ЖОҒАРЫ САТЫДАҒЫ ӨСІМДІКТЕР

ЖОҒАРЫ САТЫДАҒЫ ӨСІМДІКТЕР. ДАМУЫНЫҢ ГАМЕТОФИТТІ СЫЗЫҒЫ.
ЖАПЫРАҚСАБАҚТЫ МҮКТЕР
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтар
2. Даму циклі
3. Нағыз мүктердің даму циклдерінің өзгешеліктері
4. Нағыз мүктердің эволюциясы
5. Маршанциялар, жапырақсабақты мүктер

Дəрістің мақсаты: Жоғары сатыдағы өсімдіктердің жалпы сипаттамасы. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің бөлімдері. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің биосфералық маңызы. Риниофиттер бөлімінің тіршілік еткен уақыты мен экологиялық мүмкіндігі. Риниофитттер жоғары сатыдағы өсімдіктердің қарапайымдыларының ең көлемді тобы. Плаунтəрізділер бөліміне жалпы сипаттама. Жапырақсабақты мүктердің дамуымен құрылысының ерекшеліктері. Жапырағы мен сабағының болуы, олардың редукцияға ұшырауы жəне спорофиттік мамандануы. Сфагнум, көкек зығыры, андреев мүгі.
ЖОҒАРҒЫ САТЫДАҒЫ ӨСІМДІКТЕР – CORMOBIONTA
Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің көпшілігінің денесі органдарға – тамырға, сабаққа жəне жапыраққа бөлінген болады. Бұл органдар жақсы жетілген ұлпалардан тұрады. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің өмірлік циклінде спорофитті (2п) мен гаметофитінің (п) алмасып келуі айқын байқалады. Жыныстық көбею органдары көпклеткалы. Аналық жыныс органы архегоний құмыра тəрізді болып келеді. Ол екі бөліктен – кеңейген түп жағында жұмыртқа клеткасы жетілді, ал оның мойны жұмыртқа клеткасы пісіп жетілген кезде жоғарғы жағынан ашылады. Аталық жыныс органы антеридий қапшық тəрізді болып келеді, оның ішінде көптеген сперматозоидтар пайда болады. Жалаңаш тұқымдылардың тек антеридийлері ғана редукцияға ұшыраған, ал жабық тұқымдылардың антеридийлері де архегонийлері да редукцияға ұшыраған. Жыныстық көбею органдары құрылысына (структурасына) қарай жоғарғы сатыдағы өмісдіктер архегониялы (Archegoniata) жəне пестикті (Gynooeciatae) болып екі топқа бөлінеді. Архегониялылар жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің алғашқы 7 бөлімін қамтиды, ал пестиктілерге тек бір ғана жабық тұқымдылар бөлімі жатады. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің зиготасынан ұрық пайда болады. Ол дегеніміз спорофиттің бастамасы болып табылады. Архегониялы өсімдіктерде ұрық гаметофиттің (п) есебінен, ал пестикті өсімдіктерде спорофиттің қор жинайтын ұлпасы – эндоспермнің (3n) есебінен жетілді.
ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІНІҢ ӨРКЕНГЕ ДЕЙІНГІ АРХЕГОНИЯЛЫЛАР ТАРМАҒЫ – PROCORMOBIONTA ARCHEGONIATAE
РИНИОФИТТЕР БӨЛІМІ – RHYNIOPHYTA
Риниофиттер бөліміне тек қазба түрінде ғана белгілі 2-3 туыс жатады. Олардың өмірлік циклында спорофиті басмы болып келеді. Вегетативті денесі дихотомиялы бұтақтанған теломдардың жүйесінен тұрады. Теломның жер беті бөлігінің жалпы құрылысының өзіндік ерекшелігі болады. Бұл əлі өркенге жатпайды, өйткені теломның өстерінде жапырақтары болмайды. негізгі өсі айқын байқалады. Нағыз тамырлары жоқ, оларды ризоидтары алмастырады. Спорангилері теломның жоғарғы ұштарында орналасады, спорангиясының қабықшасы көп қабатты. Риниофиттердің гаметофиттері табылмаған.
Классификациясы. Риниофиттер бөлімі екі кластан тұрады: риниопсидтер (Rhyniopsida), зостерофиллопсидтер (Zosterophhyllopsida).
Негізгі өкілдерінің біріне риния (Rhynia туысы) жатады. Ол биіктігі 20 см., диаметрі 3 мм. болатын шөптесін өсімдік. Жер асты бөлігі тамырсабаққа ұқсас теломнан тұрады, одан жоғары қарай перпендикуляр орналасқан жер асты өстері кетеді.
МҮК ТƏРІЗДІЛЕР БӨЛІМІ – BRYOPHYTA
Түрлерінің жалпы саны 35 мыңдай.
Құрылысы. Мүк тəрізділердің өмірлік циклінде, басқа жоғарғы сатыдағы өсімдіктердегідей екі фазасының – спорофиті мен гаметофитінің алмасуы байқалады. Алайда бұлардың гаметофиті басым болып келеді, ал қалған жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің барлығының спорофиті басмы болады. Осы ерекшелігіне байланысты мүк тəрізділерді өсімдіктердің эволюциясында дербес бүйірлік бұтақ ретінде қарастырады.
Гаметофит дегеніміз жапырақ тектес таллом немесе сабақтан жəне жапырақтан тұратын өсімдік. Тамырлары жоқ, олардың қызметін ризоидтары атқарады. Ал ризоидтар дегеніміз өсімдіктердің сыртқы клеткаларынан пайда болатын өсінділер болып табылады. Жыныстық көбею органдары көпклеткалы. Мүк тəрізділердің спорофиті спорогон деп аталынады, ол гаметофитке бағынышты. Морфологиялық тұрғыдан қарағанда спорофит жоғарғы ұшы шар тəрізді, эллипс тəрізді немесе цилиндр тəрізді болып келетін қорапшамен аяқталатын, жіңішке сағаққа ұқсас аяқшасы бар орган. Қорапшаның ішінде спорангилері мен споралары жетіледі. Спорогон гаметофитпен тығыз байланыста болады, өйткені одан суды жəне қажетті қоректік заттарды алады. Мүк тəрізділедің ең үлкенінің вегетативтік денесінің мөлшері (размері) гаметофиті мен спорогонын қосып есептегенде 60 см. аспайды.
Мүк тəрізділер сырт құрылысы жəне экологиясы жағынан балдырларға жақын. Балдырлар секілді, олардың да сосудтары мен тамырлары болмайды. Кейбір қарапайым өкілдерінің вегетативтік денесі жерге төселіп өсетін дихотомиялы бұтақтанған балдырлардың талломына ұқсас талломнан тұрады. Ұрықтануы сумен тікелей байланысты. Балдырлар секілді мүк тəрізділердің ішінде де, ағаштанған формалары болмайды.
Таралуы. Мүк тəрізділер дүние жүзінің барлық құрлықтарында кездеседі, бірақ таралуы біркелкі емес. Аздаған түрлері ылғалы жеткіліксіз жерлерде, мысалы шөлейт аймақтарда кездеседі. Кейбір түрлері ағаштардың қабығында эпифит ретінде немесе суда өмір сүреді. Түрлерінің басым көпшілігі солтүстік ендіктің қоңыржай жəне суық климатты облыстарының ылғалы мол жерлдерінде өседі. Мүк тəрізділедің тундраның, батпақты жерлердің жəне орманның өсімдіктер жабынының қалыптасуында алатын орны ерекше.
Классификациясы. Мүктəрізділер үш класқа бөлінеді: антроцероттылар класы (антроцеротовые или антроцеротосиды — Anthoccerotopsida), бауыр мүктер класы (печеночники, или печеночные мхи — Marschantiopsida, или Heraticopsida), нағыз мүктер класы (Bryopsida, или Musci). Ең маңыздылары соңғы екі кластың өкілдері.
БАУЫР МҮКТЕР КЛАСЫ – Heraticopsida
Түрлерінің жалпы саны 10 мыңдай болады. Барлық жерлерде кездеседі. Бауыр мүктерінің вегетивті денесінің құрылысының қарапайымдылығы, олардың ерте пайда болғандығын көрсетеді.
Бауыр мүктер класы екі кластармағынан тұрады: маршанциялар кластармағы (Magchantiidae), юнгерманиялар кластармағы (Jungermanniidae). Маршанциялар кластармағы екі қатардан тұрады: сферокарпалар қатары (Sphaerocarpales) жəне маршанциялар қатары (Marchantiales), ал юнгерманиялар кластармағы үш қатардан тұрады: метцгериялар қатары (Metzgeriales), гапломитриялар қатары (Haplomitriales) жəне юнгерманиялар қатары (Jungermanniales).
Кластың негізгі өкілі кəдімгі маршанция (Marchantiapolymorpha). Ол гаметофитінің ұзындығы 10-12 см. болатын, дихотомиялы бұтақталған, пластинка тəрізді талломнан тұрады. Таллом екі жағынан бірдей эпидермиспен қапталған. Жоғарғы эпидермистің ауа келіп тұратын тесігі-устьицесі болады. Бұл төрт қатар болып орналасқан, арнайы клеткалармен қоршалған, үлкен клетка аралық қуыстар. Устьицелердің астында ауа қуыстары болады. Төменгі эпидермистен бір клеткалы ризоидтар мен қызғыштау немесе көкшілдеу түсті қабықшалар кетеді. Оларды кейде редукцияға ұшыраған жапырақтарға жатқызады. Жоғарғы эпидермистің астында ассимиляциялық ұлпа орналасады. Ол бір ядролы, хлоропластары бар, вертикаль орналасқан, бағаналы паренхимиялық клеткалардың қатарынан тұрады. Оның астында клетка қабықшалары жұқа, хлорофилдері жоқ паренхималық клеткалардың қабаты жатады. Яғни маршанциялардың талломының құрылысы дорсивентральды болып келеді.
Талломының үстіңгі жағында ерекше бұтақшалар-тіректер (подставки) пайда болады, ал олардың жоғарғы жағында жыныс органдары жетіледі. Маршанция екі үйлі өсімдік. Бір өсімдіктерде тірек тоғыз сəулелі жұлдызша формалы болып келеді. Осы сəулелердің арасында, оның астыңғы жағынан аналық жыныс органы архегонийлері орналасады. Екінші бір өсімдіктерде тірек сегіз бұрышты қалқанша формалы болып келеді. Қалқаншаның жоғарғы жағындағы антеридиальды қуыстың ішіне антеридийлері еніп жатады. Архегонияның құрсақ жағында жұмыртқа клеткасы жетіледі. Жұмыртқа клеткасы мен сперматозоид қосылғаннан соң, зиготадан спорогон жетіледі. Ол қысқа сағақты (тірсекті) қорапшадан тұрады жəне гаусториялары арқылы гаметофитке бекініп тұрады. Қорапшаның ішінде спора түзетін клеткадан мейоздың нəтижесінде гаплоидты споралар мен элатералар пайда болады. Элатералар дегеніміз қабырғалары спиарль тəрізді қалыңдаған, ұзынша келген өлі клеткалар. Олар споралардың массасының (үйіндісінің) ыдырауын жəне қорапшадан сыртқа шашылуын қамтамасыз етеді. Қолайлы жағдайда спорадан протонема (өскінше) жетіледі. Оның үстіңгі клеткаларынан маршанцияның талломы өсіп шығады.
Вегетативті көбеюі, линза формалы, үсті жасыл болып келетін өнім бүршіктері (выводковые почки) арқылы жүзеге асады. Олар талломның үстінде болатын ерекше кəрзенкелердің ішінде, олардың түбенде төселіп жататын клеткалардың бөлінуінің нəтижесінде пайда болады.
Маршанциялардың түрлері табиғатта кең таралған. Оларды көп жағдайда ылғалы мол жерлерден: көлдер мен өзендердің жағасынан, жыралардан, ормандардағы төменгі ярусты түзетін шөптесін өсімдіктердің арасында кездестіруге болады.
Бақылау сұрақтары:
1. Мүк тəрізділерге қандай белгі тəн?
2. Маршанцияның талломының құрылысы.
3. Маршанцияның ұрпақ алмасу.
4. Шилоспифустың талломының құрылысы.
5. Жапырақсабақты мүктің айырмашылығы.
6. Көкек зығырының ұрпақ алмасуы.
7. Маршанция мен көкек зығырының спора таралуының айырмашылығы.
8. Сфагнум мен көкек зығырының сыртқы құрылысы мен өсу ерекшеліктері.
9. Мүктəрізділердің таралуы мен маңызы. Қолданылған əдебиеттер:
1. Ə.Ə.Əметов «Ботаника» алматы, 2000 ж.
2. П.М.Жуковский «Ботаника» М., «Высшая школа» 1964 г.
3. Н.А.Комарницский «Ботаника» систематика растений М., «Просвещение» 1975 г.
4. П.А.Генкель, Л.В.Кудряшов «Ботаника» М., «Просвещение» 1964
5. Петренко А.З. «Систематика растений» электрондық нұсқасы Орал, 2004 жыл 5-7, 14-15 беттер.
6. М.В.горленко «Курс низших растений» М., «Высшая школа» 1981 г.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *