ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ГИГИЕНАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ГИГИЕНАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Д. Қ.Байдосова — Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Арнайы педагогика кафедрасының
аға оқытушысы.

Балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру арқылы, оларды салауатты өмір салтына баули отыра, болашақта оны үнемі қолдап отырғанда ғана денсаулық кепілі болатынын негіздеу.
Түйін сөздер: Салауатты өмір, салауаттандыру, маскүнемдік, ақыл-ой еңбегі гигиенасы, гигиеналық тәрбие, зиянды әдет, никотин, атерсклероз, стенокардия, гипертония, миокард инфаркті.

Салауатты өмір салты — белгілі популяцияның денсаулығын сақтап, нығайтуға, салауаттандыруға арналған мінез-құлқы, тәрбиесі. Салауатты өмір салты — тек медициналық емес, сонымен қатар өндіріс пен өндірістік қатынастардың дамуына байланысты болып келетін әлеуметтік-экономикалық категория. Салауатты өмір салты жеке адамның тіршілік жағдайын денсаулығына сәйкес таңдауы, яғни жеке әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның жоғары гигиеналық мәдениеті. Организмнің қорғаныш қабілетін жоғарылатуға жағдай жасайтын тәртіптер және организмге зиянын тигізетін әдеттерге қарсы тәртіптер — гигиеналық дұрыс тәртіп болып саналады. Организмнің қорғаныш қабілетін жоғарылатуға әр түрлі іс-әрекеттер мен демалысты дұрыс пайдалану, рационалды тамақтану, жақсы қимыл-қозғалыс белсенділігі, денешынықтыру, шынығу, жеке бас гигиенасын сақтау, өзінің денсаулық жағдайына ерекше көңіл бөлу, жақсы экологиялық жағдай т.с.с. әсер етеді. Бұл жағдайда балалардың өзіне қажетті тіршілік ортасын қалыптастыра алмайтындығын ескеру керек. Сондықтан бұндай жағдайларды қалыптастыру негізінен ата-аналарға, ағарту жұмыстарын ұйымдастырушыларға, педагогтарға байланысты. Яғни, баланың болашақтағы мінез-құлқы оның сәби кезінен бастап тіршілік ортасына байланысты болады. Салауатты өмір зиянды әдеттермен үйлеспейді. Алкоголь және басқадай маскүнемдікке әкелетін заттар, анаша, шылым шегу салауатты өмір салтын қалыптастыруға жан-жақты кедергі келтіреді. Зиянды әдеттер көптеген аурушаңдықтың қауіптілік факторы болып саналады және балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайына кері әсер етеді. Қазіргі кезде, жоғарғы сынып оқушыларына жүргізілген эпидемиологиялық тексерулер шылым шегу, шарап ішу, анаша пайдалану жастардың арасында кеңірек таралып бара жатқанын көрсетеді.
Әсіресе маскүнемдік бірінші орынға шығады екен. Маскүнемдікке бейім келетін ең қиын кезең — жасөспірім кезеңі. Бұл кезеңде жасөспірімдер тіршілігінде бірқатар маңызды өзгерістер болып жатады. Біріншіден, организмнің психо-эндокриндік қайта құрылуы қалыптасады, екіншіден жаңа көзқарас, қажеттіліктер қалыптаса бастайды.
Психологиялық қайта құрылу дискамфорттық жағдайлардың пайда болуының себебінен қиын қалыптасады. Жасөспірімдердің мінез-құлқы тұрақсыздықпен,

жылдам жәбірленгіш, өкпешілдікпен сипатталады. Осы кезеңде жолдастар тауып, топ құрып жүру қажеттілігі жоғары болады. Сонымен қатар, жасөспірімдер тобында өздерінің бағалайтын бағыт, пікірлері, демалыс уақыттарын өткізу, көптеген қиын жағдайларды шешу тәсілдері қалыптасады. Сондықтан бұл кезеңде топтармен бірге арақ-шарапқа үйрену қауіпі артып, ата-аналары мен педагогтардың ескертпелері оның еркіндігіне, құқығына қарсылық көрсету сияқты қабылданып, көбінесе олардың мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, оларды бір жақты тыңдауға мәжбүр ету олардың қарсылығын туғызып, өз бетімен кетуіне әкеліп соғады.
Бұл жағдайлардың бәрі алкогольдік ішімдіктерді оңай табуға болатындықтан және алкогольдік әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің кең таралуынан туындайды. Әсіресе, ішімдікті жаңа бастап жүрген өте араласқыш, әзілқой, әрнәрсенің түйінін жылдам шеше білетін, өжет бастығы бар алкогольдік топтарға, жылдам үйір болады. Шынайы өмірдің қиыншылығынан қашу да балаларды алкогольдік топтарға әкелуі мүмкін. Яғни, негізгі іс-әрекеттеріне (оқу-жұмыс) қанағаттанбау, істеген жұмыстардың нәтижесінің шықпауы т.с.с. Осындай жағдайлардан өте маңызды психологиялық механизм жасауға болады: тіршілік түйткілдері мазасыздандырып, күткен жетістіктеріне жете алмаған жасөспірімдер алкогольдік топтарға «ауысу» арқылы қалыптасқан нормалар мен құндылықтарға өзінің қарсылығын көрсетеді. Сонымен қатар, ішімдікке қойылған қарсы талаптарды да бұзады. Зиянды әдеттердің алдын алудағы маңызды бағыт — жасөспірімнің жеке адам болып қалыптасуына, оның қажеттілігінің, сұраныстарының жоғарылауына, адамзат баласының қастерлейтін мәдени құндылықтарына көзқарасын, яғни жасөспірімнің рухани денсаулығын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Жасөспірімдер арасында алкогольге қарсы ағартушылық, тәрбиелік жұмыстар жүргізу — ішімдікке қарсы арнаулы профилактикалық тәсілге жатады. Мектептерде алкогольге қарсы тәрбие жүргізген кезде төмендегі принциптерді басшылыққа алған дұрыс:
• — Мектеп оқушыларын ерте жастан алкогольге қарсы тәрбиелеп, қалыптастыру. Алкогольге жеке көзқарас 9-10 жастың өзінде қалыптаса бастайтындықтан, ішімдікке қарсы тәрбиені бастауыш сыныптардан басталғаны жөн;
• Алкогольге қарсы тәрбие мен ағартушылық бір бағытта, бірізділікпен жүруі қажет; мұнда оқушының жас мөлшеріне сәйкес қарапайым мысалдан бастап, ішімдікке байланысты қоғамға да, өзіне де келтіретін зор кесапатты түсінідіру арқылы ішімдіктің зиянын ашып беру керек;
• Ішімдікке қарсы жұмысты балалар арасында қойылған фазалар мен кезеңдерге сәйкес жоспарлау;
• Ішімдікке қарсы жүргізілген жұмыстарда оқушылардың әр түрлі жас топтарының психикалық ерекшеліктерін ескеру;
• Оқушыларды ішімдікке қарсы тәрбиелеп, қалыптастыру жұмыстары гигиеналық және әдет-ғұрыптық, эмоционалдық және мазмұндық аспектерге сәйкес келуі тиіс;
• Балаларды әлеуметтік-гигиеналық пайдалы белсенділігін жоғарылату, толыққұнды демалыстар ұйымдастыру;
• Алкогольге қарсы жұмыстарды кешенді жүргізу. Педагогикалық ұжымдар мұндай жұмыстарды жанұялармен, маман дәрігерлермен, соның ішінде наркологтармен, мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізгені тиімді.
• Жоғарғы сынып оқушыларын алкогольге қарсы жұмыстарға белсене араластыру. Оларға ішімдікке қарсы ағарту жұмыстарын жасату. Мұндай жұмыстар жоғарғы сынып оқушыларымен қатар бастауыш сынып

оқушыларына да пайдалы болады. Өйткені бастауыш сынып оқушылары өзінің ата-анасымен, мұғалімдерінен гөрі жоғарғы сынып оқушыларына көбірек сенеді.
Ішімдікке қарсы жұмыстың мазмұны мәнді, түсінікті, адамзат баласының қажеттіліктерін дұрыс қамтитын терең ұғымға негізделуі керек. Балалардың салауатты өмір салты көбінесе ата-аналарының тіршілігіне, өзі тәрбиеленіп отырған ортасына байланысты болып келеді. Балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастыруды, олардың белгілі жас-жыныс, ұжымдық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізген тиімді болады.
Балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру
Әлем халықтарының үлкен бөлігі балалар мен жасөспірімдер болып келетіндіктен, оларға дұрыс көңіл бөлу сол қоғамның маңызды міндеті болып табылады. Балаларға дұрыс тәрбие беру, оларға дұрыс көңіл бөлу деп қарауға болады. Тәрбие берудің 90% өте ерте жаста қалыптасады. Гигиеналық білім мен гигиеналық дағдылар баланың денсаулығын нығайтуға ғана емес, сонымен бірге баланы әдептілікке, саналылыққа баулиды. Баланы жеке бас гигиенасының талаптарын сақтауға баулу олардың саналы түрде қоғамға қажетті негізгі ережелерді сақтап жүруін қалыптастырады. Балаға гигиеналық тәрбие берудің негізі бала-бақшада басталады, одан ары қарай мектепте тереңірек түсініктер беріледі. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру жұмысы — мектептің оқу бағдарламасының міндетті түрдегі құрамды бөлігі болып табылады.
Гигиеналық тәрбиенің бағдарламасы. Жалпы алғанда оқушыларға гигиеналық тәрбие беру бағдарламасы төмендегі талаптардан тұрады:
1. Денешынықтыру мен шынығудың салауатандырудағы маңызы;
2. Мектеп оқушыларының ақыл-ой еңбегінің гигиенасы;
3. Тағам тану гигиенасы;
4. Қоғамдық және жеке бас гигиенасы;
5. Жарақаттанудың алдын алу;
6. Политехникалық оқытудың гигиенасы;
7. Жыныс тәрбиесі.
Бұл саладан ең маңызды мәселе қажетті тақырыптарды мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай бөліп алу болып табылады. Балалардың жас мөлшерлері жалпы қабылданған 3 топқа бөлінеді:
1. 7-9 жастағы балалар (1-3 сыныптар);
2. 10-14 жастағы балалар (4-7 сыныптар);
3. 15-17 жастардағы жасөспірімдер (8-11 сыныптар);
Оқушыларды өздерінің жас мөлшерлеріне сәйкес келетін бөлімдерге гигиеналық баулу — тәрбиенің негізгі принципі. Балалардың жасы өскен сайын гигиеналық тәрбие туралы алғашқы түсініктердің мағнасы тереңдей түседі.Денешынықтыру тәрбиесінің тақырыбына дене тұлғасының дұрыстығы туралы мәліметтер кіреді. Мұнда олар іс- әрекеттің дене тұлғасының қалыптасуына әсерін, де-нешынықтыру жаттығуларының, қимыл-қозғалыстың, демалыстың организмнің қалыптасуына тигізетін пайдасымен танысады. Балаларды таңертеңгілік гимнастика жаттығуларын жасауға әдеттендіру де маңызды гигиеналық дағды болып табылады. Ақыл-ой еңбегі гигиенасы тақырыбына күн тәртібі, үйдегі және мектептегі сабақ оқу гигиенасы, демалыс тәртібі мен ұйқы гигиенасының мәселелері кіреді. Балалар жас мөлшеріне байланысты өздерінің күн тәртібінің элементтерінің ең дұрыс ұзақтығын білуі оны өмірде дұрыс пайдалана білуі керек. 10 жастан бастап мектеп оқушылары өздеріне ыңғайлы күн

тәртібін құрастыра алуы тиіс. Жоғарғы сынып оқушылары қажу мен қатты қажудың физиологиялық маңызы туралы мағлұмат алып, бір күндегі, аптадағы, жыл бойындағы ақыл-ой қызмет қабілетінің динамикасы туралы түсінігі болуы керек. Барлық жастағы оқушылар түнгі ұйқының жағдайы мен ұзақтығын дұрыс бағалай білгені дұрыс. Кішкене жастағы балалардың тамақтану гигиенасы дастарқан басында отыру, салфетка, ыдыс-аяқтарды пайдалана білуден тұрады. Мұнда асықпай тамақ ішу, тамақ ішкен кезде сөйлемей, алаңдамай отыру дағдыларына үйренеді. Одан ересек жаста мектеп оқушылары тамақтың сандық және сапалық нормалары, минералдық заттар мен витаминдер, тамақтану тәртібі, астың қорытылу механизмі туралы ақпарат алады.
Жарақаттану — балалар мен жасөспірімдер өлімінің негізгі себептерінің біріне жатады. Оқушыларға осы жайында жүргізілетін дұрыс гигиеналық тәрбиенің профилактикалық маңызы өте үлкен. Бұл тақырыпта мектеп оқушыларына (бастауыш және орта сыныптар) жол қозғалыс ережелерін оқытып, таныстыру — басты мақсат. Мектепте және тұрмыста жарақаттанудың алдын алу үшін оның тал, бұталардан, баспалдақтардан, балкондардан құлау жағдайлары, асхана пышағын, қайшыны, газ плитасын, электрлі заттарды дұрыс пайдаланбаудан болатын қателіктер талқыланады. Мектеп оқушылары төменгі сыныптан бастап жеңіл-желпі жарақат алғанда, кесіп алғанда, тырналғанда, сырылып кеткенде, күйікте, мұрны қанағанда т.б. жағдайларда
алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдеріне үйренеді.
Көптеген зерттеушілер салауатты өмір сүру — рационалды тамақтану, күн тәртібін және жеке бас гигиенасын сақтау және зиянды әдеттерден бас тарту өмір сүру ұзақтығын 7-10 жылға ұзартады деп санайды. Жеке бас гигиенасының ережелерін сақтамау, тек өзінің жеке басына ғана емес, сонымен қатар маңайындағы қарым- қатынастағы адамдарға да қолайсыз әсер етуі (мыс. жұқпалы аурулар таралуы) мүмкін. Мектеп оқушылары жеке бас гигиенасы туралы білім мен дағдыларды меңгеруі тиіс.
Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сыныптардағы мектеп оқушыларына мына тәсілдерге оқытып, дағдыландыру қажет:
• — қолдарын уақытында (тамақ ішер алдында, әжетханаға барғаннан кейін және жануарлармен ойнағаннан соң т.б.) мұқият жуу;
• — денені белге дейін және аяқтарды жуу;
• — тісті күту;
• — шаш пен тырнақтардың тазалығын сақтау;
• — бөлмелерді дұрыс жиыстырып, желдетіп отыру;
Орта және жоғарғы сынып оқушыларына инфекциялық аурулар жөнінде білім беріліп, олардан сақтанудың профилактикалық шараларын оқытады. Кәсіптік мамандыққа оқытудың гигиеналық тәрбиесінің негізі, оқушыларға еңбек сабағында өндірістік процестер кезіндегі қауіптілікті түсіндіру болып табылады. Балалар мен жасөспірімдердің оқу бөлмелеріндегі санитарлық-гигиеналық тәртіп ережелерін білуі керек. Жоғары сыныптарда өндірістік жарақаттану профилактикасы түсіндіріледі. Мектеп оқушылары верстактың өз жастарына сәйкес келетін биіктіктерін, арнаулы киімдерді таңдап алуы, құрал-саймандарды дұрыс пайдалана білуі керек. Қыз балалар тағам өнімдерін даярлау және сақтау жағдайына қойылатын гигиеналық талаптарды, іс тігу машинасын қолдану дағдыларын меңгереді. Барлық жастарда техника қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.Орта сынып оқушыларына жыныстық тәрбие беруде де гигиеналық сұрақтарға тоқталады. Соның ішінде, балаларда физиологиялық өзгерістер пайда болардың алдында жыныстық тәрбие жөнінен

хабарлар беріледі. Жынысына сәйкес жүргізілетін мұндай түсініктер қыз балалар үшін 12 жаста, ал ер балалар үшін 13 жаста өткізіледі. Жоғарғы сыныптардағы жасөспірімдерге медициналық және моральдық қарым-қатынас жағынан да дұрыс мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналған тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Зиянды әдеттердің алдын алу. Темекі шегудің кең таралуы және осы зиянды әдетке жасөспірімдердің үйір болуы — медицинаның ең маңызды мәселелерінің бірі. Осы мәселе бойынша санитарлық ағарту орнының ғылыми-зерттеу институтының жан-жақты ғылыми зерттеулері негізінде бірқатар заңдар мен ағарту сипатындағы шаралар өңделіп, шығарылған болатын. Сонымен қатар, Бүкілодақтық Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы темекі шегетіндердің жасы жылдан- жылға жасарып бара жатқанын көрсетті. Осыған орай, егер бүгінгі күні шылыммен танысу балаларда жасөспірім жаста ғана емес, 10-12 жаста, тіпті одан да ертерек басталатындықтан, балалар мен жасөспірімдерге темекі шегудің зиянды әсері жөнінен гигиеналық тәрбие беру — м3ндетт3 шара. Темекі түтінінің адам денсаулығына әсері туралы мәліметтермен өсіп келе жатқан ұрпақтар ғана емес, сонымен қатар ересек адамдардың өздері де толық хабардар емес.
Темекі түтінінің адам денсаулығына зиянды әсерлері:
1. Темекі шегетіндер қан айналу жүйесінің ауруларымен (атерсклероз, стенокардия, гипертония, миокард инфаркті) темекі шекпейтіндерге қарағанда жиі зардап шегеді. Әрбір тартылған темекі қан тамырларының 20-30 минутқа дейін тарылуына әкеліп соғады;
2. Никотин адамның жүйке жүйесін зақымдайды. Алғашқыда орталық ми қыртысын қоздырады, соңынан тежейді, әлсіретеді;
3. Темекі шегу зат алмасуды және организмдегі витаминдердің сіңуін бұзады. Темекі құмарлардың басым бөлігінде авитаминоз байқалады;
4. Никотин асқазанның кілегей қабатының қабыну процестерін шақырып, ас қорыту жолдарының қабынуына ықпал етеді. Асқазан жарасы ауыруының 98% темекі шегетіндер құрайды;
5. Никотин жыныс гармондарының өндірілуін және жыныстық белсенділікті төмендетеді;
6. Темекі түтінінде концерогенді заттар табылған. Өкпе және асқазан рагі темекі шегетіндерде темекі шекпейтіндерге қарағанда бірнеше есе жиі кездеседі;
Қазіргі кезде алкоголизм мәселесі де шындап көңіл бөлерлік мәселелердің бірі болып отыр. Алкогольдік ішімдіктерді нысапсыз пайдаланудың қауіптілігін ерте заманның өзінде-ақ түсінген, ал қазіргі кездері ол көптеген ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы дәлелденген. Алкоголь нәрестенің құрсақта жатқан кезінен бастап, оның даму жолдарының барлық кезеңдерінде организмге кері әсерін тигізеді:
1. Ақыл-ойының дамуы төмен 100 баланың ішінде 90-ны алькогольдік маскүнемдік жағдайында ұрықтанғандығы дәлелденген;
2. Жүкті әйелдердің алкогольді интоксикациясы, туа пайда болған ақаулар (жүректің туа пайда болған ақауы, аяқ-қолдардың анамалиясы, қылилық және т.с.с.) санының өсуіне әкеліп соғады;
3. Алкоголь орталық жүйке жүйесін, бауырды, бүйректі, жүректі зақымдайды, дәрілердің әсерін бұрмалайды, қызмет қабілетін және ақыл-есін кемітіп, адамның жеке басын аздырады;
4. Автомобиль апатының 30% көбінің себебі алкогольдік маскүнемдік болып табылады;

5. Маскүнемдер арақ ішпейтіндерге қарағанда екі есе жиі ауырады. Бұрынғы кездерде де, қазіргі уақытта да маскүнемдікке қарсы әр түрлі шектеулер мен заңдылықтар қабылданған.

1. Неменко Б.А. Оспанова Г.К Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы (Оқулық).- Алматы 2002.344б.
2. Кучма В. Р. Гигиена детей и подростков., М., Медицина, 2004.,
3. Қ.Дүйсенбин., З.Алиакбарова. Жасқа сай физиология және мектеп гигиенасы. Алматы., 2003.
4. В.Н.Кардашенко., Балалар мен жас өспірімдер гигиенасы. Москва., 5. 1980.
Резюме
Статья посвящена вопросам гигиены детей и подростков — базовой компоненты здорового образа жизни . Меры по поддержанию здоровья должны иметь непрерывный и превентивный характер.

Summary
In article questions of hygiene of children and teenagers of a basis of a healthy lifestyle, continuous support of the health, a holding preventive actions are considered.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *