ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ТҰЛҒАЛАР МЕН МҮГЕДЕКТЕРДІ МАМАНДЫҚҚА ДАЯРЛАУ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ТҰЛҒАЛАР МЕН МҮГЕДЕКТЕРДІ МАМАНДЫҚҚА ДАЯРЛАУ

Мовкебаева З.А. — п.ғ.д. профессор Абай атындағы ҚазҰПУ, Магистратура және PhD докторантура институтының психология және арнайы білім беру
кафедрасының меңгерушісі
Капалова С.К. — Абай атындағы ҚазҰПУ, Магистратура және PhD докторантура институтының 1курс магистранты

Мақалада Қазақстан Республикасындағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кәсіптік және кәсіпке дейінгі дайындықтың көкейкесті сұрақтары қарастырылған. Қазіргі кездегі мамандарды дайындау сферасында пайда болған мәселелердің жағымды және жағымсыз тенденциялары талданған.
Түйін сөздер: Мүмкіндігі шектеулі тұлға, әлеуметтік саясат, кәсіпалды даярлау, кәсіби дағды, халықты әлеуметтік қорғау.

Қазіргі заманауи кезеңде барлық өркениетті елдер мүгедек жандарды қамқорлыққа алудан бас тартып, олар үшін тепе-тең мүмкіншілік жасап игілікті іс істеп жатқанда, олардың жұмысқа тұруына жәрдемдесудің қажеттігі туындайды. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қоғамдық-пайдалы еңбек әрекетіне белсенді араласуы, олардың тек материалдық әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар, олардың әлеуметтік мәртебесінің жоғарылауына, өзін қоғамға пайдалы әрі оның тең құқылы мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, соңғы жылдардары Қазақстан Республикасында қол жеткен өрлеуге (прогресс) қарамастан, көптеген мүгедек адамдар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғалар әліде кәсіби еңбек сферасында мүмкіншілік теңсіздіктерімен кездеседі де қоғам өміріне толыққанды қатыса алмайды.
Еңбек және халықты әлеметтік қорғау Министірлігінің басшысы Серік Абденовтың хабарлауы бойынша, Қазақстан Республикасында жұмыспен қамтылған мүгедектер саны 50 мың адамды құрайды және жалпы еңбекке жарамды жастағы мүгедектер санының 12 %-ын құрайды [1].
Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеметтік қорғау Министірлігінің 2013 жылғы ақпаратына сәйкес 610 000 (алты жүз он мың) мүгедектің ішіндегі 1300 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етуде, 394 адамның тұрақты жұмыс орны бар, тағы 373 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Осылайша, қазіргі таңда тек 0,3 % мүгедектігі бар тұлғалар жұмысмен қамтылған. Мұндай жағдайға себеп болып білімі мен кәсіби даярлығының төмендігі, еңбек рыногында сұраныстың болмауы, бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі мен кірістердің аздығымен шартталады. Ал бұл, өз кезегінде әлеуметтік бөлектеуге, яғни тура немесе жанама кемсітушілікке (дискриминацияға) алып келеді.
Әлбетте, аталған жағдай қоғамда негізделген дабыл туғызады және үнемі ең жоғарғы деңгейде талқыланады. Сонымен, мүгедек адамдар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік пайдалы іс-әрекетке қосу қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің баяндамасында бірнеше мәрте

айтып кетті. Яғни, «негізгі көзқарас мемлекет қамқорлығы емес, осы азаматтардың өздеріне, әлеуметтік пайдалы еңбекте деген сенімге ие болуларына жағдай жасау» [2]. Мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты әлеуметтік саясатты жалғастыра келе, Елбасы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды белсенді өмірге тартамыз және де олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның пайдалы қызметкері ретінде сезінуіне жағдай жасауға шақырады. Осылайша,
«мүмкіндігі шектеулі тұлғалар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауылшаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады» [3].
Бұл мақалада мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды кәсіпалды және кәсіби дайындау ерекше мәнді иеленеді. Ол маңызды экономикалық ресурс ретінде қарастырыла бастайды, өйткені тұлғаларға аса кең ауқымды білімділікпен әлеуметтік үстемдік береді және кәсіби білімділігін көтеруге, еңбек рыногында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды кәсіпалды және кәсіби дайындау еліміздің экономикалық өсуіне ықпал етуі тиіс, олар мүмкіндігі шектелген жастарға дамып жатқан экономикада өз орнын табуға көмектеседі, жас адамдарға орта және жоғарғы оқу орындарында білім алуларына жол ашып, олардың өз мамандықтары бойынша әрі қарай жұмыс істеулеріне ықпалын тигізеді.
Мамандыққа даярлауды дамытудың негізгі бағыттарын анықтауда, Қазақстан Республикасы мен басқа елдердегі бар аталған даярлау тәжірибелеріне сүйену қажет. Елімізде тұңғыш рет (06.01.06 ж. ҚР Үкіметінің №145 қаулысы «Мүгедектерді оңалтудың 2006-2006 жылдарға арналған бағдарламасы») мүмкіндігі шектелген тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде есту қабілеті зақымдалған адамдарды техникалық және экономикалық мамандықтарға оқыту ұйымдастырылды. Педагогикалық ұжымның басты міндеті — есту қабілеті зақымдалған әр баланың жеке мүмкіндіктерін дамыту болып табылады [4].
Елімізде бірыңай мысал ретінде, мүгедек балалар үшін Орал ақпараттық технологиялар колледжін келтіре аламыз (Қазақстан, Орал қаласы). Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы мен «Ел Барыс» қоғамдық қоры құрастырған «Білім» бастапқы жобасы аясында 2012-2013 оқу жылында Орал ақпараттық технологиялар колледжінің ұжымы алғаш рет «техник-бағдарламашы» мамандығына тірек-қимыл аппараты бұзылған 8 шәкірт қабылдады. Кәсіби дайындықпен қатар, колледж ұжымы тәрбиелік жұмыстар арқылы студенттің жеке тұлғасының дамуына айрықша мән береді [5].
Тағы бір мысал, 2013 жылдың шілде-тамыз айларында Алматы қаласында
«Аржан» қоғамдық қоры орыс тілді мүгедек-студенттер үшін «Клуб Мобильных Студентов» атты жоба ұйымдастырды. Жоба «БОТА» қоғамдық қоры мен ҚМЭБИ қолдауымен жүзеге асырылды. Жоба қатысушылардың жасы 16-24 аралығын құрады. Мүгедектігі бар студенттерге дәрістер, барып оқытылатын сабақтар мен саяхаттарды қамтыған мамандыққа бағдарлау және әлеуметтендіру курсы тегін 2 ай жүргізілді. Сабақтарды әр түрлі саланың өкілдері (басқарушылар, кәсіпкерлер, маркетологтар, инжинет-технологтар, HR-мамандары, бағдарламашылар, тілшілер, коучтер, дизайнерлер және т.б.), нақты саласында өздерінің жұмыстарының ерекшеліктерін баяндады. Сабақтар аяқталған соң, қатысушыларға тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың орындалу нәтижесіне қарай, таңдаулы студенттерді

компаниялар студенттік-өндірістік тәжірибе өтуге және жұмысқа шақырды. Курстың аяқталысымен мүгедек-студенттерге сертификаттар табысталды [6].
Демек, жағымды жағы Қазақстан Республикасында мүгедек адамдарға өмірде өз орындарын табуға көмектесетін заманауи мамандықтарды игерулеріне мүмкіндіктері жасалуда. Бірақ, бұл жоғарыда аталған бірыңғай жағдайлар әдістемелік тұрғыдан негізделмеген, тексерілмеген және де жан-жақты ойластырылмаған. Бірінші жағдайда, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі мүмкіндігі шектелген тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында, есту қабілеті зақымдалған адамдарды заманауи техникалық және экономикалық мамандықтарды игергенге дейін ешбір сатылық даялаудан өтпегендіктен болашақта қиындықтармен кездесетіні анық. Себебі, өзіндік кәсіби дағдыны игермеген естімейтін тұлға өз сферасында орнын табуы қиынға түспек. Екінші мысалда, яғни Орал ақпараттық технологиялар колледжіндегі іс-қимыл жүйесінде, соның ішінде қол-қимыл моторикасында едәуір қиыншылықтары бар тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, техник-бағдарламашы ретінде кәсіби қызметін нәтижелі атқара алатындығы сенімсіздік тудырады. Өйткені, компьютер жүйесіндегі бағдарламалау адамдардан жақсы дамыған сезімтал, сараланған қол-қимыл мотроикасын талап етеді. Ал, дәл осы моториканың бұзылысы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға тән. Соңғы мысалда, «Аржан» қоғамдық қоры орыс тілді мүгедек-студенттер үшін «Клуб Мобильных Студентов» атты жобасы тек бір жақты болып қалмақ. Өйткені, қазақ тілді мүгедек-студенттеріне де мамандыққа бағдарлау және әлеуметтендіру курсына қатысуларына мүмкіндік берілсе, оларға да тәжірибеден өтіп, жұмысқа орнығуларына түрткі болар еді.
Сондай ақ, еліміздегі арнайы мектеп-интернаттар мен сирек кәсіби техникум мектептердің жағымсыз жақтары өкініш тудырады. Мысалға, Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінде мүгедек және мүмкіндігі шектелген тұлғалар, соның ішінде есту қабілеті зақымдалған балалар «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу» мамандықтарын игеріп шығады. Бірақ, оқуды аяқтаған маманның жұмысқа орналасуы қиындық туғызады. Өйткені, бұл мамандықтар технологияның дамып келе жатқан заманында сұранысқа аса ие емес. Айта кету қажет, статистикаға сүйенсек, дамыған елдерде шамамен екбекке жарамды мүгедектердің 40 %-ы жұмыс істейді.[1]
Ұсыныстардың әдістемелік қорытындысы:
Қазақстан Республикасында мемлекеттік саясаттың қайта бағдарлауына байланысты, мүгедектерге қамқорлық көрсетуден, оларға толыққанды еңбектенуге, ақша табуға және сәйкесінше, баянды өмір сүру мүмкіндік беруге ауыстыру болып табылады. Ол үшін, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасында мамандыққа бағдарлау және мектеп кезеңінен бастап мүмкіндігі шектелген балаларды кәсіпалды даярлау жүйесін жасау қажет. Бұл кезде, осы балалар оқи алатын, еңбек рыногында сұранысқа ие мамандықтарды назарға алу керек.
Кәсіпалды даярлау ретінде кәсіпке тәрбиелеудің арнайы әдістерін қолдануды ұсынуға болады.
I. Кәсіпалды даярлау сатысы.
• Балаларда еңбекке қатысты негізгі түсініктерін, еңбекке деген сүйіспеншілік пен адал көзқарастарын қалыптастыру, оның адам өміріндегі және қоғамдағы рөлін ұғындыру әдістерін қолдану(еңбектің пайдасы туралы әңгімелер, кино және видиофильмдер көрсету, еңбек сабақтарында көрнекі құралдар пайдалану, дыбыс баспаларын қолдану, өзіндік оқу, саяхат).

• Оқушылардың танымдық және тәжірибелік әрекеттерін ұйымдастыру әдістері( тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау қажеттігін түсіндіру, өз бетінше еңбектенуге әдеттендіру, арнайы жағдаяттар жасауға үйрету. )
I. Өзіндік кәсіби дағдыларын қалыптастыру сатысы.
Бұл кезеңде оқушыларды оған берілген құралдарды жөнделген қалыпта ұстауға, ішкі тәртіпті ұстануға, оқу үрдісі кезінде оқытушының нұсқауларымен жүруге, берілген тапсырманы жауапкершілікпен, аса бір ұқыптылықпен орындауға дағдыландыру, өз-өзіне деген сенімділік, шыншылдық, инабаттылық қасиеттерін қалыптастыру, адамдармен жақсы сөйлесе алуға үйрету. Біздің көзқарасымыз бойынша, кәсіпалды және кәсіптік даярлаудың сатылық жүйесін қолдану олардың өз мамандығын өздері анықтау деңгейін көтереді және мемлекет саясатының талаптарына сәйкес келетін, олардың әлеуметтенулеріне жағдай жасайды.

1. Премьер-Министр Республики Казахстан Серик Ахметов /Социальная политика/ [Электрондық ресурс] http://primeminister.kz/news/show/26/v- kazahstane-lish-12-invalidov-trudosposobnogo-vozrasta-obespecheny-rabochimi- mestami-mintruda-rk-/28-05-2013.
2. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпығы ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» 10 шілде 2012 ж.
3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».2014 жылғы 17 қаңтар.
4. Алматы мемлекеттік политехникалық колледж сайты [Электрондық ресурс] http://web100kz.com/info/agpk.kz
5. В Уральске начали обучение молодежи с ограниченными возможностями [Электрондық ресурс] http://www.zakon.kz/4520636-v-uralske-nachali-obuchenie- molodjozhi.html
6. В Алмате стартует соцпроект Клуба мобильных студентов [Электрондық ресурс] http://today.kz/news/life/2013-07-14/90453/

Резюме
В статье освещаются актуальные вопросы предпрофессиональной и профессиональной подготовки в РК лиц с ограниченными возможностями и инвалидов. Анализируются положительные и отрицательные тенденции в сложившейся на сегодняшний день ситуации в сфере подготовки специалистов .

Summary
This article is about actual matters of preprofessional and professional training in the Republic of Kazakhstan of the disabled people and invalids. Positive and negative trends nonadays training process were analyzed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *