Шығыстың ұстазы: Ұлы әл-Фараби кім болған

Шығыстың ұстазы: Ұлы әл-Фараби кім болған

Әр дәуірде, әр кезеңде аты бүкіл әлемге мәшһүр болған ғұлама ғалым, данышпан адамдардың өмір сүретіні хақ. Сондай ғұламалардың ғұламасы, данышпандардың данышпаны, жүз емес, мың жылда бір туатын өз заманының озық ойлы, дара болмысты тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби. Биыл осы Ұлы Даланың Ұлық тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышына айналған әл-Фараби бабамыздың туғанына мерейлі 1150 жыл толып отыр.
Фарабитанушы ғалымдарымыз анықтаған азын-аулақ өмірбаяндық деректерге сүйенер болсақ, әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка салаларын зерттеген әл-Фараби 870 жылы – Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді-мекенінен оңтүстік-батысқа қарай жатқан сайын дала төскейінде дүниеге келген.
Балалық шағынан бастап-ақ, ғылым-білімге ерекше құштар болған әл-Фараби өзі өмір сүрген кезеңдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқан, Мерв, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа секілді қалаларда болып, үнемі білімін ұштап тұрған.
Ғылым мен білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит секілді әлем халықтарының тілдерін жетік меңгерген. Ортағасырларда ғылым біртұтас болып, әлі іштей жіктелініп, жеке сала болып қалыптаса қоймаған кезеңде
барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгерген ойшыл кейінгі ұрпаққа арнап, 150-дей ғылыми трактат жазып, артына өшпес мұра қалдырған.
Әл-Фарабидің қаламынан туған ең мәшһүр еңбектері: «Философиялық трактаттар», «Математикалық трактаттар», «Логикалық трактаттар», «Птоломейдің «Альмагестіне» түсіндірме», «Ғылыми-жаратылыстану трактаттары», «Музыка және поэзия туралы трактаттар», «Музыканың үлкен кітабы» және Аристотельдің «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Категориялар», «Аналитика» және басқа да философиялық, логикалық шығармаларына жазған түсіндірмелері, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» секілді пәлсәпалық еңбектері.
Қазіргі уақытта әл Фараби ойларының өзектілігі арта түспесе кеміген жоқ. Тарихтың «құм басқан» көне «рухани күмбездерінің» ішінде алыстан мұнартып, жарқырап көзге түсетін Әбу Насыр әл-Фарабидің тұлғасы қашанда биік болмақ.
Десе де қазақ елі ұзақ жылдар бойы әл-Фарабиді жіті тани алмады. Ғұламаның есімі шығыстанушылардың еңбектерінде аталып жүргенімен ол өзіне лайық бағасы мен дәрежесін толық ала алмай келді. 1975 жылы жарық көрген өзбек ғалымы М. Хайруллаевтың «Мироввоззрение Фараби и его значение в истории философии» және «М. Фараби: эпоха и учение» атты монографиялық зерттеулері жарыққа шығып, әл-Фараби туралы докторлық диссертациялар жазылғаннан кейін ғана, қазақ ғылымында Ұлы ойшылдың мәдени мұрасына назар аударыла бастады.
Бүгінде Ұлы даланың ұлық тұлғасына айналған әл-Фарабиді қазақ даласына алып келіп, Фарабитанудың негізін қалаған қазақтың біртуар азаматы – Ақжан Машанов.
Еліміз ұзақ жылдар аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, әл-Фараби тұлғасының ой-санамызда және күнделікті өмірімізде берік орнығуына кеңінен жол ашылды. Ұлттық валютамызда Әл-Фараби бейнесі көрініс тапты, арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, ғалымның шығармаларын зерттеу ісі қолға алынды, мектеп бағдарламасына әл-Фараби және оның мұрасы жөнінде мәліметтер енгізілді, оқу орындарына, мектептерге ойшылдың есімі берілді. Солардың бірі әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті ғұламаны дүние жүзіне танытуға бүгінде барынша үлес қосуда.

Қаражан Қ.С., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Нұрахимова Ж.Ф., Тарих, археология және этнология факультетінің
7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *