Өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының құрылысының ерекшеліктері

Өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының құрылысының ерекшеліктері

Барлық тірі организмдер тек микроскоппен ғана көруге болатын ұсақ бөлшектерден тұрады. Бұл бөлшектерді кейіннен жасуша деп атаған. Алғаш «жасуша» атауын 1665 жылы Роберт Гук қолданған және сол уақыттан бері бұл атау ғылымда бекітілді.

Барлық тірі организмдер жасушалардан тұрады. Олардың мөлшері, пішіні әртүрлі, қызметтері де түрліше болады. Дегенмен түрлі организмдер жасушаларының құрылысы мен химиялық құрамында ұқсастықтардың да бар екені анықталған. Кез келген жасуша — тұтас тірі жүйе, ол өзара байланысқан үш бөліктен: қабықшадан, цитоплазмадан және ядродан тұрады.

Жасуша қабықшасының басты рөлі — жасушаны сыртқы ортаның әсерінен қорғау, көршілес жасушалармен өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Жасуша қабықшасы арқылы жасушаға су мен қоректік заттар түсіп, тіршілік әрекетінің өнімдері сыртқа шығарылады.

Цитоплазма — жасушаның ішін толтырып тұратын зат, ол үнемі және баяу қозгалып тұрады. Онда белгілі бір қызмет атқаратын жасушалық құрылымдар — органоидтер болады.

Ядро — жасушаның ең маңызды бөлігі, ол көбеюге жауапты (бөліну).

Өсімдіктер мен жануарлар жасушасының құрылысы бірдей, тіршілік процестері ұқсас болғанына қарамастан, ерекшеліктері мен айырмашылықтары да болады (1-сурет). Олардың айырмашылықтары қандай? Өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының бірінші ерекшелігі олардың жасуша қабықшасына қатысты. Өсімдік жасушаларының жасуша қабықшасы қалың, тығыз жасұнықтан (клетчатка) тұрады. Ал жануарлар жасушаларының жасуша қабықшасы жұқа болады.

1-сурет
1-сурет. Тірі организмдер жасушалары

Келесі ерекшелігі — өсімдік жасушасының цитоплазмасында пластидтердің болуы. Пластидтердің құрамындағы пигменттеріне байланысты үш түрі болады: жасыл — хлоропластар, түрлі түсті боялған — хромопластар, түссіз — лейкопластар. Өсімдіктердің жасыл түсінің басым болуы құрамында хлорофилі бар хлоропластарға байланысты. Оның қатысуымен күн энергиясы химиялық заттар энергиясына айналады.

Жануарлар жасушасында пластидтер болмайды. Неге? Жануарлардың қоректену тәсілі гетеротрофты болып табылады — олар өсімдіктер түзген дайын органикалық заттарды қолданады. Үшіншіден, өсімдік жасушасында мөлдір көпіршіктер, іші жасуша шырынына толған ірі вакуольдер болады. Вакуоль су алмасуы мен тургор қысымын қамтамасыз етеді. Вакуольдерде қоректік заттардың ерітінділері болады.

Жануарлар жасушасында вакуольдер жоқ. Тек қана біржасушалы организмдерде ғана бар. Мысалы, кәдімгі амебада (біржасушалы жануарлар) асқорыту вакуолі (қоректің ыдырауына жауапты) және жиырылғыш вакуолі (артық судың сыртқа шығарылуына жауапты) болады. Өсімдік жасушасында қорға жиналатын көмірсу крахмал болса, жануар жасушасында гликоген жиналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *