Ұлпалардың ұйымдасуының жалпы принциптері

Ұлпалардың ұйымдасуының жалпы принциптері. Эпителий ұлпалары
Ұлпа дегеніміз белгілі функцияны атқаруға арналған құрылысы ұқсаса тарихы қалыптасқан клеткалар мен клеткааралық заттардың комплексі. Ұлпалардың микроскопиялық құрылысы мен функциясын зерттеудің негізінде Франс Лейдиг 1853 жылы олардың бірінші классификациясын ұсынған болатын. Оның классификациясын Альберт Келликер 1855 жылы жарық көрген өзінің гистологиялық оқулығында пайдаланған. Лейдиг Келликер ұлпаларды төрт топқа бөлген: 1. Эпителиалдық ұлпалар. 2. Дәнекер ұлпалары. 3. Бұлшық ет ұлпалары. 4. Нерв ұлпасы. Ұлпалардың осы төрт типін А.А. Заварзин екі топқа біріктіруді ұсынған: 1. Жалпы маңызды ұлпалар. Бұған эпительиалдық ұлпалар мен дәнекер ұлпалары жатады. 2. Маманданған ұлпалар (бұлшық ет ұлпасы мен нерв ұлпасы). Эволюция процесінде алдымен жалпы маңызды ұлпалар пайда болған, “мамандалған ұлпалар” филогенетикалық дамудың кейінгі кезеңінде бөлініп шыққан. Әрбір ұлпаның құрамында дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі клеткалық элементтер кездеседі.
Эпителий ұлпасы — жабын (тері жабыны) ұлпа мүшелердің сыртқы жағын жауып, ішкі мүшелерді (қарын, ішектер, несепағар, мұрын қуысы, ішкі секреция бездері және т. б.) астарлап жатады. Жасушалары бірімен-бірі өте тығыз жанасқан. Мұндай орналасудың қорғаныштық қызмет атқаруда мәні зор. Жасушаларының пішіндері — жалпақ, төрт бұрышты, цилиндр және т. б.
Эпителий ұлпасы құрылысына қарай бір қабатты, көп қабатты болады. Егер жасушалары бірнеше қабат түзіп орналасса — көп қабатты деп аталады. Мысалы, терінің, сыртқы қабатының жасушалары көп қабатты болғандықтан, қасаңданып түлеп түседі. Оның орнын терең қабатындағы жасушалар толықтырады.
Жасушаларының пішіні мен атқаратын қызметіне қарай эпителий ұлпалары 6 топқа бөлінеді:
1) Жалпақ эпителий (көп қабатты) жасушалары көп қырлы, терінің үстіңгі қабаты мен ауыз қуысы, өңештің ішкі жағын астарлайды.
2) Текшелі (кубический) эпителий бүйректің өзекшелерін іш жағынан астарлап тұрады.
3) Бағана тәрізді эпителийдің жасушалары ұзынша, қарын мен ішектердің ішкі қабатында орналасқан.
4) Кірпікшелі эпителий бағана тәрізді жасушаларының бетінде цитоплазмадан түзілген кірпікше тәрізді өсінділері болады. Әсіресе тыныс жолдарындағы кірпікшелі эпителийлер шаңтозаң бөлшектерін және т. б. бөгде заттарды ұстап қалады.
5) Сезгіш эпителий тітіркенуді қабылдайды, иіс сезу эпителийлері мұрын қуысында орналасқан.
6) Безді эпителий жасушалары сүт, тер, жас, сілекей, құлық бөледі. Жасушаларының пішіндері бағана және төрт бұрышты.
Эпителий ұлпасының қызметі:
— Қорғаныштық;
— Денеде су мөлшерінің бір қалыпты болуын реттеу;
— Бастапқы және соңғы кезеңдердегі зат алмасуға қатысу;
— Ағза мен сыртқы орта арасындағы зат алмасуды реттеу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *