ӘРЕКЕТ АУЫТҚУШЫЛЫҒЫ БАР ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

-ӘРЕКЕТ АУЫТҚУШЫЛЫҒЫ БАР ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Макина Л.Х. — Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Арнайы педагогика кафедрасының доценті, пс.ғ.к.,
Жақыпбекова Н.Қ. — Абай атындағы ҚазҰПУ-ніңАрнайы педагогика кафедрасының магистр оқытушысы

Мақалада іс-әрекет ауытқушылығы бар жасөспірімдердің тұлғалық және тұлғааралық қарым-қатынасының ерекшеліктері қарастырылады.
Түйін сөздер: тұлға, тұлғалық қасиет, іс-әрекет, қиын тәрбиеленетін категория, ерік-жігер сферасы, өзін-өзі тану, дезадаптивті іс-әрекет.

Қазіргі қоғамдағы қиын балалардың мәселесі психолог, педагог, құқық қорғау органдарының және әлеуметтік қызметкерлердің басты назарындағы жайт. Ол қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда адамдардың рухани құндылықтары мен моральды тұрақтылығының жоғалуына және әлеуметтік дезадаптацияға байланысты ерекше мәнге ие болып отыр. Ересектердің бейәлеуметтік әрекеті – бұл алкоголизм, наркомания, қаңғыбастық, құқықбұзушылық, өсіп келе жатқан ұрпақ арасында дезинтегративті үрдіске әкеледі, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығының бұзылуына әкеп соғады. Идентификация механизмі арқылы оларда әрекеттің қарама-қарсы стереотиптері қалыптасады, соның нәтижесінде персонализация және жалпы сананың даму үрдісі де ауытқуға ұшырайды. Іс-әрекет бұзылысы көбінесе жасөспірім жаста жиірек байқалады, яғни балалық шақтан ересек жасқа қадам жасап, өз-өзіне қоғам мүшесі ретінде саналы көзқарас қалыптасып жатқан кезеңде.
Әдебиеттерде ауытқыған іс-әрекет мәселелерінің медициналық-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық аспектілерін ашатын біраз зерттеулер жеткілікті көрсетілген. Бұл мәселеге үлкен зейін бөлінгенін берілген феноменді анықтайтын терминологияның көптүрлілігі куәландырады. Девиантты іс- әрекеттің клиникалық-психологиялық мінездемесі Сухарева Г.Е. (1963), Ковалева В.В. (1993), Захарова И.А., Лебединская К.С., Райская М.М., Горьковая А.М. және т.б.
/4,5,7/ ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген. Әлеуметтік-мәдениеттік және педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалғандар жайлы Андриенко В.К., Гербеева Ю.А., Невский И.А., және Р.В. Овчарованың /10/ зерттеулері арналған.
Тұлғасы мен іс-әрекеті әлеуметтік әсердің жағымсыз жағдайында қалыптасқан балаларда әлеуметтік дезадаптация мәселесі туындайды, ол жасы үлкейген сайын қиындайды және қарым-қатынасқа түсу мен белгілі бір іспен айналысуда қиындықтар туғызады, сонымен қатар психоэмоционалды қысымның жиналуына, негативті әрекеттердің болуына әкеп соғады. Мәселенің осы аспектісін Фельдштейн Д.И., Грибанова Г.В., Фридман Л.М., Грищенко Л.А. /2,6/ өз еңбектерінде қарастырған.
Авторлардың біраз саны өз зерттеулерін дезадаптивті әрекеттің алдын алу мен түзетуге арнаған. Оларға Грищенко Л.А., Шадура А.Ф., Бадмаев К.А., Саянко Е.В., Молодцов Г.Д., Беличева С.А. /1,3,6,8,9/ жатады.

Қазақстандық ғылымда мәселенің түрлі аспектілеріне Баженова В.Г., Илешова Р.Г., Трифонова В.В./11/ және т.б. еңбектері арналған. Қазақстан Республикасында балаларды, жасөспірімдерді және жастарды тәрбиелеу ісінде саясат бойынша кешенді бағдарлама құрылған. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген негізде құқықтық, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету шарасы жүйесі арқылы жүзеге асады. Ерекше назар балаларды қорғау және әлеуметтік бейімделуде қиыншылықтары бар балаларға көмек көрсету мәселесіне бөлінеді. Олардың ішінде ерекше орынды ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балалар алады, себебі бұл категория әлеуметтік жағынан қорғалмаған және қолайсыз жағдайларда іс-әрекет ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдер сонымен қатар құқықбұзушылар үлкен пайызды құрайды.
Зерттеулердің көптігіне қарамастан ауытқыған іс-әрекет мәселесі бойынша қазіргі уақытқа дейін мінез-құлық бұзылысы бар жасөспірімдердің тұлғалық дамуының ерекшеліктері толығымен зерттелмегендіктен арнаулы ұйымдар жағдайында психологиялық түзетудің міндеттерімен байланысты кешенді зерттеуді талап етеді.
Мінез-құлық ауытқуының мәселесі көп мамандардың – психолог, педагог, әлеуметтік қызметкер, заңгер, дәрігерлердің назарын аударады. Мәселенің аспектілерінің көптүрлілігі девиантты факторларды зерттеумен, оның қөрінісі мен пішінінің санқырлылығымен, сонымен қатар дезадаптивті іс-әрекетті түзету мен оңалту түрлерімен байланысты. Уақыт талабы дезадаптивті іс-әрекет, дезинтегративті үрдіске әкеледі, персонализация мен әлеуметтендірудің толық бұзылысының мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін іздеуге әкеп соғады.
Қиын тәрбиеленетін категорияға жататын балалармен жұмыс жасау оңай емес. Әлеуметтік дезадаптацияның кешенді сипаты бар және ол дене мен психикалық дамуының ауытқуында, баланың адамгершілік денсаулығының бұзылысы болған жағдайда, оның әлеуметтік қарым-қатынасы үзілгенде, тұлғалық құрылымының деформациясында көрінеді. Соның нәтижесінде, әлеуметтік оңалту, оңалту орталығының барлық қызметкерлерінің — психолог, тәрбиеші, әлеуметтік жұмыс бойынша мамандар, мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және т.б. өзара белсенді әрекеттесуімен, кешенді тәсіл негізінде жүзеге асуы керек. Мұндай өзара әрекеттестік қатысушылардан өзара түсінушілік, тәрбиеленушілердің айналасындағылармен қарым-қатынасқа түсуінің ерекшеліктерін талап етеді. Психологиялық-медициналық-әлеуметтік-педагогикалық консилиумдардың жұмысын сәтті жүзеге асыру, баланың индивидуалды әлеуметтік оңалту бағдарламасын шығаруда, оның барысы мен нәтижесін ұжымдық талқылау үшін Оңалту орталығының қызметкерлері арасындағы өзара әрекеттестік қажет. ОО (оңалту орталығы) жұмысының басты мақсатын қарастырсақ, әлеуметтендіру жасөспірімдердің ересек адамға айналуына, ойлауға, сезуге, әрекет етуге қабілетті деген мағына береді.
Осы мақсатпен, А.М.Горьковаяның жетекшілігімен /5/ тәрбиеленушілердің тұлғалық қасиеттерінің көрінуінің ерекшеліктеріне кешенді эксперименталды зерттеу жүргізілді. Жағымсыз әлеуметтік және биологиялық факторлардың кешенді әсері делинкветті жасөспірімдердің тұлғалық дамуының спецификалық ерекшеліктерінің пайда болуына әкеп соғады.
Эксперименталды зерттеу агрессия көрінуінің ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған: қалыпты дамыған құрдастарымен салыстырғанда жасөспірімдік жастың түрлі кезеңдерінің негізгі формаларын, сонымен қатар жыныс-жас ерекшеліктерінің көрінуі; экстра-интроверсия, нейротизм, психотизм, толыққанды дамымау комплексі

сияқты жеке қасиеттерді зерттеу. Және де тұлғааралық қарым-қатынас ерекшеліктерін, конфликт, тұлғааралық өзара әрекеттестіктің қиындықтарын зерттеуге бағытталған эксперименттер жүргізілді.
Кешенді зерттеу нәтижесінде ОО жасөспірімдердің тұлғасының дамуының жалпы жасерекшелік заңдылықтары анықталды және іс-әрекеттің айқын ауытқушылығынсыз мыналарды жатқызуға болады:
— негативизмнің тұрақтылығы, жасөспірім тұлғасының негізгі қасиеттерінің бірі ретінде;
— іс-әрекеттің жетекші түрінің объективациясына байланысты, жасөспірімдер арасында экстраверт және амбиверт типтерін доминанттау;
— толыққанды дамымау комплексі, жасөспірімдік жасқа тән өз-өзіне критикалық қатынас рефлексиясының дамуымен байланысты.
— Жалпы және жасерекшелік заңдылықтар бойынша жасөспірімдердің — ОО тәрбиеленушілерінің тұлғалық ерекшеліктері анықталды:
— агрессивке дене және вербалды агрессия түріндегі тенденциялар, агрессияның қосымша жеңіл түрлері;
— түзетушілік-тәрбиелік үрдістің әсеріне байланысты ересек жасөспірім жасқа дейін негативизм көрсеткішінің төмендеуі, және ересектерге жағымды қарым-қатынас қалыптастырушы әсерін, оларға деген сенімділікті арттыру;
— нейротизм және психотизм, адаптивті қабілеттіліктері және әлеуметтік дезадаптация бұзылыстарының көрсеткіштері ретінде;
— толыққанды дамымау комплексінің жоғарғы көрсеткішті көрсетуі. Шынайы жетістіктері мен жасөспірімнің дәмегөйлігі, айналасындағылармен бір деңгейде болуға талпынуы түрлі психологиялық комплекстердің пайда болуына әкеледі.
Эксперименталды зерттеу нәтижесінде делинкветті жасөспірімдердің жалпы жас ерекшеліктері мен тұлғааралық қарым-қатынастарының өз беттілігі бекітілді. Екі шешімге де топтың бір әлеуметтік құрылымы анықталды, нақтырақ айтқанда жасөспірімдердің түрлі әлеуметтік мәртебеге жататындығында. Сонымен қатар, жасөспірімдердің өзінің жыныстық топтамасын таңдауда басымдылық танытуы анықталды. Одан бөлек, тұлғааралық қарым-қатынастың қиындық туғызатын зоналары анықталды.
ОО жасөспірімдерінің тұлғааралық қарым-қатынасының спецификалық ерекшеліктері болып табылады:
— өзара шешімнің аздығы;
— импульсивті реакцияның фрустрацияға және өзін қорғайтын жағдайларға бағытталған реакцияға қарай басымдылығы.
Соның салдарынан, негізгі гипотеза расталды: іс-әрекет бұзылысы бар жасөспірімдерде тұлғалық қасиеттерінің ерекшеліктері топта және ересектермен тұлғааралық қатынаста объективтіленеді.
Тұлғаның ерік-жігер сферасы мен өз-өзін тануының жетілмеуі, өз ісін жеткіліксіз сезіну, құрдастарымен және ересектермен конструктивті қарым-қатынас құрудың епсіздігі агрессияға әкеп соғады, уақыт өте қарым-қатынасқа түсу сферасындағы бұзылыстар тұлғалық қасиеттердің дамуына, өзі туралы, өзіне деген қатынасына, өзін тұлға ретінде сезінуіне әсер етеді./5/.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, осы категориядағы балалардың тұлғалық дамуы және тұлғааралық қарым-қатынастың анықталған ерекшеліктерін

түзетуге бағытталған дәрістер жүйесін әзірлеу және кіріктіру керек. Олардың дезадаптациясының әлеуметтік факторларын ескере отырып, жасөспірімдік жаста тұлғаның қалыптасуының жас ерекшелігін, және де тұлға қасиеттерінің индивидуалды-типологиялық көрінулері, мотивті (себеп) дамыту, әлеуметтік норманы ұстану қажеттілігін қалыптастыру, айналасындағылармен қарым-қатынаста эмпатиялық қабілеттіліктерін дамыту.
Ойын, танымдық және басқа да іс-әрекет түрлерінде педагогикалық және психологиялық әсер етудің барлық тәсіл мен әдістері арқылы кемшіліктерді орын басу және түзету жұмыстарын жүргізу, осы категориядағы балалармен жүздесетін әлеуметтік педагог, психолог, әлеуметтік жұмыстар бойынша мамандардың басты міндеті.
Дезадаптивті іс-әрекет жасаушы балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің берілген кешенді бағдарламасын жүзеге асырса, бұл балалардың агрессивтілігін, негативизм, тұйықтанушылықтың көрсеткішін төмендетеді және тұлғааралық қарым-қатынастың және іс-әрекеттің дамуына жағымды динамиканы орнатады.

1. Алемаскин М.А. Воспитательная работа с подростками. –М., 1979.
2. Алмазов Б.Н., Грищенко Л.А. Психология отклоняющегося поведения и задачи педагогической реабилитпации трудновоспитуемых учащихся. – Свердловск, 1987.
3. Андреева Г.М. Социальная психология. М., 1970.
4. Волкова Е.М. Трудные дети или трудные родители? М.: «Профиздат», 1992.
5. Горковая Е.М. Медико-психологическое обследование формирования характера у делинквентных детей и подростков. Автореферат. Санкт-Петербург, 1992.
6. Грибанова Г.В. Некоторые психологические механизмы социальной дезадаптации подростков при алкоголизме.// Дефектология. №5. 1990.
7. Захаров И.А. Как преодолеть отклонения в поведении ребенка. М.: 1983.
8. Кон И.С. Психология ранней юности. М.: «Просвещение», 1991.
9. Личко А.Е. Психопатии и акцентуации характера у подростков. М.: 1983.
10. Овчарова Р.В. Справочная книга школьного психолога. М.: «Просвещение»,
«Учебная литература», 1996.
11. Трифонов В.В. Система подготовки будущих учителей к работе с трудными подростками. // Докт. Дисс. Алма-Ата. 1992.

Резюме
В статье рассматриваются особенности свойств личности подростков с отклоняюшимся поведением.

Summary
In the article exaruned personal and inter personally relations especcialities of children with breachen behaviors.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *