МҰРЫН ҚУЫСЫ

МҰРЫН ҚУЫСЫ
Мұрын қуысының екі бөлігін ажыратады: кіреберіс және меншікті мұрын қуысы (тыныс алу және иіс сезу аймақтары).
Құрылысы. Кіреберіс бөлігін шеміршек астында орналасқан қуыс құрайды. Оның қабырғасы көпқабатты жазық мүйізденетін эпителиймен қапталған, ол тері эпителийінің жалғасы болып табылады. Эпителий астында борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұратын меншікті табақша орналасады. Бұл қабатта май бездері мен қылшықты шаштардың түбірі болады.
Меншікті мұрын қуысының тыныс алу аймағын қаптайтын шырышты қабықша бірқабатты, көп қатарлы призмалық кірпікшелі эпителийден және меншікті табақшадан тұрады. Эпителийдің құрамыны 4 түрлі жасуша кіреді: кірпікшелі, микробүрлі, базальды және бокал тәрізді.
Кірпікшелі жасушалардың апикалді бөлігінде ауаның ағынына қарсы бағытта қозғалатын ұзындығы 3-5 мкм кірпікшелері болады (әр жасушада 250-ге дейін). Бұл жасушалар ауадан шаң-тозаңдарды, мироорганизмдерді ұстауға қатысады. Бокал тәрізді жасушалар эпителийдің бетін ылғалдауға қажет шырыш бөледі. Шырыштың құрамында эпителий астында орналасқан борпылдақ дәнекер тінінің плазмоциттері бөлетін иммуноглобулиндер болады. Микробүрлі жасушалар хеморецепторлар болып табылады. Базальды (ендірме, камбиальды) жасушалар – аз дифференцияланған жасушалар, митоз жолымен бөлінуге қабілетті, эпителийдің физиологиялық және репаративті қалпына келуіне қатысады.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, эластикалық талшықтары басым болады. Құрамында шырышты бездердің секреторлық бөлімдері орналасады. Олардың шығару өзектері эпителийдің бетіне ашылады. Сонымен қатар бұл қабатта лимфалық түйіншелер де орналасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *