Экология және кәсіби маман мәдениеті. «Жасыл белдеу» бағдарламасы және экология


Сабақ тақырыбы: Экология және кәсіби маман мәдениеті. «Жасыл белдеу» бағдарламасы және экология. Қадыр Мырза Әлі-философ ақын. «Аралым…»
Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.
Қадыр Мырза Әлінің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланған. Тұңғыш жинағы «Көктем» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Қадыр шығармаларындағы қасиет — өмірдегі ешбір құбылысты туған жерден, елден, табиғаттан тыс қарастырмайды. Қадыр ақын қамтыған тақырыптардың әр алуан екендігін әсерлі өлеңдерін оқи отырып бірден байқаймыз. Поэзияда ой да, сезім де, қуаныш та, мұң да қатар жүруі шарт. Үнемі мақтаудан, мақтанудан, тамсанудан қызық дүние шықпайды. Оның өлеңдерінен әртүрлі көңіл-күйлерді, тіпті қилы мінездерді байқау қиын емес. Қадыр әкесінен ерте айырылғандығын, жалғыздығын өлеңдерінде көп аңғартады. Ол әкесінің тағдыры арқылы күллі еліміздің тағдырын айтуға тырысады. Осынау азғантай арнау өлең ішінде жетпіс жылдық тарихымыздың көріністері сыр шертеді. Ақынның том-том жыр жинақтарын оқып отырғанда туған жер, табиғат, адам болмысы, өткен-кеткен өмір елестері, ата-ана тағдыры, достық, жолдастық, махаббат, арман-үміт, бейнет-зейнет — бәрі-бәрі маржандай тізіліп тұр. Қадырдың ана туралы жырлары да жүрек тебірентеді. Анаңнан, өзіңнен басқа арқасүйер ешкімнің жоқтығы айналаңа ой көзімен қарауға, әр нәрседен сақтануға батыл әрекеттер жасауға бағыттайды. Қадыр қазақтың барлық ұлы адамдары туралы өлең жазды. Шоқан, Ыбырай, Исатай, Махамбет, Біржан сал, Қажымұқан туралы жеке жырлары бар. Тіпті Әл-Фараби жөнінде де тереңінен толғап жазған. Абайға қайта-қайта оралуының да ар жағында ұлы жандардың рухани байлығын байқау қиын емес. Ол елді-жерді көп аралаған. «Өзбек өңірінде», «Қырғыз құшағында», «Тәжік топырағында», «Түркімен төрінде» атты циклдары жай ғана бір жолаушының көзқарасы, әсері емес, сол елдердің қадір-қасиетін, ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерін халыққа таныту ниетінен туған. Қырғыз, тәжік, түркімен елдеріндегі таңғажайып елестер ақынның қаламы тигенде өзгеше бір көрініс, әсерге бөленеді. Ұлы адамдар арқылы ізгілік, қасиеттілік, адамзат өміріне әкелген жаңалық сияқты үлкен ұғымдар бізге көркем тіл, бейне арқылы жетіп тұр. Оның табиғат, аң-құстар жөнінде жазған өлеңдері де жеке зерттеуге тұрарлықтай дүние. Себебі, ол бәрін біліп жазады. Терең ойлар, телегей теңеулер Қадыр Мырзалиевке төл дүние секілді. «Жұлдыз» журналында жалғасады. «Жазушы» баспасында, кейін Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істейді. Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақытта қырықтан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары жарық көрген. «Көктем», «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Домбыра», «Күндер-ай» секілді еңбектері оқырман арасында кең тараған. 1980 жылы «Жерұйық» жинағы жоғары бағаланып, Мемлекеттік сыйлықты алады.Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Өлеңдері көптеген шетел тілдеріне аударылған. Қадыр Мырза Әлі Рим ақыны Овийдиді, шығыстың шайыры Руми, Гейненің, Гюго мен Лермонтовтың, Есенинмен, Расул Ғамзатов және тағы басқа ақындардың жырларын қазақ тіліне аударған. Оқырман қауымға Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұран мәтінінің авторларының бірі ретінде де жақсы таныс.
Қадыр Мырза Әлі көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғүламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударады. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бұрынғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты.
«Аралым» өлеңі
Шалқыған теңіз,
Толқыған теңіз,
Көгілдір көк айдыным, көк айдыным.
Биікте жүрген,
Бұлттарды сүзген,
Бұрынғы жоқ айбының, жоқ айбының.
Аққу арман,
Күтемін алдан
Сағынып қанат қаға ма?
Толқыны тулап,
Шағала шулап,
Толар ма ауыл жағаға?
Арал, сен туралы айтам ән,
Арал, ақ айдыным аңсаған.
Арал, оралсаңшы қайтадан!
Арал!
Қарайған жерге,
Қуанған шөлге
Телміріп күн қарайды, күн қарайды.
Көк дауыл жеккен,
Кемелер шөккен
Жағада құм борайды, құм борайды.
Аққу арман,
Күтемін алдан
Сағынып қанат қаға ма?
Толқыны тулап,
Шағала шулап,
Толар ма ауыл жағаға?
Арал, сен туралы айтам ән,
Арал, ақ айдыным аңсаған.
Арал, оралсаңшы қайтадан!
Арал!
Үй тапсырмасы. 1. «Егер мен ақын болсам…» Өлең ұйқастары мен өлшемі ұсынылады
• ——————— қорғайық
• ——————— қолдайық
• ——————— бәрінен
• ——————— болайық.
• ——————— Жер ана
• ——————— сен ғана
• ——————— мәңгілік
• ——————— кең дала
2. Сұрақтарға жауап жазыңдар және консепкт жазуға
1. Қадыр Мырзалиев қандай университетте оқыды?
2. Қандай журналдар баспасында қызмет атқарады?
3 Қадыр Мырзалиевті қандай ақын деп атайды?
4. Әдебиеттің қандай салаларында шығармалары бар
5. Шығармаларының тақырыбы қандай?
6. Қадыр Мырзалиевтің алған сыйлықтары?
7.Орыс тіліне аударылған шығармалары?
3. Арал теңізінің қазіргі таңдағы жай-күйі туралы мәлімет жинап келу
4. «Аралды құтқарудың жолдары» атты тақырып төңірегінде диалог құрастыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *