ӨКПЕНІҢ РЕСПИРАТОРЛЫҚ БӨЛІГІ

ӨКПЕНІҢ РЕСПИРАТОРЛЫҚ БӨЛІГІ
Өкпенің респираторлық бөлігінің құрылымдық-қызметтік бірлігі ацинус (acinus pulmonaris). Ол респираторлық бронхиолалардың, альвеолярлық жолдардың және альвеолярлық қаптардың қабырғасында орналасқан альвеолалар жүйесінен тұрады. Альвеолалардағы ауа мен қан арасында газ алмасу өтеді. Адам өкпесіндегі ацинустардың жалпы саны 150000. Ацинус 1-ші реттік респираторлық бронхиоладан (bronchiolus respiratorius) басталады, ол дихотомиялық 2-ші реттік және 3-ші реттік респираторлық бронхиолаларға бөлінеді. Бронхиолалардың қуысына альвеолалар ашылады. Әр бір 3-ші реттік респираторлық бронхиолалар альвеолярлық жолдарға (ductuli alveolares) жалғасады, ал альвеолярлық жолдар альвеолярлық қапшықтармен (sacculi alveolares) аяқталады (4 сурет). Ацинустар бір-бірінен жұқа дәнекер тіндік қабатпен бөлінеді. 12-18 ацинустар өкпенің бөлікшесін құрайды.


4 сурет. Өкпе ацинусының құрылысының сызбасы
А. Альвеолярлық қапшық
Б. Альвеолярлық жол
В. Альвеола
Г. Респираторлық бронхиола
Д. Терминальды бронхиола
Респираторлық бронхиолалар бірқабатты текшелі эпителиймен қапталған. Эпителийдің құрамында кірпікшелі жасушалар сирек, ал Клар жасушалары жиі кездеседі. Бұлшық етті табақшасы жекелеген, айналмалы орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан тұрады. Адвентициальды қабықшасы өкпенің интерстициальды тініне жалғасады.
Альвеолярлық жолдар мен альвеолярлық қапшықтардың қабырғасында көптеген альвеолалар орналасады. Ересек адамдарда олардың саны орташа 300-400 млн жетеді. Альвеолалар құрамында гемокапиллярлар бар жұқа дәнекер тіндік тосқауылдармен (2-8 мкм) бөлінеді. Альвеолалардың арасында диаметрі шамамен 10-15 мкм альвеолярлық тесікшелер орналасады. Альвеолалардың ішкі бетін екі түрлі жасушалар қаптайды: респираторлық альвеолоциттер немесе 1-ші типті жасушалар және секреторлық альвеолоциттер немесе 2-ші типті жасушалар. Жануарларда 3-ші типті немесе жиекшелі жасушалар орналасады.
Респираторлық альвеолоциттердің немесе 1-ші типті альвеолоциттердің (olveolocyti respiratorii) пішіні жазық, созылыңқы болып келген. Жасушаның ядросы орналасқан аймағы қалыңырақ (5-6 мкм) болса, ядросыз аймағы жұқа (0,2 мкм). Апикальды бетінде микробүрлері болады. Цитоплазмасында ұсақ митохондриялар мен пиноцитоздық көпіршіктер анықталады. Респираторлық альвеолоциттердің ядросыз аймағына гемокапиллярлардың эндотелиоциттерінің ядросыз аймағы жанаса орналасады. Олардың арасында газ алмасу өтеді, яғни бұл аймақта өте жұқа (орташа 0,5 мкм) аэрогематикалық тосқауыл орналасады( 5 сурет).
Секреторлық альвеолоциттердің немесе үлкен эпителиоциттердің (epitheliocyti magni) пішіні текшелі. Цитоплазмасында секреторлық аппараты жақсы дамыған және осмиофильді табақшалы денешіктер- цитофосфолипосомалар болады. Апикальды бетінде микробүрлері болады. Бұл жасушалар сурфактант өндіреді. Оның үш компонентін ажыратады: мембраналық, гипофаза (сұйық) және резервті сурфактант-миелин тәрізді құрылымдар. Сурфактант альвеолаларды қабысудан сақтайды, олардың қуысына жұтқан ауадан кіретін микроорганизмдердің өтуіне, сондай-ақ тамырлардан сұйықтықтың өтуіне кедергі болады.


5 сурет. Аэрогематикалық тосқауылдың құрылысының сызбасы
А. Өкпенің интерстициальды дәнекер тіні
Б. Үлкен эпителиоцит
В. Респираторлық альвеолоцит
Г. Респираторлы эпителийдің базальды мембранасы
Д. Гемокапиллярдың базальды мембранасы
Е. Эндотелий


Сурфактант үнемі алмасып отырады. Өкпеде сурфактант-антисурфактанттық жүйе бар. Сурфактантты секреторлық альвеолоциттер немесе 2-ші типті жасушалар бөлсе, оны сәйкес ферменттерді бөлу арқылы бронхтар мен бронхиолалардың қабырғасында орналасқан Клар жасушалары, 2-ші типті жасушалардың өзі және альвеолярлық макрофагтар ыдыратуға қатысады. Сонымен қатар, 2-ші типті альвеолоциттер өкпенің резекциясы кезінде бөліну арқылы оның қалпына келуіне қатысады. Альвеолалардың қабырғасында аталған жасушалардан басқа макрофагтарда орналасады. Олар фагоцитозға жауапты.
Тыныс алу жүйесінің қалпына келуі. Тыныс алу жүйесінің физиологиялық қалпына келуі жасушалық деңгейде өтеді, өйткені тыныс алу мүшелері камбиальды элементтерден тұрады, ал репаративті қалпына келуіне 2-ші типті жасушалар қатысады, өйткені митоз жолымен көбеюге қабілетті. Сонымен қатар, бронхтар мен бронхиолалардың базальды жасушалары да өкпенің резекциясы кезінде альвеолалардың эпителийінің жасушаларына дифференциялануға қабілетті. Дәнекер тіндік элементтер өздерінің камбиальды жасушалары арқылы қалпына келеді. Қалпына келу процессінің адамның жасына байланысты ерекшеліктері болады. Тек өкпенің өсуі аяқталмаған жас организмде ғана сылынған өкпе тінінің қалпына келуі бронхиолалардың, альвеолалардың және тамырлардың жаңадан пайда болуы арқылы өтеді. Ересек адамда өкпенің резекциясы кезінде жаңадан альвеолалар пайда болмайды, компенсация мүшенің қалған бөлігінің альвеолаларының гипертрофиясы арқылы жүзеге асады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *