі қайтыпты. 

Тазша жолай әкесіне айтады: «Әке, мен қара құнан қой болайын, мойныма жіп тағып, жетектеп барып базарға сат, бірақ жібіңді алып қал», – дейді. Баласы сол жерде айтқанша қара құнан қой болады да, әкесі мойнына жіп тағып, базарға сатып, ақшасын алып, үйіне қайтады. 

Ертеңіне баласы өз қалпына түсіп, әкесіне айтады:

«Әке, мен қара жорға ат болайын», мені базарға апарып сат, пұлымды ал, бірақ шылбырыңды алып қал», – депті. Баласы айтқанша ат болып, әкесі базарға сатып, шылбырын алып, үйіне қайтты.

Ертеңіне баласы Тазша тағы өз қалыбына түсіп, үйіне келіп, әкесіне айтады: «Әке, мен бір жез бұйдалы нар тайлақ болайын, сен мені базарға апарып сат та пұлымды ал, бірақ бұйдамды алып, үйге қата бер», – дейді. Тазша айтқанынша тайлақ болып, әкесі базарға  сатайын деп жетектеп келе жатса, алдынан баяғы өнерші бай шығыпты. Ол айтады: «Маған мынау тайлағынды сат», – деп. Тазша әкесі айтады: «Тайлағымның бағасы жүз ділдә», – деп. Сонда өнерші бай олардың айласын біліп, жаман оймен тайлақты жүз ділдаға сатып алыпты. Үйіне жетектеп келіп, баяғы қызын шақырып алып: «Мынау тайлақты ұстай тұр», – депті де, өзі пышақ алып шығып, тайлақты бауыздайын деп, үйіне жүгіріп кетіпті. Қыз әкесінің жаман ниетін біліп, бұл да пышақ ала шыққан екен. Әкесі үйге кірген кезінде тайлақтың бұйдасын пышақпен қиып жіберіп, босатып қоя беріпті.

Өнерші бай көре салып, үйіне қашып бара жатқан тайлақты қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай тазы болып қуыпты. Өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты, біраздан соң Тазша бала торғай болып қашыпты, онда бай қырғи болып соңына түсіпті. Онан соң Тазша торғай қалыбына түсіп, ұшып келіп, шарбаққа қонып отырыпты. Бай қырғи боп жерге таяла бергенде, Тазша қорқып шүберек болып жерге түсіпті. Өнерші бай кісі болып келіп, шүберекті қолына алайын депті. Тазша тары болып, шашылыпты. Өнерші бай тауық болып шұқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да, тауық болып жүрген өнерпаз байдың желкесін қиып, үнін өшіріпті. Сөйтіп оның қызын алып, мұратына жетіпті. 

Қазақ халық ертегілері

жинағынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *