Цитология тарихы. Жасуша теориясының негізгі ережелері

Цитология – жасуша туралы ғылым. Цитология жасушалардың құрылысын, олардың химиялық құрамын, жасуша ішіндегі құрылымдардың атқаратын қызметін, жануарлар мен өсімдіктер ағзаларының жасушаларының қызметтерін зерттейді.
Жасуша (жасуша) – біздің планетамыздағы тірі ағзалардың құрылымы мен дамуының негізін құраушы бірлігі. Тірі ағзалардың жасушалық құрылымын оқып, зерттеу жұмыстары оптикалық аспаптардың жасалуы және жетілуімен тығыз байланысты. 1665 ж. ағылшын жаратылыстанушысы Роберт Гук микроскоптың көмегімен кездейсоқ алынған өсімдік объектісі – тозағашының кесіндісінен ара ұясы тәрізді қуыстарды көріп, алғаш рет өсімдіктердің «жасушалық құрылысын” анықтайды. XVII ғ. 70 ж. Марчелло Мальпиги өсімдіктердің кейбір мүшелерінің микроскопиялық құрылысын зерттеді. 1682 ж. Н. Грю «Өсімдіктер анатомиясының бастамасы”деген еңбегін жазды. XVII ғ. III жартысында голландиялық ғалым Антон ван Левенгуктың еңбектерінде жануарлар жасушасының құрылысы туралы зерттеулер орын алды. 1781 ж. Ф. Фонтана жануарлар жасушаларының небір құпияларын ашып, жануар жасушасын ядросымен қосып суретін салды. XIX ғ. I жартысында чех ғалымы Ян Пуркинье микроскоп техникасын жетілдіріп, жасуша ядросын («ұрық көбігі”) сипаттап, жануарлар мүшелерінің әр түрлі жасушаларын зерттеді. Ол жасуша ішіндегі сұйықтыққа «протоплазма” деген ұғымды қолданды. 1831 ж. Роберт Браун жасуша ядросын маңызды да тұрақты құрылым ретінде сипаттап, «nucleus” – ядро ұғымын енгізді.
Жасуша туралы өздеріне дейінгі мәліметтерді жинақтап және өз зерттеулерінің нәтижелерін пайдалана отырып, ботаник М. Шлейден мен зоолог Т. Шванн жасуша теориясының негізін қалады.
Жасуша теориясының негізгі қағидалары:
— барлық ұлпалар жасушалардан түзіледі;
— өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының құрылысы ұқсас, өйткені барлық жасушалардың пайда болуы бір заңдылыққа бағынады;
— әрбір жасуша дербес, ал ағзаның тіршілік етуі жеке жасушалардың тіршілігінің жиынтығы салдарынан туады;
Жасуша теориясының негізі алғаш қаланған кезде жасуша ағзада қалай пайда болатындығы шешілмеген мәселе болды.
Жасуша теориясын ары қарай дамытуға неміс ғалымы Рудольф Вирхов өз үлесін қосты. Ол ағзадағы жасушалар саны олардың бөлінуі нәтижесінде көбейетіндігі және жасуша тек жасушадан туындайтындығын дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *